АҢСАЙДЫ ҚУ ЖҮРЕГІҢ МӘҢГІЛІКТІ

Әдебиет
1 185 Views

Жүсіп Жолайұлы Әшімов 1956 жылы 16 қаңтарда қазіргі Түркістан облысының Келес ауданындағы Біртілек ауылдық әкімдігіне қарасты Игілік елді мекенінде дүниеге келген. Тоғыз жасынан бастап өлең жазумен айналысып келеді.

Атым Жүсіп, Жолайдың баласымын,

Үміт күткен халқымның қарасымын.

Өнер сүйдім жасымнан, өлең сүйдім,

Қара өлеңнің дес бермес жорғасымын, – дегендей, бала кезінен өнерге қызығып, өлеңді – өмірім деп санайтын ол мөлдіретіп жыр жазуды жақсы көреді. Қасым Аманжолов, Тоқаш Бердияров, Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шаханов сынды ұлы ақындарға ұқсап бақсам деген ойы бар. Жүсіптің жазған жырлары жаман емес тәрізді. Қайткен күнде де оның өлеңдерінің әділ бағасын қалың оқырман қауым берері хақ. Сол себепті де ақын туындыларын газетіміздің бетінде жариялауды жөн көріп отырмыз.

АҢСАЙДЫ ҚУ ЖҮРЕГІҢ МӘҢГІЛІКТІ

Өмір-ау!

Бірде көлсің,

Бірде шөл, неңді айтайын,

Артым қуыс,

Алдым жар, немді айтайын.

Жақсыны да, жаманды да көріп өстім,

Көкейкесті сөзімді енді айтайын.

Бұл жалғаннан дауа табар жан бар ма,

Жұмбағы көп өмір есті алғанда.

Сүрінесің,

Тік тұрасың.

Құлайсың,

Баян-бақты, тұрақты бір күн бар ма?!

Аса майлы болса да

Аса майлы,

Өмір жанға бәрін де тоса алмайды.

Ащысы бар ашытар,

Тұщысы бар,

Қанша ішсең де шөліңді баса алмайды.

Аса байлы болса да

Аса байлы,

Қайғы-мұңсыз адамзат жасамайды.

Қуаныш бар жерде

Қайғы да бар,

Тағдырынан асып бір қаша алмайды.

Ақиқаттан жүрсек те жаза баспай,

Өмірбақи көрінер көңіл жастай.

Бала көңіл дәмелі баршасынан,

Ұрынады сағымға өзін тастай.

Талай да,

Талай болды масаңдығым,

Аша алмай өмірдің ашаңдығын.

Түссе де самайға ақ,

Шашқа қырау,

Көрініп тұрар кейде жасаңдығым.

Қарттыққа кеткендей бір мойынсұнбай,

Бәрін де көзіңменен көріп тынбай.

Бұзардай шырқын көңіл ақиқаттың,

Ақырғы деміңді алып өзің тынбай.

Жанарым бітер жолды көрмейтіндей,

Көңілім жаманатқа бермейтіндей.

Санамда қиял құсы шарқ ұрады,

Көрінем мәңгі жасап өлмейтіндей.

Көңілім көрсеқызар тоймайтындай,

Жетпестен дегеніне қоймайтындай.

Елітіп сағым, елес құшағында,

Кәрілік бұл жалғанда болмайтындай.

Солай да

Солай, шырақ, биіктеймін,

Бас бермес асау тағы киіктеймін.

Болмаса өз дегені тыншымайтын,

Тынышын алған дүние күйіктеймін.

Аңсайды қу жүрегің баян-бақты,

Армандап қайта келмес жастық шақты.

Мәңгілік барса келмес аралына

Аттану жылап-сықтап кімге жақсы?!

Бұзып тұр өмір заңы сәнділікті,

Қоярдай жұтып бәрін тіршілікті.

Тұрсақ та кезек күтіп жағалауда,

Аңсайды қу жүрегің мәңгілікті.

БІЛМЕЙМІН НЕ БОЛАРЫН СОҢҒЫ КЕЗДЕ?!

Бір жойқын күш сұрапыл ерік бермей,

Дүлей тасқын келеді жоқ етердей.

Жолын жайпап ырыққа көнер емес,

Толқынына тоғытып ап кетердей.

Аралап тау, даланы, жердің шарын,

Іздегендей жоғалған жоқтың бәрін.

Жетегіне ап келеді бойсындырып,

Селін жаңбыр, тағысын таудың қарын.

Дария болып теңізді тілегендей,

Сияқты арал құмарын іздегендей.

Білмеймін не боларын соңғы кезде,

Тұңғиығында болмысым қап кетердей.

Бұл не өзі,

Білмеймін?

Мақсаты не,

Алды байлап тұтқындап жетегіне.

Тығырыққа тіреліп, састы жаным,

Күндіз-түні мазасыз әбігерге.

Өртеп бойды қайнаған оттай жалын,

Шарпуына қоймады, алды бәрін.

Жан дүниемде арпалыс, күнде соғыс,

Тірлігімнен безердей аң-таң жаным.

Шайқап-шайқап толқыны доп етердей,

Қас жауына қарсы атар оқ етердей.

Болсаң болғын,

Болмасаң болдырам деп

Бойындағы бар күшін сарп етердей.

Көңілім бір орында жай таппайды,

Жан-жағына жүрегім жалтаңдайды.

Жау қолында қимасым қап кеткендей,

Өрттен шығар санамда ой қаптайды.

Деді ме әлде,

Сусамырдай шөлдеген бе?

Өлі балық жолығардай өлмегенге.

Деді ме әлде,

Мен саған көрсетейін,

Ашуланып артынан ермегенге.

Деді ме әлде,

Терсін деп ақ маржанын.

Түбіндегі сарасын, бай олжаның.

Болады ма

Мені әлде жарасымды

Қыранына теңіздің қорғар жанын.

Қазынасын ұлылар жинап, теңдеп,

Ұлылықтың рәмізін жарат жөндеп.

Мәңгіліктің тасындай тұрсын дей ме

Ескерткішін Күлтегін маған меңзеп?

Білмеймін не боларын соңғы кезде?!

Өзгерді жан дүнием көрер көзге.

Бойымда беймәлім бір тасқын күш бар,

Тыншымас жетпей сертке көнбес сөзге.

1970 жыл.

ӨМІРМЕН АЙТЫС

Мен өмірге өлердей ғашық болдым,

Әр күніне, айына асық болдым.

Өршіл жанмын, бірақ та өрем биік,

Келмейді өмір алдында жасық болғым.

Талай-талай ғашық боп қырындағам,

Күндерім жоқ сотқардай ұрынбаған.

Сүймегенге сүйкенбе деді ме әлде,

Өмір маған назар сап бұрылмаған.

Сонда да мен ғашықпын, ынтызармын,

Барады артып күн сайын ынтызарым.

Болды өмір маған бір ессіз күйік,

Барған сайын іңкәр боп ынтығамын.

Не істеймін

Құдай-ау?!

Қайтсем жағам,

Қайтсем мына өмірде артар бағам?!

Түңілгендей сен менен не көрінді,

Хайуан емес,

Едім ғой мен де адам.

Сенбе мейлі сөзіме,

Иманға сен,

Иманменен өйткені жасаймын мен.

Иман барда әлемде әділдік бар,

Иман барда дүние, жер шары кең.

Болса болар әлі де балалығым,

Бірақ жоқ қой өзіңе қараулығым.

Тағдырымнан көп таяқ жесем-дағы

Дүниеге бар менің жаралығым.

Кемсітуге өзімді жол бермеймін,

Қорлауыңа мазақ етіп көнбеймін.

Сен – өмір де мен – адам, кел айқассаң,

Айдауыңа құл болып жүрмеймін.

Тұрған міне алдыңда бала Жүсіп,

Жүрген дайым арына ара түсіп.

Айтысамын айтыссаң, айқасамын,

Тартысамын тартыссаң, сынға түсіп.

Өмір сені айтысқа шақырамын,

Өтер жолда айламды асырамын.

Бабалардың шақырып әруағын,

Менмендікті бойыңнан қашырамын.

Ғашық етіп өзімді сүйдіремін,

Махаббаттың отына күйдіремін.

Мына бес күн жалғанда аянбаймын,

Кімдігімді өзімнің білдіремін.

Отқа орап жаныңды балқытамын,

Қанатында жырымның қалқытамын.

Көңіліңе көлеңке, түссе мұң шық,

Шабытыма орап ап шалқытамын.

Дұшпан көрсең, өзіңмен қастасамын,

Дос тұтынсаң, қол беріп достасамын.

Тисең бірақ намысқа қарамаймын,

Найзағай боп жарқылдап от шашамын.

Әлде мені тұрсың ба қорашсынып,

Қызыл айдар қоқиған қоразсынып.

Болсам дағы қаршадай санам бүтін,

Орта жолда қалмағын Құдай ұрып.

Сасқан үйрек артымен жүзер екен,

Өзін білмей өзгеге күлер екен.

Үйрек сынды тағдырың,

Уа, өмір!

Таппай жүрме менменсіп кірер мекен.

Отқа салдың жанбадым,

Аман қалдым.

Суға салдың батпадым,

Жағаңды алдым.

Көріп тұрсың, жаным бар,

Уа, өмір!

Тірі жан боп алдыңда қараңдадым.

Тағдырымды өзіме билетпедің,

Жаншып, басып қолыма илеп бердің.

Бар әлемнің тұтқасын ұстағандай,

Дүниені жалғыз сен билеп пе едің?!

Шындассаң да өлімнен қорықпаймын,

Көкпарлатып шапсаң да зорықпаймын.

Өлімнен де біліп қой – ұят күшті,

Намысым мен арымды қорықтаймын.

Аларым көп,

Аламын бүгін сенен.

Берерім көп,

Аларсың бүгін менен.

Жүргендейміз екеуміз итжығыста,

Қайда,

Қане, көрейік барар екен?!

Әуре болма,

Бәрібір иілмеймін,

Тағдырыма алаңдап күйінбеймін.

Екі айналып дүние келсе-дағы

Басымды иіп алдыңда бүгілмеймін!

Мейлі алғын қырыңа,

Сал сыныңа,

Айналдыра алмайсың сен құлыңа.

Бір Алланың құлымын,

Сенің емес,

Шамаң келмес адамзат бір ұлына!

Қыса-қыса тақымды жауырлапсың,

Тартысам деп менімен ауырлапсың.

Ымыраға кел өмір,

Шалқақтама.

Сен – өмір де

Мен – адам, бауырлассың.

Ынтымақпен жарасып кел жасайық,

Армандарға бірлесіп жол ашайық.

Тартысқан о, өмір, өзіңе обал,

Тағдырыммен тағдырды бір қосайық.

Түр қалмапты түріңнен көріп тұрмын,

Соңғы саған мүмкіндік беріп тұрмын.

Кейін тартпа бал мейір, шапағатты,

Құшақ жайып алдыңа келіп тұрмын!

2000 жыл.

ДҮНИЕ-АЙ

Қиялым алып қашқан сағымдарға,

Не сыр бар толқып аққан ағымдарда?

Самалы соғып толқын желпіп өтті,

Сол сағым арасында бағым бар ма?

Толқынның құшағында толқып барам,

Отына ыстық сезім балқып барам.

Ешбір жан естімеген жыр тербетіп,

Жаңғыртып арман жырын айтып барам.

Теңіздей дүлей сезім толқып жатқан,

Айшықты айдында ой қалқып аққан.

Сезімнің нәзік гүлін жан үзбеген,

Тербейін толқынында жанға жаққан.

Ағарып аппақ таңдар қызықтырып,

Нұрымен жол көрсетер сызып тұрып.

Жүректен жалын атып жолбарысша,

Шақ қалам серпілуге қызып тұрып.

Кеудемде жарық сәуле, жаным барда,

Бойымда ыстық қызу қаным барда,

Жасындай найзағайлы жалын барда,

Дүниенің бар асылын құшайын да,

Әлемді уысымда ұстайын да.

Дүниеге бір жаңалық әкелейін,

Қыран боп көкке самғап ұшайын да.

Қалай мен өзімшіл, өр, паң болайын,

Жүректе оты бар ер, жан болайын!

Үйреніп асылдардан ізгілікті,

Қараңғы көңілдерге шам болайын!

Өмір-ай!

Қойған мені армандатып,

Аударып көңілімді алаңдатып.

Келіп ем дүниеге арман болып,

Арманға аңсар еттің өспей жатып.

Биіктер бар мұратым арман атты,

Асуар бар мінезі сырдан қатты.

Басыла алмай жүрмін,

Жасыра алмай,

Беріліп әсем сазға, күйге қатты.

Дүние-ай!

Күлімдеген қыз қылықты,

Ойнақы жанарында наз тұныпты.

Қыз көктем жамалыңа көрік беріп,

Сезімге бөлеп ыстық жаз тұрыпты.

Жаныңнан ыстық алау от көремін,

От барда көңілімді тоқ көремін.

Өмірдің жан көрігін қыздыратын,

Мен сенің бір тал шоғың боп келемін.

Дүние-ай!

Құшағыңнан қашайын ба,

Кетейін нұрыңнен бір тасайын да.

Жүрейін қойнауыңды жырға бөлеп,

Сырымды жанға ашпаған ашайын да.

Жылуды жиып бойға күн кешейін,

Рахат сезімде бір күй кешейін.

Өмірім берген сыйын аямастан,

Нұрланып Ай мен Күнім күнде өсейін.

Ширайын, ширатылып ысылайын,

Жылу боп қызуыңа қосылайын.

Жарқырап сен тұрғанда көз алдымда,

Дүние-ай!

Неден айтшы қысылайын?

Келеді

Жаныңнан от ала бергім,

Келеді

Жалын болып жана бергім.

Ұшқындап мен бір шоқпын от тілеген,

Келеді құшағыңда жана бергім.

Жанайын жалын болып жанарыңда,

Қалмасын көлеңке тұс қабағыңда.

Әлемді от кеудеммен қыздырайын,

Ойнайын бүкіл әлем табағында.

Қалмайын алдыңда мен қарыздар боп,

Онсыз да қайтармаған қарыздар көп.

Салмайын дүние саған салмағымды,

Өтейтін азаматтық парыздар көп.

Арқамды тосар жұтқа тау болайын,

Қасыңа қасарысқан жау болайын.

Жандарға сая болар құшағы кең

Жайқалып өсер гүлдеп бау болайын.

Тәңірім берсе маған қалауымды,

Дауыл боп өршітейін алауымды.

Нұрланып жанға сәуле түсірейін,

Өлеңім, жоғары ұстап жалауымды.

Тілегім –

Бұлтсыз аспан жарқырасын,

Қызығы дүниенің сарқылмасын.

Жүректен от берейік,

От көрейік,

Жалындап от жүректер жарқылдасын.

Дүние-ай!

Құшағыңнан қашайын ба,

Кетейін нұрыңнан бір тасайын да.

Жүрейін қойнауыңды жырға бөлеп,

Сырымды жанға ашпаған ашайын да.

2010 жыл.

ДҮНИЕМЕН СЫРЛАСУ

Самал болып есейін, тарқамайын,

Дауыл болып тұрайын, шаршамайын.

Сырыңды аш дүние тұнып тұрған,

Бар бейнетін өзім-ақ арқалайын.

Аударылса көкте Ай табағынан,

Көктеп өссе жапырақ сабағынан.

Қыздырайын өмір көрігін мен де

Бір сыр іздеп дүние қабағыңнан.

Өмір – теңіз,

Тербелем толқынында,

Білем

Толқын сұрапыл жойқынын да.

Жүргенімде сыр іздеп дүние сенен,

Жұта ма деп тұңғиық толқыдым да.

Қиял шарлап тым алыс көкті кезген,

Өз сыры бар айта алмас оны сөзбен.

Мен отырмын жете алмай ой түбіне,

Сонда көңіл жұмбақтап нені сезген?

Талабы бар өмірдің қойған қиын,

Жан сарайда бас қатқан күнде жиын.

Жүгіргеннің қалдырып нар көңілін,

Бұйырған бере ме өмір сыйын?

Таулар бар алдымда иек аспаған,

Елсіздер бар белгісіз әлі ашпаған.

Әлсіздік пе, бұл әлде қорқыныш па?

Дүние тұр сырт беріп сыр ашпаған.

Алыстарды аңсатып таң тұрады,

Елегізіп көңілім шарқ ұрады.

Жан дүниемде белгісіз сағыныш бар,

Жұмбақ әлем өзіне шақырады.

Қызықтырып дүние шыдатпай жүр,

Бауырына мұнар тау қыстатпай жүр.

Асылға бай дүние сырларының

Кілтін сандық қолыма ұстатпай жүр.

Таулар да тұр аспандап көк тіреген,

Табиғат та мынау бір өзбілермен.

Жан едім бір өзгеге мойынсұнбас,

Қу көңілім соншалық не тілеген?

О, жүрегім!

Титтей бір тыншымаған,

Маза бермей жанымды шымшылаған.

Сені сонша азапқа салып қойып,

Сенен жұмбақ жауабын кім сұраған?

Жан екенмін азапқа жаратылған,

Кездескеннің бәрі де жұмбақ маған.

Қалай жүрсем менімен қалмай бірге

Аяғыма сәтсіздік оратылған.

Күндерім де өтуде қараспаған,

Түндеріммен мінезім жараспаған.

Қиял, елес жүрсем де құшағында,

Жүрегіммен қарсы кеп таласпаған.

Сенімсіздік көңілге жуысын ба,

Жатыр сенім жүректің қуысында.

Әлі-ақ ашып бар жұмбақ сырларыңды,

Сен – дүние

Боларсың уысымда.

Ойларым бар өзара қабыспаған,

Арман маған өкпелеп алыстаған.

Арман жолда тіресіп бірақ қайтпай,

Үмітім бар сенімге табыстаған.

Сенім – тірек!

Жазатын жан азабын.

Сенім деген

Ашады жан ажарын.

Кешегінің бәрі де бекер, бекер,

Сеніменен жыр өлең мен жазамын.

Мейлі-мейлі,

Мен саған ұнамайын,

Дүние сенен мәнісін сұрамаймын.

Аша алмасам сырыңды адам болып,

Қолында өлем намыстың,

Шыдамаймын.

Мейлі,

Саған ұнайын,

Ұнамайын,

Сыр ашпасам өмірді құра алмаймын.

Мына әлем жаралған жұмбақ сырдан,

Сыр ашпастан дүние тұра алмаймын.

Білгенімді мұра етіп текшелеймін,

Арманымды әлі-ақ мен өкшелеймін.

Адам болып өмірде жаралған соң

Дүние саған қалайша өкпелейін?!

2011 жыл.

БІР ӨЛСЕМ – ӨЛЕМІН МЕН НАМЫСЫМНАН

Мен деген бірбеткей жан,

намысшылмын,

Сондықтан көп нәрседен алыс тұрдым.

Өнерді ештеңемен алмаспадым,

Өлеңмен өмірімді жарыстырдым,

Өзімді дүниемен таныстырдым.

Бір өлсем – өлемін мен намысымнан,

Жанымның сертке берік арлысынан.

Өлмеймін адамдардың қарғысынан,

Қарамай көңіліме сағы сынған,

Бір өлсем – өлемін мен намысымнан.

Өлмеймін тұрмысымның жарлысынан,

Опасыз дүниенің тарлысынан.

Өлмеймін өз жанымның қайғысынан,

Өмірдің қыры менен сан сынынан,

Бір өлсем – өлемін мен намысымнан.

Танымай жүргенімді өзімді-өзім,

Өмірге, жан адамға өтпей сөзім.

Жеткізген осы күнге Намыс мені,

Тұншығып булыққанда сана-сезім,

Танымай жүргенімде өзімді-өзім.

Өмірде бар екенмін, тірі екенмін,

Намысшыл жандардың мен бірі екенмін.

Көріңдер о, жарандар,

О, адамдар!

Арсыздан, намыссыздан ірі екенмін,

Мен – нағыз текті қазақ ұлы екенмін!

Уақыт қолда тұрмас сынаптай-ды,

Ол өзін жылатпайды, сынатпайды.

Алпыстан анық кеше астым міне,

Бақыт, бақ қолда енді тұрақтайды,

Намысым жалғандықты ұнатпайды.

Дүниені бағындырып өз ырқыма,

Бет алдым киелі ел – Жыр жұртына,

Ұрынып қалмасам мен жарар еді,

Сыймастан тағдырымның тар ұртына,

Ал мүмкін айнала ма жыр құтыма.

Жерсінбей бұл әлемнен жеріп тұрмын,

Келеді өз алдыма хандық құрғым.

Қабыл ал жас балаңды Киелі жұрт,

Мен міне, өзге әлемнен келіп тұрмын,

Келеді өз алдыма хандық құрғым.

Зор байтақ, жазиралы кең даланың,

Ұлымын еркін өскен Жер Ананың!

Қаршадай болсам-дағы қарымдымын,

Иесі дүниенің, бар ғаламның,

Әшімов бала Жүсіп мен боламын!

2017 жыл.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *