ИГІ ІС ЖАСАҒАН ІЗГІ ЖАН

Саясат Қоғам
183 Views

Жыл сайын оңтүстік өңірден солтүстік өлкеге көшіп жатқан жанұялардың саны артып келеді.Бірін күнгейдегі жұмыссыздық мәселесі мазаласа, енді бірі мұндағы табысты азсынып, қоныс аударуға бел байлап жатады.Әрине, көшкен соң сапалы пәтермен қатар тұрақты жұмыс орны табылса нұр үстіне нұр ғой. Алайда, адам өзі ізденіп, жетістікке ұмтылмаса, отбасын қамтамасыз етуі екіталай. Ал сіз аз уақыт ішінде көзге түсіп, басшылық қызметке ұсынылуға болатынын білесіз бе? Газеттің бүгінгі кейіпкері көшбасшылығы мен еңбекқорлығының арқасында өзге өңірде жайлы жұмыс орны мен тұрғын үйге қол жеткізді.

Жәнібек Маменов – Төлеби ауданы, Киелітас елді-мекенінің тумасы. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Мұнай-газ және стандарттау мен сертификаттау» мамандығы бойынша білім алады. Ол біраз жылдар бойы мемлекеттік қызметте жұмыс атқарады. Айлығы шайлығына да жетпейтін жерде еңбек еткен соң, бар тапқан табысы несие төлеу мен пәтер жалдаудан артылмаған көрінеді. Арада бірнеше уақыт өтпей-ақ, кейіпкеріміз «Оңтүстіктен солтүстікке» бағдарламасының шарттарымен танысады. Теріскейге қоныс аударуға шешім қабылдамас бұрын Солтүстік Қазақстандағы тоғыз ауданды 3 күн ішінде аралап көріп, 45 мыңға жуық халқы бар Ғ.Мүсірепов ауданына көңілі ауады. Айтуынша, бұл елді-мекенде тұрғызылған үйлердің сапасы жоғары әрі жұмыс орындары да өте көп. Жәнібек елімізді көркейтіп, мемлекеттік саясатты қолдау мақсатында 2021 жылдың күз мезгілінде жанұясымен солтүстікке көш түзейді. Үздіксіз ізденісінің арқасында азаматтарға кәсіп ашуға берілген ақшаға көлік сатып алып, табысы жақсы қызмет тапқанша, жүргізуші болып жұмыс істейді. Мемлекеттен қосымша қаражат ретінде жанұядағы әр адам басына 204000 теңге алады. Желтоқсан айында Темір жол ұлттық комитетіне қызметке орналасып, жол жөндеумен айналысады. Бүгінде «Қазақстан темір жолы» АҚ-да басшылық жұмысын атқаруда.

– Солтүстікке көшіп келетін тұрғындардың ниеті түзу болу керек.Қазіргі таңда қоныс аударып келіп, қайта оңтүстікке кетіп жатқан жандардың саны жетерлік. Олар көбіне жайлы жұмыс таппай, келгендеріне өкініп жатады. Бірақ, ізденсең – берекетін береді ғой. Мен де 4 ай бойы тұрақты қызмет таппай, уақытша жұмыстар атқарып жүрдім. Әрине, отбасымды асырау үшін. Оның үстіне бұл аудандарда бос жатқан жерлер көп, карьералық өсу бар. Оңтүстіктегідей адам саны көп те емес. Мемлекеттен көмек алып, кәсіп бастаймын деушілерге тамаша мүмкіндік туып тұр, – дейді Жәнібек.

Кейіпкеріміз жаңа жерге орнығып алған соң Жетісай, Жамбыл, Арыс, Төле би, Созақ, Қызылорда облыстары мен Алматы қаласынан 8 отбасыны Ғ.Мүсірепов ауданына көшіріп әкеліпті. Тіпті, кейбір отағасыларға жұмыс тауып, ал біреулеріне жөн сілтеп, кеңесін береді. Бүгінде қоныс аударған оңтүстік тұрғындары дән риза көрінеді.

– Біздің ауданда үй сапасы өте жоғары, бөлмелері кең әрі бар жағдаймен қамтылған. Күнгейден келген жанұяларды жан-жақта бос тұрған 10 үйге қоныстандырдық. Қазірдің өзінде Новоишим ауылдық округінде 48 қазақ үйі бар. Аудан орталығының 60%-ы қазақыланды. Бұл керемет көрсеткіш деп ойлаймын.

Жәнібек қоғам белсендісі Бурахан Дақановпен біріге отырып, арнайы жоба дайындап, фейсбук және телеграм әлеуметтік желілерінен «Теріскейге ұлы көш» атты топ ашып, қоныс аудару үшін кеңес сұрайтын ағайындарға көмек қолын созуда.Олар ауданның ономастикалық атауын қалыптастыруға да барынша күш салып жүр. Тіпті, билік өкілдері шешім қабылдап, жақын арада аудан орталығының атауын «Жаңа Есіл» деп өзгерткелі жатыр екен.

-2017-2021 жылдары «Еңбек» бағдарламасы қарқынды түрде жүзеге асты. Алайда, әлі де кемшін тұстары бар. Жыл сайын солтүстікке келген халықтың кейбірі қайтадан өз жерлеріне көшіп кетеді. Осы олқылықтар орын алмас үшін қоғам белсенділерімен бірігіп, адаптациялық орталық ашпақ ниеттеміз. Жобаны бастағанымызға осымен оныншы ай. Мұндағы мақсатымыз – тұрғындарға жұмыс орнын тауып, өз жолын қалауға мүмкіндік беру. Менталитет пен ауа-райы барлық адамға ұнап кететінін кесіп айту қиын. Сол ағайындарды райынан қайтарып, солтүстік бөліктің басқа да елді-мекендеріне қоныстануды ұсынамыз. Тіпті, кей аудандардағы қаңырап бос жатқан үйлерге құрылыс жұмыстарын жүргізіп, жаңа мекен салуға да әзірміз. Тек жоғары жақтағы атқамінерлерден қаржылай көмек берілсе дейміз. Осы күнге дейін Нұр-Сұлтан қаласына ат басын бұрып, «Ауыл», «Ақжол» партияларының қайраткерлерімен кездестік. Ол кісілер де бастамамызды қолдап, көмек берді. Ендігі ойымыз – жобамыздың ауқымын кеңейту, – деп қосты кейіпкеріміз.

Жәнібек солтүстікке келген әр жанұяға қаржымен қатар, 1 гектар жер берілсе деп армандайды.

– Бұл жақта бос жатқан елді-мекендерге зауыт пен фабрикалар салып, егін шаруашылығын бір жолға қойып, түрлі бизнес орталықтарын ашса, оңтүстіктен келген әрбір жанға жұмыс табылар еді. Жер құнарлығы жоғары болғандықтан, егін шаруашылығы көп күтімді қажет етпейді. Өзім картоп егемін. Бір гектардан 20 тоннаға дейін өнім алуға болады. Оның үстіне, бұл аймақта курортты жерлер мен демалатын аймақтар аз. Бір өкініштісі, халықтың көп бөлігі жалқаулыққа салынып, жұмыс істегісі келмейді. Оларды көршілес мемлекеттер сияқты кәсіпке баулып, екі қолына бір күрек беру керек. Мәселен, теріскейде наубайхана немесе кондитерлік дүкендер саусақпен санарлықтай. Мемлекет тәтті тоқаштар мен ұн тағамдарын дайындауға арнайы қаражат бөліп, кәсіпкерге аппараттарын сатып әперу керек. Сол сәтте ғана жұмыссыздықты ауыздықтай алар едік. Бұл – бірінші мәселе.

Сонымен қатар, шет жерде отанына орала алмай жүрген қандастарымызды солтүстікке қоныстандыру қажет. Тәжікстан, Ауғанстан сынды елдерде лажсыздан тұрып жатқан оралмандар көп. Әрбіріне қоныс та, жұмыс та берер болсақ, толық түрде саясатты жүзеге асыра аламыз, – дейді Жәнібек.

Бұл әңгімеден солтүстікте мүмкіндіктің шексіз екенін байқауға болады. Теріскей жұртшылығына сіңісіп, солармен бірге көгеріп, халық санын арттырып жатқан Жәнібек сияқты азаматтарымыздың ісі көпке үлгі. Ендігі кезек сізде, оқырман! Қарыздан қысылып, жұмыссыздықтан жалығып жүрсеңіз, солтүстікке қоныс аударыңыз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *