Дүрілдеп өтіп жатқан тойдан ақырын сытылып, сыртқа шығып кеттім. Дүбірлеген зал іші қапырық, у да шу музыка, кезек-кезек топ-тобыменшығып жаттанды сөздерді сағызша созып сөйлеушілер – ығыр ғып жіберді.
Шөп біткен қурайланып, шілденің піскен шағы. Мейрамхананың алдында ары-бері жүргіштеп, тау жақтан ескен самалға кеудемді тостым. Арырақтағы ағаштар саясына қарай бара жатқанымда:
– Аға, ағатай! – деген дауысты естіп, тұрып қалдым. Қасыма жазғы шифон жеңсіз көйлек киген толықша әйел ентіге келіп:
– Аға, мені танымадыңыз ба? – деді бірден.
– Қарағым, шырамытатын сияқтымын.
Үңіле қарадым, шамның күңгірт жарығынан дөңгелек жүзді, шашын түйген бұл пысық жанды қайдан көрдім?
– Аға, ағатай. Ұмытып қалғансыз ба? Баяғы Қопа станциясындағы тәттіңіз ше?
Сылқ-сылқ күліп жібергенде есіме сап ете түсті.
– Иә… иә… Айсұлу.
– Дәл өзімін. Бағана тойда сіз сөйлегенде жүрегім тарсылдап кетті. Түк өзгермеген, әсіресе дауысыңыз… – деп бетімнен шөп еткізіп сүйіп алды. Сыңғыр-сыңғыр күлкісі-ай, дәл баяғыдай.
– Қарағым-ай! Тәттім менің… Айсұлу анық сенбісің? Одан бері қаншама уақыт өтті десеңші?..
– Тура отыз жыл өтті ғой. Онда мен он тоғызда, сіз отыз сегізде болатынсыз. Менен екі есе үлкен едіңіз. Ағажан, сізге сәлем берейін деп әдейі байқатпай шығып кеттім, күйеуім анда, әлі күнге дейін қызғаншақ. Аға, сіз екеуміздің суретіміз бар менде. Альбомымда жапсырылып тұр. Есіңізде ме, орыс фототілшіңіз келіп, қырманда түсіріп, шығарып беріп еді ғой.
– Қазір қайдасың, қарағым?
– Мектеп директорымын, мен мұғаліммін ғой. Аға, қайтайын, күйеуім алақтап іздеп жатқан болар. Қызғаншақ тіпті.
– Мә – визиткамды ала ғой. Хабарлас.
Ол бетімнен тағы сүйіп алды да, екі қолымен қапсыра құшақтап:
– Тәттім менің! – деп сыңқ-сыңқ күліп, жүгіре басып кетіп қалды.
Қалың ағаш көлеңкесінде состиып тұрып қалдым.
«Тәттім менің!»… Айсұлу! Қайран, «Тәттім менің?!».
* * *
Онда мен газеттің білдей редакторымын. Аудандық партия комитетінің бірінші секретары шақырып алып, зіркілдей зілдене тапсырма берді. Қалың түкті қабағы ашылмайтын, ақ кірген шашын артқа қайырып тарап қоятын жуан қара кісі көзілдірігін бір киіп, бір шешіп сұстана:
– Анау астық қабылдау пунктінде ұрлық-қарлық көп дейді. Егін орағы күйіп тұр. Он бес күн сонда өкіл болып барасың. Бір дән шашылмауы керек, партиблетпен жауап бересің. Түсіндің бе? – деді алдында жауынгердей сымдай тартылып тұрған маған.
– Түсіндім, Болат Ақжанович!
– Бүгін бар қане!
Қопа станциясында үлкен элеватор бар, ауданның бүкіл орып жатқан егінінің астығын осында тасиды.
Аспан айналып жерге түсердей лапылдаған шілденің аптабында амал жоқ, жүз шақырымнан артық жол жүріп Қопа станциясына жеттім-ау. Бұл ара – тоғыз жолдың торабы, гүжілдеп, ысқырып-пысқырып поездар өтеді, қара жолдың шаңын бұрқыратып нән-нән машиналардың бірі келіп, бірі кетіп жатады.
Астық қабылдау пункті – элеватор, автобазасы, үш бастырмалы қырман, төрт автотаразы, жатақхана, асханасы бар үлкен мекеме. Осының бәрінің директоры бұрыннан танитын жасы келген буырыл мұртты жамағайын ағайым мені көріп қуанып қалды.
– Болат Ақжанович айтты сен өкіл болып келеді деп. Биыл егіннің тұнып бітік шыққаны-ай! Бес жыл бұрын жеті миллион пұт жинап едік, биыл аудан он миллионға жетейін деп тұр. Жүр саған бөлек жай тыныш жерден дайындап қойдым, – деп бурыл мұртын сипап, жатын орнымды көрсетті. – Бұл аудан, облыс басшылары келсе тынығатын жер еді, сенен інім несін аяйын, өзің демал, ішінде бәрі бар. Тамағыңды осында әкеп беретін болады, – деп бастық ағам шаруасына асықты.
Поезд жолдың астыңғы беті жусанды сағымы буған дала, ары қарай жел суырған, күн шыжғырған сексеуілді құмды өңір. Ал, тау жақ беті түгел егістік, қазір сары алтындай толқып, шалқып ұшы-қиырына көз жетпейді. Тың көтеру деген Хрущевтің ұранымен бұрын мал жайылымы болып келген алып алқапқа соқа түсіріп, айдап тастапты. Төрт-бес жылда ғана бір өнім береді, ал қалған уақытта аңызаққа күйіп, қу сабағы сорайып, комбайн түсіруге де жарамай қалады.
Биыл егін ырғын, елдің бәрі көңілді, алашапқын. Жуынып, шайынып болып, далаға шығайын дегенімде есік тықылдады.
– Кіріңіз!
– Сәлеметсіз бе, ағай! – деп жасы қырықтаан асқан кең-мол жеңіл көйлек киген толық әйел мен оның артына жасырына үлбіреген қыз кіріп келді.
– Мә-ә, ағай деппін ғой, менен де кіші жап-жас екенсіз ғой. Сізге түскі ас әкелдім. Мен осында аспазбын, әрі таразыда істеймін. Осында тұрамыз. Үлгере алмай жатсам мына қызым Айсұлу әкеп беріп тұрады, – деп әйел стол үстіне ақ орамал жайып, тамақтарын қоя бастады.
– Атым Назымбек, отыз сегіздемін, – дедім жас дегеніне намыстанып.
– Нәке, асыңыз тәтті болсын! Егер бірдеңелер керек болып жатса ертерек айтып қойыңыз, бәрін әзірлеп береміз – деп толық әйел қызын ертіп шығып кетті.
Астық қабылдау пункітін түс ауа аралап шықтым. Егін басынан тізіліп нән-нән машиналар келіп, қырманға қорабындағы астықты сауылдатып төгіп, қайта қара жолды шаңдатып сары жалданған егін алқабына тартады.
Қырманда тау-тау үйілген қызыл бидай. Арпа ертерек орылып, тазартылып, қамбаға құйылып алыныпты.
Бәрін аралап, аяңдап оралғанымша кеш болды. Даладағы душқа түсіп келе жатынжайыма кірсем бағанағы шешесінің артына жасырынған еліктің құралайындай қыз күтіп тұр.
– Аға, тамақ әкелдім – деді көзін жарқ еткізе бір қарап.
– Айсұлу, қазір киінейін, – деп жалаңаш кейіпімнен қысылып, төр бөлмемнен жейде, сымымды киіп шықтым.
– Мұнда тым ыстық екен, – дедім.
– Шілде кірді ғой, бүгін 41 градус болып тұр.
– Дала жанып тұр, бәсе! Қалай шыдайсыңдар?
– Күніне екі-үш мәрте суға түсіп аламыз, тіпті үйреніп кеттік, осы жерде туып-өстік…
– Мен ана тауда, салқын самал төскейде туған жанмын. Айсұлу не істейсің мұнда?
– Таразшымын. Келіп көресіз бе? – деп тәтті жымиды.
– Ертең барамын. Айтпақшы мынау менің кітабым – деп сиырдың тіліндей жұп-жұқа жаңа шыққан әңгімелер жинағымды бердім.
– Ой, рахмет ағай. Сіздің әнеукүнгі газетке шыққан «Қос ғашық» деген әңгімеңізді оқығам. Тек бітпей қалған секілді, соңында не болатыны түсініксіз қалыпты.
– Әдейі солай істедім. Оқырман да ойлануы керек.
– Жақсы ағай, – деп ыдыс-аяғын жинастырып, берген кітабымды алып, қыз шығып кетті. Электр жарығын жақпай кешкі қараңғылықта біраз отырып, далаға шықтым.
Егінші қауым түні бойы да тыным таппайды, қаздай тізіліп бес-алты комбайн шамдарын жағып алып, теңізде жүзген қайықтай алыста егін орып жүр. Гүж-гүж еткен ауыр, үлкен машиналар легі де тоқтар емес. Бүкіл станция, элеватор, астық қабылдайтын жердің бәрі самаладай жап-жарық.
Төменгі құм өңірінен ыстық леп соғады, дала әлі лапылдап тұр.
Қайта бөлмеме кіріп салқындатқыш кондиционерді қосып, телевизор көріп жатып, ұйықтап кетіппін.
Ертесіне сергек тұрдым да, егін басына тарттым. Бұл «Жартасты» совхозында өмірі шықпаған астық ырғын өсіп, төрт бөлімшесін аралап шыққанша аптап күйіп тұрған күн де батыс иекті түгел қызыл жалындатып, саңы әзер семді.
Іңірде станцияға келіп, суға түсіп салқындап шыққанмын.
– Бүгін қырғыз артистері келіпті, қазір концерт қоймақшы, соған жүр, қарағым, – деп пункт бастығы арнайы шақырды.
Дала қосында сүргіленген сәкілерге отырып, біразы қара жерге малдас құрып, даладағы сахнадан концерт көрдік.
Айсұлу шешесі, өзінен айнымайтын сіңлісі үшеуі келіп, бір бүйірдегі жерге жайғасты. Өздері кішкентай орындықтарын ала келіпті.
Комбайншы, шофер, қырманшы қыз-келіншектер топ тобымен келді.
Жігіттер дабырласып темекісін тартып тұрса, орамалдарын шешіп, шаштарын тарап сәндене қалған бойжеткендер сылқ-сылқ күлісіп, бір-біріне тығыла түсіп, жан-жақтарына ұрлана көз салады. Ауыл шаруашылығы институтының студенттері лаборант қырманшы болып бөлек жатақханаларда жатады, күндіз күнге тотыққан жүздерін орамалдарымен тұмшалай байлап алған олар құлпырып кетіпті.
Алдыңғы қатардағы екі арқалы орындыққа бурыл мұрт пункт бастығы екеуміз жайғастық.
Шіркін, даладағы шырқалған әндер қандай? Әсіресе гармонын кере тартып қырғыздың жаныңды үзілдіріп, тебірентіп, телегей-теңіз сезімге шым батырып әкететін әндері қандай десеңізші! Сыңқ-сыңқ етіп қара қомуузын тартып-тартып келіп, жапан түзді жаңғырта айтқан сазды әуенді бірінен кейін бірі төкпелеп, ынтықтыра айтып, әп-сәтте баурап алды. Жиналған жұрт дымдарын шығармай тыңдап, әр әншіге дүрілдете қол соқты.
Концерт біткенде бурыл мұртты бастық сахнаға шығып, рахметін айтып:
– Енді жазушы, ауданымыздың өкілі Назымбек Қалиевке сөз береміз, – дегені:
– Алатаудың күнгей теріскейін тел емген түйенің қос өркешіндей қазақ-қырғыз ешқашан еншісі бөлінбеген бауырлармыз. Манастай алып батыр ұрпағы өнерпаздарының шырқаған әндері бойымды балқытып, шымырлатып, жанымды жадыратты. Өнерлеріңіз өрге жүзсін! Өмірде де, өнерде де биіктен көріне беріңіздер, – дегенімде бәрі тік тұрып, қол соқты. Анадай жерде шам жарығына жанары жарқылдап, аппақ тістерін көрсете күліп Айсұлу шешесі екеуі алақандарын аямай шапалақтап тұрғанын көзім шалды.
Студент қыздар да кете қоймай шоғырланып, маған тақап:
– Жазушы ағай, кітабыңызды бересіз бе?
– Не жөнінде жазасыз?
– Махаббат туралы жазғаныңыз бар ма? – деп сұрақтарды төпелеп қоя жөнелді.
– Бұл Назымбек Қалиев деген ағаларың өте мықты жазушы. Біздегі кітапханаға кеше кітабын беріп қойған, содан алып оқыңдар. Бүгін таң қараңғысынан кейін сонау Буырлы, Жартастыға дейін аралап жаңа ғана келді. Ағаларың осында болады ғой. Қазір демалсын, – деп бурыл мұрт бастық мені қоршай алып, сыңғырлаған қыздардың арасынан суырып алып шықты.
Шешесінің қолтығында анандай жерде Айсұлу артына маған бұрылып қарай-қарай кетіп бара жатты.
Райсполкомның іркілдеген сары орыс төрағасы келіп, онымен бірге ауданды аралап екі-үш күн жүріп қайттық.
Сол күні буырыл мұрт бастық үйіне шақырды. Қасқаланған қойдың басын тартты, райсполком төрағасы арақтан тартынбайды, құдық секілді қанша ішсе де мас болмай, быршып терлеп, қызара бөртіп отыра беретін дөңбектей ірі жан. Оны шығарып салған соң, бас инженер арық көзілдірікті бұжыр бет қатпа қара кісі қонаққа шақырып тұр.
– Аға, әуре болмаңызшы. Мен кешке қағаз жазатын едім.
– Дәстүр солай қарағым. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал келіп сәлем береді» деген қазақпыз.
– Ықылас-пейіліңізге рахмет, аға, – деп әзер сұранып қалдым.
Буырыл мұрт бастық ағам бөлмеме келіп:
– Қарағым, күнде қолға түсе бермейтін аудан басшысының бірісің. Бірі ғана емес бірегей жазушысың. Осындағы белсенді аға-інілерің кезекпен төрлерін көрсетіп, қонақ қылмақ еді. Бармаймын депсің ғой.
– Сіздерге рахмет. Маған асхананың дәмді асынан артық ештеңе керегі жоқ. Интернат, әскер, студент кезіміздегі көпшілік тамағын сағынамын шынымды айтсам. Түнге қарай жазуым бар, айып етпеңіздер, – деп жұқалап айтып түсіндірдім-ау.
Қырманды аралап үстіне қызыл жалау ілген үйдегі таразы тұрған жерге Айсұлуды әдейі іздеп бардым. Басына жеңіл орамал тағып алған қыз таразыда тұрған машинадағы астықты есептеп, дәптеріне тәптіштеп жазып жатыр.
– Ағажан, көрінбей кеттіңіз ғой, – деді көзіне түсіріле байланған орамалын шешіп алып.
– Ауданның егіншілерін аралап қайттық.
– Қайдам, студент қыздарды концерттен кейін сықылықтатып мәз қылып, көп тұрып алдыңыз ғой. Олар бірінен кейін бірі сізді сыртыңыздан сұрай беретін болды. Кітапханадан кітабыңызды алып, жапатармағай оқып жатыр.
– Саған жеке бердім ғой.
– Оқыдым. Сол түні-ақ оқып тастадым.
– Қалай екен?..
– Қыздарға, жалпы әйелге өте қатал қарайды екенсіз. Оларды аямай, кілең бір жаман жүректі, бұзылғандарын кейіпкер етіп алып, сүмірейтіп жібересіз. Сонша неге жек көресіз?
– А, солай ма? Жоқ, жақсы көремін.
– Ана студент қыздарды ма? Солардың жатын жайына барып, қай бойжеткенді таңдадыңыз?
– Айсұлужан, сен қызғанып тұрсың ғой. Менің міндетім ғой, аралап көру, тексеру. Осы арада сенен әдемі, сенен көркем қыз жоқ.
– Шын айтасыз ба?
– Шын сөзім. Міне, әдейі сені іздеп келдім.
(Жалғасы бар).
Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
жазушы, қоғам қайраткері, «Әділет. Рухани жаңғыру» газеті редакциясының алқа төрағасы