ТӨЛЕБИДЕГІ ТЫНДЫРЫМДЫ ТІРЛІКТЕР

Билік
437 Views

Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев Қасқасу ауылдық округініңтұрғындарымен кездесті. Қасқасу ауылдық мәдениет үйінде өткен жиынды аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Қойбағаров ашып, жүргізіп отырды. Кездесуге ардагерлер,зиялы қауым, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, дербес бөлімдер менмекеме басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

Халықпен кездесуде аудан басшысы «Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021 жылы атқарылған және 2022 жылы атқарылатын жұмыстары» туралы баяндама жасады.

2021 жылы ауылдық округ бойынша Керегетас елді мекеніне ауыз су құбыры тартылды. Қасқасу, Жоғарғы Қасқасу, Керегетас, Кеңесарық елді мекендеріне газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Көктөбе, Тастақ, Сырғанақты көшелеріне орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Төрткүл көшесіне тас төселіп, Қасқасу елді мекеніне түнгі жарық орнатылды. Жаңа массивке инженерлік-коммуникация жүйелерінің құрылысына қаржы қарастырылды. Стрит-воркаут қондырғылары орнатылды. «Top resort» демалыс орны іске қосылды.

2022 жылы ауылдық округтегі 4 елді мекенге табиғи газ тарту жұмыстары аяқталады. Қасқасу, Жоғарғы Қасқасу елді мекендерінде ауыз су жүйесі ағымдағы жөндеуден өтеді. Керегетас елді мекеніне түнгі жарық қойылады. Кеңесарық елді мекенінде мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында ФАП құрылысы жүргізілмек. Сондай-ақ Тастақ және Сырғанақты көшелеріндегі құрылыс жұмыстары жалғасын табады. «Қаратау» ЖШС есебінен демалыс кешенінің ашылуы жоспарлануда.

Басқосу сұрақ-жауап форматында, еркін ашық пікір алмасу арқылы өтті. Ауыл тұрғыны Ерлан Бексейітов жайылымдық жердің тарлығын, тартылған ауыз судың сметалық құжаттары жоқтығын, Науыт өзенінің арнасын тазарту, ойын алаңшасына қойылу қажетті екі қондырғы орнатылмай қалып кеткенін, ауылға газ жүргізу жобасына кейбір үйлердің енбей қалғанын, ішкі арықтады тазалау қажеттігін, ауылдағы 19 отбасы атаулы әлеуметтік көмек ала алмай жүргенін айтты. Бұған қоса, облыстық маңызы бар жолдарға түнгі жарықтандыру орнатылып жатқанын, құрылыс жұмыстары аяқталған кезде босап қалған жарықтарды ішкі көшелерге орнатуды ұсынды. Тау баурайындағы демалыс орындары ауыл аумағында орналасқанымен, салықты басқа жерге төлейтінін, мекеме қалдықтары ауылдағы өзендерге құйылатынына шағымданды.

Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Кеңесарық елді мекенінің тұрғыны Ермек Қалиев ағын су мәселесін шешіп беруді, ауылдағы көшенің атауын өзгертуді, медициналық пункттің апатты жағдайда тұрғанын, ескірген электр бағаналары мен тозығы жеткен трансформаторлар салдарынан жарық жиі сөніп қалатынын айтқан. Журналист Ләззат Асанова ауылдағы ішкі көшелерде қарды тазалау жұмыстары дер кезінде жүргізілмейтінін, жоғарғы кернеулі трансформатор үй ауласынан өтуінің салдарынан ауылда адам өлімі орын алғанын сөз етті. Керегетас ауылының тұрғыны жайылымдық жерлерге шешімі болғанымен, ол ұлттық парк аумағына еніп кеткендігін, ауылдағы бос жатқан 4 га жерді ауылдық әкімдіктің балансына өткізу қажеттігін, себебі ауыл тұрғындары демеушілер тартып, осы жерге саябақ салу жоспарланғанын айтып, оның жобасымен таныстырды.

Кездесу барысында қойылған сұрақтарға аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы жауап беріп, көтерілген мәселелердің шешу жолдары мен орындалу кезеңі жайында айтып өтті. Жиынды қорытындылаған аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Хамзаұлы айтылған мәселелер жөнінде хаттама түзілгенін, сала басшыларына жолданғанын, алдағы уақытта ол бойынша атқарылған жұмыстар нәтижесі аудан әкімінің ресми сайтында, БАҚ беттерінде жарияланатынын жеткізді.

Сонымен бірге Төлеген Телғараев Қаратөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. 2021 жылы Қаратөбе ауылдық округінің 4 көшесіне электр желілері жүргізіліп, трансформатор орнатылды. Қаратөбе елді мекеніндегі С.Абдулла көшесінің 4,063 шақырымы жөнделіп, ауылға 1 дана ойын алаңшасы қойылып, инженерлік-коммуникация жүйелерінің құрылысы жүргізілді. Сондай-ақ, Майбұлақ елді мекеніне 2 дана ойын алаңшасы орнатылды. Балдыберек өзені арқылы өтетін көпір күрделі жөндеуден өтті деп хабарлайды Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Округте биылғы жылы ауылдық клубты табиғи газға қосу, магистральды «Кент» каналының бұзылған, қираған науалары қайта қалпына келтіру жоспарлануда. Қаратөбе – аудан орталығына ең шалғай жатқан аймақ болғанына қарамастан, елді мекендердегі инженерлік-коммуникация жүйелері шешімін тапқан. Округке қарасты барлық елді мекендерге табиғи газ, электр желілері, ауыз су құбырлары тартылған. Ауылдың әлеуметтік жағдайы жақсарып, көркейту, абаттандыру бойынша тындырымды тірліктер жасалған.

Кездесу барысында ауыл халқы шешімін күткен өзекті мәселелерді көтерді. Қостөбе ауылының тұрғыны М,Жолаев ауылдағы құрылысы бітпеген көпір жайын сұраса, К.Елікбаев интернет желісі дұрыс істемейтінін, электр бағаналары ескіріп, жел тұрса, сөніп қалатынын айтып, туризм саласын дамыту арқылы ауылдағы жастарға жұмыс орны ашылса, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында спорт кешені іске қосылса деген өтінішін жеткізді, Ә.Қалдыбаев жөндеуден өткен жолдың сапасы сын көтермейтінін, жол бойындағы су құбыры жарылып кетіп, бірнеше рет жөндеуден өткенін айтты, С.Досалиев Майбұлақ ауылындағы көшенің аяқ жағындағы үйлерге баратын электр желілері ауыстырылмай қалып кеткенін, үлкен жол бойына аяқ жол қажеттігін ескертті, Ө.Исатаев Төңкеріс ауылында жайылымдық жердің аздығына қарамастан жер иелері сырттан мал алып келіп бағатынын, нәтижесінде төрт түлікке жем-шөпті толығымен дайындай алмайтындықтарына шағымданды,

Кездесу барысында көтерілген мәселелер бойынша аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы жауап бере отырып, бүгінде халықтың өмірге деген белсенділігі артып, қоғам дамуына деген үлес-ынтасы еселене түскендігін, жиын барысында айтылған өтініш, тілек, арыз-шағымдар назардан тыс қалмайтынын, бұл бойынша жоспар түзіліп, тиісті жұмыстар жүргізіліп отырғанын жеткізді.

Ауыл – халқымыздың алтын қазығы, салт-дәсүріміздің мәйегі орныққан мекен. Демек, мұндағы жастардың еңбекке деген құлшынысын арттыру, тұрақтандыру үшін кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын жүзеге асыру қолға алынды. Ұлттық жоба 10 міндетті көздейді, оның үшеуі халықты жұмыспен қамту үшін жәрдемдесуге бағытталған. Нақтырақ айтсақ, басты мақсат – азаматтардың өз ісін ашып, дамытуына жағдай жасау, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау және кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне қарай дағдыларды дамыту болып отыр», – деді аудан әкімі.

Меруерт МАҚАЖАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *