КӨКІРЕК КӨЗІ БАР БОЛСА…

Көзқарас Рухани жаңғыру
951 Views

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы еліміздің руханиятын көтеріп, ел игілігіне жаратылғанының куәсіміз. Байтақ ел Қазақстанның қай шетіне барсаңыз да, алдыңыздан менмұндалап тұрған сәулетті ескерткіштер мен кесенелерді, оны дәріптеген саябақтар мен салтанатты аллеяларды көріп, көңілің марқайып қуанышқа кенелесің. Әсіресе, осы бағдарламаны іске асыруда, жекелеген тұлғалардың ұлттық, патриоттық сезімдерінің зор екеніне көз жеткіздік.

Үкіметке қол жайып қарап отырмай, өткен тарихымыздың өнегелі тұстарын тарихи тұлғаларын халық жадында мәңгілік қалдыру үшін, ұшан теңіз қызметтер атқарылғанына, ел іші алтын кенішті аралай жүріп, көргеніңе көзің тойып, жаның жадырап қуанышқа кенелесің. Осындай біткен істің басына, жақсы келер қасына демекші, адамзаттың алтын бесігі Қазығұрт тауының бел-белесінен орын тепкен ұлттың рухын көтеріп, көкірегіңе көп ой салатын «Мәңгілік ел» саябағы кімнің де болса қуанышына себепкер болатынына көзім жеткен. Оңтүстікте М.Әуезов атындағы университетте өткен түрлі тақырыптағы тарихи оқиғаларға байланысты ғылыми конференцияларға қатысып жүріп, ел тарихынан елеулі орын алған «Мәңгілік ел» саябағына соқпай кетпейтінбіз, өйткені ол жер монументалды жанырдағы ескерткіштердің ірі кешені, тарихтан тағылым алатын жаңа Қазақстанның жарқын көрінісі ретінде, халықтың қайырылып баратын орнына айналғанына көзіміз жеткен.

Осы биылғы Абай атындағы әдебиет пен өнер жөніндегі Мемлекеттік сыйлыққа ұсынғанын есітіп, ондай марапатқа бірден-бір лайық дүние екенін ойлап пікір де жазған едім. Оның бұл марапатқа, сыйлыққа ілінбей қалғанын есітіп, қатты күйзеліске түскенім де рас. Жақында «Қазақ әдебиеті» газетінен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы інім Ғани Қариннің «Айтайын деп айтпайсың» деген мақаласын оқып, атағы алысқа кеткен саябақтың ескерусіз, елеусіз қалғанына қатты жаным ашыды.

Үлкен лауазымды тұлғалардан құралған мемлекеттік комиссия, оған басшылық ететін биік лауазымды азаматтардың, мемлекеттік бағдарламаларды үлгі, өнеге ретінде көрсететін сәулет құрылысына қолдау көрсетпегендеріне түсініксіз күй кештім. Көзге ұрып тұрған атына заты сай, мемлекеттік бағдарламалар негізінде туған жерді көркейтіп көрсеткен еңбектің әділ бағаланбағанын біліп, мақала авторының жанашырлықпен жазған жанайқай мақаласы жан ауыртқанын сездім.

Біз әділетті қоғам, әділетті мемлекет, жаңа Қазақстан құрамыз деп жасампаз тірліктерге бастама көтеріп жатқан Президентімізді қолдаймыз десек, әділдіктен ауытқымай, тура жолдан таймай, қызмет жасауымыз керек. «Тура биде туған жоқ» дегендей, әрқайсымыз туралықты ту етіп, ұстауымыз керек. Олай болмайынша уақыт сынына төтеп беретін абырой да, қызмет те болмайтынына сенімдімін.

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,

Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым

академиясының құрметті мүшесі,

тарих ғылымының докторы, профессор

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *