ҚАЛА ӘКІМІ ЧЕМПИОНДАРДЫ МАРАПАТТАДЫ

Спорт Қоғам
1 389 Views

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов әуесқойлар арасында шағын футболдан өткен Қазақстан чемпионатында жеңіске жеткен«Стандарт» футбол командасының мүшелерін қабылдады.

Шаһар басшысы футболшыларды ел чемпионы атануымен құттықтап, оларға бұқаралық спортты дамытуға үлес қосқаны үшін алғыс айтты.

– Әуесқойлар арасындағы футбол – бұқаралық спорттың мейлінше кең таралған, танымал түрі. Сондықтан Сіздердің жеңістеріңіз барша шымкенттіктер үшін елеулі оқиға деп білемін. Спорт – денсаулық кепілі. Жас ұрпақтың дені сау болса, ұлтымыз әрқашан бәсекеге қабілетті болмақ. Сол себепті бүгінде мемлекет бұқаралық спорттың дамуына, жастардың салауатты өмір салтын ұстануына барынша жағдай жасап отыр, – деген Мұрат Дүйсенбекұлы биыл Шымкентте 27 Street-workout алаңы салынғанын атап өтті.

Мұрат Әйтенов қазір қала тұрғындарының 28 проценті спорт және дене шынықтырумен тұрақты түрде айналысатынын, осы көрсеткішті Президент тапсырмасында айтылғандай, 30 процентке жеткізу мақсатында ауқымды жұмыс атқарылып жатқанына тоқталды.

Қала әкімі команданың жеңіске жетуіне бапкерлер Сабыржан Бекпаев пен Хусан Утаметовтің де зор үлес қосқанын айтып, оларға сәттілік тіледі.

Сонымен қатар «Стандарт» командасының алдағы уақытта Украинада өтетін шағын футболдан әуесқойлар арасындағы әлем чемпионатында ел намысын лайықты қорғайтынына сенім білдірді.

Кездесудің соңында әкім бапкерлер мен футболшыларға Алғыс хат пен арнайы сыйлықтар табыс етті.

ЕРІКТІЛЕР МЕКТЕБІ АШЫЛДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп бекіткен. Осыған сәйкес еріктілер жылын кең көлемде өткізу мақсатында Шымкентте қарқынды жұмыстар атқарылып отыр.

Қазіргі таңда шаһарда 3 мыңнан астам ерікті, 20-ға жуық еріктілер ұйымы бар. Солардың бірі — «Ізгілікте жарысайық» қайырымдылық қоғамдық қоры. Аталған қор қалалық Жастар ресурстық орталығының қолдауымен «Еріктілер мектебін» ашып отыр.

«Еріктілер мектебінің» басты мақсаты – қоршаған ортаға қамқорлық көрсету, мұқтаждарға көмек беріп, ізгілік жолында жастардың өз ізін қалдыруы болып отыр. Сонымен қатар, жас ұрпақтың бойына адамгершілік, ізгілік, қамқорлық пен қайырымдылық сияқты асыл қасиеттерді дарыту.

«Ізгілікте жарысайық» қайырымдылық қоғамдық қорының еріктілері білім, экология, әлеуметтік бағыттарында жұмыс жасайды.

Мәселен, «Эко-волонтер» бағытында «Шымкент – таза қала», «Шымкент – жасыл қала» жобалары бойынша қаланың тазалығына өз үлестерін қосып отыр. Сондай-ақ, «плоггинг» сайыстарын мектеп оқушылары және студенттер арасында ұйымдастырып келеді. Ол жүгіру мен қоқыс жинауды біріктіретін экологиялық қозғалыс. Бұл арқылы волонтерларды тазалыққа, сабырлыққа, мәдениеттілікке үйретеді.

Ал, «ПЕДКЛУБ» білім жобасы жастар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендету, ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында жасалынған.

ШЕТЕЛДІК ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫ ТУРИСТІК НЫСАНДАРҒА САЯХАТТАДЫ

Шетелде тұратын этникалық қазақ жастарымен байланыс орнату мақсатында соңғы жылдары белсенді жұмыстар жүргізілуде. Осыған орай, «Отандастар қоры», «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ және «Жас қазақ» халықаралық жастар ұйымы «Киелі Қазақстан» жобасы аясында үшінші рет Қазақстанның киелі жерлеріне саяхат ұйымдастырды.

Іс-шараның мақсаты – қандастарды «Киелі Қазақстан» бағдарламасы арқылы көрнекті жерлерімен таныстыра отырып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізінде білім, мәдени-гуманитарлық мүмкіндіктер туралы ақпарат беру; шетелдегі этникалық қазақтарды қолдау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы хабардар ету; болашақта этникалық қазақ жастардың бірлесіп жұмыс істеуіне, байланыстарының нығаюына түрткі болу.

Қазақстанның түрлі қалаларында білім алып жатқан қандас жастар бұл жолы Шымкент және Түркістан облысына саяхаттады. Еліміздің жетекші оқу орындарында білім алатын 20 шәкірт.

Іс-шара екі күнге жоспарланған болатын. Жиынның алғашқы күні Шымкентте «Қандас жастармен – болашаққа» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Басқосуда қандас жастар бірқатар атқарылып жатқан жобалармен танысты. Одан әрі қарай Шымкент маңындағы киелі жерлерді тамашалады. Сайрам тарихымен танысып, дендрологиялық саябақ туралы танымдарын арттырды.

Екінші күні қатысушылар Түркістан қаласына аттанды.

Бетті дайындаған Г. ҒАНИҚЫЗЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *