ОБЛЫСТА ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ КҮШЕЙТІЛУДЕ

Туған жер Қоғам
701 Views

МАҚТААРАЛ АУДАНЫНДАҒЫ ҮЙЛЕРДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ 1 ТАМЫЗДА ТОЛЫҚ АЯҚТАЛАДЫ

Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдайдың салдарын жою мәселелері облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өткізген лездемелік жиында ортаға салынды. Аймақ басшысының нақты тапсырмасын басшылыққа ала отырып, жұмыстар қарқынын күшейтілген. Үйлердің құрылысы өз мерзімінде, яғни, 1 тамызда толық аяқталуы қажет.

«Өндірістік кестеге сай бақылау жұмыстарын күшейтіп, мердігерлермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау керек. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандардың құрылысына да назардан тыс қалмауы қажет. Аталған жұмыстардың өз мерзімінде аяқталуына тікелей жауапты екендеріңізді ескертемін», – деді Өмірзақ Естайұлы.

Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан орын алған төтенше жағдайға байланысты Мақтаарал ауданында 5 елді мекенде орналасқан жалпы 866 тұрғын үй зардап шекті. Атап айтқанда, Жеңіс ауылында 270 үй, Жаңатұрмыста 52 үй, Достық ауылында 21, Өргебаста 207 үй, Фирдаусиде 316 үй. Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық елді мекен тұрғындарының келісімі бойынша, Мырзакент кентінде 386 жеке тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішін-де 196 тұрғын үй мемлекеттік бюджет есебінен, қалған 190 тұрғын үй («Б.Утемуратов», «Салиқалы ұрпақ», «Біз Біргеміз») қорынан салынуда. Құрылыс алаңында 1550 жұмысшы мен 150 арнайы техника құрылыс — монтаж жұмыстарына жұмылдырылған. 200-дей үйде құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.

Төтенше жағдай нәтижесінде, Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы екі негізі бағыт бойынша жұмыс жүргізуде. Жаңа тұрғын үй құрылысында толық инженерлік инфрақұрылым салынып жатыр. Сонымен қатар, Фирдауси және Өргебас елді мекеніндегі сумен жабдықтау жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА СЕЛДЕН ЗАҚЫМ КЕЛГЕН 42 ҮЙ ЖАҢАДАН САЛЫНУДА

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев табиғат апатынан зардап шеккен Төлеби ауданын аралап, тұрғындармен тілдесті. «Алатау» мөлтек ауданында бой көтеріп жатқан үйлердің құрылысын қадағалап қайтты. Ауданда селден зақым келген 42 үй қайта салынуда. Олардың 8-де шатыры жабылып, есік-терезелері орнатылған. Қазір ішкі электр желісін өткізу мен сылақ жұмыстары жүргізілуде. Құрылысшылар сондай-ақ қалған 32 үйдің шатырын жабуға кіріскен. Тағы екі үйдің қабырғасы қаланып жатыр.

Аймақ басшысы сапар барысында баспаналарына зақым келген Төлеби ауданының орталығы Ленгір қаласы мен Киелі тас ауыл округінің тұрғындарымен кездесіп, ой-пікірлерін тыңдады. Жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайдан зардап шеккендердің жартысына жуығы көп балалы отбасылар. Кездесу барысында барлығы да атқарылып жатқан жұмысқа ризашылықтарын білдірді. Өмірзақ Естайұлы өз тарапынан мердігер компания өкілдеріне үйлердің сапалы жүргізілуін тапсырып, тұрғындардың барлық жағдайы ескерілуі керек екенін баса айтты.

Еске сала кетейік, 13-ші мамыр күні нөсер жауынның салдарынан Төлеби ауданындағы өзендердің су деңгейі көтеріліп, арық-атыз, қыр-сайлардан жиналып аққан жаңбыр суынан 6 елді мекендегі 250 тұрғын үйлердің ауласына су кірген болатын. Таулы аймақтарда жүрген селден үйлер мен жолдарды су шайып, бірнеше көпір қираған еді. Арнайы комиссия құрылып, сел салдары шұғыл түрде жойылды.

ОБЛЫС ӘКІМІ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛҒАН БІРҚАТАР НЫСАНДЫ АРАЛАДЫ

Құрылысы аяқталған нысандардың жұмыс барысын тексерген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ең бастысы, жұмысшылардың сақтық шараларын бақылауды тапсырды. Бекітілген барлық талаптарды қатаң сақтауды және құрылыстың бәсеңдемеуін міндеттеді. Аймақ басшысы барған Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында бой көтерген ғимараттардың ішкі әрлеу және жиһаз орнату жұмыстары жүріп жатыр. Конгресс холл көпсалалы ғимаратының құрылысы аяқталуға жақын қалған. Концерттік залының жалпы 3,1 га ғимараттың ішкі аумағы 12000 шаршы метрді қамтиды.

Облыс басшысы тұрғын үйлер мен әлемдік талапқа сай бой көтерген «RIXOS» және Хэмптон қонақ үйлері, Керуен сарай, кітапхана, Тұңғыш Президент саябағы мен «Әзірет-Сұлтан» қорық мұражайындағы құрылыс және абаттандыру жұмыстарын тексерді. Өмірзақ Естайұлы құрылысқа атсалысып жатқан шетелдік компания жетекшілерімен кездесіп, жұмыс барысындағы бірқатар өзгерістерді талқылады.

ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА 1452 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛАДЫ

Құрылысы қарқынды жүріп жатқан тұрғын үйлердің сапасына аса ден қоятын облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев құрылысшылармен жүздесіп, жұмыс барысын тексерді. Түркістан қаласы әкімшілік-іскерлік орталығында 89 көпқабатты тұрғын үйдің (350 мың ш.м., 5600 пәтер) құрылысы мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілуде. Жыл қорытындысымен 7 қабатты 24 тұрғын (92,2 мың ш.м, 1452 пәтер) үй, пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Оның ішінде: кезекте тұрған әлеуметтік осал топтарға және көпбалалы отбасыларға (450 пәтер), кезекте тұрған мемлекеттік қызметкерлерге кредиттік тұрғын үй (1002 пәтер) тапсыру жоспарланған.

Түркістан шаһарын көркейту, экологиялық жағдайды жақсарту үшін қарқынды жұмыс жүріп жатқаны белгілі. Аймақ басшысы сапаға мән беріп, уақыт үнемдеу мақсатында енгізілген гидроегу жұмыстарын тексерді. Абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын бақылады.

Түркістанда Халықаралық тәжірибені қолдана отырып, ең озық технологиялар қолданылады. Арнайы сұйықтық шашылып, жеті күнде айнала жасыл желекке бөленеді.

КӨГАЛДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ОРЫНДАЛУДА

Облыс орталығында көшелер мен демалыс орындарын көбейтіп, көгалдандыру жұмыстары қарқынды орын алуда. Қалада 32 сектор бойынша көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Аудан, қала және басқарма басшылары жауапты барлық аумақтарда 250 мың ағаш көшеттері мен бұталар отырғызылды. Тұт ағашы, писсар өрігі, терек, арша, линден ағашы, қарағай, катальпа, талшын егілген.

157 862,38 ш.м. газон төселіп, 187,867 км суару жүйесі орнатылды. Қала бойынша 65 ұңғымалар қазылып, аллеялар мен скверлер қолданысқа берілді. М. Пошанов, Байтанаев, Р.Сейтметов демалыс орындары және «Жеңіс» саябағы қайтадан жаңартудан өтіп, жаңа көрікке ие болды.

«Жасыл белдеу» бағдарламасы бойынша 97,9 га аумаққа 42068 дана ағаш егілді. «Қашқари» демалыс орнында 200 түрлі ағаштар мен бұталы гүлді өсімдіктер отырғызылған. Қазіргі кезде Түркістан қаласының 19 көшесінде көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары іске асуда. Сонымен бірге, Әль-Фараби мен Қазыбек би, Н.Төреқұлов көшесінде саябақ пен скверлер орнатылуда. Алдағы уақытта қолданысқа беріледі. Нәтижесінде, жалпы ұзындығы 111950 ш. м. аумақ шілде айының соңына дейін көгалданатын болады.

АБАЙҒА ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛДЫ

Түркістан облысы Кентау қаласында қазақтың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдығына орай еңселі ескерткіш орнатылып, ашылу салтанаты өтті. Игі шараға облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов арнайы қатысып, кентаулықтарды құттықтады.

«Елорда күніне орай Кентау қаласында бірнеше нысан ашылып отыр. Соның арасында шоқтығы биігі биыл мерейтойы аталып жатқан қазақтың мақтанышы, ұлы данышпаны Абайға арналған ескерткіштің ашылуы. Бұл нысанның кентаулықтарға, жастарға идеологиялық, тәрбиелік мәні зор. Осында кентаулық жастар ақынның өлеңдерін, қара сөздерін оқитын болады. Бүгін қалада ашылған жаңа нысандар елдің игілігіне жарай берсін. Баршаңызды Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласы күнімен шын жүректен құттықтаймын», — деді Сәкен Амангелдіұлы.

Сондай-ақ, салтанатты шараға Кентау қаласының әкімі Д.Мақажа-нов, кентаулық зиялы қауым өкілдері мен ақсақалдар қатысып жылы лебіздерін жеткізді. Жас ақындар ұлы ақынға арнап арнаулар айтты. Биіктігі 4,5 метр ескерткіш 3 метрлік тұғырға орнатылған. Жалпы биіктігі 7,5 метр, салмағы 3 тонна. Ескерткіш қаладағы Абай даңғылы бойында орналасқан. Авторы мүсінші – Бауыржан Жалын.

Елорда күніне орай, сондай-ақ Кентау қаласында «Ұстаздар аллеясы» ашылды. Жаңа нысан ұстаздар құрметіне арналып отыр. Сонымен қатар Еріктілер жылына орай шаһардағы «Жастар саябағы» күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Онда велотрек, теннис корты, футбол және баскетбол алаңдары бар. Алдағы уақытта саябақ жастардың басын қосатын орынға айналмақ.

1200 ШАҚЫРЫМ ЖОЛ ЖӨНДЕЛЕДІ

Биыл Түркістан облысында құрылыс-монтаждау жұмыстарымен автомобиль жолдарының 1287 шақырымы қамтылатын болады. Жалпылай алғанда, автомобиль жолдары саласында өңірде 533 жоба іске асырылмақ. Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады, — деп жазады Egemen.kz

Аймақта «Ақсу-Қабылсай-Қайтпас-Қалалық қоқыс орны» жолының 10-18 шақырымы, «Дербісек-Сарыағаш» автомобиль жолының 18,5-20 шақырымы қайта жаңарту жұмыстарынан өтіп, Түркістан қаласының Халықаралық әуежайына апаратын жолда инженерлік желілерді тарту жұмыстары жүргізілетін болады.

Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен Келес өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы және Түркістан қаласындағы Ж. Майкөтов көшесі мен «Батыс Еуропа – Батыс Қазақстан» дәлізі арасындағы автомобиль жолының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, облыстың Ордабасы, Түлкібас, Қазығұрт және Шардара аудандарындағы жолдар күрделі және орташа жөндеуден өтеді деп күтілуде.

Айта кету керек, өңірде «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы белсенді түрде жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында жолдардың 304 учаскесі жөнделіп жатыр. Ал «Бизнестің жол картасы 2020» аясында автомобиль жолдары саласында 84 жоба жүзеге асырылуда.

Еске салайық, Түркістан облысындағы жолдар мен көшелердің жалпы ұзындығы 16,5 мың шақырымды құрайды. Жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі – 74,1%. 2020 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бұл көрсеткіш 6,5% арттырылатын болады.

ҚҰРЫЛЫС АЛАҢЫНДАҒЫ САПА МӘСЕЛЕСІ БАСТЫ НАЗАРДА

Қазіргі таңда аталған төрт бағыт аясында Түркістан қаласы аумағында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Әуелі құрылыс саласының қарқын алып отырғаны белгілі. Осы ретте бой көтеріп жатқан нысандардың сапасы, құрылысшылардың еңбек қауіпсіздігі, әсіресе қауіпті індеттің белең алуы тұсында осы саладағы әрбір азаматтың дертке шалдықпауы үшін жауапты тұлғалармен қатар жергілікті билік барынша сақтық шараларын қатаң бақылауда ұстап келеді. Болашақта халық игілігі үшін қызмет ететін бүгінгі құрылыс нысандарының ең алдымен сапалы жүргізілуі аса маңызды. Осы тұста қала аумағындағы жүздеген құрылыс нысандарындағы сапа мәселесі әкімдік жұмысының негізгі бөлігіне айналып отыр.

Осы күні Түркістан қаласында 98 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бір мезетте қала әкімдігінің бұл нысандардағы сапаны бақылауда ұстауы қиын екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан ретіне қарай күнделікті жұмыс жоспарымен және жоспардан тыс аталған жайды бақылау шаралары жүргізілетінін қала әкімінің әлеуметтік желідегі жазбаларынан да аңғаруға болады.

ОРДАБАСЫДА 900 ШАҚЫРЫМҒА ЖУЫҚ 85 КАНАЛ ТАЗАРТУДАН ӨТУДЕ

Түркістан облысы Ордабасы ауданында 871 шақырымды құрайтын 85 канал демеушілер есебінен механикалық тазартудан өтуде. Ондағы мақсат – аудан көлемінде егістік жерлерді ағын сумен қамтамасыз етілуін жақсарту, шілде айында су жетпей қалу қаупін сейілту.

Дәл қазіргі таңда 380 шақырымды құрайтын 43 каналда механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде механикалық тазалауды қажет ететіні 214,6 шақырым болса, бүгінгі таңға тазаланғаны 97 шақырым. Қалған 117,6 шақырымы 15 шілдеге дейін толық тазаланып бітеді деп күтілуде. Нәтижесінде 15 699 гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарып, шілде айында су жетпейтін 2 228 гектар жердің су мен қамтамасыз етілуі жақсара түспек.

Жалпы Ордабасы ауданында 871 шақырымды құрайтын 85 канал бар. Оның 15-і республикалық, 45-і облыстық, 17-сі ауыл округтерінің, 9-ы жеке меншікте. Бұл каналдар арқылы 33131 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы суармалы жер игеріледі.

Бүгінде демеушілер есебінен механикалық тазалаудан өтіп жатқан каналдарда 7 дана техника жұмыс істеуде.

Бетті әзірлеген Зерек МҰРАТБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *