МӘСКЕУГЕ ЖІБЕРІЛГЕН БЕСІК

мәдениет
1 109 Views

Мәдениеттің, ғылым мен білімнің орталығы саналған Ленинградта Талжан ағаның 1983-1988 жылдардағы романтикаға толы жастық шағы өткен еді. Шын мәнісінде оқудан бас алмай, ғылыммен айналыстым дегенде де жастық өмір өзіне ғана тән жалынымен өзгеше бір сезімге бой алдыратындай еді.

Бір ауық аспиранттық күндерін сағынады. Бөлмелес достарын еске алады… Бөлмелестерінің бірі – Омскілік Николай Каширцев, екіншісі Ставропольден келген Сергей Углов болды.

Талжан алғашқыда жарты жылдай Николаймен бірге тұрды. Жатақхана асүйінде тамақ дайындап, пісіреді, яғни таңғы және кешкі ас өздерінен, ал түскі тамақ, әрине, асханадан болатын.

Шындығына келсек, ас мәзіріне байланысты іс-әрекеттердің барлығын өзі жасап жүрді, әрине, бір бөлмеде тұрған соң қалай қасыңдағы азаматты дастарханға тартпайсың, ол біздің тәрбиеде жоқ дүние емес пе?! Солайымша Николай бұның күнделікті «қонағы» болып жүрді…

Табақ-аяқты жуып қоюға атсалыспайтын Николай бірде бұл жууға апара жатқан ыдыстарды қолынан алып қойғанды. «Е-е, кішкене ұяты оянған екен-ау» деп ойлады Талжан. Сөйтсе, кейін ыдыстар сол күйінде қалыпты, содан соң оған «мұның не» деп сұраса, ол: «Талжан, мен Мәскеуде алты жыл жатақханада тұрғанмын (Мәскеу физика-техникалық институты) онда ыдысты керек кезінде ғана жуу керек деген жатақхана заңы болатын» деп жауап берген, күлімсіреп. Негізі, Николай жақсы азамат, бірақ та ол жорық, сапар, экскурсия сияқты режимдегі өмірге бейімделген екен.

Бірде қыстың қақаған аязында бір аптаға Солтүстікке қарай палаткалары мен жабдықтарын арқалап, жорыққа кеткені де есінде. Сонда мынадай қызық жайт болыпты.

«АН-24» ұшағымен көрші облысқа барса керек, қайтарында курстас досы екеуінің қаржысы таяздалып, ұшаққа да аз ғана ақша жетпей, кезектегі бір азамат жетпегеніне демеу жасап, ұшақта ұшып келе жатыпты. Ендігі жерде Николай мен досын метроға жол кіре тиынды кімнен сұрасақ деген ой мазалайды…

Николайдың қасына бір сымбатты қыз жайғасса керек. Сері жігіт сұлу бойжеткенмен танысып, әңгіме-дүкен құрып, жол бойы сөз жарыстырып келеді. Ұшақ қонғалы жатыр. Николайымыз кенет әлгі қыздан 20 тиын сұрағаны… Нәзік жанды азаматшаның көңіл-күйін көктен жерге түсірердей әсерде қалды… Әрине, сұрағанын берген, бірақ…

Романтик досының «8 наурыздың» қарсаңында қолында сегіз букет гүлмен бөлмеге кіргені, осының алдында ғана ол стипендиясын (90 сом) алған болатын. Досына «мұнша гүлді кімге» дегенінде, «метро алдында бір қария апа сатып тұр екен, аяп қалған гүлінің барлығын көтересінен алғаным ғой» дегені, «жарайды, қайырымдылығыңа рахмет, ал қаржы жағың да сенің мәз емес қой, достым, анаған да, мынаған да қарызсың, мендегі қарызыңды айтып жатқаным жоқ, қаржыға ұқыптылық керек» деп ұрсып та алды Талжан. Сонда досы жинақ кітапшасын көрсетіп, онда кезінде (студент кезінде) 7000 сомға дейін қаржы болғанын, ал қазір 3-ақ сом қалғанын айтып отырды.

Студенттік кезеңде ақшаның көп болуы, ол «шабаштық» жұмыстар істейтін, яғни биік ғимараттардың әйнегін жуу, шатырларын, су ағарларын жөндеу, бояу сияқты жұмыстардан Мәскеуде жақсы ақша табатынын айтатын. Әрине, демалыс күндері немесе каникул кездерінде өзі де бір байқап еді. «Сол кездерде аптасына бір рет ресторандардан тамақ ішетін де едік, ақша көп болған соң оның құнын да бағаламадық. Сондықтан аспирант шағыма соның әсері өтіп отыр ғой» дейді, Талжан.

– Тәке, саған рахмет, жарты жыл бойы маған бір артық әңгіме айтпадың, былай айтқанда, мені жарты жылдан бері «қонағың» ретінде бағып келесің ғой, – дейді, риза көңілмен, Николай.

Әрине, бұл біздің қазақы ұлттық тәрбиеміздегі қонақжайлылық менталитеттің басым болғандығы ғой…

Сосын досынан «енді мына сегіз букетті не істемек ойың бар» дегенінде, «қазір кухнядағы қыздарға табыстап, көңілдерін бір көтеріп қоямын», – дейді, жымиып.

Міне, осы гүлдің арқасында Оля деген студент қызбен танысып, ғашықтық дерті махаббатқа ұласты. Оля алматылық екен, электр энергетикасы факультетінің студенті.

Досының Оляға деген махаббаты қуатты отқа айналып, кейде көңілді, кейде көңілсіз кейіпте уақыт та өтіп жатты. Николай көңілсіз болған кезде, аяғын аспанға беріп, басымен тұратын мезеттер де жиілеп кетеді. Мұндайда «не болды» десең, «Олямен театрға барамыз деп келісіп қойғанбыз, кенеттен ол бара алмайтынын айтып, түркімен жігітпен кетіп қалды» дейді. Сөйтсе Олямыз екі жігітпен бірдей жүреді екен, оның Николайдан алдын жүріп жүрген жігіті бір курс үлкендігі бар түркімен бала екен. Оля оны жақсы көретіндігі, ал мұның бөлмелесін дос ретінде қарау жағдайында болса керек. Бір күні Талжан Оляны жолда кездестіріп қалып, ұрысқан ыңғай білдірді: «Сен неге досымның басын қатырып жүрсің» деп. Сонда «Николай маған ұнайды, бірақ әлі менің оған деген махаббатым оянбады» дегені.

– Коля, тәкаппар бол, Оляны қайтесің, бір мезгілде екі жігітпен жүрген қызың неге керек? – дейді Талжан намыстанып, досына.

Көктемге қарай жатақхананың маңынан түркімен ұлтының бас киімін киген екі қарияны көргені бар. Талжанның іші қылп ете қалды. Шамасы, Оляның «қайын жұрты». Азиялық менталитет. Ұлының орыс қызын алуына қарсы… Шынында да тап солай болды. Әлгі түркімен жігіті Олясыз еліне қайтып кетті… Осылайша, Оляның махаббаты трагедияға ұласқандай, ол да академиялық демалыс алып, Алматысына кетіп қалды.

…Әлі есінде. Сол кездегі Фрунзе қаласынан Түймекүл Тышқанбаева деген қазақ қызы оқыды. Бір күні сол қазақы дастархан жайып, бөлмесінен дәм татуға шақырғанды. Осы басқосуда Николай Светлана есімді қызбен танысты. Көңіл жарастырып, бірге жүрді. Нева сағасына құятын шағын өзеншенің жағасындағы Сестрорецк қаласынан келген Светаның үйіне де барған. Олардың моторлы қайығы бар екен. Соған аспиранттардың гараж салып бергені бар. Әрине бұл жағынан тәжірибесі бар Талжан тас қалаушы, болды. Кейін Николай Светамен пәтер жалдап, бөлек шығып кетті.

– Үйленбей жатып, мұның не?,– дейді ғой Талжан тағы ақылын айтып.

– Тәке, қойшы осы азиаттық психологияңды.

Сонымен ғалымдар үйінде Николайдың үйлену тойы болмақ. Қызу дайындық басталып кетті. Талжан ақша жинауға кірісті. Тойға сыйлық алу үшін, әрине.

– «Зенит» фотоаппаратын алыңдар. Қалқымалы объективі болсын. – Бұл Николайдың аспирант достарына салған қолқасы.

1987 жылдың соңғы айы болатын. Тойға 3 күн қалған.

– Тәке, тез ақша тауып бер, Омскіге кетуім керек,– дейді ғой тойы болатын Коля, – кейін түсіндіремін, «әкесі науқастанып қалды» дерсің.

Той тоқтатылды. Фотоаппарат алынған жоқ. Николай сол кеткеннен мол кетті. Света келіп:

– Менің анам еврей, оған мен кінәлі емеспін. Николай сол үшін үйленбеді, – дейді көз жасын көл қылып. – Әлі де болса достарыңды кешірер едім…

Сол Николай бір айдан соң бой көрсетті.

– Оның шешесі еврей екен, сонда бала-шағам еврей болуы керек пе?,– дейді ғой Николайы Тәкесіне келіп. – Кейінгі ұрпағымның еврей болғанын қаламаймын. Еврейлер маған жол ашады, жағдай жасайды, бірақ мен оларға құлша қызмет жасауым керек.

Әрине, бұл Николайдың сылтауы деп ойлады Талжан. Оның жүрегінде үлкен махаббат болған жоқ. Сосын да оның сезімі от болып лауламады. Шоқ күйінде қалып қойды деп түйді.

Светлана Германияның немісіне тұрмысқа шығып кетті. Ал сері жігіт Николайдың тағы бір «романы» басталып та кетті.

Қыс. Жаңа жыл қарсаңы, 31 желтоқсан болатын. Сыртта су жаңа «Жигули» тұр. Қазақстанның нөміріне ұқсайтын сияқты. Ақ қар, көк мұзда жеңіл көлік қайдан келсін деп ойлады Талжан.

– Тәке, Оля тұрмысқа шығыпты, осында келді, – дейді жүзі бал-бұл жанған Николай.

Сол жолы бұларды Оля күйеуімен таныстыру үшін шақырған еді. Қонақ болып, тарасты…

Кейін, мамыр айы болса керек, Оля жүкті, оқуға қайта тіркелу мақсатында келген екен. Ол жаңа бөлме алған, бірақ жөндеу жұмысын істеу керек. Оған, әрине, Николайды шақырады.

– Күйеуі қайда? Сен неге барасың, – дейді ғой Талжан, тағы да күдіктеніп, – сенің мойныңа тұзақ салып жүрмесін.

Мұндай сөздің шамына тиіп тұрғаны шамалы. Николай Олямен қайта табысатындай көрінген еді, Талжанға. Сол ойы шынға айналып бара жатқандай. Екеуі метродан бірге шықты. Николайдың қолында посылка қорап, вокзалдан келе жатыр екен. «Жарайды, жүкті әйелге көмектескені шығар» деген ой жылт етті.

– Аяғы ауыр әйелді алмаймын ғой енді,– деп ақталады Николай, – елінен посылка кепті, соны көтерісіп…

Екі-үш аптадан кейін Оляның анасы келді. Күйеу бала жоқ. Талжанның ойына тағы күдік ұялады. Айтқанындай, Оляның анасы Николайға «Қызымды әлі де жақсы көресің бе?» дегендей сұрақ қойыпты.

– Адамда ар-намыс болу керек қой. Айттым саған аулақ жүр деп Олядан! – бұл Талжанның кезекті «әңгімесі». Түркімен жігітінен түсік жасатқанын естіген еді. Енді міне, тағы екіқабат болып келіп тұр. Ал Николайдың махаббаты сөнер емес, қайта лаулап, тұтанып жатқандай…

Сол жолы Оля егіз нәрестені әкелген өмірге, бірақ мерзіміне жетпей туылған ба, сол сәбилер шетінеп кетті.

Кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап, елге қайтқан Талжан Ольганың Николаймен қайта қауышқанына 1989 жылы жазда симпозиумға барғанында толық көзі жетті. Аракідік телефон шалғанында, трубканы Оля көтеретін. Бірақ көңілі құрғыр оған сене қоймайтын-ды.

Сол жолғы сапарында Николай ескі досына ағынан жарылды.

– Анам да, әкем де, ағам Саша да қарсы екендігін білесің және оның үстіне досым сен де қарсысың. Түсінесің бе, мен оны шын сүйемін. Достарым талай қызбен таныстырды. Ешқайсысына көңілім соқпады…

Ойлануға да уақыт аз. Николай досын ұшаққа шығарып салып тұр.

– Жарайды енді, махаббаттарың баянды болсын. Батамды бердім деп есепте,– деді Талжан, – махаббатыңа обал жасамайын деген ой ғой.

Бір қызығы, Ольганың да әкесі де, шешесі де еврей ұлтынан екен. Қос жүректің лүпілі, сірә, ұлтқа қараушы ма еді. Олардың менталитеті бізге келе бермейді. Ұнатты ма, сүйіспеншілік салтанат құрды ма, басқасына бас қатыратын олар емес.

Араға екі жыл салып, қос ғашық Қазақстанға ат басын тіреді. Әрине, Шымкентке келуді де жоспарлапты. Қазақы дастарханнан дәм татқан Николай мол асылған етті қамырымен бес саусағын салып тұрып жегені бар.

– Талжан Ленинградта қазақтардың ұлттық тағамы «бесбармақты» маған жақсы таныстырған. Сосын да бұл «бесбармақ» менің ең сүйікті тағамдарымның біріне айналды. Жеген соң саусақты салып тұрып жеу керектігін де осы кісі үйретті. Және бұл тағамның кереметтігі – ол саусақтарыңды соруда екендігін, Сіздер, меніңше, білмейтін сияқтысыздар, – деген-ді, жұртты таң қалдыра. Себебі Талжанның әріптес достарының барлығы европаша шанышқы-пышақпен жеп отырған еді тамақты. Осы сөзден кейін қазақтарыңыз ыңғайсыз күй кешкені есінде.

Сол жолы Талжанның ұлы Қанаттың бесікте жатқанын көрген Николайдың таңданысында шек жоқ еді.

– Не деген шеберлік. Таза, ыңғайлы, сәби үшін бұдан артық не керек?,– дейді қолына қаламы мен қағазын ұстаған Николай. Бесіктің сызбасын жасап әбігер. Өзі де болашақ баласын осындай бесікке жатқызбақ ниетте.

– Сызба жасаудың қажеті жоқ. Оля босанса, мен бесік алып беремін,– дейді Талжан.

Көп ұзамай досынан хабар келді. Қызды болыпты. Талжан уәдесінде тұрып, қазақтың жасаулы бесігін Мәскеуге жөнелтті. Бір күні Николай звондап тұр.

– Тәке, мына «мундштукты» түсінбедім. Оны қалай пайдаланатын еді?

Сол кезде ғана Талжан ұлдың ғана шүмегін жібергенін ойлады. Артынша қызға арналғанын тағы салып жіберді. Осылайша, алматылық қыз Ольганың қазақ дәстүрінен хабары барлығы кішкентай Дашаның бесікке жатуына себеп болғандай. Оның үстіне Николайдың бесікке деген қызығушылығы да тым жоғары болды.

Кейін Талжанның әпкесі Мәскеуге сапар шекті. Екі адам болып барады дегендерді Оля мен Николай төрт кісі етіп күтіп жібергені бар. Қазақ емеспіз бе, апамыз жол бойында табысқан екі танысын қоса апарған ғой. Қазақстандық Ольганың қонақжайлылығы осыдан көрінсе керек. Алдарына барын қойып, шығарып салған.

…Өкініштісі сол, еврей қызы Ольга туған-туысқандарымен бірге ұл-қызын алып, Америкаға көшіп кетіпті. Николай бармаған. Бірақ, әрине, ұл-қызына көмектесіп жүрді. Кубаға жақын маңдағы бір аралда бұрынғы отбасымен кездесіп тұратынын айтты бірде Николай. Нарық заманы басталғанда-ақ бизнеспен айналысқан оның бұл бағыттағы шаруасы дөңгеленіп жүре берген… Өзіне жақын тұтқан Тәкесіне де бизнес жайлы әңгімесін айтып, көмегін бергені бар. Ескі дос әлі де хабарласып тұрады. Кейіннен дипломдық жұмысының жетекшісі болған профессордың қызына үйленіпті, Николай дос.

 

*   *   *

Ленинградтан Мәскеуге пойызбен келетін. Метроның «Динамо» аялдамасында аэровокзал болатын. Қазақстандықтар сол жерден ұшаққа отыратын. Бұл кезде екі қыздың әкесі болып үлгерген Талжан Пердешұлының отбасы елге қайтқалы тұрғанында бір қазақ әйелінің жан дауысы шыққаны.

– Көмектесіңдер, сөмкемді ұрлап кетті!

Баласын емдетуге әкелген әйелдің бүкіл затын біреу «сыпырып» кетіпті. Көпшілік жиналып қалған. Аэровокзал қызметкерлері төлқұжатсыз ұшаққа отырғызайық, бірақ жол билетінің құны төленуі керек дегенді айтты. Аты-жөні әлі есінде, Қожабергенова болатын. Шымкенттегі Сыпатаев атындағы мектептің мұғалімі екен. Талжан 70 сом ақшаны қолына ұстатты. Билет құны 56 сом еді. Қасындағы келіншегінің «танымайтын адамға ақша бермеу керек шығар» дегеніне қарамастан, шырылдаған анаға осылайша көмек қолын созғаны бар. Әрине, ол кісі кейін бұл қаражатты қайтарып, алғысын жаудырған.

 

*   *   *

Тағы бір досы сол кездегі М.Горбачевпен бір үйде тұрған, қаладағы «ГУМ-ның» директорының ұлы. Ақсүйектер отбасында өскен ставропольдік Сергей, қызбен жүруге қырсыздау болатын. Көшеде танысқан Наташаға үйленді. Түр жағынан сүйкімсіздеу көрінетін оның жаратылысы басқаша көрінетін. Скандинавиялықтарға ұқсас. Күйеу жолдас болған Николайға да ұнамапты қалыңдығымыз.

– Әлі де кеш емес, сүйкімсіз қызды қайтесің? – деп ақыл айтқан болды екеулеп.

– Қойыңдаршы, үйленемін, – дейді Сергейіміз.

Санкт-Петербургке жолы түскенде барған ғой Талжан ағамыз. Екеуі де ет жемейді екен. Наташа дастарханға быламық секілді бірдеңе қойыпты. О баста достары қаламаған Наташа да Сергейдің ойынан шыға қоймаған ба, кейін пәтерді екі қызы мен әйеліне тастап, Сергейіміз кете барған. Қазір жалғыз тұратын көрінеді.

Өмір-өзен өз ағысымен Нева суындай ағып жатады… Сол Неваның бойында жастық шағының бірер жылы өткен профессор Талжан Раимбердиев аспирант кезіндегі достарын осылайша бір сәт еске алып тұратыны бар…

Гүлжан ЕЛІБАЙҚЫЗЫ,

журналист

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *