МАРИЯМ КӨҢІЛ (әңгіме)

Әдебиет
452 Views


Төрт жасында анасынан айырылған Мариям ананың махаббаты, ананың ыстық алақаны, ананың мейірім шапағатын әстен-ақ сезініп көрмеген еді. Ананың орнын ешкім баса алмас. Екі көзі жәутеңдеп, балабақша орындықтарында әкесін күтіп отырған Мариям жан-жағына көз тастап еді, қызын әткеншекте тербетіп жатқан ананы көріп, сол жағының сыздағанын сезді. Сол күйді сезініп келе жатқанына, міне, он екі жыл болды. Мариямның әкесі Болатбектің туыстары: -«Екіншісіне үйлен, әлі жассың, бір ғана қызың бар, демде үйренісіп кетесіңдер, әйелің өлді екен деп ұрпақсыз қаламысың ?!»-деп дес бермегесін Болатбек екінші әйел алды. Есімі Бәтимаш еді. Жұрт көзіне аңқау, көмпіс, сабырлы болып көрінгенімен, үндемегеннен үйдей бәле шығады демекші, ішкі бет-бейнесі қыңыр, пысық, көкбет, беттен алып төске шабатын еді. Бәтимаштың сыртқы тұрпатына қарап, мына мінездемеге сену қиынырақ. Бойы аласа, беті жалпақ, өзі бидай өңді, томпақ, аяқ-қолы балғадай, көзі сығыр, екі беті қызарып, қасы қосылып бұртыйып жүретін. Бәтимаш — 39 жастағы егде тартқан әйел. Оның бірінші күйеуінен бір ұл, бір қыз бар еді. Үлкен ұлы -Жақсыбек, кенжесі- Шолпан. Бұл екеуінің де мінездері оңып тұрған жоқ, сірә шешелеріне тартқан-ау. Басында Бәтимаш Мариямға жақсы қарап жүрген еді, бірақ кейіннен Болатбек іс-сапарлармен ауылда болмағанда Мариямға тиісетін қылық шығарыпты. Үйде өгей шешесімен, өгей бауырларының қасында қалған Мариям өзіне ешкім көмек қолын созбайтынын біліп, үндемей айтқанға көніп жүре берді. Мариямды тез ырқына көндірген өгей ана үй шаруасының барлығын оған тапсырып, мал баққызып, шаршап келгенде демалдырмай, ас-су бермей қинайтын. Тіптен шақырғанда келмей қалса — «Әдейге істедің» — деп қамшымен бір-екі салып жіберетінді де шығарды. Мариям өзіне деген бұндай қатынасқа дымын шығармай, қорқып, тыныш қана жүре берді.Күні бойы дем алмай жұмыс істегесін, ұйқысы дұрыс болмай, өзі де әлсірей бастады. Қайта-қайта ауырып, қыз өлім-жетімге жетті. Анда-санда әкесі келіп -«Жүдеп кетіпсің ғой қызым-ау» дейтін. Сыр білдірмейтін Мариям -«Жоға әке, жәй сізге солай көрінген ғой»- деп жылы қайыратын.

Күз келіп, оқу басталды. Мариям он бірінші сыныпқа көшті. Іштегі бар мұңын өзінің жылы жымыйысымен жапқан, үнемі ақкөңіл, сұлу келген бойы сұңғақ, аққуша иілген аққұба қыздың өзгеруінен сыныптастары оны тіпті танымай қалды. Құр сүлдерімен орнынан әрең тұрып тұрған, көзінің асты көгілдірлеп, аяқ-қолдары қаусырап кеткен қызды сыныптастары аяп қана қоя берді. Мариям біреу түртсе құлауға жақын болып, мектептен шықты.

Желтоқсан айы еді. Күн зәрдей суық. Қар борап, жердің бетін ақ басқан. Тіптен адам ізі көрінбейді. Тізеден жоғары болып, қалың қар жауған. Мариям әдеттегінше мектептен қайтып бара жатқан. Үстіндегі жұқа бір сілті киімінен суық қатты өтіп, денесін қалтыратып барады. Қыздың көзіне жас келді.Үйіне әлі ұзақ жол бар. Мұнша жол жүріп өзінің жердегі тозағы — үйіне барғысы келмей, жолда өлгісі келді. Мариям ішінен — «Анашым, мен бұлай қиналғанша, тез сенің жаныңа барғым келеді. Сағындым сені. Қасымда болғаныңда бұлай болмас еді ғой»-деп көзінен аққан мөлдір жасы, аяз ұрған аппақ бетіне, мұз болып қатып жатты.Үйіне жетті. Қанша тартыншақтап, кіруге зауқы болмағанымен, Мариямда басқа таңдау жоқ. Қыз тіптен өз ажалына дайындалып бара жатқандай терең күрсініп, үйге кірді. Бәтимаш пен қызы Шолпан күннің мынандай суығында үйде отырмай, көршінің үйіне шығып кетіпті. Үйде тек Жақсыбек бар. Жақсыбек те қызды басынып құлдай көріп кеткен. Екі бөлмелі шатыры қамыспен көмкерілген үйде алаулап жанған пеш отына жылынып отырған Жақсыбек -«Мариям, аяғым қатып қалды, тез батыратын ыстық су алып кел, сосын анда шұлық пен жейдем жатыр, ертең кием, жуып қой» деді. Мариям қолына ыстық су құйылған шәйнекті ұстап тұрғанда құлағы шыңылдап бір орында тұрып қалды. Мариямның көз алдына анасы елестеп, бұл өңі ме, түсі ме айыра алмай тұр. Анасы Мариямға жақындап, бетінен сипап -«Қызым, сені ерте тастап кеткенім үшін кешірші, сөз беремін, әлі-ақ бақытты боласың»-деді. Сол кезде Жақсыбек Мариямға -«Ей, Қу сүйек, неменеге бір нүктеге қарап сұстыйып тұрсың!»-дегенде барып есін жиды. Мариям дір ете түсті. Қолындағы ыстық су толы шәйнегін жерге салдыр-гүлдір құлатып, аяғын күйдіріп алды. Жақсыбек айқайлап -«Қу сүйек неме! Бір тірлікті дұрыс жасай алмайсың!»-деп ақырып, қолына қамшы ала бергенде, оны есіктен тарс етіп үйге кіріп келген Бәтимаш пен Шолпан тоқтатты. Бәтимаш Мариямды меңзеп -«Сен бар, шәй қой!»- деді. Үстел жағалап отыра кеткен Бәтимаш алдына қойылған бауырсағын шәйнаңдап жеп, Жақсыбекке -«Отыр, жаңалығым бар»- деді. «Анау көрші Сүйіндік пен Қатираның ұлдары Нұрмахан ер жетіп қалыпты, біздің Шолпантайымызға құда түсіп келмекші. Соны біз, ел-жұртқа ұят болып қалмайық деп тәтті шәйын, сырға салуын, құдалығын тағысын-тағы күнін белгілеп қайттық».

Осы сәтте Мариям сыртта жүр еді. Аяз едәуір басылып қалған екен. Үй жанындағы құдықтың бетіне шамалы мұз қатып қалыпты, соны жарып су алмақшы. Қолындағы темір, ауыр шелегін құдыққа лақтырып әуреге түскен қызды алыстан байқаған бір атты жігіт қызға қарай жақындап, жағдайын сұрамақшы болып «-Қарындас, не істеп жатырсыз, көмек керек емес пе?»-деп қызға үңілді. Әбігермен тірлікке кіріскен қыз ештеңені де байқаған жоқ. Бір сәтте тағы да «Қарындас»-деген сөзге елең ете қалды. Басын көтеріп қараса, бойы ұзын, беті сопақ, мұрны қырлы, қасы қалың, қою қара шашты бейтаныс жігіт, үстіне киген киімі өзіне әп-әдемі-ақ жарасып тұр. Шамамен 19-20 жаста. Ізеттілікпен иілген жігітке, қыз бозбала аң-таң. Қыз дереу есін жиып, -«Мына құдықтың бетін мұз қатыпты, су ала алмай жатырмын»-деді. «Анда аяқ тастам жерде құдық бар, өте терең, терең болғасын ба, ешқандай мұз қатпайды. Жүріңіз алып барайын.» Қыз келісіп тез-тез барып, суын алып үйіне қайтты.

Мариям бүгін өзіне көмектескен бейтаныс жігіттің кім екенін білмей, ұзақ ойланды. Екі-үш күн өткеннен кейін жігіт қайта келді. Сабақтан шығып үйіне қайтар жолда Мариям мен әлгі жігіт тағы да жолықты. «-Қарындас, «бір көрген біліс, екінші көрген таныс» демекші, есімім-Нұрмахан. Осы ауылда туғанмын». Мариям жүзіне сәл күлкі түскендей жәй ғана төмен қарап -«Атым Мариям»-деді. Қыздың қылығы отыз жігітті естен тандырады демекші, Нұрмаханды Марияммен сөйлескені қызықтырып, ішіндегі ерекше бір жалынды сезді. Екеуінің әңгімесі жарасып, үйлеріне қалай жеткенін де білмей қалды. Сырттан қарасаң Қызжібек пен Төлеген дерсің, сондай бір, бір-біріне сай. Қыз үйге кіріп, өзінің күнделікті күйбең тіршілігімен айналысып жүргенде уақыт та өтіп кетіпті. Нұрмахан мен Мариямның арасында махаббат ұшқыны жанғандай болды. Екеуі сөйлескелі бері Мариямның бетіне қан жүргендей болып, өңі кіріп, жүзіне күлкі ұялады. Кешкісін алтылар шамасында малды өрістен қайтарайын деп шыққан Мариям жолдан Нұрмаханды байқады. Нұрмахан Мариямның жанына жетіп келді.

— Мариям, саған айтарым бар, кідіре тұршы!

Мариям болса, -«Жоқ, үйге тез бармасам ұрыс естеймін»-деп кетіп қалды. Нұрмаханды үйіндегілері өз еркінсіз, махаббатсыз Шолпанға үйлендірмекші екен. Бұл жайлы Нұрмахан еш хабарсыз еді. Кейін бәрін естіп, -Жоқ, мен Мариямды аламын,-деп байбалам шығарыпты. Бұл әңгіме өгей ана Бәтимаштың құлағына жетіп, -«Өй, қусиған бәле, қарашы мұның, менің Шолпантайымның бағын байлауын»-деп, Мариямнан тездетіп құтылмақшы болады. Соны жеткізейін деп келген Нұрмахан Мариямға анық-қанығын айтып үлгермеді. Мариям үйге келсе, әкесі кезекті бір іс-сапарынан оралыпты. Мариям қуаныштан көзіне жас толып, әкесінің құшағына кіре кетті.

Өгей ананың Мариямды құртам деген құйтырқы ісі жүзеге аспай қалады. Мариям өзінің сүйген жаны, өгей әпкесінің болашақ күйеуі болатынын түсініп, ғашығынан қиналып қол үзеді.

Наурыз айы, тойға санаулы күндер қалды. Барлығы абыр-сабыр дайындықта. Мариям да ошақ басында жүр. Әйелге тән мүсіні, бет-бейнесі адам секілді болғанымен, ішінде жаны жоқтай. Өзімен-өзі бір әлемде жүргендей. «Мариям» деп шақырсаң тіптен естімей, мәңгүрт болып тұратын. Өзі жыламаса да, жан жүрегі жырылып, қатты қиналып, жұбататын адам іздеп тұрғандай. Құдды бір, бір тәнде екі түрлі жан өмір сүріп жатқандай екі ойға кетеді. Бірі — дәл қәзір тірлікті қойып, өзінің сүйікті жанының қасына барып, барлығын тастап қашып кеткісі келеді. Болмаса — бұл жәй ғана тағдырдың жазғаны деп, бәріне көніп, сүйіктісінен айырылып, сол баяғы өмірін сүріп жүре беру. Бар отбасысы, туған туысы тойға кетті. Мариям үйге келіп, көрпе астына кіріп, тоқтаусыз жылады. Мариямға өзін ешкім түсінбейтіндей көрінді. Мариям қыз айға ұзағынан қарап, қасірет шеккен жан иесінің жалғыз ғана сырласы Ай екенін түсінді. Жүзі солыңқы, денесінен әлі кетіп жатқан қыз көз қиығымен бар дүниемен қимай қоштасты. Ақыры қыз бар шарасыздығымен мұңын өзімен бірге алып, жан тәсілім етті. Қаусыраған қыз денесі сұлайып төсек үстінде жатты.

Жұлдызай НЫШАНБАЙ

Түркістан облысы,

Бәйдібек ауданы, Шаян ауылы,

С.Әбдіжаппаров атындағы жалпы орта

мектеп-интернатының оқушысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *