ОН КҮНДЕГІ ОҢ ТІРЛІКТЕР

Билік
899 Views

Мегаполис мэрі Ерлан Қуанышұлы Айтаханов соңғы он күн ішінде бірталай оң тірліктер атқаруға жетісті. Атап айтқанда, ол Шымкентте салынып жатқан бірнеше құрылыс нысандарының жұмысымен танысты. Алдымен әкімшілік іскерлік орталығындағы тұрғын үйлердің құрылысымен танысқан шаһар басшысы мердігер мекеменің басшысына жұмысты жандандырып, нысанды мерзімде аяқтау қажеттігін айтты. Сондай-ақ, жауапты сала басшыларына инфрақұрылым мәселесін де тез әрі оңтайлы шешуді тапсырды.

Бұдан соң Ерлан Қуанышұлы Сейдолла Бәйтереков көшесінде орналасқан «Tamerlan Residence» тұрғын үй кешенінің құрылысына барды. Аталмыш нысанның тапсырысшысы болып табылатын «BI Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылысты келесі жылдың тамыз айында аяқтауды жоспарлап отыр. Мұнда 16 және 12 қабатты жеті тұрғын үй бой көтеретін болады.

Әрі қарай қала әкімі «Ақжайық» және «Көкжайлау» тұрғын үй кешендерінің құрылысын өз көзімен көрді. Аталмыш нысандарды салып жатқан мердігер мекемелердің өкілдерімен кездескен Е.Қ.Айтаханов тұрғын үйлердің қасбетіне баса көңіл аударып, қаланың көркін ашатындай етіп салуды айтты.

Өз кезегінде «Тұран» шағынауданындағы 1200 орындық мектептің құрылысына барған қала басшысы мұндағы шешілмей жатқан түйткілді коммуналдық мәселелермен қатар балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасалуы керектігін нақтылады.

Сонымен қатар Ерлан Айтаханов аталмыш тұрғын үйлердің құрылысын жүргізіп жатқан барлық мердігерлерге бірнеше сын-ескертпелер жасады. «Мұндай тұрғын үйлерді саларда ең алдымен инфрақұрылым мәселесін шешкен жөн. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандустар болуы шарт. Салынып жатқан тұрғын үйлердің қасбеті заман талаптарына сай әрі әсем болуы керек. Шымкент – мегаполис қала. Демек, біз жаңаша ойлап, қаламыздың көркеюіне баршамыз атсалысуымыз қажет», – деді Е. Қ. Айтаханов.

Аралауды қорытындылай келе Ерлан Қуанышұлы жауапты сала басшыларына архитектуралық қала құрылысы кеңесінде жоғарыда аталған барлық мәселелерді көтеріп, тиісті шешім шығаруды тапсырды.

Айта кетейік, қазіргі таңда қала бойынша тұрғын үй құрылысына жалпы мемлекет тарапынан 34,6 млрд.теңге (құрылыс басқармасы – 20,3 млрд.теңге; “SHYMKENT” ӘКК” акционерлік қоғамы – 10 млрд.теңге; Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы жастарға жалдамалы пәтерді сатып алуы үшін – 4,3 млрд.теңге) жұмылдырылған.

Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен және қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының, Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Дўстлик» қауымдастығының, қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен қаладағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында «Дарынды жастар – ел тірегі» атты Халықаралық жастар форумы өтті.

Қазақстандағы Жастар жылы аясында өткен іс-шараға Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Саидикрам Ниязходжаев бастаған өзбекстандық делегация өкілдері, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан облысынан барлығы 800-ден астам жас буын өкілдері қатысты.

Форум қатысушыларына Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов, Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Дўстлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов құттықтау сөз арнады.

Форум жұмысы барысында жастар әзірлеген инновациялық жобалардың таныстырылымы өтіп, жас әрі табысты кәсіпкерлердің шеберлік дәрістері ұйымдастырылды.

Тиімді ойластырылған старт-жобалар ұсынып, көзге түскен жас буын өкілдері форум сертификатына ие болды. Сертификаттарды Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, қалалық Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Мұраталі Қалмұратов пен Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Дўстлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов табыстады.

Жыл басынан бері Шымкенттегі 640 мекеме мен ұйым тарапынан жастар тәжірибесін ұйымдастыру бойынша өтініш түскен. Осы кезең ішінде 5689 уақытша жұмыс орындары бекітіліп, 367 мекеме және ұйымдармен келісімшарт түзілген.

Бүгінде Шымкенттің еңбек нарығында денсаулық сақтау саласының мамандары (тіс дәрігерлері, акушерлер, медбикелер), техниктер мен технологтар, стандарттау және сертификаттау мамандары, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының мамандары, биологтар, мұнай және газ кәсібінің иегерлері, туризм және ауылшаруашылық мамандары үлкен сұранысқа ие.

Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығы жас буын өкілдерін «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша алғашқы еңбек тәжірибесінен өтуге шақырады. Бұл бағдарламаға техникалық, кәсіби орта арнаулы оқу орындарын бітірген, жоғары білім алған және жоғары білімін жетілдірген, оқу орнын соңғы үш жылға дейінгі кезең ішінде бітірген, жасы 29-ға дейінгі жастар қатыса алады. «Жастар тәжірибесі» бойынша жұмыс уақытша сипатта болып, ол алты ай мерзімге ғана жалғасады.

«Жастар тәжірибесін» қаржыландыру республикалық бюджет есебінен жүргізіледі. Бүгінгі таңда бір айлық еңбекақы көлемі 63 125 теңгені құрайды.

«Жастар тәжірибесі» барлық меншік түріндегі мекемелер мен ұйымдарда жүргізіледі. Тиісті өтінішті бір жылдан кем емес мерзім бойынша жұмыс істейтін жұмыс берушілер бере алады. «Жастар тәжірибесі» бойынша мекемелер мен ұйымдарда ашылатын жұмыс орындарының санына шектеу қойылмайды.

Әр аптаның сенбі күндері Шымкенттегі Қажымұқан атындағы Орталық стадионның маңайында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылуда. Оған келушілер Түркістан облысының аудандарының жұртшылығы ұсынған сан алуан түрлі жеміс-жидек, азық-түлік, тағы басқа күнделікті тұтыну тауарларын қолжетімді бағада сатып алып жүр.

Шымкент қаласының әкімі Е.Қ.Айтаханов азаматтарды жеке мәселелерімен кезекті рет қабылдады. Кездесуге келген 25 қала тұрғыны әкімге тұрғын үй, жер және әлеуметтік қолдау мәселелері мен шағын бизнесті дамытуға қолдау көрсету бойынша өз өтініштерін жеткізді. Жеті сағатқа созылған қабылдауда қала басшысы әрбір азаматтың мәселесін мұқият тыңдап, көтерілген мәселелерді заң аясында шешу жолдарын тұрғындарға түсіндірді. Сондай-ақ, әр проблемаға байланысты жауапты сала басшыларына тиісті шараларды дер кезінде қабылдау туралы тапсырма берді.

Сөз орайы келгенде қала әкімінің жеке қабылдауы әр аптаның жұма күні сағат 16:00 – 18:00 аралығында өтетінін тілге тиек ете кетейік. Қабылдауға shymkent.gov.kz сайты арқылы және де Н.Ә.Назарбаев даңғылында орналасқан Шымкент қаласы әкімдігінің ғимаратына келіп тіркелуге болады.

«Әділет-ақпарат».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *