ОҢТҮСТІКТЕН ТЕРІСКЕЙГЕ КӨШ ТҮЗЕГЕН ДӘРІГЕР

Саясат Қоғам
347 Views

Мемлекеттік маңызы бар, аса өзекті мәселелердің бірі – көші-қон. Жыл өткен сайын аталған саясатқа ерекше көңіл бөлініп келеді .Жер аумағы кең, ұлан-байтақ даласы бар елімізде адам санының аз болуы, жұмыссыз жастардың көбеюі – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа тікелей әсер етеді.Әрбір қазақстандықтың жеке баспанасы мен тұрғылықты жұмыс орны болса, бұл халық өсіміне көмегін берер еді. Сондықтан да мемлекет көші-қон миграциясына үлкен көңіл бөліп, тұрғындарға жан-жақты қолдау білдіруде. Оңтүстіктен – солтүстікке бағдарламасы арқылы өз кәсібін бастап, бақытқа бөленіп отырғандардың да қатары қалың. Екі қолға бір күрек таппай жүрген жандарға бағыт сілтеп, қаржылай көмек қолын созу мемлекеттің міндеті болғанмен, талмай еңбек етіп, табысқа шығу – өз қолымызда. Бірнеше уақыт бойы жұмыссыз жүріп, солтүстіктен келген ұсынысқа ойланбастан келіскен бүгінгі кейіпкеріміздің есімі – Ноилхан Тажиханов. Түркістан облысы, Сайрам ауданында дүниеге келіп, бүгінде дәрігер қызметін атқарып жүрген Ноилхан өз хикаясымен бөлісті.

Сайрам ауданының Қызылсу ауылында дүние есігін ашқан Ноилхан кішкентайынан іске шебер, зерек бала болып өседі.Басқа жасөспірімдер сияқты ұшқыш болуды армандайды.Алайда, дәрігерлер отбасында өмірге келген кейіпкеріміз атасының қалауын орындап, ақ халатты абзал жан атануға бел байлайды. 2013 жылы С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-ға 93 баллмен мемлекеттік грантқа түсіп, 7 жыл бойы медициналық білім алады.Оқуын ойдағыдай тәмамдаған Ноилхан дәрігер-педиатр атанып, тұрғылықты жұмыс орнын таппай, бірнеше уақыт бос жүреді.Еңбек.кз сайтына хабарландыруын қойып, жұмыс берушілерден жауап күтеді.Арада көп уақыт өтпестен, Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша аудандық ауруханасынан хабарласып, сонда жұмыс істеуге шақырады.Еліміздің оңтүстік бөлігінде халық санының тығыздығы мен жұмыссыздардың көптігін ескерген Ноилхан 2020 жылы отбасымен Тайынша қаласына көшіп барады. Мұндағы мақсаты – ел аралап, жер көріп, солтүстіктің менталитетімен танысу. Аудандық аурухана кейіпкерімізге ғана емес, әйеліне де медбике қызметін ұсынады. Тіпті, әкімшілік көмек ретінде 1500000 теңге мен әр адамға 90000 теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы береді. Мемлекеттің берген мол мүмкіндіктеріне ерекше қуанған Ноилхан осында қалуға шешім қабылдайды.

Кейіпкердің айтуынша, аудандық аурухананың бас дәрігері мен қызметкерлері өз туысын күткендей қарсы алып, қызметтік көлігін ұсынып, көшуге көмектерін беріпті. Алайда, ол бастапқыда туған жерін аңсап, қайта оралуды қалағанын да жасырмады. Жат жер, танымайтын адамдар, мүлдем бөлек атмосфераны сезінген Ноилханға алғышқыда жаңа ортаға сіңісіп кету оңайға соқпайды. Ұлының жетістікке жететініне сенген ата-анасының үкілеген үмітін ақтап, сүйікті жұмысын атқару үшін сонда қалып, көп ұзамай солтүстікке бауыр басып қалады. Аурухана орталықтан 2 бөлмелі пәтер беріп, жалақысын да біршама көтереді.

Оңтүстіктің табиғаты мен жылы шырайлы халқына әбден бой үйретіп қалған кейіпкерге солтүстіктің шыдас бермес қысына төзу қиындық тудырады. Ол жақта аптап ыстық пен температураның жоғарылауы сынды табиғи құбылыстар болмайды. Тұрғылықты жердің тұрғындары да көбіне көңілге қарауды білмейтін көрінеді. Орыс мәдениетіне сіңісіп кеткендіктен, бір-бірінің жеке өміріне қол сұқпайды, шындықты турасынан жеткізеді. Бүгінде аудан әкімі ауысып, халық пен ауыл-аймақтың жағдайын жақсартып, жылу жүйесімен қамтып жатыр екен.

Қазіргі таңда Ноилханның айлық табысы – 250 000 теңге. Басында барлық жағдаймен қамтылған баспанасы бар. Жас маман болғандықтан, әзірге осы көлемде ғана жалақы алады. Оның үстіне тұрғындардың ризашылығын алып, алғысына бөленіп жүр.

Ноилхан жұмыссыз жүрген жастарды солтүстікке қоныс аударып, жағдайларын жақсартуға шақырады.

– Бүгінгі кезде әрбір жанға мемлекет тарапынан көптеген мүмкіндік қарастырылған.Тек жалқаулықты тастап, еңбек ету қажет. Білімді жанға әркез орын табылады, – дейді Ноилхан.

Солтүстік өңірде жұмыс та көп, мүмкіндік те мол. Жыл сайын берілетін гранттардың саны артып, кәсіпорын қатары көбейіп жатыр. Бір өкініштісі, бұл аймақта игерілмей жатқан жерлер мен бос жұмыс орындары жетерлік. Мемлекет осындай жағдай жасап жатқанда қол қусырып отырмай, тез арада теріскейге көш түзеген жөн.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *