ҚАЗАҚТЫҢ АСАНБАЙЫ

Тұлға
477 Views

Тар заманда халқының тарихы мен әдебиетін ұлықтап, қазақтың жырларын жатқа соғатын Асанбай ағамыз өте ұлтшыл еді. 1942-1945 жылдары қан майданда бел шешпей еңбек етіп, елге 1946 жылы аман-есен абыроймен оралған Асанбай Асқаров өзі туған Жамбыл облысында қызметін бастады. 1946-1951 жылдары Жамбыл облыстық атқару комитетінің бірінші хатшысы болып, жастарды соғыстан кейінгі экономиканы қалпына келтіруге ұйыстыруда сүбелі еңбек етті.

1951-1954 жылдары Мәскеудегі КОКП ОК жанындағы Жоғарғы партия мектебінде тыңдаушы болды. 1954 жылдың тамызынан бастап 1955 жылдың қарашасына дейін Красногорск аудандық партия комитетінің, 1955 жылдың қарашасынан 1958 жылдың қаңтарына дейін Мерке аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды.

1958 жылы қаңтарда Жамбыл облаткомының төрағасы болып сайланып, 1959 жылдың 14 желтоқсанына дейін абыроймен еңбек етті. 1959 жылы 14 желтоқсанынан 1965 жылдың сәуіріне дейін Қазақстан КП Жамбыл обкомының бірінші хатшысы қызметін атқарды. Сөзге шешен, өз ісіне мығым, қазақтың салт-дәстүрі мен жол-жоралғысын мықты ұстанатын Асанбай Асқаров осы Жамбыл обкомын басқарған жылдары ел аузына ілініп, бүкіл республикаға, қала берді Одаққа танымал тұлғаға айналды.

1965 жылдың 14 сәуірінен бастап 1978 жылдың 28 сәуіріне дейін Алматы облысының бірінші хатшысы болған жылдары облыстың экономикасын көтеруге өлшеусіз үлес қосып, Алматы қаласының айналысында «азық-түлік белдеуі» қалыптасты. Оның ұлттық мүддеге берілгендігі мен қызметте принципшіл де талапшыл болуы көп адамға ұнай қоймады. Әсіресе, ұлттық мүддеге, тарих пен тілге, әдебиет мәселелеріне келгенде Асекең аяғына дейін баратын. Оның бір мысалы ретінде қазіргі Алматы қаласының Райымбек көшесіндегі Райымбек батырдың мазарын сырып тастауға жасалған әрекеттің алдын алып, көшені бұруға ықпал етуін айтуға болады. Сондай-ақ, ұлтшыл-уклонист, пантүркист ретінде айыпталып, жазықсыз құрбан болған Тұрар Рысқұловтың есімін елге қайтартқан Асекең болатын. «Социалистік Қазақстан» газетінің 1960 жылы 19 қазандағы санында кезінде Қазақстан комсомолын басқарған қайраткер Рахмалы Байжарасовтың «Тұрар Рысқұлов» атты мақаласы жарық көріп, ол мақаланы 1960 жылы 12 қарашада талқылаған ҚКП ОК-і бұл мақаланы қате деп тауып, осы үшін «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы Қасым Шәріпов орнынан алынып, бүкіл Қазақстан газеттеріне Тұрар Рысқұловты басуға тыйым салынған еді. Бұл қаулыға кезінде Тұрар Рысқұлов өзінің оқуға түсуіне жол ашқан Д. Қонаев та қол қойған еді… Міне, осындай тарихи әділетсіздікті жөндеуге тек арада 12 жыл өткен соң ғана қол жеткізілді. 1972 жылы 26 желтоқсанда ҚКП ОК бірінші хатшысы Д.Қонаевтың атына «Тұрар Рысқұловтың өмірі мен қызметі туралы анықтама» жолданды. Бұл тарихи анықтамаға С. Ниязбеков, С. Имашев және А. Асқаров қол қойған болатын. Мұндай қағаздарды даярлап жүрген азаматтар бұл жерде анықтаманы кімнің даярлағанын бірден түсініп отырған болар. Алдыңғы екі тұлға өз қызметтеріне сәйкес қол қойып, тарихи анықтаманы толықтай А. Асқаров даярлаған болатын. Міне, осы тарихи анықтамадан кейін Тұрар Рысқұлов туралы айтуға және жазуға жол ашылған болатын.

Асанбай Асқаров 1978 жылы 28 сәуірде Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне сайланып, бұл қызметті 1985 жылдың 26 маусымына дейін адал атқарды. Дәл осы жылдары оның үстінен жазылған домалақ арыздар мен шағымдарда есеп жоқ. Қартайған Д. Қонаевтан кейін билікке келуге дайын тұрған А. Асқаров пен Еркін Әуелбековтың үстінен толассыз домалақ арыз-шағымның қаптауы тегін емес еді. Әсіресе, М. Горбачев билікке келгеннен кейін оған қарсы жастар тобының ықпалымен А. Асқаров бірден зейнетақыға жөнелтіліп (Е.Әуелбековке де осы сценарий қолданылғаны белгілі), Д. Қонаев орнынан алынғаннан кейін оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, абақтыға тоғытылды. Абақтыда бірнеше жыл жазықсыз отырса да сынбаған Асекең, ақыры өзін-өзі ақтап шықты (бұл өз алдына жеке әңгіме). Өмірінің соңына дейін Коммунистік партияға адал болып, Компартия принциптерінен бас тартқан жоқ (бұл да өз алдына ұзын-сонар жеке әңгіме).

Асанбай Асқаров қоғам және мемлекет қайраткері ғана емес, ақын әрі жазушы, қылқалам шебері, тарихшы әрі әдебиетші, ірі экономист-ғалым еді. Оның қаламынан туған өлең-жырлар мен әңгімелер, ғылыми еңбектері мен ғұмырнамалық естеліктері, «Ұлы Тұранның ұлдары» атты тарихи еңбегі оның интеллектуалдық деңгейін айқын көрсетіп тұрады. Сонымен қатар, өмірінің соңғы жылдарында Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих и Рашиди» атты еңбегін қазақ тілінде шығаруға мұрындық болған ағамыздың қазақ тарихына сіңірген еңбегі де орасан зор.

Асанбай Асқаров 2001 жылы 13 тамызда пәниден бақиға аттанды. Тау алыстаған сайын зорая түсетіні сияқты, Асекеңнің ұлық істерін көрсететін архив құжаттарына жолыққан сайын, оның тұлғасына деген құрмет күшейіп келеді. Жаны жәннатта болсын!

Биыл осынау тау тұлғаның туғанына 100 жыл! Оны ел болып ескеріп, кеңінен атап өту қажет! Ол елдігіміздің көрсеткіші болмақ!

Сәбит ШІЛДЕБАЙ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *