Ұлттық қауіпсіздік комитеті қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған Кәрім Мәсімовке қатысты тың деректерді жария етті.
Атап айтқанда, Мәсімовтің ҰҚК төрағасы қызметін атқарып жүргенде жабық келісімшарттардың бірімен шетелдік мемлекет өкілдерінен 2 миллион АҚШ доллары сомасында пара алу фактісі бойынша тергеу жүргізілуде. Осы қаражатты Гонконгтан Қазақстан Ұлттық банкіне қайтару қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар, Мәсімовтің премьер-министр қызметін атқарып жүргенде бизнес-құрылымның бірінен астанадан құны 2,5 миллиард теңгеге бағаланатын элиталық тұрғын үй мен жер телімін алу фактісі бойынша тергеу жүргізілуде. 2022 жылғы қаңтарда Мәсімовті ұстағаннан кейін осы тұрғын үйде 17,2 миллион АҚШ доллары мөлшерінде қолма-қол ақша, басқа да көптеген құнды зат – элиталық сағаттар, алтын кесектері, антиквариат және басқалары тәркіленген. Тәркіленген мүлік арасында бизнес санаттағы 11 қымбат көлік бар.
Бірақ ҰҚК бұрынғы басшысы К. Мәсімовке қатысты мәлімет бұл ғана емес. Оның басқа да мүліктеріне – Нұр-Сұлтан қаласындағы екі элиталық пәтер, Алматы қаласынан 2 пәтер мен дербес сарай, сондай-ақ Щучье-Бурабай шипажайы аймағы көлінің жағасындағы аумағы 1 га жер теліміне тыйым салынған.
Еске сала кетейік, К. Мәсімов мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу және лауазымдық міндеттерін асыра пайдалану күдігі бойынша қамауға алынған. Осы қылмыстық істі тергеу барысында оның іс-әрекетінде көптеген сыбайлас жемқорлық белгілері анықталып отыр. Оған қоса, отандық бизнес қауымдастықтары мен шетелдік субъект өкілдерінен жылжымайтын мүлік, қымбат сыйлықтар, соның ішінде мәдени құндылықтар, елеулі мөлшерде ақшалай қаражат алу фактілері әшкере болды. Онымен жақын байланыста болған адамдардан да 5,1 миллион АҚШ доллары тәркіленген. Бүгінде К.Мәсімов пен оның айналасындағы адамдардың шетел банктеріне заңсыз шығарған аса ірі мөлшердегі қаржысын Қазақстанға қайтару бойынша жұмыстар жасалуда.
…Айтпағымыз, ерте ме, кеш пе, пара алушылардың түбі бір қармаққа түсері анық. Ол уақыт еншісіндегі мәселе: адал еңбекпен таппаған дүниенің берекесі болмайды!
Н. ЕРҒАРА