«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары М.ӘШІМБАЕВТЫҢ назарына!

Мәселе
1 383 Views

«НҰР ОТАНЫҢ» — БРАТАНЫМНЫҢ САДАҒАСЫ

 

ОҚО басшылары жетекші партия филиалына басшы тағайындау барысында өзімбілермендікке, бұра тартушылыққа жол беруде.

Қызық. Біз түсіне бермейтін құбылыс. Елбасы Н.Назарбаев еліміздің жетекші партиясы болап табылатын «Нұр Отанның» беделін, абыройын, іскерлігін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Жақында партияның Орталық аппаратында болып, Төрағаның бірінші орынбасары қызметіне әрі жас, әрі мол тәжірибе жинап, ысылған кадр Мәулен Әшімбаевты тағайындауы осы сөзіміздің бір мысалы. Сол кездесуде Нұрсұлтан Әбішұлы партияның алдында тұрған маңызды міндеттерге нақты тоқталды. Әсіресе облыстардағы филиалдар жұмысын жандандыру қажеттігін тағы да еске салды. Қашанғыдай осал тұсымызды тап басты. «Облыстарда партия ұйымдарымыз бар. Олар белгіленген міндеттерді іске асыруда белсенді болуға тиіс» – деді.

Жаңа, жауапты қызметке тағайындалған Мәулен Сағатұлы Әшімбаев ұзатпай партия филиалдарының өкілдерімен кездесті. Онда Елбасының партия қызметін жандандырып, жақсарта түсу жөніндегі тапсырмасы жан-жақты талқыланды. Бұл орайда М.Әшімбаев әсіресе партия атқаруға тиіс идеологиялық жұмыстың бағыт-бағдарына тоқталды. Дәл бір «Нұр Отан» партиясының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының жұмысы туралы айтып отырғандай болды:

Бұнымен қатар М.Әшімбаев кадр мәселесіне ерекше тоқталды. Біз партияның ОҚО филиалындағы кадрлық ауыс-түйістерді еске алып, айдалада отырып ұялдық. Соңғы кездері филиал басшылығын тағайындау ісінің жүйесіз, қалай болса, солай жүргізілетіні, көп ретте партияның беделі естен шығып, ол біреулер үшін жайлы орынға жылжудың трамплиніне айналғанын өкінішпен еске алдық.

Филиалға басшы тағайындау облыстың жағдайына қанық емес әкім Б.Атамқұловтың тұсында ерекше белең алғаны жасырын емес. Ол әсіресе облыстық мәслихатқа депутаттар сайлау барысында анық көрінді.

Мәслихат депутаттарының корпусын түгелдей, толығымен «Нұр Отан» ұсынған кандидаттардан жасақтау керек деп түсінетін және сол бағытта жан сала жұмыс жүргізген филиал мен облыстық әкімдік сайлау қорытындысында ойлағандарына қол жеткізді. Бірақ халық қалаулылары болуы тиіс депутаттардың кейбірі өз іс-әрекеттерімен «Нұр Отанның» атына сөз келтірді, беделін түсірді.

Кезекті Парламент сайлауында да осындай бұрмалаушылық, бұра тартушылыққа жол берілді. Сол тұста Астанаға, жетекші партияға шақырылған облыстың бұрынғы әкімі А.Мырзахметов алғашқыда түсініксіздеу болған бір гроссмейстерлік жүріс жасады. Айтпақшы, ол әкімдіктен босай салысымен бірінші орынбасары болып, Оңтүстікте біраз жыл қызмет еткен Берік Оспановты өзімен бірге Астанаға ала кеткен. Бұнысы қызық болды. Бірінші орынбасарлық үлкен қызмет. Беделді қызмет. Көп басшылардың көз құртына айналған орын. Сондай жылы орыннан Оспановты әй-шайсыз жұлып әкеткені қалай? Әлде ол оң-солын танымайтын жас бала ма? Мырзахметовтың жетелеуінсіз жүре алмай ма? Алғашқыда осылай ойлағанбыз. Ұзамай кеткен әкім гроссмейстерлік тағы бір жүріс жасады: Кеше ғана Астанаға кеткен Берік Серікұлы облыстағы партия филиалы Төрағасының бірінші орынбасары болып шыға келді. «Қайтып келген қыз жаман» деген әңгіме көтерілген жоқ. Тіпті жұрт Оспановтың не істеп, не қойып жатқанына да көңіл аудармады. Себебі қанша жыл биік лауазымда жүріп, ерекше бір сөз айтпаған, не бір инициатива көтермеген, идеология саласына жауап бере тұра идеялар ұсынбаған азаматтың бұл қызметте де жаңалық, жаңғыру жасай қоймайтыны белгілі еді. Содан…

Көп ұзамай Парламент сайлауы басталды да, Б.Оспанов Оңтүстіктен депутат болып сайланып шыға келді. Оспанов бос тұрған орынға келсе, мақұл ғой. Сол үшін А.Мамытбеков жылы орнынан жылжыды емес пе. Күтпеген қайта оралудың сыры ашылды. «Нұр Отан» братанымызға трамплин үшін қажет болған екен.

Бір қызығы Атамқұловтың орнына келген, мемлекеттік қызметте мол тәжірибесі бар деп есептелетін, Оңтүстік тумасы Ж.Түймебаев бұрынғы әкімнің партияға қатысты жіберген кемшіліктерін түзету орнына қайта оларды өзіне үлгі етіп алған сияқты. Ол өз кезегінде облысқа белгілі азамат Әлімжан Құртаевты филиал басшысының бірінші орынбасары етіп тағайындады да, ұзатпай Астанаға, депутаттыққа «ұзатып салды». Құртаев партия жұмысын жандандырмақ былай тұрсын, онымен танысып та үлгерген жоқ шығар, шамасы… Жалпы, сөздің реті келген соң айта кетейік, партия филиалындағыдай жағдай басқа салаларда да орнығып қалды. Аудан, қала әкімдерін тағайындау барысында да қызық-қызық жүрістер жоқ емес. Кезінде, Отырар ауданы әкімі болып жүргенде сыннан көз ашпаған, ақыры ол қызметінен босатылған, яғни жоғары сенімді ақтай алмаған Салыхан Полатов облыстағы өз қаржысы өзіне толық жетіп отырған күлшелі Созақ ауданына әкім болып шыға келді. Кеше ғана оның атына қаншама жағымсыз сөз айтылғанын жұрт ұмыта қоймаса керек. Тек «қалай тез өзгерді, қалай тез іскер азаматқа айналды?» деп қана таңдануға болар. Созаққа барысымен Салыхан мырзаның қолы жүріп берді. Бұрын оны ерінбегеннің бәрі жабыла сынаса, ендігі жерде еріншектердің өзі оны жабыла мақтай бастады. Жақында бір сөзінде журналистің сұрағына орай ол кісі «Кітапсыз өмірімді елестете алмаймын» деп салды. Журналист ары қарай қазбаламады. Егер «Соңғы кездері қандай кітаптар оқыдыңыз?» дегенде бар ғой, нағыз тамаша болуы мүмкін еді…

Е-е, қайсыбірін айтайық. Тізе берсек қағаз жетер ме? Бүгінше осымен тоқтай тұрайық…

К. ЖАНСЕЙІТ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *