МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ МЕРЕЙІМІЗДІ ӨСІРЕДІ

Қоғам
833 Views

Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып табылады. Мемлекеттік тіліміз – қасиетті де қастерлі. Біздің баға жетпес байлығымыз. Туған Отанымыздан бастау алатын Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұран қатарында жүретін мемлекеттік рәміздердің бірі – осы мемлекеттік тіл дер едік. Қазақ тілінің қашанда шоқтығы биік. Өйткені, ұлттың ұлттан, ұлыстың ұлыстан айырмашылығының бірі – оның тілінде ғана. Біз қайда жүрсек те, қайда еңбек етсек те мемлекеттік тілімізде сөйлеп, жазып, тиісті құжаттарды толтыруымыз қажет. Сонда ғана оның қанаты бекіп, биікке самғайтын болады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің барша азаматтарын біріктіретін тіл – қазақ тілі деп ұстанып отырған тіл саясатының мән-мағынасын терең түсіндіре келіп, маңызды ой-тұжырымдарымен бөліскені жадымызда. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 28 қазан күнгі №1025 қаулысымен Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссия құрылғанын бәріңіз жақсы білесіздер. Бұл комиссияның алға қойған мақсаты – мемлекеттік тілді кешенді және жүйелі дамыту, оны өмірімізге мықтап ендіру. Ұлтаралық тіл ретінде орыс тілін білудің деңгейін сақтап қалу, ағылшын тілін үйрену жүйесін құру жөнінде ұсыныстар әзірлеу, мемлекеттік тіл саясатын және тілдік құрылысты іске асыру тетіктерін одан әрі жетілдіру қажетігі туындап отыр. Соның бір айғағы – бүгінде орыс тілді мектептердің өзінде қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемелері өмірге келіп отыр. Өзге ұлттың өкілдері де мемлекеттік тілді меңгеріп, Әнұран шырқау, қазақ тіліндегі кітаптарды емін-еркін оқу, сан түрлі байқауларға қатысу деңгейіне дейін көтерілгені қандай ғанибет десеңізші.

Қазіргі таңда біздің мекемемізде де егемен еліміздің тіл туралы саясаты жүйелі жүргізіліп келеді. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңы, Қазақстан Республикасы тіл саясатының тұжырымдамасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының 2011жылғы 29 маусымдағы №110 Жарлығымен бекітілген Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы негізінде жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Іс-қағаздары түгелдей қазақ тілінде жүргізіледі. Өзге ұлт пен ұлыстың өкілдері болып табылатын 32 жанның да қазақ тілін білсем, сол тілде сөйлесем деген ынта-ықыласы жоғары екенін де тілге тиек етуге тиістіміз.

Тіл мәдениетін көтеру – барша қазақстандықтардың төл міндеті, басты парызы екені даусыз. Өзге салалар секілді құқық қорғау саласында мемлекеттік тілдің маңыздылығы мен өміршеңдігі қашанда арта түсуде. Бұл жөнінде баспасөз беттерінде маңызды материалдар жариялап жүрген әріптестерімізге ризашылық сезімімізді білдіреміз. Иә, мемлекеттік тілдің маңыздылығын арттыру, іс-қағаздары мен сан түрлі семинар, жиын, байқауларды ана тілімізде жүргізу барысында еселі еңбек етіп, оған сүбелі үлес қоса беретін боламыз.

Диана ПАЙЗИЛЛАЕВА,

Шымкент қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті ИЧ-167/3 мекемесінің қаржымен қамтамасыз ету бөлімінің бастығы.

Насихат СЛАМБЕКОВА,

Шымкент қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті ИЧ-167/3 мекемесінің тылдық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *