1971 жыл. Құлсары кентінің темір жол вокзалы. Қақаған аязды қаңтар айының соңғы күндерінің бірі. Ембі (қазіргі Жылыой) ауданынан кезекті облыстық партия конференциясына сайланған делегаттар Маңғыстаудан келіп, Гурьевке (Атырау) баратын пойызды күтудеміз. Біз отырмақшы вагонда «Қазақстанмұнай» бірлестігінің басшысы Сафи Өтебаев келе жатқан көрінеді деген хабар құлағыма шалынды. Бұрын атын талай естіп жүрген ағамызды көзбе-көз көрудің сәті түсетін болды-ау деп іштей қуанудамын.
Поезд тоқтап, вагонға кіріп өз орнымызға жайғастық. Сафи Өтебайұлы бірлестіктің бас инженері Николай Иванович Смолников екеуі бір купеде келе жатыр екен. Бұлардың осы вагонда болатынын алдын ала білген аудан басшылары дастархан жайып қонақ асын ұйымдастырған. Купенің тарлығы белгілі, сондықтан оған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мұсабай Сағымбаев пен аудандық атқару комитетінің төрайымы Меллят Сабырова ғана қатынасты да, қалған делегаттарды, бәрі болмағанмен кейбіреулерін, бір-бірлеп шақырып Сәкеңмен таныстырды. Оның ішінде мен де болдым. Көпшілігі, әсіресе мұнайшылар, Сафи ағамызбен бұрыннан таныс-біліс. Ол кісімен алғаш кездесіп тұрған, мүмкін, тек мен шығармын. Орта бойлы, аққұбаша өңді, қою қара шашын айыра тараған, ақсақал деуге қимай, жігіт ағасы деуге әбден болатындай көрікті азамат екен.
Облыс орталығында біздің делегацияға Жайықтың күншығыс беткейіндегі «Ембімұнай» қонақ үйі белгіленген екен. Сафи ағамыз да соның үлкен бір люкс нөміріне орналасты. Кеште ол осы жерде қонақ асын берді. Біздің делегациядан шақырылғандар ішінде мен де болдым. Осыдан бар-жоғы бір жарым ай бұрын, 15 желтоқсанда, Ембі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланып, 27 желтоқсан күні өткен аудандық партия конференциясында, одан кейінгі алғашқы ұйымдастыру пленумында жеті бюро мүшесінің бірі болу бұйырған. Бұл кеш қонақтарының құрамында болуы сол себепті болса керек. Отырыс ұзаққа созылды. Сафи ағамыздың әңгімесі бас көтерместен оқитын қызықты кітаптай әсер етті. Елдің, өңірдің экономикасын, оның ішінде әсіресе мұнай өндірісін дамытудың, сол саладағы бастан кешкен қиындықтар, оның болашағы жөнінде көптеген баға жетпес тың мағлұматтар алдым. Талай елге еңбегі ерекше сіңген адамдар да еске алынды. «Дарынды адам барлық жағынан да дарынды болады» дегендей Сәкең әсем, құлаққа жағымды қоңыр дауысымен бірнеше қазақ, орыс өлеңдер шырқап, бәрімізді риза қылды. Смолников те құр жаяу адам емес екен. Пушкиннің, Лермонтовтың, Есениннің кейбір өлеңдерін жатқа айтып, қонақтарды таңғалдырды.
Мен түн ортасы ауа демалуға кеткенде қонақ күту әлі жалғасуда еді. Іштей, апырай, бірнеше сағаттан кейін конференция басталады. Бұл адамдар, соның ішінде жасы үлкен Сафи ағамыз шаршап қалмас па екен деген ойда болдым. Конференция басталып, оның төрағасы сайланғанда Сафи Өтебайұлы обком бюро мүшесі ретінде үстел басындағы алдыңғы қатардағы орындықтың біріне жайғасты. Ол таңға дейін отырып шаршағандай емес, ұйқыны әбден қандырып, жақсы демалған адамдай. Қара костюм, ақ көйлек, талғаммен тағылған галстук, омыраудағы Одақтық Жоғары Кеңес депутатының күрең қызыл төсбелгісі өзі келбетті адамға ерекше сән бергендей. Біз түнгі демалыстың шалалығынан көзіміз жасаурап, ара-тұра есінеумен болғанда, ол кісінің жиынның бас-аяғына дейін бет талшығының бірде-бірі бүлк еткен жоқ. Қандай мықтылық десеңізші. Бұдан жарты ғасырға жуық бұрын бүгінде аты аңызға айналған қазақ мұнайшыларының сардары Сафи ағамен осылай кездесіп, танысқанмын.
Сол жиыннан тағы бір әңгіме есте қалыпты. Обкомның жаңа құрамы, әдетте, конференцияның соңында, ал оның бюро мүшелері бірінші ұйымдастыру пленумында сайланады. Сондықтан олар алдын-ала көпшілікке белгісіз болып, әртүрлі жорамалдар жасалады. Сафи Өтебайұлы бұрынғы құрамда бюро мүшесі болды. Бірнеше айдан кейін оның жасы 62 жасқа толмақшы, ал зейнет жасы 60. Обкомның бірінші хатшысы болып сайланғанына бір жыл да толмаған Саламат Мұқашевтың жаңа мерзімге бұл лауазымға қайтадан иеленетініне ешкімнің күмәні болмады. Бұл екі азамат рулас ағайын екен. Енді інісіне билікті қолға ұстап отырғанда ағасын бюро құрамына кіргізбей тастау да оңай емес еді. Жұрттың не болар екен деп күткені де сондықтан. Саламат Мұқашев «Әрі жүрсең ат өледі, бері жүрсең арба сынады» дегендей кейіп кешкен болуы керек. Бірақ қай нәрсені де байыппен, терең ойлап шешетін ол бұл жерде де оңтайлы шешім таба білді. Сафи ағамыз бюроның құрамына кірмеді, бірақ ол КОКП-ның кезекті ХХІV съезіне делегат болып сайланды. Ол кезде бұл көптің басына бұйырмайтын үлкен сенім мен құрмет болатын.
Конференция өтіп, үйге оралғаннан кейін Сафи Өтебайұлының өмір жолын тереңірек білгім келіп ол жөнінде жарық көрген кітаптар мен мақалаларды тауып алып, оқып шықтым.
Сафи Өтебаев 1909 жылы 25 мамырда қазіргі Атырау облысы Қызылқоға ауданының Қарабау ауылында кедей шаруа отбасында он бірінші бала болып дүниеге келген. Балалық шақта адамның болашағына сәл нәрсе әсер етіп жатады. Сафиды әкесі жеті жасында ағылшындарға жұмыс істеп, мұнай өндіріп жатқан Қали, Ғұсман ағаларының қызметімен таныстырамын деп Доссорға алып келеді. Қали ағасы баланы өндіріске апарып бұрғылау станогын, ұңғыдан шығып жатқан мұнайды көрсетеді. Сол күннен бастап Сафи мұнайдың тетігін меңгеріп, мұнайшы болуды армандайды.
Доссордағы мектепте бес жыл, ФЗУ-да үш жыл оқып слесарь, бұрғышы мамандықтарын алады. 1928-1930 жылдары Орынбор рабфагінде, 1931-1935 жылдары Әзірбайжан мұнай институтында оқып, елге оралады. Осы бір сәтті Сафи ағамыз былай деп еске алады: «Сол жылы 220 студент бітіргенбіз. Ембіге тек мен ғана сұранып келдім. Мемлекеттік комиссияда: «Сен неге сонша Ембіге сұранасың, институт бітірушілердің бір де біреуі онда барғысы келіп отырған жоқ. Ол жерде жұмыс істеу қиын» деді. Мен: «Институттағы төрт мың студенттің ішінде жалғыз ғана қазақпын және Ембі мұнайшысының баласымын, сондықтан сол жерге барғаным жөн. Қазақстан мұнайын Бакудың деңгейіне жеткізу үшін сонда еңбек ету – менің арманым» дедім.
1936 жылы сәуірде Сафи ағамыз Ембіге келіп, еңбек жолын Мақат кәсіпшілігі бұрғылау цехының аға инженері болып бастады. Кейін 1945 жылға дейін осы кәсіпшіліктің басшысы, «Ембімұнай» тресінің бас инженері, Мақат, Құлсары, Комсомол мұнай кәсіпшіліктерінің директоры болды. 1945-1951 жылдары Жылыой аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарып, 1951 жылдан бастап, алты жыл бойы Гурьев қаласындағы «Қазақстанмұнай» бірлестігін басқарады. 1957 жылы Одақтық министрліктер таратылып, аймақтардағы өндірісті басқару үшін халықшаруашылық кеңестері (совнархоз) құрылғанда, 1957-1962 жылдары Гурьев облыстық, 1962-1965 жылдары Батыс Қазақстан өлкелік халықшаруашылық кеңестерінің төрағасы болды. Одақтық министрліктер қайтадан құрылып, халықшаруашылық кеңестері таратылғанда,1965-1971 жылдары Ақтау қаласында республикалық министрлік деңгейіндегі қайта құрылған «Қазақстанмұнай», кейін «Маңғышлақмұнай» атанған бірлестіктің басшысы болды.
Осы жылдар ішінде Сафи Өтебайұлының бастамасы және басшылығымен республикамыздың батыс аймақтарында көптеген мұнай кен орындары ашылды. Мұнай өндіру көлемі бойынша Қазақстан Одақта Ресейден кейінгі екінші орынға шықты. Жаңа зауыттар, мұнай тасымалдайтын құбырлар, теміржолдар салынды. Қазақ политехникалық институтында мұнай факультеті ашылып, Одақтық жоғары оқу орындарына жүздеген жастар конкурстан тыс қабылданды. Сөйтіп, қазақ мұнайының даңқын әлемге асқақтатты.
Сафи аға Орынборда оқып жүргенде 60 жыл отасқан асыл жарын кездестіреді. «Шәрипаны көргеннен жүрек байғұс лүпілдеп, бұлқына бастады. Жақсы көрдім. Ұнаттым. Ғашық болу деген осы болар деп ойладым» – деп еске алады естелігінде ағамыз. Екеуінің ұзақ жылдар бірге кешкен тату-тәтті өміріне, солмаған махаббатына жұрттың бәрі қызыға қарайтын. Қазақтың жеті ғашығының қатарына қосуға әбден лайық жұбайлар еді. Олар алтын асықтай төрт бала сүйді. Тұңғышы Светлана музыкант, Әділі жеті жасында шетінеп кеткен, Әбіл мен Мақсұт екеуі де мұнайшы. Әбіл де бұдан бірнеше жыл бұрын бақилық болған. Немере, шөберелер өсіп, алып бәйтеректей болған Сафи ағаның жапырақтары жайылуда.
Маған Сафи Өтебайұлының жарқын жүзін көру сәті алғашқы кездесуден он жыл өткеннен кейін барып түсті. 1980 жылы көктемде Маңғышлақ облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған Саламат Мұқашев көп кешікпей өзі ұстазым деп санайтын Сафи Өтебайұлы мен кезінде Гурьев обкомының бірінші хатшысы болған Мұхамбет Айтуұлы Исеновты жұбайларымен Маңғыстауға қонаққа шақырып, сол сапарларында олар Ералиев (қазіргі Құрық) кентінде болып геолог-барлаушылармен, аудан активімен кездесіп еді. Мен аудандық партия комитетінің хатшысы едім. Одан кейін де Сафи ағаның немере інісі Болат Қабиұлы Өтебаев «Маңғышлақмұнайгазбарлау» кешенді экспедициясының басшысы болып тұрғанда да бір келгені бар. Қадірлі ағамызбен әр кездескенде, оның әңгімелерін тыңдаудан үлкен ләззат алатынмын.
2004 жылы Атырауда Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығы тойланды. Сол шараға Маңғыстау облысының делегациясын басқарып барған облыстық мәслихаттың хатшысы Бақтыбай Шелпеков тойдың құрметті қонағы болған 95 жастағы Сафи ағаның мықтылығына таңғалып, бізге әңгімелегені бар еді. «Той күні түске дейін қаладағы әртүрлі шараларға қатысып, одан соң автобуспен әрі-бері жүз елу шақырым жол жүріп Махамбет ауданы, оның орталығындағы әртүрлі нысандарды аралап келгеннен кейін, кешкі ас дастарханына отырғанда ақсақал: жігіттер бүгін жақсы жұмыс жасадық, енді көңілді демалайық деп коньякті тартып жіберіп, ән салып, үзілісте қыздармен биледі. Қыздармен биледі демекші, бірде Сәкеңе Сафура атты келіні:
– Аға, қыздармен билегеніңіз не, ұят емес пе, тәтемдермен билесеңізші, – дегенде:
– Қой, құрсын, оларды алып жүру қиын, – дегендей де әңгіме бар.
Сафи Өтебайұлының елінің, туған жерінің өсіп-өркендеуіне сіңірген еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Кеңес дәуірінде ол Ленин, Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі», 2-ші дәрежелі Ұлы Отан Соғысы ордендерімен марапатталды. КСРО Құрметті мұнайшысы, Қазақ КСР-ның ғылым мен техникаға еңбегі сіңген қайраткері. Әлденеше рет КСРО және Қазақ КСР Жоғары Кеңестерінің депутаты, КОКП ХХІІ-ХХІV, Қазақстан Компартиясының ІІ-ХІІІ съездерінің делегаты, республика партия Орталық Комитетінің (1951-1975)мүшесі болып сайланды.
Қазақстан тәуелсіздік алған тұста «Отан» және 1-ші дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері атанды. Атырау облысы, Атырау, Ақтау қалалары мен Жылыой ауданының құрметті азаматы атағына ие болды. Жүзге таяп қалған атақты ақсақалға «Халық Қаһарманы» атағын бере салса қайтеді деген де пікірлер болды. Оған ол әбден лайық еді.
Алайда, асыл адамдар, нар тұлғалар атақ үшін емес, ұлы мұраттар үшін өмір кешеді. Олар үшін ең биік атақ – халқының құрметі. Сафи ағамыз сол Құрметке бөленген кісі. Бүгінде оның қазақ мұнайының Атасы атауы соның дәлелі.
2018 жылдың көктемінде менімен Шымкенттегі досым, белгілі заңгер, сот жүйесінің ардагері, заң ғылымдарының докторы, руханияттың жанашыры Бекет Тұрғараев хабарласып, өзімен ағалы-інілідей болған Сафи ағаның күйеу баласы, танымал өнер қайраткері, Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаевтың мұнайшылардың Ақтауда Сафи Өтебайұлына ескерткіш орнату жөніндегі әрекеттерінің біраз уақыттан бері әртүрлі себептермен іске аспай жүргенін айтқан екен. Біз, Бекет, белгілі мұнайшы Мейрам Ахметжанов үшеуміз 2016 жылдың аяғында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан, оның ішінде Атырау, Маңғыстау өңірлерінің дамуына ерекше үлес қосқан Нұртас Оңдасыновтың есімін мәңгілік есте қалдыру мақсатында оған Ақтау қаласының №5 орта мектебіне оның атын беру жөнінде мәселе көтеріп, ол жергілікті билік тарапынан қолдау тауып, Үкіметтің 2017 жылғы 27 наурыздағы қаулысымен мәселе оң шешімін тапқан. Біз өз қаражатымызға ескерткіш дайындап, оны мектеп ауласына орнатып, сол жылы 2 қыркүйекте салтанатты ашылуы өткен. Мектеп ғимаратында мұражай да ашқанбыз.
Бекет осы тәжірибемізді ескере отырып, Сафи ағаға да ескерткіш орнатумен айналыссақ қайтеді деген пікір білдірді. Мен оны құп алдым. Досымның бірі Шымкентте, екіншісі Мәскеуде болғандықтан қажетті құжаттар дайындау, мәселені жергілікті және республикалық билік органдарының алдында қойып, оның шешімін қадағалау, ескерткіштің орнын анықтап, орнататын адамдар табу, т.б. ұйымдастыру мәселелерімен өзім айналыстым да, қаржыландыру мәселелері Бекет пен Мейрамның мойнында болды. Бастамамыз жергілікті билік органдарының, оның ішінде облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы Тоғжановтың тарапынан бірден қолдау тапты.
Ескерткішті Бекеттің жақсы жолдасы, белгілі мүсінші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Ескен Сергебаев дайындады. Нұртас Оңдасыновқа қойылған ескерткішті де дайындаған осы кісі еді.
Ескерткіш кезінде Сафи Өтебаевтың өзі басқарған «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы ғимаратының алдына орнатылып, оның салтанатты ашылуы 2018 жылдың 30 тамызында өтті. Оған облыс, қала басшылары, депутаттар, жан-жақтан келген ардагерлер, мұнайшылар және Сафи ағамыздың қызы Светлана мен ұлы Мақсұт қатысты. Облыс әкімшілігі Сафи Өтебайұлының рухына бағыштап ас берді. Бүгінде ағамыздың туған күні, мұнайшылардың кәсіби мейрамында ескерткішке гүл шоқтары қойылып, оның жанынан өтіп бара жатырған үлкен-кіші де бастарын иіп, тағзым етеді. Бір туар азаматты мәңгі есте сақтау деген осы шығар.
Алла өмірді адамның бәріне береді, ал кәрілікті тек сүйікті құлдарына сыйлайды деген бар. Бір ғасырдай өмір кешкен Жаратушының сүйіктісі Сафи Өтебайұлы заманының, халқының мақтанышы, есімі ел тарихына алтын әріптермен жазылуға лайық биік тұлға.
Ғани КАРИН,
журналист