ПРЕЗИДЕНТ ӘБІШ КЕКІЛБАЙҰЛЫНЫҢ ЕСКЕРТКІШІН АШТЫ

Қоғам
851 Views

Маңғыстауға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халық жазушысы, әдебиет алыбы Әбіш Кекілбайұлына қойылған ескерткішті ашты деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Маңғыстау өңірінің қадір-қасиетін ерекше айтып өтті.

«Маңғыстау – жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен жер атанғаны баршаға мәлім. Ертеде осы өңірден Еуропа мен таяу шығысқа Ұлы Жібек жолы жалғасқанын білеміз. Бұл өлке Каспий теңізі арқылы елімізді 4 мемлекетпен байланыстырып тұр. Тоғыз жолдың торабындағы облыс қай жағынан алсақ та маңызы зор аймақ. Мәдени жәдігерлері мол, осы өңірді аспан астындағы мұражай деуге болады. Бұл — пір Бекет, Шақпақ ата, Шопан ата бабаларымыз өмір сүрген жер. Маңғыстау — 362 әулиенің мекені», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, бүгін рухын ұлықтап отырған Әбіш Кекілбайұлы — адамзаттық болмыстың жоғары деңгейіне көтерілген біртуар тұлға, қазақ халқының ұлы перзенті.

«Халықтың мақтанышына айналған азаматтардың есімін жадымыздан шығармау – баршамыздың парызымыз. Елбасының «Шіркін-ай, осындай қазақ көбірек болса екен», деп Әбіш ағаға ризашылығын білдіруі тегін емес. Зиялы қауым оған айрықша құрмет көрсетіп, қазақтың маңдайы деп атады. Әбіш Кекілбайұлы — «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған тұңғыш қаламгер», — деді Мемлекет басшысы.

Ақтау қаласындағы 19а шағын ауданда бой көтерген ескерткіштің авторы — мүсінші, суретші Көшер Байғазиев. Ескерткіш қоладан тұрғызылған. Биіктігі – 3,5 метр. Салмағы — 3,5 тонна. Мүсін тұғырының биікті – 2,4 метр. Құрылыс жұмыстары 2019 жылы мамырда басталған. Құны 48 млн теңге болатын жобаның демеушісі — NCOC компаниясы.

Айта кетейік, биыл әдебиетіміздің алып бәйтерегі Әбіш Кекілбайұлының туғанына 80 жыл толды. Осыған орай, абыздың туып-өскен жері Маңғыстауда мерейтой Халықаралық деңгейде тойланбақ. Республиканың түкпір-түкпірінен қаламгердің замандастары, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері — барлығы 100-ге жуық адам арнайы қатысады деп күтілуде. Сонымен қатар Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығына арналған шаралардың ресми ашылу салтанаты болады. Оған Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысады деп жоспарланған.

Еске сала кетейік, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Ақтауға барды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *