ОБЛЫС ПОЛИЦЕЙЛЕРІ АНА ТІЛІН АРДАҚТАЙДЫ

Мерей
644 Views

Сөз жоқ, тіл – ұлттық мінез-құлықты қалыптастырудың аса тиімді құралы әрі ұлттық психологияны дамытудың факторы. Ол этносты топтастырып, біріктіретін құдіретті күшке ие. Тіл халықтың интеллектуалды және рухани дамуында теңдессіз рөл атқарады. Сондықтан да ұлттық идея аясында қазақ тіліне – оның статусына, мәдениетті дамытудағы рөліне маңызды орын беріледі. Ол – ұлтымыздың рухани алтын діңгегі, ортақ еншісі, халықтың басын қосатын дәнекері. Халық та, зиялы азаматтар да тіл тағдырына бейтарап қарамайды.

Тәуелсіздік қарсаңында қабылданған Тіл туралы Заң мен Ата Заңда айқын жазылып, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілуі орыс тілінің өктемдігін сақтап қалуды мұрат тұтқандардың шамына қатты тигені жасырын емес. Дегенмен де Тұңғыш Президент Елбасы Н.Назарбаевтың табанды саясатының нәтижесінде ғана Конституциямызда бір ғана мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесі сақталып қалды.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында сындарлы жолдардан сүрінбей өтіп келе жатқан мемлекеттік тіліміздің мәртебесі көңілімізге қуаныш нұрын төгеді. Қазіргі таңда қоғам өмірінің қай саласында болмасын қазақ тілінің қолданыс аясы барынша кеңейе түсуде. Бұған қоса қазақ тілін менің де тілім деп ұғынған өзге ұлт өкілдерінің де уақыт өткен сайын көбейе түсуі нақты шындыққа айналып отыр. Олар Түркістан облыстық Полиция департаменті қызметкерлерінің арасында да көптеп саналады. Оның жарқын мысалы ретінде Полиция департаментінде ұлты қазақ азаматтармен қатар өзге ұлт өкілдерінің де қызмет етіп отырғанын айтуға болады. Олардың қай-қайсысының болмасын қазақ тілін өз ана тіліндей жетік игергенін мақтаныш сезіммен айта аламыз. Облыстық Полиция департаментін тұтастай алғанда барлығы үшін ақпарат және хабар алмасу, құжаттар дайындау тілі – қазақ тілі болып табылады. Ресми және мерекелік жиындар, кәсіби даярлық дәрістері қазақ тілінде өткізіліп, түрлі мемлекеттік органдармен қызметтік хат алмасу мемлекеттік тілде жүргізіледі. Аудандардағы полиция бөлімдерімен іс қағаздарын тек ана тілінде жүргізу тәртібі берік орнаған. Бұл дегеніңіз үлкен жетістік болып табылады.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін», – деп алдағы уақытта қазақ тілінің мәртебесі артатынына баса мән берді.

2019 жылы Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мәресіне жетті. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді.

Туған елімізді дамытуда әрбір мемлекеттік орган қызметкері өз ісімен, сөзімен жеке үлгі көрсетуі тиіс болса, ал ресми шаралардың барлығы мемлекеттік тілде жүргізіліп, тілге деген қызығушылықты арттыруға қоғамның өзі мүдделі болуы шарт. Мемлекеттік мекемелерде жүргізілетін жазу үлгілері, яғни іс қағаздар стиліндегі бірізділік жүйесіне барынша мән беру арқылы ерекше қатынас жасау құралы – ресми құжаттарды бір арнаға түсіре аламыз. Сондай-ақ, әкімшілік терминдерді қолдану, мемлекеттік құжаттарды мазмұн жағынан, жанрлық тұрғыдан реттеу, ойдың логикалық жүйелілігін сақтау, күрделі терминдермен талапқа сай жұмыс жасай білу, міне, мемлекеттік қызметшіге қойылатын талаптар. Осы орайда, облыстық Полиция департаменті Ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімі қызметкерлерінің мемлекет дайындаған арнаулы нұсқауларды басшылыққа алып отыратынын баса айтқымыз келеді.

Сонымен қатар, әрбір мемлекеттік қызметші Қазақстан Республикасының толыққанды азаматы болғандықтан, өз қызметінде Қазақстан Республикасындағы «Тілдерді қолдану мен дамытудың құқықтық негіздерін» басшылыққа алуы міндетті, себебі мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру әр азаматтың міндеті. Қазақстан мемлекетін айқындайтын негізгі фактор – қазақ тілі, сондықтан, мемлекеттік қызметшіге қойылатын міндеттердің бірі көпшілік алдында сөйлеу барысында, қызмет бабында – қазақ тіліне басымдық беру. Өйткені, Конституция тіліміздің дамуына қамқорлық жасауды талап етеді. Қазақстан Республикасы “Тіл туралы” Заңының 4-бабында “Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды құралы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының борышы” делінген болса, мемлекет мүддесі үшін қызмет атқарушы әр қызметші мемлекет беделін нығайтумен қатар мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, мәртебесін арттыра түсу жолында қызмет етуі тиіс. Біздің Ата заңымыз әркімге өз қалауы бойынша қарым-қатынас тілін таңдап алуға құқық бергенімен мемлекеттік тілге, оның дамуына қамқорлық жасауды талап етеді. Ендеше, тілге деген құрметті ешбір заң жасап бере алмайды, ол әр саналы адамның тәрбиесінің жемісі.

Түркістан облысының жаңадан құрылуына орай, облыстық Полиция департаментінің Түркістан қаласына көшіп келгеніне үшінші жылға қадам басты. Департамент қызметкерлері де мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруда аянбай қызмет етуде. Жергілікті ұлт өкілдері көп шоғырланған облысымызда қазақ тілі туралы күрделі мәселе жоқ деп айтсақ да болады. Департаменттегі жиындар, құжат дайындаудағы іс қағаздары, БАҚ-та, әлеуметтік желілердегі жарияланатын ақпараттар, мақалалар толығымен қазақ тілінде жүреді. Сондай-ақ, іс-шаралар да мемлекеттік тілде өткізіледі. Атап айтар болсақ, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын дамыту, кеңейту және түрлі ұлт өкілдерінің достығын, бірлігін дәріптеу мақсатында, Наурыз мейрамы, Қазақстан халқы Тілдері күні мерекесіне орай жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Ұлтым – өзге, тілім – бір» атты іс-шарасы, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына, ҚР Тәуелсіздігі күніне, т.б. байланысты шаралар департаментке қарасты қалалық, аудандық басқарма, бөлімдерінде өткізіліп келеді. Қазірдің өзінде Түркістан облысы Полиция департаментінде «Ана тілім – айбыным» атты челлендж өтуде. Түркістан облысының тәртіп сақшылары өздерінің негізгі қызметтерінен бөлек, жергілікті жерлерде қайырымдылық акцияларын өткізуді де дәстүрге айналдырып келеді. Осылайша қалың елдің ерекше ықыласы мен құрметіне бөленуде.

Облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес, халық арасында COVID-19 індетінің таралуына жол бермеу мақсатында, карантин шараларын сақтауда түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, халқымыздың амандығы үшін еңбек еткен полицейлердің еңбегі ерен дегіміз келеді.

Біз – ұлтаралық келісім өзара жарасымын тапқан тату елміз. Сондықтан, қазақ тілі әр адамның ар-ожданы, мақтанышына айналуы тиіс. Осы орайда, Бауыржан Момышұлының «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» – деген сөзін әрбір қазақ ұғынса, біздің тіліміздің мәртебесі биіктей түсер еді. Мемлекеттік тілді еркін меңгерген, елдің тарихын, салтын, дәстүрін жақсы білетін, Қазақстанды Отаным деп санайтын азамат, шыққан тегі қай ұлт екеніне қарамастан, кез келген лауазымды қызметке көтеріле алады. Сондықтан, мемлекеттік тілді өз дәрежесінде меңгеру әр қазақстандық үшін Конституциялық міндет.

Ж. АЙДАРҚЫЗЫ,

Түркістан облысы Полиция департаменті

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *