МЕГАПОЛИСКЕ ҚАШАН МЫҚТЫ ӘКІМ КЕЛЕДІ?

Билік Саясат
555 Views

Миллионнан астам тұрғыны бар мегаполисте тұрғын үй мәселесі қашанда өзекті. Шымкенттіңреспубликалық қала мәртебесін алғанына биыл 4 жыл. Көп уақыт емес, дегенмен аздеуге де болмайды. Осы 4 жылда Шымшаһардағы халық саны едәуір өсті. Ашықдереккөздердегі мәлімет бойынша, 2018 жылы Шымкент тұрғындарының саны 961 мыңтөңірегінде болған. 2021 жылы 1 миллион 107 мыңнан асты.

Халық санының өсуімен қатар Шымкентте баспана кезегінде тұрған жандар қатары да өскен. 2020 жылы Шымкентте тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны 40 мың төңірегінде болса, 2021 жылы ол 49 мыңға жуықтапты. Ал салынып жатқан баспана саны бұған мүлде сай келмейді. Аз!

Шымкент қалалық Құрылыс басқармасының басшысы Әбілсейіт Рабаев биыл Шымкентте 51 көпқабатты үй салынатынын айтады. Жыл аяғына дейін2972 пәтер қолданысқа беріледі деген сөз. Ал Шымкентте баспана кезегінетұратындар саны жыл сайын 6-8 мыңға өседі. Сонда қалған 5 мың адам қайтпек?Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан айтқандай, 100 мың теңгежалақысының 20 мың теңгесін тұрғын үй сатып алу үшін депозитке жинай тұруынатура келеді де… Онда да жинағаның баспана тұрмақ, бастапқы жарнасына жетеқойса!

Деректерге сенсек, Шымкентте «Отбасы банк» арқылы баспана алу үшін өтініш бергендер 140 мыңға жуық көрінеді. Басыбайлы баспанаға қолы жеткенше олар қайда тұрады? Арендалық баспана саны да аз – өткен жылдың қорытындысы бойынша, Шымкентте 28 тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл 1860 пәтер. Оның 1524-і кредиттік, 336-сы арендалық. Осының бәрін қосқанның өзінде Шымкентте халық санының өсуіне сай сұранысы жыл сайын артып отырған баспана мәселесі жуық арада шешіле қоймайтыны түсінікті. Не істемек керек?

Негізі Шымкент қалалық Құрылыс басқармасының негізгі міндеті – тұрғын үй және әлеуметтік нысандармен қамтамасыз ету стратегиясын жүргізу. Бүгін БАҚ алдында есеп берген басқарма басшысы Әбілсейіт Рабаевтың сөзінен біз мұндай стратегия байқамадық. Өйткені Шымкентте пайдалануға берілген пәтер саны мен тұрғын үй кезегінде тұрған адамдар саны арасында алшақтық көп. Сонда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мырза қала халқының өсімі мен әлеуметтік нысандар мен баспанаға сұраныс, дұрысы, мұқтаждық мәселесін зерделемей ме?

Анығында, қала басшысы сол қала тұрғындарының әкесі, қамқоршысы, қорғаушысы болуы тиіс. Шымкенттегі миллионнан асатын адамның әлеуметтік жағдайы – баспанасыз босып, әркімнің босағасында телміріп жүрмеуі тікелей осы әкімнің жұмысына байланысты. Ел айтпақшы, аз ғана уақыт «зам» болып, артынша «сам» болған Әйтеновтың Шымкенттің тізгінін ұстағанына биыл 2 жыл толып, 3-ші жылға аяқ басты. Бірақ «жоски торг» жасауды білетін әкім Әйтенов баспана мәселесін шешуге келгенде әлсіз бе?..

Былай қарасаңыз, Шымкентте құрылыс қысы-жазы тоқтаған емес, қашанда қызу қарқында жүріп жатқаны. 2021 жылы Шымкент қаласының құрылыс басқармасы арқылы мемлекеттік бюджет есебінен 45,1 миллиард теңгеге 118 нысанның құрылысы және 65 жобалау-сметалық құжаттама әзірленген. Қаржыға келгенде ауызды толтыра айтуға болғанмен, сапасына келгенде ауызға құм құйылады. Әкім Әйтенов үнемі салынып жатқан құрылыстарды аралап, жұмыс барысын бақылап, сапа мәселесін басты назарда ұстаймын деп айтудан шаршаған емес. Бірақ құрылыс сапасына келгенде әкімнің сөзі басқа, іс өзгеше болып қала беретіні бар. Дәлелді алыстан іздеудің керегі жоқ, үшінші мегаполистің жаңа келбеті болады деген «Шымкент сити» қалашығындағы және «Тұран» шағын ауданындағы біткен көпқабатты үйлердің проблемасы әлі бітпеген. Тұрғындар жаңбыр жауса болды, тоғыз қабатты баспананың жертөлесіне су жиналатынын айтып шулайды да жатады. Ел игілігіне берілгеніне үш жыл болмай жатып қабырғалары қақырап қалғанын БАҚ өкілдері де жиі көрсетіп жатады.

Қалалық Құрылыс басқармасының басшысы Әбілсейіт Рабаев құрылыста сапасыз қызмет барын мойындайды: 2021 жылы тап осы мәселе бойынша мердігерлеркелісім-шарт негізінде 16 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеген. Бірақосындай әрекеті үшін лицензиясынан айырылған мердігер жайлы мүлде ақпарат жоқ.Биыл, келесі жылы, алдағы уақытта да баспана, мектеп пен аурухананы тап солқұрылыс компаниялары, тап сол мердігерлер салып жатса таң қалмаймыз. Әкім әккіме, мердігер қу ма?

Қысқасы, миллионнан астам тұрғыны бар мегаполисте баспана мәселесі жуық арада шешілмейтін сияқты. Қала тұрғындарының саны өскен сайын баспанасыз босып жүргендер көбейе беретін түрі бар. Салынып жатқан арендалық баспана да, кредиттік баспана да халық өсіміне сай емес. Қайтпек керек? Шаруақор, іскер әкім шақырамыз ба, әлде Шыңғыс Мұқан айтқандай, ай сайын 20 мың теңгеден жинап жүре берейік пе?

Зерек ДҮЙСЕМБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *