Тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақ болса, бүгінде күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе – сапалы білім беру, ғылымды дамыту болып отыр. Өркениет өзегі – білім, ғылым. Осы орайда білім ордасының жаны – ұстаз екені баршамызға мәлім. Білім беру жүйесіндегі негізгі талап — сабақта білім берудің жаңа технологияларын, жаңа әдістерін қолдана отырып, оқушыларды өздігінен шығармашылықпен жұмыс істей алатын деңгейге жеткізу.
Бүгінгі таңда үш тілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіндік беретін қажеттілік. Үш тілде оқыту – заман талабы десек, оны жүзеге асыру – ұстаздардың міндеті. Болашақ жастар көп тіл білгеннен ұтылмайды, керісінше көп нәрсені талдау, саралау кезінде ұтымды көзқарас жасай алады. Қазақстанды шет елге танытуға да көп көмегін береді. Сондықтан да заманауи ұстаздарға тоқтаусыз ізденіс қажет болып отыр.
Әбу Насыр әл-Фараби ғұлама да өз заманында жетпіс тілді жетік меңгерген дейді. «Оян қазақ!» деп ұрандаған Алаш азаматтары да қаншама түркі тілдерін жетік меңгергені бізге мәлім. Біз сол үшін өзіміздің ұлы тұлғаларымыздан үлгі алуымыз керек. Қара сөзбен әлемге таңдай қақтырған, әлем әдебиетімен тереземізді теңестірген ұлы Абайдың, қазақ қанына ғана тән суырып салма өнерімен талай жырды жырлаған ақын-жыраулардың ұрпағы, бүгінгі қазақ жастарына үш тілді жетік меңгеру қиын емес деп ойлаймыз.
Көптілділік – кез келген тұлғаның қалыптасуына және болашақта Қазақстан Республикасының жан-жақты дамуына әсер етуі үшін қажетті құралдардың бірі. Сонымен қатар «модернизациялану», «жаһандану» үрдістерін қабылдаудың бірден-бір құралы болып табылады. Көптілділікті жеке тұлға қалыптастырудың негізі ретінде қарастырып, зияткер тұлға қалыптастыруды заманауи халықаралық деңгейде білім беру кеңістігіне шығатын дара жолдың зерттеу нысаны есебінде санау қажет.
Қазақстанда тек қазақ тілі ғана билік құра алады. Ағылшын тілі – қазақ жерінің жаңа әлемге ашар есігі. Біз өзге тілдерден қорықпауымыз керек. Керісінше, сол тілдерді пайдалана отырып, өзімізді өзгелерге таныта білуіміз қажет. Себебі, ағылшын тілі мемлекеттік тілмен бәсекелес емес. Ағылшын тілін үйренгеннен біз мәңгүрттенбейміз. Ағылшын тілі–әлемдік бизнес тілі, мемлекеттік тіл – ұлт тілі. Мемлекеттік тілде сөйлеу – әрбір Қазақстан азаматының борышы. Ағылшын тілі қазақ тілін үйренуге ешқандай кедергі жасамайды.
Елбасымыз «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан!» атты Жолдауында – «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын жүзеге асыруды ұсына отырып: «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» деген болатын. Қазақстан Республикасы Президентінің “Қазақстан–2050” стратегиясында да еліміздің әлемдік интеграцияға кірігуі үшін көптілділікті дамыту міндеті қойылды.
ҚР «Білім туралы» Заңының 5-бабында «Барлық оқу орындары мемлекеттік жалпы міндетті стандартқа сәйкес мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін білу мен дамытуды, орыс тілі және бір шетел тілін оқып үйренуді қамтамасыз етуге тиіс» деп атап көрсетілген. Осыған орай, білім ұйымдарының үш тілде оқытуды қолға алудағы негізгі мақсаты – бірнеше тілді меңгерген, жан-жақты білімді, бәсекеге қабілетті, мәдениетті тұлғаны қалыптастыру болып табылады. Бірнеше тілді меңгеру арқылы жас ұрпақ білім кеңістігінде еркін самғап, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіндік алады.
«Білімді ұрпақ–болашақтың кепілі» демекші, қазіргі таңда елдің болашақ азаматтарын қалыптастыру бағытындағы білім беру мәселесі – мемлекетіміздің басты саясатының бірі. Тіл мәдениетінің өзектілігі әрқашан ескеріліп, қай халық болса да бұл мәселені айналып өткен емес. Қорыта келе айта кететініміз, «Өнер алды – қызыл тіл» деп қазақ халқы да сөйлеу шеберлігіне үлкен мән берген. Егемен еліміздің ең басты мақсаты өркениетті елдер қатарына көтерілу болса, ал өркениетке жетуде жан-жақты дамыған рухани бай тұлғаның алатын орны ерекше. Қазіргі білім берудің басты мақсаты да сол жан-жақты дамыған, рухани бай жеке тұлға қалыптастыру болып отыр. Еліміз Егемендік алып еңсесін көтере бастағанында қазақ, орыс, ағылшын тіліне деген сұраныс пайда болды. Демек, біз өз мемлекетіміздің дүниежүзілік деңгейдегі беделінің өсіп, өркениетті 50 елдің қатарында олармен иық тіресе сөйлесе алуымыз үшін қазақ және орыс тілдерімен қатар ағылшын тілінде де сөйлеп тұрсақ, деңгейімізді танытқандығымыз емес пе?! Қазақ тілін пән ретінде оқытумен бірге, орыс және ағылшын тілдерінде пәндік білім беру арқылы инновациялық технологиялардың озық тәжірибелерімен меңгертуіміз қажет. Ол – бүгінгі заман талабы.
Б. ӘБІЛҚАСЫМОВА,
Шымкент политехникалық колледжі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы.