«ШЫМКЕНТТІК ТЕНДЕРЛЕР» НЕМЕСЕ ТОҚАЕВ ТАПСЫРМАСЫ ҚАЛАЙ ОРЫНДАЛУДА?

Мәселе Қоғам
448 Views

ҚАЗАҚСТАН НАРЫҒЫНДА ТҰРҒЫН ҮЙ БАҒАСЫ НЕГЕ ҚЫМБАТ?

Бұған құрылыс материалдарының жылдан-жылға шарықтаған бағасы, сондай-ақ отандық құрылыс тауарларының сырттан әкелінуі себеп. Сыртқы импортты алмастыратын, ішкі нарықта ең көп сұранысқа ие отандық құрылыс өнімдерін өзімізде өндіру туралы Мемлекет басшысы бұған дейін айтқан болатын. Көпқабатты тұрғын үй қабырғаларын қалайтын темірбетон бұйымдары қазіргі нарықта елімізде өндіріле бастады. Мәселен, Шымкент қаласында биыл тұрғындарды баспанамен қамтудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша 50-ден астам көп қабатты тұрғын үй салынады деп күтілуде. Осы орайда темір-бетон бұйымдары үйдің қаңқасын тұрғызуға таптырмайтын бірден бір өнім. Алдыңғы жылдары темір-бетондар Шымкентке ең жақыны – Жамбыл облысынан тасымалданған. Бір жақсысы, соңғы кезде темір-бетон шығаруды шымкенттік компаниялар қолға алып жатыр. Бұл, біріншіден, ішкі нарықта отандық құрылыс тауар көлемі артады. Сонысына орай тұрғын үй бағасының төмендеуіне де әсер етеді деген сөз. Яғни, бәсекелес бар жерде даму, әрі баға тұрақтылығы бар.

Біз отандық тауар өндіретін құрылыс орындарының бірі – «Корпорация Ақ Ордасы» ЖШС-нің темір-бетон зауытының аумағында болып, жасалып жатқан жұмыстарды көзбен көрдік. Мұнда шамамен екі гектар жерде соңғы заманауи құрал-жабдықтар арқылы сапалы, нарыққа сай темір бетон бұйымдары шығарылады. Зауыттың құрылып, іске қосылуына 200 миллион теңге жұмсаған корпорация 50 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорын қызметкерлері осы саладағы жоғары білікті, әрі тәжірибелі мамандар.

Ислам ӨТЕМІСОВ, «Корпорация Ақ Ордасы» ЖШС жоба жетекшісі:

– Біздің өнім сапасы мен бағасы жағынан бәсекеге қабілетті. Темір-бетон бұйымдарын шығару үшін біз жоғары сапалы материалдар қолданамыз. Өндірісте темір-бетон бұйымдарын өндіру үшін барлық қажетті цикл бар: қазандықтар (котельная), кептіру (сушка), вибростойка және формалар. Токарлық станоктарды пайдаланып, жоғары білікті мамандарды тарта отырып, осы формаларды жасадық. Форма өте қатты, ауытқулар қалыпты шектерде. Сапасы жағынан шетелдік әріптестерден титтей де кем түспейді. Біз отандық өнімдерді пайдалана отырып, нарықтағы сұранысы жоғары қазақстандық өнімдерді шығарамыз. СТ-KZ сертификаты және сәйкестік сертификатымыз бар.

Яғни, «Корпорация Ақ Ордасы» отандық өнім шығарушы ғана емес, отандық өнімді насихаттаушы, әрі қолданушы! Компания 15 жылдан бері бетон шығарады. Сапасында сын жоқ. Бағасы да өзге өндірушілердің нарыққа шығарған құнынан 40 пайызға төмен. Десек те корпорация түрлі кедергілерге тап болып отыр. Себебі дәл осындай кәсіппен айналысатын «Dala Construction» компаниясы нарықты меншіктеп алған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күн сайын қымбаттап, бақылаудан шығып бара жатқан нарық бағасын реттеу үшін монополистер мәселесін шешуді қатаң тапсырған еді. Өкінішке қарай, Шымкенттегі құрылыс саласында Президенттің сөзін аяқасты еткен алпауыттар кездеседі. «Dala Construction» жайлы солай деуге болады.

Бұл компания шығаратын темір-бетондар – «Корпорация Ақ Ордасымен» салыстырғанда әлдеқайда қымбат. Тіпті Шымкент құрылысшылары үшін көрші облыстан таситын бағаға жетеғабыл. Әйтсе де мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй салатын компаниялар тап осы бағасы қымбат темір-бетонды алуға мәжбүр. Неге?

Шымкент қалалық құрылыс басқармасы ұсынған мемлекеттік тапсырыстың техникалық сипаттамасы «Dala Construction» компаниясының оң қолайына келетін етіп жасалады. Көңілге күдік ұялататыны да осы. Мұның астары неде? Осы сұрақтың жауабын іздегенде мынадай ойға қалдырды: қазіргі Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы Әбіл-сейіт Рабаев «Dala Construction» компаниясының негізін қалаушы кәсіпкер Болатбек Әлиевтің бұрын-нан келе жатқан үзеңгілесі. Яғни, Әлиев 2007 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары департаменті-нің директоры болған кезде Әбілсейіт Рабаев оның қол астында қызметте болған. Жалпы Әбілсейіт Рабаевқа қамқорлық жасап, оның қызметте көтерілуіне ықпал еткен тап осы Әлиев деген сыбыс бар.

Неге десеңіз, құрылыс басқармасы мемлекеттік тапсырыс порталында жариялайтын конкурстардың техникалық сипаттамасын қарасаңыз, құдды «Dala Construction» компаниясының құрылымына лайықтап жазылғандай. Өйткені, қойылған талаптар мен шарттар тек «Dala Construction» компаниясына сай келеді. Техникалық сипаттама дәл келіп тұрған соң, міне, «Dala Construction-ға» жол ашық, «конкурсқа түс те ұтып ала бер!». «Қолыңнан келсе, қонышынан бас» демекші ұтып алатын да, құрылыс алаңдарына темір бетон жеткізетін де, нарықта жоғары бағаны қоятын да сол баяғы «Dala Construction» компаниясының өзі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев монополистерге қатысты бір сөзінде былай деген болатын:

“Тиісті уәкілетті органдар бағаны белгілеген кезде оның қаншалықты негізді екенін мұқият қарауы керек. Мұның астарында экономикалық себептен бөлек, біреудің жымысқы әрекеті жатқан жоқ па деген сауал туындайды».

Жымысқы әрекет демекші, мұнан бұрын «Dala Construction» компаниясының қалалық құрылыс басқармасының мемлекеттік тапсырыстарын орындап жатқанын айттық.

Міне, мәселенің түп-тамыры осы жерге келгенде айқындала түседі.

Болатбек Әлиевтің бір қателігі – ол көзіне түскен бәсекелестерін мойындағысы келмейтіні. Фейсбук әлеуметтік желісінде білдірген бір пікірінде түкке тұрғысыз бір компанияға орынсыз сертификат берді деп Атамекен кәсіпкерлер палатасына шүйлігеді.

БІЗДІҢ ТАУАР ӨНДІРУШІЛЕР БӘСЕКЕГЕ ДАЙЫН БА? ЖАЛПЫ, ОЛАР БӘСЕКЕГЕ ҚАЛАЙ ҚАРАЙДЫ?

Ислам ӨТЕМІСОВ, «Корпорация Ақ Ордасы» ЖШС жоба жетекшісі:

— Оң қараймын. Біз оған компаниямыздың жарнамасы үшін ризамыз. Егер мұндай өте қымбат зауыт біздің ұқсас өнімді шығара бастағанымызға алаңдаса және біздің тарапымыздан бәсекелестікке алаңдаса, онда біз дұрыс бағытта жүреміз және бәрін дұрыс жасап жатырмыз. Біз шығарылатын өнімге жауап беретінімізді және тиісті кепілдік беретінімізді және әрқашан адал бәсекелестікті қолдайтынымызды атап өткім келеді. Біздің компания нарықта жұмыс істеуі керек пе, жоқ па, бұл біздің монополист бәсекелесімізге емес, тұтынушыларға қатысты мәселе.

Әңгіменің тоқ етерін айтсақ, отандық тауар өндірушілердің қатары көбейгені еліміздің экономикасы үшін өте пайдалы. Әрқашан нарық бар жерде бәсеке, бәсеке бар жерде даму бар екенін ұмытпайық!

Меруерт МАҚАЖАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *