Сіз медицина жаза алмаған кеселді массаж арқылы жеңіп шығуға болады дегенге сенесіз бе? Иә, адам иланатын ақпарат емес. Алайда, біздің бүгінгі кейіпкеріміз күдігімізді сейілтіп, массаждың пайдалы тұстарын баяндап берді. Мемлекеттен берілген көмекті алып, өз кәсібін ашқан Динара бұл ем-дом арқылы талай науқастың алғысына бөленіп, мүгедек жандарды аяғынан тік тұрғызуға болатынын жеткізді.
Мурзабаева Динара – Кентау қаласында дүниеге келген. Бала күнінен дәрігер атануды қалаған кейіпкеріміз Кентау медколледжінде 3 жыл бойы білім алады. Біліммен қатар, оқу ордасына келген мамандардан 38000 теңгеге массаж курсын сатып алып, бұл істің қыр-сырымен танысып, жан-жақты маман атанады. Осыдан үш жыл бұрын жастарға берілген мүмкіндікті пайдаланып, мейірбике болып жұмысқа орналасып, қосымша табыс көзімен айналысуды бастапты. Қым-қуат тіршілікпен алысып жүрген көпбалалы анаға үйде қол қусырып, жолдасының табысына қарап отыру оңайға соқпаған көрінеді. Білікті массаж мамандарынан дәріс алып, білімін одан әрі жетілдірген Динара сүйікті ісін тапқанына ерекше қуанады. хабарласқан клиенттердің үйіне барып, тапсырысын орындап жүріпті. Кейіпкеріміз арада бір жыл уақыт өткен соң инстаграм әлеуметтік желісінен «Бизнес бастау» бағдарламасы туралы көзі шалып қалып, дереу құжаттарын жинауға кіріседі. Ондағы мақсаты – өзі арман етіп жүрген кәсібін бастау. Сонымен аудандық жұмыспен қамту орталығына барған Динара екі жүз шақты үміткер бақ сынаған конкурсқа қатысу үшін бір ай бойы онлайн дәріс алып, бизнес жоспарын құрады. Байқаудың нәтижесін 3-4 ай күткен кейіпкерімізге қуанышты жаңалық келіп, «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде грант ұтып алғанын айтады. Мамандығын жанындай жақсы көретін Динараға жолдасы жігер беріп, кәсібін бастауға тікелей ықпал еткен көрінеді. Массаж аппараттарын алуға мемлекеттен берілген 583400 теңгеден бөлек, қосымша ақша қосып, бір бөлмелі пәтерді жалға алып, кішігірім орталық ашады. Бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отырған ана мемлекеттің берген мүмкіндіктеріне дән риза.
«Қазіргі таңда емханаға бара қалсаңыз, бір айлық нәрестелерін көтеріп, дәрігерлерден көмек сұрап жүрген жас аналарды жиі байқаймыз. Сәбилер экологияның нашарлығынан немесе жүкті кезде ананың дұрыс күтінбегенінен түрлі кеселдерге ұшырап жатады. Солардың ішінде өте кең таралған дисплазия, рахит, гипоксия сынды ауруларды емдеуге массаж ғана көмек бере алады. Балаларға массажды 20 минут бойы жасаймын. Бір реттік ем құны 1500 теңгені құрайды. Ал ересектерге – 3500 теңге», – дейді Динара.
«Қан айналымының төмендеуі иммунитетті нашарлатып, ағзада түрлі дерттерді тудырады. Қан қысымының көтерілуі, бас ауруы, жүрек-қан тамыр аурулары, остеохондроз, артроз сынды кеселдер көпті мазалайтыны анық. Бұл мәселемен уқалау әдісімен ғана күресуге болады. Оның емдік қасиеті Грек және Рим ғасырларынан белгілі. Күн санап дамып жатқан саланы қолданбайтын адам жоқ. Тіпті, кейбіреулер шарықтап тұрған бағасына қарамастан массажға жазылып жатады. Әрине, бұл уқалаудың қаншалықты пайдалы екенін көрсетеді. Ал, ауырмаймын десеңіз демалдыратын массаждан гөрі батыстың классикалық және Қытайдың нүктелі массажын қосып алуға кеңес етемін. Осы екі массаждың емдік қасиеті бар. Маман ретінде массаждың емдік қасиетін алуды ұсынамын. Оны бас, мойынға, арқа мен белге, қол-аяққа, алақан-табанға, бетке де жасауға болады. Бірақ, кей кездері массажды мүлдем қолдануға болмайды. Себебі, денсаулығыңызды одан әрі асқындырып алу қаупі бар. Өткір безгек ауруы, психикалық, қан ауру, туберкулез, іріңді аурулар, өкпе, жүрек аурулары байқалса, уқалауға кеңес бермеймін. Қазіргі таңда емдік, классикалық, нүктелік, периосталдық массаждар өте танымал. Мәселен, адам денесінде 365 нүкте және маңызды 12 сызық бар. Бір ғана нүктелі массаждың өзі қан қысымын реттеп, инсулиннің деңгейін қалыпқа келтіріп, ас қорытуды жақсартып, иммунды жүйені реттейді», – деді кейіпкеріміз Динара уқалаудың қыр-сырымен тереңінен бөлісіп.
Әрбір адам артық шығын жұмсамай-ақ, нүктелі массажды өзіне жасай алатын көрінеді. Массаж жасамас бұрын еркін отырып алып, саусақты сағат тілі бойынша тоғыз рет айналдырған жөн. Емді күн сайын таңғы уақытта жасау жақсы нәтижеге әкеледі. Ал түскі уақытта жасалған массаж есте сақтау қабілетін арттырып, ас қорыту жүйесін қалпына келтіреді.
Кейіпкердің айтуынша, әр істің өзіндік қиындықтары бар.Массаж жасау үшін үлкен ыждаһаттылық пен таусылмас энергия керек.Бұл сала күн санап дамып жатқандықтан, гигиеналық, косметологиялық, нүктелі, емдік, мануалды массаж түрлерін жан-жақты меңгерген жөн.
Динара массаждың 3 түрімен тұрақты айналысады. Табысы да біршама жақсы. Орталығына күніне кем дегенде 5-6 клиент жүгінетін көрінеді. Тіпті, алыстан ат арылтып келетіндері де бар. Еңбекқор кейіпкеріміз сүйікті ісінің арқасында 70 жастағы әжейді аяғынан нық тұруға көмектесіпті. Бастапқыда жағдайы өте ауыр болып келген кісіге бірнеше ай бойы массаж жасап, үйіне қайта барғанда шипа қонғанын көрген Динара қуаныштан көзіне жас та алыпты. Бұл оқиға жұмысына деген ерекше ықыласы мен ынтызарын оятады. Көп ұзамай-ақ, таныстарынан естіген клиенттер ағылып, Динараға келеді. Массажбен қатар қосымша жаттығулар беріп, өзіндік құпия әдісін пайдаланатын кейіпкерімізге бұл жұмысы жан рахатын сыйлайды екен.
Еңбегі жанған Динараның жан жолдасы мен отбасы да қолынан келер бар көмекті аямапты. Тұрғылықты мекен-жайы Созақ ауданында болса да, күнделікті жұмыс бабымен Кентау қаласына келеді. Тіпті, енесі де үй шаруасында көмек қолын созып, үнемі келінінің мақтауын асырып отыратын көрінеді. Кәсібін бастамай тұрып, көптің ризашылығына бөленіп жүрген кейіпкеріміз күйеуімен бір келісімге келеді. Орталығын ашуға қосымша ақша ұсынған жолдасы ер адамдарға массаж жасауға тыйым салыпты. Қуана келіскен ол сол күні-ақ шабыты ашылып, күнделікті бітпейтін тірлікпен жұмысын қатар алып жүруге ұйғарады. Айтуынша, Кентау қаласында массаж жасайтын мамандардың саны өте көп. Бүгінде тұрғындар Динараның массаж орталығының көмегіне ғана қайта жүгінеді. Басында көңілі түсіп, бойын күдік билеген Динараның тұрақты клиенттері пайда бола бастайды. Жүкті әйелдер, жас аналар, кішкентай сәбилер, қыз-келіншектер түрлі себеппен келеді. Ал босанған әйелдер жатырдың төмен түсуі, аяқ қақсау, қарынға май жиналуы сынды түрлі мәселелерге тап болады. Остеохондроз, бел мен буын ауруы, омыртқаның қисаюы сияқты кеселдеріне ем іздеп келетіндер де бар.Массаж аурудың түрлеріне қара бірнеше кезеңге бөлінеді. Мәселен, омыртқасынан қатты зақым алған науқастарды қайта қалпына келтіру үшін 3 немесе 4 ай бойы ем шараларын қабылдаған жөн. Клиент 1 курсты 10 күн қабылдап, бір ай демалады. Динара тек орталықта ғана емес, тапсырыс берушілердің үйіне барып, өз жұмысымен айналысады. Бір қызығы, кейіпкеріміз бұл үшін артық ақы немесе жол қаражатын сұраған емес. Өздігінше қозғалып, еңбектей алмайтын балаларды жазу үшін төрт ай курс жасап, емін тауып, қала тұрғындарының алғысын алып жүр.
Динара жұмыссыз жастарды мемлекеттің берген мол мүмкіндіктерін барынша пайдалануға шақырады. «Көптеген адамдар жұмыссыз екенін айтып, өмірден түңіліп жатады. Бірақ, екі қолға бір күрек табылады ғой. Әрекеті бізден, ал берекеті Жаратушыдан екенін естен шығармаған жөн. Бала күтіміндегі ана демесем, еш уақытта құр қарап отырмаппын. Түрлі тәттілер, тіл үйірер тағамдар даярлаймын. Ұн тағамдарын, торт жасап сатамын. Тіпті, сіңліме де «Бастау бизнес» жобасын ұсынып көрдім. Жас кезде бар жұмысты істеп көрген дұрыс. Сонда ғана қартайған шақта бейнеттің зейнетін көре алар едік», – дейді кейіпкеріміз.
Ол бүгінде мықты мамандардан массаждың түрлері мен хиджама жасауды үйренуде. Көпбалалы ана болса да, алдына айқын мақсаттар қойып, жарқын болашағын қазірден қалауда. «Еңбек – бәрін жеңбек» деген аталы сөз осыдан қалса керек.
Аружан САМИДИН