КӨШІ-ҚОН САЯСАТЫ ТҮЗЕЛІП КЕЛЕДІ

Саясат Қоғам
463 Views

Көші-қон саясаты-мемлекет тарапынан халыққа берілген үлкен мүмкіндік. Күнгейден теріскейге қоныс аударған ел тұрғындары жеке кәсіптерін ашып, солтүстікке бой үйретті. Талаптары мен ізденістерінің арқасында жайлы баспана мен тұрақты жұмысқа қол жеткізіп, тұрмысын түзеген отбасылардың саны да жыл сайын артып келеді. Газеттің бүгінгі кейіпкері өзге ұлт болғанына қарамастан, қазақтың салты мен тілін үйреніп, теріскейде дәріптеп жүр.

Акбар Шарипович — Өзбекстан елінің тумасы. Осыдан сегіз жыл бұрын оңтүстіктің Мақтаарал ауданына отбасымен көшіп келіп, шаруашылықпен айналысты. Жұмыссыздық зардабын тартқан ол, мемлекеттік бағдарлама жайлы естіп, құжаттарын дайындай бастайды. Аталған саясат арқылы солтүстіктің тынымсыз тіршілігіне бой үйреткен туған-туыстарының пікірі мен кеңесін тыңдап, 2021 жылы Павлодар облысының Евгеньевка ауылына қоныс аударады. Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері құшақ жая қарсы алып, құжаттарды рәсімдеп, баспанаға орналасуға көмегін береді. Жанұядағы әр адам басына 204 000 көлемінде жәрдемақы алған отағасы бұл қаражатқа керек-жарақ алып, кәдесіне жаратады. Елді-мекендегі шаруа қожалығы жайлы естіген Акбар, жаңа жұмысқа орналасып, жүк тасымалдаушы қызметіне кіріседі.

— Солтүстікте жайлы баспана да, жақсы жұмыс орындары да көп. Бүгінде елді-мекендегі 400 жұмысшыны табысқа кенелтіп отырған ірі шаруа орталығында қызмет етіп жатырмын.Айлық ақысы да жақсы.Егер жақсы нәтиже көрсетіп жатсақ, қосымша ақша ұсынады.Шаруа қожалығы қыс мезгілінде үйімізге тегін көмір мен жылу отынын тасып беріп отырады.Жұмысшыларға бар мүмкіндік қарастырылған. Таңертеңнен кешкі уақытқа дейін тынбаймыз. Әрине, еңбектің наны тәтті ғой. Қымбатшылық бүйірден қысқан заманда жұмыс істеу керек, — дейді ол.

Акбар қоныс тепкен ауылында бар жағдайдың қамтылғанын айтады. Жылу жүйесі, таза су, жөнделген жол тұрғындардың көңілінен шығады. Ауылда қазақ сыныптары да көбейіп келеді. Солтүстіктің тұрғындары қазақтың дәстүріне бой үйретіп келеді.

— Халық солтүстікке келуге жүрексінеді. Табиғаты қатал, жұмыс табу жағы қиын, тұрғындары суық деп ойлайтын шығар. Алайда, теріскейді қазақыландыру қажет.  Бұл өңірдің халық санын оңтүстікпен салыстыруға келмейді. Бұл жақта халық аз, жұмыс орындары өте көп. Тек мүмкіндікті пайдалансақ болғаны.

Жыл өткен сайын бағдарламаның өз нәтижесін беріп, халықтың сұранысы артқанына куә болып келеміз.Тұрғындардың баспана алуына, отбасын асырау үшін шағын кәсіппен айналысуына, жоғары білім алудың қолжетімді болуына жаңа мүмкіндіктер көкжиегі ашылды.Тек бағдарламаны қолдап, солтүстікті қазақыландыруға өз үлесімізді қосуға тиіспіз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *