МЕДИЦИНА МЕКЕМЕЛЕРІНІҢ ҚАЗІРГІ ЖАЙ-КҮЙІ ҚАЛЫҢ ЖҰРТШЫЛЫҚТЫ АЛАҢДАТЫП ОТЫР

Мәселе
945 Views

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Оңтүстік Қазақстан облысының атауын Түркістан облысы деп өзгертіп, жаңа облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру және Шымкентке республикалық маңызды қала мәртебесін беру жөніндегі Жарлығының шыққанына екі айдың жүзі болды. Елбасының көреген, сарабдал саясатының нәтижесінде бірқатар іс-шаралар жүзеге асуда. Бұл аса үлкен тарихи оқиға жалпы Оңтүстік жұртшылығын, соның ішінде шымкенттіктерді де айрықша қуантып отыр. Әсіресе, екінші Мекке, рухани астана деп те аталып жүрген Түркістан қаласы қайта түлеп, түрлене түсуде. Облыстық департаменттер, мемлекеттік кірістер, ішкі саясат басқармалары алғашқылардың бірі болып 1500 жылдық бай тарихы бар, көне де мәңгі жас қалаға қоныс аударып үлгерді. Облыс әкімдігі мен басқа бірқатар басқармалар да Түркістанға барып жайғасты.

Осы орайда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Кеңесбекұлы Егізбаевтың іс-әрекеті көпшілікті ойландырып отыр. Олай дейтініміз, бұл басқармадағылар медицина мекемелерінің жаңа облыс орталығына көшіру мәселесін оңтайлы шешуге асығар емес. Әлде, Елбасының ұйғарымымен келіспей ме?! Керісінше, облыс пен қалада жұмыс істеген білімді де білікті дәрігерлерді аудандарға жіберуде. Есесіне аудандарда жұмыс істейтін кейбір кәсіби деңгейі мен дәрежесі төмен медицина қызметкерлерін қалаға қарай ауыстыруда. Мәселен, 2018 жылғы 24 шілдеде Шымкенттегі жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары, №1 қалалық аурухананың бас дәрігері Бахыт Иябайұлы Мирзалиевті Сарыағаш аудандық орталық аурухананың бас дәрігері етіп тағайындаған. Шымкенттегі ауруханалар мен емханаларды жекешелендіруге ниеттенген ол осылайша кадрларды сапырылыстырып бітті. Пайдалануға берілгеніне әлі екі-үш жыл болмаған заманауи зәулім емханалар ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткелі отыр. Әсіресе, Шымкентте жаңадан салынған № 2, 3, 6, 7 қалалық емханалар – солардың санатында тұрғаны тым аянышты жайт. Сонда оларды қалайша және кімнің пайдасына бола жекешелендірмек?! Түсініксіз жағдай.

Жалпы, Оңтүстік өңірінде, Шымкентте жалпақ жұртқа беймәлім жағдаяттар жиі орын алып тұратыны жасырын емес. Мәселен, осыдан бірнеше күн бұрын облыстық денсаулық сақтау мекемесінің басшысы М. Егізбаев облыстық жұқпалы аурулар ауруханасын Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің емханасы, фосфоршылар ауруханасымен біріктірмекші болған. Бұған бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары, соның ішінде «Әділет» газеті де қоғамдық пікір туғызып, обьективті материал жарияланған. Сөйтіп, М. Егізбаевтың ерекше идеясы мен жоспары жүзеге аспай қалған. Өкінішке орай, Орталық амбулаториялық хирургия (ЦАХ, бұрынғы бас дәрігері – Серік Мыңбаев) Сайрам ауданына, ал наркологиялық диспансер Төлеби ауданына көшіріліп жіберілген. Мұндай солақай шешімдер мен астыртын іс-әрекеттерді М. Егізбаевтың «портфелінен» том-томдап кезіктіруге болады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 9 тамыздағы «Жекешелендіру обьектілерін сату қағидасын бекіту туралы» № 920 қаулысы негізінде Түркістан облысының әкімі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев жекешелендіруге жататын облыстың коммуналдық меншіктегі обьектілерінің тізбесін бекіту туралы қаулы шығарды. Сол қаулының негізінде жекешелендіруге жататын обьектілердің тізімі де белгілі болып отыр. Қазіргі таңда Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы жекешелендіруге жататын коммуналдық меншіктегі кәсіпорындардың тізімін дайындап та үлгерген. Бұл тізімде Шымкентте соңғы жылдары салынған № 2, 3, 6, 7 қалалық емханалар да көрсетілген. Сонымен қатар осы тізімде «Шымкент жоғары медицина колледжі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Жетісай медицина колледжі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны да енгізілген.

Әрине, көшіп-қону оңай атқарыла салатын шаруа еместігі баршаға белгілі. Біз мұны Астананың мысалынан да жақсы білеміз. Мұның үстіне Шымкенттегі жұмыс істеп тұрған барлық медицина мекемелері – ауруханалар, емханалар, диспансерлер, клиникалар, орталықтар, тағы басқалар әзірше облыс пен қала тұрғындарына бірдей қызмет көрсете береміз деп отыр.

«Облыстық балалар ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының ұжымы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Елжан Амантайұлы Біртановқа 2018 жылғы 19 шілдеде жолдаған 01-01-06 № 1585 қызметтік хатында:

«Облыстық балалар ауруханасы – республикадағы ең ірі көпсалалы клиника болып саналады. Мұнда 18 жасқа дейінгі балалардың бәріне арнайы медициналық көмектің барлық түрі көрсетіледі. Атап айтқанда, жоғары технологиялық медициналық қызметтің алты бағыты бойынша, соның ішінде балалар кардиохирургиясы, ангиохирургия, неотальдық хирургия, нейрохирургия, офтальмология, травматология, ортопедия бойынша емдеу жұмыстары жүйелі жүргізіледі. Ауруханаға қарасты емханада бір ауысымда 500 адамға дейін консультативтік-диагностикалық көмек те көрсетеді. Оның құрамында балалардың есту қабілетінің бұзылуын емдейтін сурдологиялық орталық жұмыс істейді.

Осы орайда Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңы 27 бабының 1,2 пункттеріне сәйкес қызметтердің, басқармалардың, департаменттердің құрылуы мен әкімшілік бөліністері жөніндегі қолданатын шараларға байланысты облыстық балалар ауруханасының ұжымы Сізге мынадай ұсыныс жасайды: «Облыстық балалар ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнын Шымкент қаласы әкімдігінің қалалық денсаулық сақтау басқармасының иелігінде қалдыруды сұранады. Бұл барлық ресурстарды, соның ішінде кадрлық, материалдық ресурстарды барынша тиімді пайдаланып, өндірістік, қаржылық, тағы басқаларды жедел түрде шешіп, қажетті қызметтердің бәрін тиімді үйлестіруге мүмкіндік жасайды.

Бұған қоса аурухана бұрынғыдай облыстың барлық балаларына медициналық көмек көрсету жөніндегі өзінің қызметтік функциясын да орындай беретініне дайын екенін мәлімдейді. Бұл шешім аурухана Кеңесінің мәжілісінде бірауыздан қабылданды. Мәжілістің хаттамасы мен оған қатысушылардың тізімі қоса тіркеледі», – деп жазылған.

Қазіргі таңда Шымкентте жаңадан құрылған қалалық денсаулық сақтау басқармасы жұмыс істеуде. Оның басшысы – білікті дәрігер Нұрлан Қаукенұлы Қасымов. Біз Түркістан облыстық және Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармалары өзара келісіп, алдағы жұмыс жоспарларын айқындап алуы керек деп ойлаймыз. Қандай медицина мекемесі Түркістанға көшуі керек, қайсысы қалада қалуы керек, медициналық қызмет қалай көрсетілуі керек деген сияқты аса өткір де өзекті мәселелерді ортақ мәмілемен шешкендері өздері үшін де, қалың жұртшылық үшін де тиімді боларына күмән жоқ.

Шымкент қаласында орналасқан «Облыстық медициналық мекеме» деген мәртебесі бар көпсалалы ауруханалар (облыстық клиникалық аурухана, облыстық балалар ауруханасы) мен мамандандырылған ауруханалар (перинатальдық орталықтар, онкологиялық диспансер, туберкулезге қарсы диспансер, жүйке ауруларын емдейтін психиатриялық диспансер және тағы басқалар) Шымкент қалалық коммуналдық меншігіне өткізіліп, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының қарамағына берілгені тиімді болатыны сөзсіз.

Мұның бірнеше дәлелдерін келтіретін болсақ, олар мына төмендегілер:

— Түркістан қаласы Шымкенттен 165 шақырым қашықтықта орналасқан. Облыстық денсаулық басқармасына медициналық мекемелердің басшылары мен тағы басқа қызметкерлері күнделікті медициналық мәселелер бойынша бір емес, бірнеше рет шақыртылатыны жұрттың бәріне мәлім. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының қарамағында болса, ол медициналық мекемелерде туындаған кез келген медициналық мәселелер тез арада, жылдам шешілетін болады. Бұл халыққа сапалы, уақтылы, қолжетімді медициналық көмек ешқандай кедергісіз көрсетіледі деген сөз.

— Медициналық мәселелерден басқа ауруханалардың күнделікті тіршілігін қамтамасыз ететін көптеген қызметтердің мәселелері де (қаржыландыру, шаруашылық, коммуналдық, кадр мәселелері және тағы басқалар) Түркістан қаласындағы облыстық денсаулық сақтау басқармасына барып шешіп келгеннен гөрі Шымкент қаласындағы басқармада тезірек шешілетіні сөзсіз.

— Көптеген жиналыстарға бару (бас дәрігер, бас дәрігердің орынбасарлары, штаттан тыс бас мамандар, талдау жасаған кезде қатысы бар қызметкерлер), түсініктеме, өтініш жазу, қаржылық құжаттарға қол қою, тағы басқа мәселелер үшін 165 шақырымда орналасқан Түркістан қаласына барып Шымкентке кері қайту үшін қаншама уақыт, жанар-жағармай кететінін, автокөліктердің тозатынын ескеру керек деп ойлаймыз.

— Түркістан қаласында құрылысы жаңадан басталатын облыстық ауруханалар мен емханалар пайдалануға берілгенше Шымкент қаласында орналасқан облыстық медициналық мекемелер қалалық денсаулық сақтау басқармасының қарамағына өткенімен, облысымыздағы барлық қала мен аудандардың тұрғындарына бұрынғыдай медициналық қызмет көрсете беретін болады. Оған егемен еліміздің қазіргі қолданыстағы заңдарына қайшы жасалып отырған іс-әрекет немесе ешқандай бөгет пен кедергі деген нәрсенің өзі жоқ!

— Қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы қосымша бұйрығы шығып, соған сәйкес Шымкент қаласына да, Түркістан облысының аудан-қалаларына да медициналық қызмет көрсете беруге болады.

— Жоғарыда айтылған жағдаяттардың бәрін қорытындылай келе базбіреулердің жеке басының қамын ойламай, жұмыстың тиімділігін, бюджеттік қаржыны және кадрлық ресурстарды тиімді пайдалануын, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуін басым бағыт екенін жете түсінгеніміз жөн деп есептейміз.

Жаңадан құрылған Түркістан облысының әкімі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев мырзаның жарғақ құлағы жастыққа тимей, Түркістанды қайтсем түлетемін деп жүрген ел азаматы екені екінің біріне аян. Алда атқарылатын қаншама қыруар шаруалар тұр. Осындай жауапты кезеңде бүйректен сирақ шығармай, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ынтымақтаса отырып бірігіп жұмыс жасау айрықша маңызды болып тұр. Осы орайда Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы мен Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы арасында бір-біріне өткізу-қабылдап алу актілері әлі күнге дейін толыққанды жүзеге аспағаны да қалың жұртшылықты қатты ойландырып отыр.

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Рахметоллаұлы Әбдірахымов та бір миллионнан астам тұрғыны бар ірі мегаполис қаланы көркейту, көріктендірумен қоса-қабат тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеремін деп тыным таппай еңбек етіп жүр. Үлкен қалаға үлкен мекемелердің қажеттігі айтпаса да түсінікті. «Алтау араз болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» демекші, қандай мәселені де өзара әділ келісіммен шешіп, ел игілігіне қызмет жасау – бүгінгі билікке әрі парыз, әрі қарыз. Әлемдегі барлық өркениетті елдерде медицина – айрықша стратегиялық маңызды сала деп саналатыны баршаға белгілі. Олай болса, бұл өткір де өзекті мәселені бүгінгі жұртшылықтың аузында жүрген «ағайынгершілікпен – «ыстыизммен» шешпей, әділ, ашық түрде, қалың елдің ертеңгі қамын терең ойластыра отырып шешкен абзал.

Кейбір медицина мамандары санитарлық авиация қызметі қиындап кетеді деп алаңдап жүр. Бүгінде барлық санитарлық авиация қызметі еш кедергісіз жұмыс істеп отыр. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі алдағы кезде де бұл жұмысты өз бақылауына алып, оны қалыпты түрде жалғастыра беретіні күмәнсіз. Өз кезегінде санитарлық авиация да өздерінің кураторлық жұмыстарын қалыпты түрде жүргізе бермек. Оған ешқандай кедергі болмас.

Шымкентте орналасқан облысқа қарасты медицина мекемелері қала мен облыс тұрғындарын бөліп-жармастан, олардың бәріне бірдей сапалы медициналық қызмет көрсететін болады. Дейтұрғанмен, әрбір бас дәрігер өз мекемесіне өзі жауапты екенін ұмытпау керек. Былай қарағанда, мұнда тұрған ешқандай проблема жоқ секілді. Біздіңше, бұл жердегі басты проблема – «болезнь власти». М. Егізбаевтың жалпақ жұрт онша біле бермейтін «жақсы қасиеттерінің» бірін айта кетейік. Егер оған бір бас дәрігердің жұмысы ұнамай қалса, оны басқа бір бас дәрігерге орынбасар етіп жібере салады. Ал медициналық мекемелерді ойланбастан бір-біріне қоса салады. Түркістанға барғанда да оның осы әдетін жалғастырмасына кім кепіл бола алады?!

Осы орайда Түркістан облысының әкімі Ж. Қ. Түймебаев істің көзін тауып, қалың жұртшылықты алаңдатып отырған медицина мекемелерінің жүйелі жұмыс істеуі жөнінде оңтайлы шешім қабылдайтынына бек сенімдіміз.

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев таяуда Түркістан облысы мен Шымкент қаласы әкімдерімен өткізген кездесу барысында да қос тарапты ауызбіршілікке, ынтымақпен жұмыс істеуге шақырды. Иә, бірлік бар жерде тірлік болатыны бесенеден бері белгілі жайт қой.

Әбдісаттар ӘЛІП.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *