МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ҚОЛДАНЫЛУ АЯСЫ КЕҢЕЙТІЛУДЕ

Қоғам
739 Views

Бұл өмірде аз күн қонақ болармыз,

Мүмкін елу, мүмкін жүз жыл салармыз.

Ана тілін ардақ тұтып, қастерлеп,

Құрметтейік келгенінше шамамыз.

Тіл — халықтың алтын діңгегі. Өз-өзін сыйлай білетін әрбір халық алдымен өзінің туған ана тілін сыйлап, оны мақтан тұта білуі керек. Өйткені, халықтың тарихы, даналығы, жалынды өлең-жырлары мен алтын шежіресі сол халықтың тілінде жазылып, сол тілде ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалуда.

Бүгінгі таңда ешкімді қазақ тілін білудің мәні зор екендігіне үгіттеп, мәжбүрлеудің қажеті шамалы.

Мемлекеттік ұлт саясатының ажырамас бір бөлшегі ретіндегі тіл саясатының басым бағыты — мемлекеттік тілді өркендету. Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру сөйлеген сөзімізден емес, істеген нақты істерімізден көрінеді.

Қазақстан Республикасы «Тіл туралы» заңының талаптарын орындау мақсатында Көліктегі ішкі істер департаменті мен оның құрылымдық бөлімшелерінде мемлекеттік тілді дамыту мәселелері бойынша жұмыстар жүйелі жүргізілуде.

Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың санын 95 пайызға жеткізу міндетін белгілеп бергені де тегіннен-тегін емес. Қазіргі таңда барлық қалалар мен аудандарда тілдерді оқыту орталықтары қарқынды жұмыс атқаруда. Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері де орталықтың оқытушысының көмегімен қазақ тілінің қыр-сырын үйреніп, құжаттарды дайындау кезінде кездесетін емле-ережелерді оқып, білімдерін жетілдіруде.

Тіл қарым-қатынас құралы болумен қатар, оны тұтынушы халықтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, дүниетанымдық ерекшелігін, ұлттық болмысын, рухани, мәдени байлығын, сан ғасырларға созылған даму тарихын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып жеткізуші, жинақтаушы қызметін атқарады.

Қай заманнан тілге бай халықтың шапқыншылық заманында небір шешімі жоқ дау-дамайларды би-шешендер сөзбен шешіп, бір ауыз сөзге тоқтаған. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін бір ауыз сөзбен жеткізу, тыңдаушының санасына қондыру – сөз шеберлігінің шыңы.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді мақсат еткен соң, талаптарды да жоғары қою керек. Тілдің мәртебесін көтеру үшін құрылған жоспармен тек тіл жанашырлары ғана жұмыс істейді. Сондықтан тек мемлекеттік қызметкерлерге ғана емес, қай мемлекеттік мекеме болмасын іс-қағаздарын жүргізетін мамандардың жүз пайызы қазақ тілін меңгергені жөн. Тілімізді ардақтау – ұлттық борышымыз деп білейік!

Зарипа ТҰРЫСБЕКОВА,

Шымкент қ. ТЖД ішкі және сыртқы коммуникациялар тобының бас маманы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *