Туризм – мемлекет имиджін қалыптастырушы. Қазіргі таңда бұл сала әлемде де, біздің елде де зор маңызға ие. Әр ел өзінің артықшылығымен мақтанып, ерекшеліктерін жарнамалап, барынша көп туристті қызықтырумен әлек. Осы тұста Шымкент қаласының да туристік әлеуеті жайлы ерекше айта кету керек. Себебі, қаламыздың өзіне тән тарихы, табиғаты, сәулеті, халқы және салт-дәстүрі бар. Әрбір қала қонағы көркем де, әсем шаһардан өзіне ғана тән гауһарын табады деп сеніммен айта аламыз.
Шымкент қаласының Туризм саясатында 2020 жыл зор мәнге ие еді. Себебі бұл жыл қалаға – ТМД елдерінің Мәдени астанасы деген абыройлы міндет жүктеді. Бұл жауапты іс-шараны өткізуге дайындық жұмыстары жүргізіліп, қала сақадай сай тұрған еді. Алайда әлемдегі және елдегі пандемиялық ахуалға байланысты жоспарлар жүзеге аспады. Осы орайда Шымкент қаласының Туризм басқармасы басшысы Олжас Маратович Шинтаевпен әңгімелесіп қайттық. Қаланың туризм саласындағы соңғы жаңалықтары мен жаңа маусымға дайындық жұмыстары жайлы осы сұхбатта оқыңыз.
– Қаланың Туризм басқармасы 2020 жылдың сегіз айында қандай жұмыстар атқарды?
– Негізі жыл басынан біз өзімізге нақты бес бағыт айқындап, сол жұмыстармен жұмыс жасадық. Себебі бір жылдың ішінде барлық мәселелерді шешу оңай емес.
Бағытымыздың біріншісі – жүйелі мәселелерді шешу.
Екінші – инфрақұрылымды жетілдіру. Кіші және үлкен инфрақұрылымды жетілдіру.
Үшінші – пандемияға қарамастан әлеуетімізді халықтың арасында әрі қарай жылжыту.
Төртінші – цифрландыру бағытында.
Бесінші – инвестиция тарту.
Қала әкімінің ұстанымы және тапсырмасы – ішкі туризм бағытындағы жұмысты күшейту. Яғни тек шет елден турист келеді деп алақтамай, басымдықты ішкі туризмге беру. Сол себепті осы бес бағыт бойынша жұмыс ішкі туризмді дамытуға бағытталған.
Бірінші бағыт – жүйелік мәселелер. Қазір әртүрлі азаматтар гид түрінде жұмыс жасайды. Осыған байланысты жұмысты жүйелендіру керек болды. Оқытып қана қоймай олардың статусына да көңіл бөлу керек. Яғни, туристік компания сенімді әрі білімі жоғары гидтармен жұмыс жасауы тиіс. Сол себепті біз осы екі бағытты үйлестірдік. Цифрландыру бағыты бойынша әр гид нұсқаушыларды арнайы QR кодтары бар бейджиктермен қамтамасыз еттік. Ол QR кодты ашқан кезде оның ішінде гидттің аты жөні, білім, қандай бағыттармен жұмыс жасайды, тәжірибесі – осының бәрі бір паспорттың, яғни сол бейджиктің ішінде болады. Сол жерде гидтің жұмысына қанағаттана ма, қанағаттанбай ма, ол туралы да ақпарат жолдауға мүмкіндігі бар. Ол – бір. Бұдан бөлек, жүйелілік мәселелер бойынша заң аясында да, орталық деңгейде де шешілмеген істер көп. Ол бойынша министрлікпен бірге жұмыс жасап, бірте-бірте шешіп келеміз. Тур операторларға, бизнес өкілдеріне пандемия кезінде көмек беру, субсидиялау, кредит беру сынды бірқатар жұмыстар парламентте қарастырылып жатыр.
Екінші бағыт – цифрландыруға басымдылық беріп отыр. Себебі өздеріңіз байқағандай пандемия кезеңінде қаламыздың туристік әлеуетін цифрлы бағытта дамытуымыз керек. Маркетингті де сол бағытта жүргізу керек. Сол себепті арнайы технологияларды қолдана отырып, альбомдар жасалынды, Цитадельдің тарихын, өзінің легендасымен ұштастырып, сипаттайтын арнайы пиар ролик әзірленген. Ол 360 градуста көне қаланың тарихын 3 тілде баяндайды. Айта кететіні, бұл жұмыспен жай ғана жекеменшік компаниялар айналысқан жоқ. Республикалық географиялық қоғам айналысты. Ол қаламыздың тарихын зерттеп барып, әртүрлі ұлттық музейден, басқа да шетелдік басылымдарда қала туралы шыққан ақпаратты зерттеп-зерделеп жасалынған жұмыс.
Сонымен қатар, әрине, әлеуметтік желілерде де жұмысты жалғастырып жатырмыз. Қаламыздың азаматтары өздерін турист ретінде сезінгісі келсе, сол парақшаны ашып, өзіне қажеттіні алып не бөлісе алатын мүмкіндігі бар.
Инфроқұрылымды жетілдіру бағытына да айтарлықтай басымдық берілуде. Себебі біздің қалада жыл басынан бері туристтерді бағыттайтын жүйе болмаған. Бұл бірнеше жылдан бері жоспарланып келе жатқан мәселе. Бірақ осы жылы Мәдени астана аясында өзекті болды. Сол бағыттауыштардың алдымен біреуін орнаттық. Кейін, ұсыныстар мен сын ескертпелерді тыңдап, қыркүйектің соңына дейін тағы 29-ы орнатылады. Бұл арнайы бағыттаушы күрделі жүйе болғандықтан орнату баяу жүзеге асуда. Демек анда апарып қоя салам, мында апарып қоя салам немесе көше бойында тұрса болды емес пе деген болмайды. Ол қажетті туристік нысанды тауып және өзінен өзге сондай стеллаға нұсқап тұру керек. Адам алдымен туристік нысанға барады, одан соң тағы сондай туристік стелланы тауып алып, келесі нысанға бару керек. Түсінгендеріңіздей бұл – ұштастырылған , үйлестірілген жүйе.
Одан бөлек қаламызда ақпараттық қолжетімділікті дамыту үшін ақпараттық дүңгіршектер әзірленген. Бәрінде біздің мамандар отыр. Олар тіпті сенбі, жексенбі күндері жұмыс істеуде. Карантинге байланысты жұмыс біршама тоқтап қалған болатын. Бірақ қазір жаңа күшпен жаңа оймен қызметтерін жалғастыруда.
Халықаралық қатынастар бағыты да оң жолда. Өзбекстан республикасымен бірқатар келісімдеріміз бар. Шымкент, Ташкент, Худжант экономикалық дәлізін құру, Орталық Азия Туризм кеңесін құру жайлы да үлкен істер істелуде. Оны алдыңғы уақытта мәлімдеме жасап айта жатармыз. Жалпы қазір осы жұмыстар жүзеге асуда.
– Басқармада «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында қандай іс-шаралар ұйымдастырылуда?
– Өздеріңіз білесіздер, біздің қалада жыл сайын наурыз-сәуір айларында «Саиль Қошқар ата», «Қызғалдақ жолы» деген үлкен екі фестиваль өтеді. Бұл қаламыздың тарихын, қаламызда қалыптасқан мәдениет пен дәстүрлерді көрсетудің керемет жолы. «Саиль Қошқар ата» тек қана біздің қаламызда тойланатын іс-шара. Дайындық жұмыстары жыл басынан басталып, оған бүкіл Орталық Азия халқын жиналатын еді. Бірақ өкінішке қарай, пандемиялық ахуалға байланысты биыл тойланбады.
Одан бөлек, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында Абай туралы, өңіріміз туралы, қаламыздың атақты азаматтары жайлы кітаптар және конкурстар жасап жатырмыз.
– Қалаға туристердің келіп кету көрсеткіші қандай? Жалпы, Туризм саласы дамып жатыр ма?
– Биыл қала ТМД елдерінің Мәдени астанасы болғанымен, пандемия кесірінен 4 айға дейін рейстер тоқтатылды. Көп туристер, саяхаттауға мүмкіндігі бар азаматтар ұшақпен келуші еді. Сол себепті туристердің келуінен аз маз төмендеушілік бар. Бірақ осыларға қарамай, шет елдік азаматтардың, Қазақстанда тұратын шет ел азаматтарының қаламызға қызығушылықтары өте жоғары. Олар қарап отырмай, қазіргі таңда қаламызға келіп-кетіп жатыр. Адамдар көп. Соңғы есеп бойынша олардың түнеу мерзімі екі күнге созылыпты. Ал Цитадель ашылған соң ол көрсеткіш екі жарым, үш күнге дейін созылады деп жоспарлап отырмыз. Яғни қалада неғұрлым ұзағырақ болған сайын, оның қаламызға әкелген экономикалық эффекті де жоғары болады.
Ал, туризм қалай дамып жатыр деген сұраққа нақты тоқталсақ, әрине алаңдаушылық бар. Дегенмен, бүкіл халықаралық ұйымдар, министрліктер, Қазақ туризм ұлттық компаниясы, Өзбекстан мемлекеті бәріміз бірлесіп, ақылдаса келе бұл жылды жаңа маусымға дайындық жылы деп атадық. Келесі жылы және 2022 жылға таман, біз кризиске дейінгі жағдайға қайта оралып немесе одан бір жарым есе өсім береміз деп ойлап отырмыз. Қаланың Мәдени астана даңқын алуы бір жылдық келетін туристер санын біршама көбейту керек еді. Ол жүзеге аспаса да көңіл түспеу керек. Қала әрі қарай да өз статусын сақтап қалады. Шымкент – Мәдени астана болып тарихта қалды. Азаматтар алдағы уақытта осы қала Мәдени астана болды ғой деп, келіп көре береді. Ештен кеш жақсы дегендей, шетелдік азаматтар алдағы жылы да саяхаттарын жалғастыра береді.
Биыл байқап жатырмыз қала қонақ үйлерінде келушілер көп, бәрі дем алып жатыр, бәрі саяхаттап жатыр. Іс-сапарға келіп жатқандар бар. Туризм компаниялары да өз өнімдерін ұсынып жатыр. Негізі ішкі туризммен айналысқан компаниялар өзінің нарығын жоғалтқан жоқ. Олар да биыл жетілу болмаса, ешқандай кері даму болмады.
– Басқарманың биылғы жылғы жетістіктеріне тоқталсаңыз.
– Қаламыздың туризм саласында жетістік айтарлықтай көп. Ол Цитадельге қатысты болсын, басқаға да. Айталық, Flyarystan компаниясымен бірге бұрын соңды болмаған Атырау, Өскемен, Қостанай, Қарағанды бағыттарына рейстер аштық. Енді азаматтарымызға сол қалаларға барып, ол жақтан осында келу ешқандай қиындық туғызбайды. Барлық мүмкіндіктер жасалған. Бағалары қымбат емес. Егер саяхатын алдын ала жоспарласа еліміздің көрікті жерлеріне саяхат жасап келе алады. Бұл әрине жеткен жетістіктердің бір бөлігі ғана.
Тағы бір өзіміз үшін атап айтар жетістігіміз пандемияға қарамастан нарықты жоғалтқан жоқпыз. Компанияларымызда, қонақ үйлерде адам санының қысқарып кетіп,туризм саласында жұмыссыздықтың көбеюіне пандемияның әсері болмады. Негізінен бұл үлкен жетістік. Себебі осындай қатты кризисте көп компаниялар, қонақ үйлер не бағасын шарықтатып, не банкрот болып, басқа да қиын жағдайларға душар болып жатты. Мемлекеттің, Елбасының, Президенттің көмегінің арқасында қаламыздың туризм индустриясы өз деңгейінде жұмыстарын әрі қарай жалғастырып жатыр. Кредиттік демалыстар, салықтан босату сияқты жұмыстар компанияларға мемлекет тарапынан жасалған үлкен көмек болды.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Сұхбаттасқан Г. ҒАНИҚЫЗЫ.