НЕГІЗГІ МАҚСАТ – ОТАНДЫҚ ӨНІМНІҢ ЭКСПОРТТЫҚ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУ

Экономика Қоғам
98 Views

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегацияның Қытай Халық Республикасындағы жұмыс сапары аясында 20-дан астам меморандумға қол қойылып, маңызды келіссөздер жүргізілді. Облыс әкімі Бейжің қаласының іскер топ өкілдерімен G2B форматта маңызды кездесулер өткізді. Онда құрылыс, ауыл шаруашылығы, өндіріс, жиһаз өнеркәсібі және басқа да салалар бойынша екіжақты ынтымақтастық талқыланды.
Кездесудің негізгі мақсаты – Түркістан өңірінде өндірісті дамытуға жеке инвестициялар тартуға, отандық өнімнің экспорттық әлеуетін арттыруға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласын сапалы және заманауи техникамен қамтамасыз етуге және отандық өндірісті дамыту саласында сындарлы өзара іс-әрекетті жолға қоюға ықпал ету.
Бүгінгі күндегі отбасылық бизнес – бүкіл әлемге таралған кәсіпкерліктің түрі. Отбасылық бизнес құруға Түркістан өңірі де ден қойды. Отбасылық (туыстық) бизнес үлесі тамырын кеңге жайып келеді. Әлемнің дамыған елдерінде атадан балаға мұра болып қалатын кәсіп экономиканың негізгі қозғаушы күші болып есептеледі.
Облыс әкімі жүздескен компаниялардың басым бөлігі осы отбасылық бизнес өкілдері. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін егуден бастап, терең өңдеп, әлемдік нарыққа шығарған. Жоғары технология, компьютерлік жүйе, экологиялық таза өнім сатуды мықтап қолға алған кәсіпкерлер Түркістан облысына инвестиция құюға, жергілікті шаруалармен тәжірибелерімен бөлісуге дайын.
Қытай – Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі. Сондай-ақ 2024 жыл «Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы» екеніне тоқталып, бұл отандық туристік компанияларға, сондай-ақ туризм нысандарын кеңірек насихаттауға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Облыс әкімі атап өткендей, туристік әлеуетті жоғарылату арқылы экономиканың да әлеуетін көтеруге мүмкіндік бар. Визасыз режим екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды ынталандыруға, сауданы жеңілдетуге, өзара инвестицияларды ұлғайтуға және ҚР мен ҚХР арасындағы туризмді дамытуға айтарлықтай ықпал етеді. Бұл әсіресе, алдағы «Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы» аясында өте өзекті.
Ең үлкен аймақ саналатын Түркістан өңірінде өндірісті дамытуға күш салынған. Облыс орталығында жиһаз өндірісінде өсім бар. Бұл салада көш бастаған Қытай кәсіпкерлері өз тәжірибесімен бөлісіп, қолдау білдіруге ниетті.
Қазіргі уақытта Түркістан облысында қолайлы инвестициялық ахуал құрылған. Өңірдің негізгі инвестициялық алаңдары – жалпы аумағы 540 га 10 индустриалды аймақ және жалпы аумағы 4000 га алаңды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Онда инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскесі және дайын өндіріс алаңдары ұсынылады. Арнайы экономикалық аймақ өз қатысушыларына салықтардан, кедендік баждардан және инфрақұрылымы бар жер учаскелерінен өтеусіз негізде босатуды қамтитын ерекше құқықтық режимді ұсынады. Сонымен қатар жаңа өндірістік жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін «шағын өнеркәсіптік парктер» салынуда. Аталған өндірістік ғимараттарды бизнес субъектілеріне жеңілдетілген шарттармен жалдау және сатып алу құқығымен беріледі.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегация Қытай Халық Республикасындағы жұмыс сапарын Ухань қаласында жалғастырды. Хубэй өлкесіне қарайтын бұл аймақ елдің ең ірі экономикалық орталықтардың бірі және орталық Қытайдың ең ірі ауылшаруашылық провинцияларының бірі. 60 миллионнан астам халқы бар Хубэй мақта өндірісінде көш бастап тұр.
Сапар аясында облыс әкімі Хубэй провинциясының губернаторы Ван Чжэнпумен кездесіп, бауырластық меморандумына қол қойды. Құжат өңір арасындағы өзара түсіністік пен бауырластықты нығайту, сондай-ақ өзара тиімді ынтымақтастықты қамтиды.
Кездесу басында Дархан Амангелдіұлы ҚХР-ға жұмыс сапары барысында облыстық делегацияға көрсетілген меймандостық пен жылы қабылдаулар үшін Хубэй провинциясының губернаторына алғысын білдіріп, өңіраралық ынтымақтастық орнатудың маңыздылығын айтты. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты түрде байланыста болып, екі жаққа тиімді жобаларды жүзеге асыруға келісті.
Түркістан облысының Қытайға делегациясын басқарған өңір басшысы Дархан Сатыбалды Ухань қаласындағы іскер топтармен кездесіп, өңірдің әлеуетін таныстырды. Облыс әкімі бастаған делегация Хубэй халықаралық кәсіпорындар ынтымақтастығы қауымдастығының атқарушы төрағасы және Бас хатшысы Хуан Лисямен кездесті. Онда Хубэй халықаралық кәсіпорын қауымдастығымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Кездесу барысында екі елдің аймақтары арасындағы байланыс тұлғалары тағайындалды. Қазақстан-Хубэй байланыс орталығын құрғаны үшін Түркістан облысы әкімі төраға Хуан Чжоуженге куәлік тапсырды. Сонымен бірге Қадылбек Жалын мен Хуан Лисяға қазақстандық байланыс тұлғасының куәлігі берілді.
Сонымен қатар облыс әкімі Хубэй провинциясының іскер топтарының өкілдерімен кездесулер өткізді. Мақта өңдеу зауытын салу, Түркістан облысына тікелей рейстерді ашу, білім беру, денсаулық сақтау, цифрландыру, туризм, ауыл шаруашылығы саласын дамыту туралы келіссөздер жүргізді. Сондай-ақ өңір басшысы инвесторлармен кездесіп, бірлескен жобаларды талқылады.
Хубей өлкесі тоқыма өнеркәсібінен көш бастап тұр. Ухань – Қытайдың Хубей провинциясының орталығы. 12 миллионға жуық адам тұратын елдің орталық бөлігіндегі ең көп қоныстанған қала. Хубэй провинциясы – ҚХР экономикасындағы ең маңызды аймақтардың бірі болса, Ухань – Еуразияның маңызды логистикалық орталығы және негізгі көлік хабтарының бірі. Бұл өзен порты ғана емес, сонымен қатар Қытайдың ірі теміржол торабы.
Қытайдағы жұмыс сапарын жалғастырған делегация Сиань қаласына да аялдады. Ұлы Жібек жолының бастауы саналатын Шэньси провинциясында 47 миллионнан астам халық тұрады. Сиань қаласы Қытайдың рухани және мәдени астанасы саналады. Сапар аясында облыс әкімі Шэньси провинциясы партия комитетінің хатшысы Чжао Идэмен кездесті. Онда Түркістан облысы мен Шэньси провинциясы арасында бауырластық қарым-қатынас орнату туралы келісімге қол қойылды.
Маңызды құжатта тараптар өңір арасындағы өзара түсіністік пен бауырластықты нығайту, тиімді ынтымақтастықты дамытуға ниет білдіреді. Сондай-ақ өңіраралық келісім бойынша екі жақ дамуды ынталандыру мақсатында сауда, ғылым мен техника, гуманитарлық алмасу, логистика, инфрақұрылым құрылысы, жаңа энергия көздеріндегі автомобиль өндірісі, білім саласындағы әріптестік пен түрлі нысандарда өзара алмасулар мен ынтымақтастықты жүзеге асыруға ниетті.
Кездесу басында Дархан Амангелдіұлы ҚХР-ға жұмыс сапары барысында облыстық делегацияға көрсетілген қонақжайлылық пен жылы қабылдаулар үшін Шэньси провинциясы парткомитетінің хатшысына алғыс білдірді. Жұмыс сапарының мақсаты – екі ел көшбасшыларының уағдаластықтарын іске асыруды ілгерілету екенін жеткізді. Өңіраралық ынтымақтастық орнатудың маңыздылығын айтты.
Облыс әкімі өңірлер арасындағы туристік байланыстарды дамытуға ерекше назар аударды. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты түрде диалогта болып, өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, екі жаққа тиімді жобаларды жүзеге асыруға келісті.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы мен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзаның барлық деңгейдегі тұрақты байланыстары екі елдің берік достығы мен тығыз қарым-қатынасының жарқын үлгісі. Бүгінде Қазақстан экономикасына тартылған инвестиция бойынша Қытай Халық Республикасы ТОП-5 инвестор елдерінің қатарына кіреді. Соңғы 15 жылда Қытайдан тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 24 млрд. АҚШ долларына жетті. Ал өткен жылы Түркістан облысымен өзара тауар айналымы 149 млн. АҚШ долларын құрады. Өңіраралық ынтымақтастық орнатудың маңыздылығын түсіне отырып, өздеріңізбен тығыз байланыста жұмыс істеуге ниеттіміз. Бүгінгі келісім өз кезегінде өңірлеріміздің түрлі салаларда дамытуына серпін беретіне сенім білдіремін, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Шэньси провинциясы партия комитетінің хатшысы Чжао Идэ Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан арасындағы достық және экономикалық байланыс өте жақсы деңгейде екеніне тоқталды. Қазақ халқына, көршілес елге деген құрметі жоғары екенін жеткізді.
Шэньси провинциясы мен Қазақстан арасында сауда, экономика, білім беру, гуманитарлық алмасу салаларында оң нәтижелерге қол жеткізілді. Қазақстан-Қытай тауарларының көрмелері өткізіледі, көлік, білім беру саласындағы ынтымақтастық дамуда. Қазақстандық студенттер жоғары оқу орындарында оқиды. Шэньсиде көлік және логистика саласында дамыған. Өлке Қытайдың орталығында орналасқан, теміржолдары және әуе жолдары дамыған. 45 елмен және аймақпен теміржол байланысы бар. Үш климаттық белдеуде орналасқан өлке көмір қоры, мұнай, газ бойынша жетекші орында.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТАРДА 49 КӘСІПОРЫН ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібековпен кездесті. Кездесу барысында өңірді дамыту мәселелері талқыланды.
Өңір басшысы облыста инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу, кәсіпкерлікті дамытуға басымдық беріліп отырғанына тоқталды.
Ұласбек Сәдібеков заң шығару саласындағы жұмыстарға тоқталып, ел үшін маңызды Заң жобалары қабылданып жатқанын атап өтті. Аймақты дамыту бағытында да бастамалар көтерілгенін айта келе өңірдегі өзгерістерден хабардар екенін жеткізді.
Кездесуде Кентау қаласын дамыту мәселесі, Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру, жол жөндеу, руханият саласындағы түйткілдер тарқатылды. Халық қалаулысы Түлкібас ауданындағы теміржол өткелін күрделі жөндеуден өткізу, халықты тұрғын үй салатын жер учаскесімен қамтамасыз ету, Кентау мен Бәйдібек ауданын экологиялық аймаққа ендіру, өңірдегі қараусыз қалған тарихи нысандардың жай-күйі, ауруханалар мен емханалардың жөндеуден өткізу, шаруаларды алаңдатқан суармалы су жайын реттеу секілді өзекті мәселелерді тиісті министрліктерге депутаттық сауал ретінде жолдағанын жеткізді. Сондай-ақ, кеңес үкіметі кезінде Бәйдібек ауданына қарасты 7500 гектарға жуық жер Арыс қаласының аумағына беріліп кеткенін айтқан Ұласбек Сәдібеков, бұл жағдай бойынша арнайы комиссия құрылып, Бәйдібекке тиесілі жердің қайтарылуы қажеттігін сөз етті. Себебі, қазір шаруалар үшін жайылым жердің тапшылығы туындап отыр.
Кездесуде «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес жүзеге асып жатқан жұмыстардың барысы пысықталды.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңірден сайланған бір мандаттан депутаттардың Парламентте көтерген депутаттық сауалдарынан хабардар екенін айтып, әрбір жағдай бақылауда болатындығына тоқталды.
Айта кетейік, инвесторлар үшін Түркістан облысында бизнес климат жасалған. Облыс көлемінде 594 гектарды құрайтын 10 индустриалды аймақ және 580 гектардан тұратын арнайы экономикалық аймақтар бар. Бұл аймақтарда 49 кәсіпорын жұмыс істейді. Қосымша 39 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жүзеге асыру сатысында. Екіншіден, шағын өндірістік парк құрылысы жүзеге асырылуда. Өндірістік парк аумағында 42 өндірістік ғимараттар салынуда. Өндірістік парктің 1-кезеңі аяқталып, 14 ғимарат іске қосылды. Жалпы 30,7 млрд. теңгеге 10 жобаны іске қосу жоспарланып, 24,2 млрд. теңгеге 7 жоба іске қосылды.

ТҮЛКІБАС ӨНДІРІСТІ, ТУРИЗМДІ ДАМЫТУҒА ҚОЛАЙЛЫ АУДАН
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түлкібас ауданы тұрғындарымен кездесті. Кездесуде ауданды дамыту, инфрақұрылымын жақсарту, атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлар талқыланды. Өңір басшысы билік пен халық бірлесе жұмыс атқарса ғана аймақ дамитынын айтты. Өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту, ауылдарды абаттандыру, тазалық жағдайын жақсарту мәселесі маңызды екенін жеткізді.
– Нәтижеге қол жеткізу үшін әкімдіктер мен халық бірлесе жұмыс істеуі керек. Мысалы, елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатыр. Өкінішке қарай, әзірге негізінен бюджеттік мекеме қызметкерлері ғана белсенді атсалысуда. Күл-қоқысты көріп өскен бала оны қалыпты жағдай деп қабылдауы мүмкін. Сондықтан қоршаған ортаны таза ұстап, тұтас ел болып үлгі көрсетуіміз керек. Таза елге береке келеді, тұрақты елге инвестиция тартылады. Осы бағытта бірлесе жұмыс істеуге шақырамын. Түлкібас ауданының мүмкіндігі жоғары. Өндірісті, туризмді дамытуға қолайлы. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Түлкібас ауданында 2023 жылы 9 елді мекенде 20 жобаны іске асыруға қаржы бөлініп, тиісті жұмыс жүрді. Атап айтқанда, Майтөбе және Азаттық елді мекендеріндегі 49 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Ынтымақ елді мекеніндегі мектеп күрделі жөндеуден өтуде, биыл пайдалануға тапсырылады. Таусағыз елді мекенінде 150 орынға арналған мектептің қосымша корпусы аяқталып, пайдалануға тапсырылды. Ақбиік, Келтемашат, Рысқұл, Шұқырбұлақ елді мекендерінде фельдщерлік-акушерлік пункттердің құрылысы жүргізілді. Кершетас елді мекенінде мәдениет клубы салынып, пайдалануға берілді. 2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 1,6 млрд. теңгеге 243 жоба қаржыландырылды. Сондай-ақ «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдық жерлерге жолданған жас мамандарға қолдау көрсету мақсатында 59 маманға 20 млн. теңге көтерме жәрдемақы, 10 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 52 млн. теңге көлемінде бюджеттік несиелер берілді. Илон Масктың «Starlink» спутниктік интернет құрылғысын орнату жұмыстары басталып, Түлкібас ауданында 31 мектепте толық іске қосылды, – деді Дархан Сатыбалды.
Жалпы, Түлкібас ауданының негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде өсім байқалады. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 21 пайызға өсіп, 2023 жылы 99,5 млрд. теңгеге жетті. Биыл 5 айда бұл көрсеткіш 30,4 млрд.теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8 пайызға өскен. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 33 пайызға өсіп, 9 мыңнан асты. Олардың өндірген өнім көлемі 58 млрд. теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 14 млрд. теңгеге немесе 31 пайызға өскен. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 15 млрд.теңгеден асып жоспар 1 млрд.теңгеге артығымен орындалған. Құрылыс жұмыстарының көлемі соңғы 2 жылда 30 пайызға өсіп, 2023 жылы 6,4 млрд. теңгеден асқан.
Жиында аудан әкімі Нұржан Ізтілеуовтің есебі тыңдалған соң, тұрғындардың сұрақтары мен өтініштеріне кезек берілді. Тұрғындар тарапынан ауданды дамытуға қатысты түрлі сұрақ қойылды. Мәселелер назарға алынды.
Облыс әкімі инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстарды күшейту керектігін тапсырды.
Кездесуден кейін Дархан Сатыбалды аудан тұрғындарын жеке қабылдады. Оған басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері де қатысты. Әрбір өтініш хаттамаға енгізілді, олар бойынша тиісті жұмыс жүреді.

ТҰРАЛАП ҚАЛҒАН КӘСІПОРЫНДАР ЖҰМЫСТАРЫН ЖАНДАНДЫРДЫ
Түлкібас ауданында мемлекеттік қолдаумен өндіріс саласы дамуда. Жергілікті кәсіпкерлер субсидия, жеңілдетілген несие алып, бизнесін кеңейтіп жатыр. Пандемия кезінде тұралап қалған кәсіпорындар жұмыстарын жандандырды. Әкімдіктің қолдауымен түрік инвесторлары қаржы құйған «Azia Food Company» ЖШС биыл қайта іске қосылған. Ұн диірмен кешені жылына 36 мың тоннаға дейін бидай өңдеуге қауқарлы. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түлкібас ауданына іссапарында зауыт жұмысымен танысты. Биыл әкімдік қолдауымен «GRAND FLOUR INDUSTRY» ЖШС — мен серіктестік шикізатын өндіру бойынша келісімшартқа тұрған кәсіпорын қарқынды жұмыс істеуде.
– Біздің басым бағытымыз – өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту. Кәсіпкерлік арқылы мемлекет дамиды. Сондықтан осы салаға қолдау көрсетіп, жұмысты жандандырған жөн, – деді Дархан Сатыбалды.
Сондай-ақ бұл аумақта ұн комбинаты, 2 консерві зауыты, әк зауыты жұмыс істеп тұр. Өз өнімдерін таныстырған кәсіпкерлер жеңілдетілген несие алып, бизнестерін кеңейте бастаған. Жергілікті кәсіпкер 7 гектардан жиналған патиссон (табақша тәрізді асқабақ) жемісіне деген сұраныстың жоғары екенін жеткізді. Таулы аймақта ғана өсетін дәруменге бай өсімдік Түлкібас ауданында өсіріле бастаған.
Түлкібас ауданында 32 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Биыл ауданда шағын орта бизнес саласындағы кәсіпорындар саны 10 мыңға жетіп, жаңадан 12 720 жұмыс орны ашылды.
Сондай-ақ Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түлкібас ауданына іссапарында Шақпақ ауылдық округіндегі «Кен-Тау» ЖШС арнайы барды. Кәсіпкерге мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетілуде. 12 жылдан бері қарқынды алма бау өсірумен айналысып келетін серіктестікте 240 гектарға қарқынды бау отырғызылған. Израильден алынған су үнемдеу технологиясын пайдаланып, 30 гектар жерге қарқынды алма бау отырғызуда. Жыл сайын 4-6 мың тонна көлемінде өнім жинайды.
Түлкібастың құнарлы топырағында өсетін алмасы алыс-жақын шетелдерге танымал брендке айналды. Қырғызстан, Өзбекстан пен Ресей нарығында үлкен сұраныста. Ауданда алма бауды дамыту қарқын алып келеді.
«Кентау» ЖШС-нің 2200 тонна алма сақтайтын қоймасы бар. Кәсіпкер қыс мезгілінде алмаға сұраныстың жыл санап артуына байланысты, алдағы уақытта қосымша 2 тоннадан астам алма сақтайтын салқындатқышы бар қойма салуды жоспарлап, қыс мезгілінде 4400 тоннаға дейін экологиялық таза Түлкібас алмасын сауда қатарларына жеткізуді көздеп отыр.
Жалпы Түлкібас ауданында алма бау көлемі 3 мың гектарды құраса, соның ішінде 7 жүз гектардан астамын қарқынды бау алқабы алып жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың су үнемдеу технологияларын барынша пайдаланып, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін арттыру тапсырмасына сәйкес, биыл Түлкібас ауданында 55 гектар жерге тамшылатып суғару технологиясы енгізілген қарқынды алма бау отырғызылды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *