КӨНЕ КӘСІПТЕН БЕРЕКЕ ТАПҚАН КЕМЕРБАСТАУЛЫҚ КЕЛІН

Қоғам
481 Views

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант мәселесі Түлкібас ауданында да жақсы көрсеткіштермен көрініп келеді.  Аудан бойынша 180 азаматқа қаржылай несие берілу жоспарланған. Дегенмен, 181 тұрғын оқуды онлайн түрде аяқтап, нәтижесінде 78 адам бизнес идеяларды іске асыруға арналған қаражатқа қол жеткізген. Олардың қатарында 85 грант иегері — аз қамтылған отбасы құрамынан, 7 мүгедек санатына жататындар мен 58 жас кәсіпкерлер бар.

Солардың ішінде аудан жұртшылығының құрақ көрпе, қыз жасауы деген дүниелерге сұранысын қанағаттандырып жүрген 24 жастағы кәсіпкер бар. Қыз жасауын арнайы тапсырыс арқылы жасатуды дәстүрге айналдырып, аялы қыздарын ұзатып жатқандар қатары күн санап өсіп келеді. Он қолдан өнер тамған шебер ғана бұл кәсіптің тұтқасын ұстайтыны баршаға мәлім. Дейтұрғанмен, жауапкершілікті қажет ететін, көздің майын алатын кәсіп, – дейді түлкібастық Гүлнұр.

Біз сөз етіп отырған Гүлнұр Басымбек есімді кәсіпкер Түлкібас ауданы Кемербастау ауылында тұрады. Бүгінде 3 баланы жалғыз асырап отырғанын жасырмайды. Алғашында АЭК алып жүрген жас анаға, бағдарламаға қатысуға кеңес берген. Ал, тігін саласына келуіне анасының қара  мәшинесі сеп болған екен. Бастапқыда тума-туыстың кішігірім тігін жұмыстарын алып, қиыншылықтан күнделікті табыс табуды мақсат еттім, деп еске алады өткен күндерін жас кәсіпкер.

Гүлнұр Басымбек, тігін шебері:

— Өзім жаспын, қолымда дипломым болса да бала, үй тіршілігімен жұмыс істеуге мүмкіндік болмады. Тұрмыс құрғалы үй шаруасымен айналысып жүрдім. Мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмекке құжат өткізіп, бұйырған қаражатты алып жүрдім. Содан бір күні өз ауылымыздың әкімдігінде жұмыс жасайтын танысым, менің тігу өнерімнің бар екенін біліп дереу маған «Еңбек» бағдарламасына қатысуға кеңес берді. Ол үшін арнайы кәсіпке арналған жоспар жасап қажетті құжаттар тізімін өткізсем жеткілікті екенін айтты. Қуана келіскен мен уақыт жоғалтпай осы бағдарламаға қатысамын деп шештім. Ниетіме сай, ойлағаным оңынан болып қайтарымсыз грант иегері атандым. Осы кезде жолдасыммен ажырасып, өз төркінімде жүрген едім. Ата-анамнан қысылып, мойындарына салық салмайын деп үйдегі анамның ескі мәшинесімен тігінге кішігірім тапсырыс қабылдап жүрген кезім болатын.  Бастапқыда бұл салаға, бұл ойға келуіме анамның демеуі ерекше болды. Ол кісі маған барынша өз білгенін үйретіп, қателігімді түзеп менің аяқтан тұруыма қолғабыстық танытты. Анамның қара мәшинесі бүгінде жаңа мәшинеге айналды. Грант қаражатын алған соң екі тігін мәшинесін және шеберханаға қажетті жиһаз сатып алдым. Соның арқасында қызығушылығым оянды, жаман болған жоқпын. Үйден жасап отырған кәсібімді мемлекеттен, кеңейтіп орталықтан тігін шеберханасын аштым. Екі ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып, оларға жалақы төлеп отырған жайымда да бар қазір. Менің шеберханамда негізі қыз жасауын жасаумен айналысамыз. Қазіргі заманға сай әртүрлі сәндік үлгіде, дәстүрімізге сай қызға арналған көрпе-төсек, жабындылар жасау біздің басты ісіміз. Қазақи нақыштағы ою өрнекпен тапсырыс берушілер қазір көп. Талғамдары жоғары екенінде ұмытпау керек олардың. Мысалы мен айына кемі екі қыздың жасауын жасап беремін. Ол шамамен бір жұмыстың күрделілігіне орай 180-320 мыңның аралығында болады. Көздің майын алатын кәсіпті, шын ынта жігермен жасамасаң тапсырыс берушінің көңілінен шығу шықпауы да екі талай. Осы күніме ризамын. Жасаған жұмысыма қарай тапқан табысыма да көңілім толады. Шеберханамды ашпай тұрғандағы менің айлық табысым 30-мыңнан әрі асқан емес. Енді ойлаңыздаршы өзімнің жұмысым бар, шеберханамның иесі өзіммін. Тек жұмыс жасау керек. Берекесін берсін деп, келушілерден тек алғыс алуды, көңілінен шығуды қалаймын. Жұмысым адамдарға ұнап жатса, мен неге қуанбаймын?

Бағдарлама қатысушысы қыз жасауынан бөлек киім, перде тігумен де айналысады. Тауық сойса да, қасапшының өзі сойсын демей ме, қазақ. Содан болар ауыл тұрғындары кішігірім тігістер болса Гүлнұрдың шеберханасына келуді әдетке айналдырған. Дәстүрге сай салтымызды насихаттап жүрген кәсіпкердің алтын қолы оңынан болсын!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *