Мұнай мен газ шикізатына ғана емес, Менделеевтің химиялық элементтерінің периодтық жүйесіндегі барлық табиғи қазба байлықтарға мейлінше бай Қазақстанның Тәуелсіз ел болғанына да міне, Аллаға шүкір 27 жылға аяқ басты. Содан бері республиканың түтін мен ыс басып жатқан, экологиясы ауыр аймақтары мен оның Астанасын табиғи газбен қамтамасыз ету туралы өзекті мәселелер биік трибуналардан қаншама рет көтерілсе де күні бүгінге дейін өз шешімін таппай-ақ келеді. 2012 жылы магистралды газ құбырын Ресейден Тобыл қаласы арқылы Көкшетауға, одан ары Астанаға дейін тартпақ та болды (11:50 — 20/07/2012 Казинформ).
2013 жылғы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың кезекті халыққа арнаған «Әлеуметтік – экономикалық модернизациялау – Қазақстанның басты векторлық дамуы!» атты Жолдауында Үкіметке бүкіл елде газ құбырлар жүйесін салуды жүзеге асыру, оның ішінде мемлекеттің бас қаласын да газдандыру туралы тапсырмасы бар еді. Алайда, ешнәрсеге де жауап бермейтін, ешнәрсеге де жауапкершілігі жоқ, өкілеттігі мен құқықтары тағы да жоқ, Президентке ұнамай қалса жиі-жиі тез арада ауысып немесе түрмеге де түсіп тұратын, сабақтастық дегеннің не екенін де хабары жоқ үкіметбасылар мен министрлер, мемлекет басқарып жүрміз деген осы іске тікелей жауапты шенеуніктер қаншама сызба бағыттарды ұсынғанымен, содан бері бұл аса маңызды мәселе тек сөзбұйда күйінде қалуда…
Астана тұрғындары үшін тамақ дайындауға қажетті сұйытылған газдың 1 текше метрі 314 теңге болса, бұл тауар газына айналғанда текше метрі 105 теңгеден келеді екен. Астана әкімдігі болса, өткен жылы бұл сұйытылған газды Ресейдің Екатеринбургымен шартқа отырып, арнайы жүк автокөліктерімен таси бастапты. 2017 жылы ресейлік Global Gaz Grup компаниясы Астанаға газдың текше метрін 110 теңгеден әкелген (06.06.2017, 15:23. Forbes.kz).
Жекеменшік үйлерде тұратын Астана тұрғындары жылу үшін көмір мен қатты ағашты және де тасылып әкелінетін сұйытылған газ бен дизель отынын пайдаланса, мемлекеттік нысандар мен өндірістерді, оқу орындары мен балабақшаларды, көпқабатты тұрғын үйлерді жылытуға қалалық жылуэнергетика орталықтары мен автономиялық қазандықтар жыл сайын орта есеппен 30 мың вагон (1 вагонда 69 тонна * 30 000 = 2 070 000 (екі миллион, жетпіс мың тонна) көмірді, 280 цистерна (280 * 60 тонна), яғни 16 800 тонна мазутты жағып, қоршаған ортаға орасан зор зиянын тигізуде…
Тұрғындары миллионнан асқан шаһар күн өткен сайын өсе түсіп, бұл көтерілген коммуналдық мәселе тез арада өз шешімін күтуде. 2017 жылдың желтоқсан айының тымық күндерінде еліміздің бас қаласын күл мен қара түтіннің басқанын көпшілік әлі де ұмыта қойған жоқ.
Өткен 2017 жылдың маусым айында Астана тұрғындарын елеңдеткен жаңалықты, яғни қазіргі Энергетика және мұнай министрлігіне қарасты «ҚазТранс-Газ» АҚ-ның тапсырмасымен дайындалған «Сарыарқа» магистральды газ құбыры құрылысының техника-экономикалық негіздемесін РМК «Госэкспертизаның» мақұлдағанын осы сала министрі Қанат Бозымбаев БАҚ-на берген сұхбатында айтқан еді. Сонымен министрдің пікірінше «Сарыарқа» магистралды газ құбыры құрылысының сметалық жобалық құны Астанаға дейін 370 миллиард теңгені құраса, бірақ оған жергілікті газ құбырлар жүйесі мен жер астында газды жинап сақтап, реттеп тарататын қоймалар құны кірмеген. Магистралды газ құбырының бірінші кезегі: ұзындығы 1081 шақырымдық Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған – Қарағанды – Астана бағыты болса, екінші кезегі: Астана – Көкшетау айналасындағы елді мекендерімен қоса, үшінші кезегі: Көкшетау – Петропавл бағыты…
Қанат Бозымбаев мырза бұл жобаларды жүзеге асырудың қымбатқа, яғни қала тұрғындары үшін 1 текше метрі 50-55 теңгеге түсетінін, салынған инвестицияның қайтарымының төмендігін де тілге тиек етіпті (Astana. 29.11.2017. Kazakh-stаn Today). Алайда обалына не керек, осы министр мырзаның кезінде ғана осы саланың жұмысы енді ғана алға баса бастады…
Республикадағы газ ресурстарының қорына келер болсақ, Қазақстан бойынша шетелдіктер мен жекеменшікке түрлі сыбайластық жолдармен өтіп кеткен мыңдаған мұнай кәсіпшіліктерінде миллиардтаған текше метр ілеспе газдар атмосфераға тасталып, текке жанып, қоршаған орта мен табиғатымызды бүлдіруде. Басқа газ кеніштерін айтпай-ақ, тек Қарашығанақ кенішіндегі (қоры – 1,2 миллиард тонна мұнай мен конденсат, 1,35 триллион текше метр газдан тұрады) өндірілген газдарға келетін болсақ, бұл орасан байлығымыз газ құбырларымен (республикада өндірілетін барлық газдың – 49%-ы, ал мұнай мен газ конденсатының 16%-ы («Казахстанская правда». 12:28, 17.10.2017) Ресейге су тегінге кетіп жатса, олар оны Еуропаға бірнеше есе қымбатқа сатып үстеме пайдасын көруде. Яғни өз елімізге өте қажетті бұл кеніштің негізінде құрылған шетелдік Karachaganak Petroleum Operating (КПО) консорциумын құрған компаниялардың 1997 жылы түзілген халықаралық шарттар бойынша акциялар үлесі: British Gaz – 32,5%, Eni – 32,5%, Chevron – 20%, Ресейдің Лукойл компаниясы – 15%-ды құрап, 40 жыл бойы (өткен жылы 20 жыл толды) бұрынғы метрополия мен алыс шетелдіктердің (Оренбург, 11 сентября 2009 года. — РИА Новости) экономикасы үшін жұмыс істеуде. Жоғарыда айтылған егесіздіктер туындатқан мәселелермен қатар, әлеуметтік-экономикалық саясат мәселесі де тым ауырлап, ағаш пен көмір жағып, күл-қоқысқа батып отырған халқымыздың аянышты ахуалдары қазіргі билік басындағыларды тіптен толғандырмай отыр…
Бүгінгі күні Қазақстан халқының 80 пайыздан астамы қатты отын ағаштар мен түрлі бұталарды және шетелдіктерге (үндіс Миттал сияқтыларға 90 жылдары) басыбайлы жекеменшігіне арзанға сатылып беріле салған шахталардан қақаған қыста ғана темір жол вагондарымен тасылып әкелінетін қымбат көмірлерді пайдалануда. Шабандық пен немкеттілікпен асқына ауыратын Үкімет бұл маңызды саланы да жаппай науқан кезінде жекешелендіріп, жекеменшік компаниялардың мойнына артып қойған. Биылғы боранды қаңтарда көмірдің бір тоннасының бағасы Оңтүстік Қазақстан облысы ауылдарында 27-30 мың теңгеге дейін жеткен. Оның өзінде бар болса дейді тұрғындар. Кеше ғана республиканың оңтүстік аудандардағы көмір үшін болған майдан көрсетілімі бүкіл ғаламтор жүйесін аралап кетіп, Қазақстанның елу елдің қатарында емес, 170 елдің соңында екенін көрсетті. Біздің елдің әлеуметтік жағдайын Африка елдерімен де салыстыруға келмей қалды…
Орталық Азия – Бейнеу – Бозой – Қызылорда – Шымкент – Қытай газ құбыры магистралы пайдалануға берілсе де түркі әлемінің астанасы Түркістан мен Кентау, Отырар, Арыс, Созақ өңірлері газбен қамтамасыз етілген жоқ. Оның есесіне азаматтары іскер шалғайдағы аудан орталығы – Шаян газбен қамтылғанымен, ауданның ауылдарына газ барған жоқ. Осы аймақтар табиғи газбен толығымен қамтамасыз етілсе, «Қызыл кітапқа» кіргелі тұрған сексеуіл мен жыңғылды, осы кітапқа кіріп кеткен бағалы ағаш тораңғылды шабуға тыйым салып, өзендер мен жол бойындағы өсіп тұрған тоғайлар мен сәмбі талдарды келешек ұрпақ үшін сақтап қалып, экологиялық ахуалдарды Оңтүстікте жақсартуға да әбден болар еді. Газбен қамтамасыз етілді деген Түркістан қаласы тұрғындарының 20 пайызы ғана «көгілдір отын» желісіне қосылған. Соңғы кездері киелі шаһар желсіз тымық күндері жағылған көмір түтінінен пайда болған улы тұман астында жиі-жиі қалуда…
Ал Кеңес заманынан келе жатқан Орталық Азия – Шымкент – Тараз – Бішкек – Алматы Халықаралық газ құбырлары магистралының үстінде отырған Шардара қаласы мен ауданының ішінде тек екі ғана елдімекен «Ұзын ата» ауылы мен «Қазақстан» кеңшары ғана газбен қамтылған. Ауданның қалған 65 мың тұрғыны іргесінен өтіп жатқан газдың рахатын қаншама жылдар өтсе де көре алмауда…
Алдыңғы қатарлы дамыған елдер бүгінгі күні тас көмірді отын ретінде жағуға да, оны жағып алынған электр энергиясын пайдалануға да, тіптен сатуға да тыйым саламыз деп отыр. Себебі ғылымы мен өркениеті дамыған елдер көмірді жағуды даму жағынан артта қалып қойған бейшаралықтың белгісі деп санайды. Қазір қысы бізден де қатты, солтүстік белдеуде орналасқан Финляндия мемлекеті көмірді өндіруге де, энергетикалық күш-қуат ретінде қолдануға да, отын үшін пайдаланып, жағуға да ел аумағында мүлде тыйым салған…
Кеңес өкіметі жылдары ҚарМУ-дің ректоры, профессор Евней Букетовтың бастамасымен құрылған ғылыми топ метан газы өте көп Қарағанды шахталарындағы көмір жыныстары арасындағы газды жабық түрде, көмірді қазбай-ақ жер астынан газ алу технологиясын жасаған еді. Өкінішке орай профессор марқұм болғасын бұл технология ұмыт болды…
Бүгінгі Қазақстан Үкіметі осы мәселелерді шешуге қаржы жоқ деп ауыздарын қу шөппен сүртуден шаршайтын емес. Ал шетел банктері мен АҚШ-тың мемлекеттік облигацияларына кезінде осы елді басқарғандардың тапсырмасымен өз халқының әлеуметтік жағдайын жасауға қимай Ұлттық Қордан аударылып салынған миллиардтаған доллар қаржы 2008 жылғы дағдарыстарда жоқ боп кетсе де кінәлі адамдар жазаланбады?! Өз қателерінен қорытынды шығармағандар неге тағы да Ұлттық Қордағы 22 миллиард АҚШ долларын Американың (Bank of New York Mellon (BNY Mellon), 5,8 миллиард долларды Нидерланды банктерінде сақтаған? Бұл жерде кімдердің жеке мүддесі бар?! 2008-2009 жылдары Ұлттық Қордан қаншама миллиардтаған долларлардың банк жүйесін сауықтыруға деп аударылғаны да құпия қалды, жарияланбады?! Неге Ұлттық Қордағы бір триллионнан астам теңге болымсыз менеджерлердің біліксіздігінен банкротқа ұшыраған дәу бастықтардың Екінші деңгейдегі жекеменшік банктеріне аударылады? Төменде сол құжаттың бірінің мәтінін қоса беріп отырмыз:
Соответствующий Указ подписал Президент Казахстана.
Президент РК Нурсултан Назарбаев подписал указ о выделении денег из Национального фонда на оздоровление банковского сектора. Документ опубликован на портале информационно-правовой системы нормативных правовых актов «Адилет», передает Kazprav-da.kz (03.03.2017г.)
«Постановляю: выделить целевой трансферт из Национального фонда Республики Казахстан в республиканский бюджет на 2017 год в размере 1 (один) триллион 92 (девяносто два) миллиарда 941 (девятьсот сорок один) миллион 288 (двести восемьдесят восемь) тысяч 400 (четыреста) тенге для оздоровления банковского сектора», – говорится в Указе.
Указ вводится в действие со дня его подписания.
Өткен жылы тағы да мемлекет қалтасынан 410 миллиард теңге төмендегі: «АТФ Банк» АҚ, «Еуразия банкі» АҚ, «Цесна банкі» АҚ, «ЦентрКредит банкі» АҚ сауықтыру (Астана. Казинформ. 18.10.2017. 15:22) үшін аударылған. Бұл не деген масқара? Билік пен бизнес тонның ішкі бауындай қабысып, халықтың ырыс-несібесін осылай тонай бере ме? Әлеуметтік-экономикалық газ құбырлар жүйесі құрылысына қаржы жоқ дегенімен, бұл мырзалар өздерінің жекеменшік банктеріне қаржыны осындай жолдармен оп-оңай таба алады. Сонда әділеттілік пен шындық қайда қалады?! Бұл бей-берекетсіздік пен қанағатсыздық қашанға дейін жалғаспақ?!
Шетелдерге шикізат сатып тапқан миллиардтаған доллар қаржылар ине мен түйме, көйлек пен шұлық сатып алуға қайтадан сол шетелдерге кетіп жатыр. Неге осы мәселемен Үкімет бел шешіп айналыспайды? Өндірісі ешқандай да жоғарғы технологияны қажет етпейтін осындай қарапайым ғана, бірақ күнделікті тұрмысқа қажетті тауарларды өз елімізде шығаруды ұйымдастыра алмаса, ондай Үкіметті халықтың аузынан жырып, төлеген салығымен асырап не керегі бар? Неге біліксіз, мемлекетшіл емес, істі қожыратқан, жеке мүддені ғана көздеуші тексіз топтар мен жемқорлар ғана мемлекет басқаруы керек? Мемлекеттің алтын тұғырын қалыптастыратын кадр саясаты қайда?
Қазақстан азаматтарының маңдай терімен, табан ақысымен тапқан зейнетақы қорындағы 7,5 триллион теңгесі қайда? Бар ма өзі? Әлде билік құрамынан ертегідегі айдаһардың басындай кескен сайын өсіп шыға беретін ұры-қарылардың бірінің оқпанынан өтіп кетті ме? Неге бұл қаржылар шетел банктеріне салынып, олардың экономикасын өркендетуі керек? Бұл қаржылар қорын шетелдіктер мен жекеменшік компаниялар басқарсын деп жүрген, оны ойлап тапқан қандай «ғұлама»! Әлде халқымыздың төлеген салығынан нан жеп отырған мына биліктегілер «кеңкелес» деп аталатын жазылмайтын науқастыққа ұшыраған ба? Бұған кім жауап береді? Егер бұл қаржылар бар болса, неге осындай елімізге аса қажетті әлеуметтік-экономикалық газ құбырлары жүйесін салуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға негіз болатын, халық тұтынатын тауарлар шығаратын жаңа зауыттар мен фабрикалар (қытайлық емес) салуға жұмсалмайды?! Сұрақ көп, жауап жоқ!
Мүмкін Сіздер берерсіздер қымбатты оқырмандар мен сайлаушылар, бұл жауапты?!
- S. Мақала дайындалып болғанда Астана қаласының көпқабатты үйлерінің бірінің тұрғыны жылу қосылмаған пәтеріндегі жас балаларын қақаған суықтан аман сақтап қалу үшін жетім балалар үйіне апарып өткізгені белгілі болды. («Үйі суып кеткен астаналық әйел балаларын жетімдер үйіне тапсырды». Zakon.kz. 1 февраля 2018, 10:54)
Ақмола облысында жағар отындары жоқ, әлеуметтік жағдайлары өте төмен кейбір отбасылардың суықтан үсіп қаза тапқандарын, Сарань қаласында көпқабатты үйлерде өлместің күнін көріп отырған тұрғындар жайлы БАҚ жарыса жазуда.
Ілесбек БАЙЖАНОВ.
Шымкент шаһары.