САЛИҚАЛЫ СПИКЕР

Саясат
948 Views

Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет 2007 жылы ҚР Парламентінің Сенатына спикер болып сайланғанда «Бір күн соғысқаннан, он жыл бойы келіссөздер жүргізіп жүрген мың артық» деген аталы сөзімен мыңдаған адамның жүрегінде жатталып қалған Андрей Громыко ойға оралған. Себебі, мықты дипломаттардың заң шығарушы биліктің басына барғаны тарихта талай рет болған. Солардың ішінде біз айтып отырған Андрей Громыко да бар. Сондықтан да жадымызда жаңғырған болар.

Тәуелсіздік алған алғашқы айлардан бері Елбасымен бірге келе жатқан Қасым-Жомарт Тоқаев өзін осы жылдар бедерінде ең таза саясаткер ретінде көрсетуден бір жалыққан емес. Сондықтан да бұл жолғы таңдау да оған түскеніне көп адам таңдана қойған жоқ. Ата Заңымызда көрсетілгендей, мемлекеттегі екінші адамның орнына Елбасының ең сенімді саясаткерді ұсынуын сенаторлар толық түсіністікпен қабылдаған.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз карьерасында кез келген мәселені дау-дамайсыз, бейбіт шешетін саясаткер екенін талай дәлелдегені бар. Оған қоса жауапкершілікті де өзіне алудан қорыққан емес. Тоқаевтың ашықтық пен шынайылық қағидаларын да қатаң ұстанатын қасиетін жақсы білетін Елбасының бұл шешіміне қоғамда ешқандай қарсылық бола қоймағаны сондықтан болса керек. Бұл логикалық жолдың кейін қайда алып келетінін де көптеген сарапшылар күнілгері болжап та үлгерген.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі жолының бастауында болған мемлекеттік қайраткер Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл сенім үдесінен де бір емес, екі рет қатарынан шыға білді. Махатма Гандидің «Жеті әлеуметтік күнәсін» бір сәтке де есінен шығармай, принципсіз саясаттан, еңбексіз байлықтан, арсыз ләззаттан, ақиқатсыз білімнен, моральсыз саудадан, адамды сүймейтін ғылымнан, құрбандықсыз құдайға табынудан қашан да бойын аулақ ұстап жүретін Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің құрылуынан бастап осы күнге дейінгі барлық кезеңдерінде әр істе де өзінің ақықтығымен алдыңғы шептен табылып келе жатқаны оның саяси аренадағы феноменін айқара анықтайтынына көз жеткізу қиын емес. Кейіпкеріміздің Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы ретінде 2008 жылы ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Вице-Президенті болып сайланғаны да осы ойымызды айғақтай түседі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат қабырғасындағы қызметінде де іргелі істердің бастауында болды. Заң шығарушы жоғары палатаның жұмысына жаңа леп алып келді. Қабылданатын заңдардың сапасын арттыруға ерекше мән бере білді. Сенаторлардың өз ойларын ашық айтуына барынша қолайлы жағдай жасады. Бұл тұрғыда ол ең алдымен өзі үлгі көрсете білді.

Қоғамда резонанс тудырған талай тақырыпқа, елде болып жататын құбылыстар мен оқиғаларға өз пікірін ашық білдіріп отыруды әдетке айналдырды. Мұны ең бастысы өзінің азаматтық және қайраткерлік парызы деп санады. Енді оның әр жылдары белгілі бір мәселелерге байланысты айтқан жеке пікірі мен қорытындыларын сайлаушылардың есіне сала кетсек дейміз.

2016 жылғы 29 сәуірде Сенатта өткен тыңдауларда Қазақстандағы жерді жалға беру мен сату жөнінде Жер кодексіне енгізілген даулы түзетулерге қатысты мәлімдемесінде Қасым-Жомарт Тоқаев өз елінің нағыз патриоты екенін тағы да дәлелдеді: «Бұл орайда, жердің шетелдіктерге сатылмайтындығы туралы айтып қана қоймай, аталған талапты түрлі қитұрқы жолдармен «айналып өткісі келетіндерге» тосқауыл қою үшін заңның осы ережесін құқықтық тәсілдермен іске асыруды қамтамасыз ету қажет. Ең бастысы, Мемлекет басшысының жердің ұлттық юрисдикциясы мен жерді тиімді әрі ұтымды пайдалану туралы талабын міндетті түрде орындау қажет». Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз мәлімдемесінде қадап айтқан осы ойлары оның нағыз мемлекетшіл, нағыз халықшыл қайраткер екенін тағы да еске салды. Дәл осы тұста оның өз ісіне принципшілдігі мен еліне деген жанашырлығы, табандылығы мен батыл шешім қабылдай білетіндігі жарқырай көрінді. Сол кезде ел ішінде абыржу туғызған осы бір киелі де қасиетті сұрақтың қоғамда толыққанды және түбегейлі шешілуіне Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы мәлімдемесі де ерекше рөл атқарғанын қазір ешкім жоққа шығара алмайды.

Сыпайы да салиқалы спикер Қасым-Жомарт Тоқаев кез келген мәселені қарастыру барысында әріптестері мен оппоненттерін өз ойына ұйыта біледі. Ол – өз пікірінің дұрыстығын сабырмен түсіндіре білетін қасиетке ие екенін де талай мәжілістердің мінбесінен дәлелдеп жүрген саяси тұлға. Бұл қасиеті әсіресе ұлт құндылықтарын қорғау ісінде де алабөтен байқалып жүр. Қазақ тілін латын графикасына көшіру мәселесіне қатысты 2017 жылғы 22 қыркүйекте өткен парламенттік тыңдауларда да Қасым-Жомарт Тоқаев өз ойын күлбілтелемей, ашық әрі нақты жеткізді: «Біздің алдымызда стратегиялық маңызы жоғары міндет – латын әліпбиіне көшу мәселесі тұр. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру – бұл жаһандық ғылым мен білім жүйесіне ықпалдасу үшін жасалған қадам әрі рухани тұтастығымыздың кепілі болып табылады. Бұл жұмысты біз ойластыра отырып, сатылы және жинақы түрде жасауымыз керек. Бірақ ұзаққа созудың да қажеті жоқ. Ең бастысы – біздің қателесуге құқығымыз жоқ». Кез келген мәселені төрт жағынан түгел келіп қарастыратын Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жолы да мәселенің баянды шешілуінің барлық түйткілдерін толық ашып көрсеткен еді. Ол қазақ тілінің латын әліпбиінің алғашқы нұсқасына байланысты сыни көзқарасын да білдіруден жасқанған жоқ: «Ұлттық комиссия латын әліпбиі бойынша толыққанды соңғы шешімін шығарған жоқ, сондықтан газет беттерінде және басқа да жерлерде апострофтарды қолдануға әлі ерте». Спикердің осы мәлімдемесінен соң жаңа әліпбиді енгізу бойынша қарқынды жұмыс жаңа мәнге ие болып, жұртшылықтың да бұл жұмысқа жұмыла атсалысқанын білеміз.

Қасым-Жомарт Тоқаев – қазақ еліне сырттан келетін қайғы-қасіреттің алдын алу немесе оны болдырмау мәселелеріне де алабөтен көзқарасы қалыптасқан қайраткер. Бір ғана мысал. 2018 жылдың 19 желтоқсанында ҚР Парламенті Сенатының отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев есірткі бизнесімен айналысатын қылмыскерлерге қатысты сот шешімін өмір бойы түрмеге қамау не өлім жазасына кесуге дейін қатаңдатуды ұсынды. Мұндай қатаң пікірінің себебін де өзі түсіндіре кетті: «Өйткені, олардың іс-әрекетін мемлекеттің ұлттық мүдделеріне қауіп төндіретін терроризмге теңестіруге болады». Иә, өзін қашанда ұстамды да ұлық ұстайтын Қасым-Жомарт Тоқаев – өз ұлтының мүддесін қорғауға келгенде ешкімнің бет-жүзіне қарамай, ойын ащы да болса ашық айтуға дағдыланған дарабоз.

Оның осы қасиеті 2019 жылдың 8 ақпанында өткен ЕАЭО-ның сауда саясаты туралы ҚР Парламенті Сенатының тыңдауында да байқалды. ЕуроАзиялық экономикалық одақтың құрылуының басы-қасында өзінің де болғанына қарамастан Қасым-Жомарт Тоқаев керек жерінде бұл одақтың кейбір тұстарын сынаудан да жасқанбайтынын осы жолы анық аңғартты. «Интеграция – бұл, шын мәнінде, өзара тең мүдделерді табу деген сөз. Интеграцияда аутсайдерлер мен есе жібергендер болмауы тиіс, керісінше, барлық қатысушылар ұтысқа кенелуі керек» деп өз ойын қысқа да нұсқа қайырған Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ елінің бұл одақта есесі кетпеуіне қатысушылардың көзін жеткізіп, қатаң талап қойды. Сындарлы спикердің мұндай батыл ойды айтуға дауасы жеткенімен де дипломатияның барлық критерийін ұңғыл-шұңғылына дейін меңгерген оның бойындағы кәсіби шартты рефлекс бұлай көсілуге жібермей қалуы да мүмкін еді-ау?! Иә, мүмкін! Бірақ, біздің Қасым-Жомарт Тоқаев өз бойындағы «кәсіби кеселдің» өзін де жеңіп шықты. Ұлт мүддесі үшін! Мемлекет қауіпсіздігіне келгенде кез келген шарттылық пен тосқауылды бұзып-жару – Қасым-Жомарт Тоқаевтың бойына тектілігімен қонған киелі қасиет.

2014 жылғы 24 қарашада Астанада өткен парламенттік конференцияда Қазақстанның саяси құрылымына қатысты көзқарасын білдіргенде Қасым-Жомарт Тоқаев қашанда «күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беруші Үкімет» болғанда ғана біз мықты мемлекеттердің қатарына қосылатынымызды қадап айтқан болатын. Иә, оның саяси кредосы – ең сенімді кредо. Мұндай нанымы бар саясаткер ел басқаруға әбден лайық!

Құрметті Сайлаушы!

Сіздің қалауыңыз күшті Президент болса, онда Қасым-Жомарт Тоқаев үшін дауыс беріңіз!

Дұрыс таңдау – дұрыс қалау!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *