МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ САЯСАТЫН ЖЕТІЛДІРЕЙІК

Қоғам Құқық
936 Views

Қазақстан Республикасының Ата Заңы мемлекеттік тілдің жоғары деңгейде қолданылуына кепілдік береді

ҚР Ата Заңының 7-бабында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тілдің қазақ тілі екені, мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайтыны нақтыланған. Осы баптың екінші тармағында мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады делінген. Егер заңның мәтініне зер салсақ, мемлекетімізде мемлекеттік тілмен бірге орыс тілі де қолданылатыны айтылған. Заңның осы тармағын бұрмалап, теріс қолдануға әрекет жасайтын адамдар да бар. Заңның бұл талаптарын тең дәрежеде қарауға болмайды. Заңның негізгі талабы мемлекеттің тілі – қазақ тілі болғандықтан, ең бірінші осы норманы басшылыққа алып, нақтылы қолдануымыз қажет.

Нақтырақ айтқанда, Конституциямызда айқындалған «Мемлекеттік тілмен қатар орыс тілі ресми тіл болып табылады» деген норма бастапқы мағынасындағыдай айбарлы рөл атқармайтынын түсінгеніміз жөн. Еліміздің демографиялық жағдайы түзеліп, қазақтың саны 68 пайызға артты. Ана тіліміздің қолданылу аясы кеңейіп, мемлекеттік тіл – қазақ тілі болып күн сайын әлеуеті асқақтап келеді. Сондықтан Конституция заңдағы нормаларды қолданғанда заңды нақтылы түсініп, қолданысқа шығару міндет болып табылады.

Елбасымыздың «Мемлекеттік тілді білмейінше, мемлекеттік органдарда, қызмет көрсету саласында, құқық қорғау органдарында немесе сот саласында жұмыс істеу мүмкін болмайды», – деген сөзі қазіргі күннің және келешектің нақты ұстанымы екені сөзсіз. Мемлекет басшысының тілге қатысты пікірлерін қазақстандықтар кеңінен қолдап, қуаттап отыр.

Соңғы кездері Үкімет мәжілістері мемлекеттік тілде өткізіле бастағаны қазақ елін басқаруға жаңа леп әкелгендей. Сот жүйесі де мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге оң бетбұрыстар жасай бастады. Мемлекеттік тіл мәселесіне заң тұрғысынан қарайтын болсақ, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» заңы Қазақстан Республикасында тілдерді қолданылуының құқықтық негіздерін, мемлекеттің оларды оқып-үйрену мен дамыту үшін жағдай жасау жөніндегі міндетін белгілейді. Қазақстан Республикасында қолданылатын барлық тілге бірдей құрметпен қарау қамтамасыз етеді.

Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы. Орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданыста болғанымен, мемлекеттік тілі Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының жұмыс және іс қағаздарын жүргізу тілі болып табылатынын ұмытпаумыз абзал.

ҚР «Тіл туралы» заңының 4-бабында: «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі» деп атап көрсетілген. Десек те, айдың күннің аманында, Тәуелсіздігіміздің 28 жылдығында тіл тағдырын қиянатқа, додаға салуды тоқтатпай келеміз.

Тіл саясаты – кез келген мемлекеттің ұлттық тағдырын шешетін киелі құбылыс.

ҚР Қылмыстық процестік кодекстің 30-бабында «Қазақстан Республикасында қылмыстық сот iсiн жүргiзу қазақ тілінде жүргiзiледi, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған кезде басқа тiлдер де қолданылады» – делінген. Қылмыстық процесті жүргізетін орган істі орыс тілінде немесе басқа тілдерде жүргізу қажет болған кезде сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді қаулы шығарады. Iс бойынша iс жүргiзiлетін тiлдi бiлмейтiн немесе жеткiлiктi түрде бiлмейтiн iске қатысатын адамдарға ана тiлiнде немесе өздері бiлетiн басқа тiлде мәлімдеме жасау, түсiнiктемелер және айғақтар беру, өтiнiшхаттар мәлімдеу, шағымдар келтіру, iс материалдарымен танысу, сотта сөз сөйлеу, кодексте белгiленген тәртiппен аудармашымен қамтамасыз етiледi. Қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысатын адамдарға істің олар үшiн қажеттi, басқа тiлде жазылған материалдарын қылмыстық сот iсiн жүргiзу тiлiне аудару тегiн қамтамасыз етiледi. Қылмыстық сот iсiн жүргiзу тiлiн бiлмейтiн адамдар үшiн құжаттардың сот iсiн жүргiзудiң осы адамдар таңдаған тiлiнде жазылған, куәландырылған көшiрмесi қоса беріледi.

ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің 14-бабында азаматтық істер бойынша сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал қажет болған жағдайда сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілмен орыс тілі немесе басқа тілдер бірдей қолданылатыны айқындалған. Сот ісін жүргізу тілі сотқа талап арыз берілген тілге қарай сот ұйғарымымен белгіленеді. Сол бір азаматтық іс бойынша іс жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады. Егер істі бірінші сатыдағы сотта қарауға дайындық барысында талапкердің өз өкілі талап арыз берген тілді білмейтіні анықталса, онда сот талапкердің жазбаша өтінішхаты бойынша сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы ұйғарым шығарады. Іс жүргізіліп отырған тілді білмейтін немесе жөнді білмейтін іске қатысушы адамдарға сотта ана тілінде немесе өздері білетін басқа тілде мәлімдеме жасау, түсініктер мен жауап беру, өтініш білдіру, шағым жасау, іс материалдарымен танысу, сотта сөйлеу құқығымен қамтамасыз етіліп, аудармашы беріледі.

Азаматтық сот ісін жүргізуге қатысушы адамдарға басқа тілде жазылған істің заң бойынша қажетті іс материалдарының сот ісін жүргізу тіліне сот тегін аударып беруді қамтамасыз етеді. Сот процесіне қатысушы адамдарға сотта сөйленген сөздің басқа тілде айтылған бөлігін сот ісін жүргізу тіліне тегін аударып беру қамтамасыз етіледі. Іске қатысатын және сот ісін жүргізу тілін білмейтін адам істен керекті құжаттарды алып беру туралы жазбаша түрде мәлімдеген кезде сот актілері оған ана тіліне немесе ол білетін басқа тілге аударылып табыс етіледі. Міне, осы заңдылықтар мемлекеттік тілде неге толық іс жүргізілмейді дейтін уәждерге толық жауап береді. Бұл адам құқықтарының жоғары хартиясы, яғни адам құқықтарының ең биік өлшемдері болып табылады.

Туған тіліміздің тағдыры өз елінде, өз жерінде таразыға түспеуі тиіс. Тіл тағдырының шешілмей тұрған күрмеуі, қиын тұстары әлі де жетерлік. Сондықтан, біздің қоғамдағы тілдің мәселесі тек сот органдары жүйесін емес, барлық саланы қамтығанда ғана дамып, өркендейтін болады.

Ерсұлтан ТОҚСАНБАЙ,

Еңбекші аудандық сотының бас маманы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *