Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!
Құрметті отандастар!
Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Аллаға сансыз шүкірлер болсын!
Сіздерді исі мұсылманның ұлық айы – Рамазанның келуімен шын жүректен құттықтаймын! Әр отбасыға бақыт пен береке, бірлік пен татулық тілеймін!
Алла Тағала ұстаған оразамызды, жасаған дұғамызды, орынды себептермен ауыз бекіте алмай қалған жандардың қайырлы амалдарын қабыл еткей! Әумин!
Өздеріңізге белгілі, елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты мешітте жамағатпен оқылатын намаздарға уақытша шектеу қойдық. Әр азаматтың өмірі мен денсаулығы қымбат құндылық болғандықтан, жұқпалы індеттің алдын алу үшін осындай шешім қабылдауға мәжбүр болдық.
Алайда уақытша сынақ кезінде жамағат намазы үшін мешіт есігі жабылғанымен, сауап есігі ешқашан жабылмайды. Қасиетті хадис-шарифте айтылғандай, мұсылманның ниеті – амалынан қайырлы.
Интернет желісі арқылы онлайн насихат тыңдап, үйден шықпай сауапты амалдарға ортақтасуға болады. Біз төтенше жағдай кезінде пітір садақасы мен зекетті онлайн режимде берудің оңтайлы жолын таңдадық.
Қадірлі халайық!
Рамазан – жақсылықта жарысатын ай. Алла Тағала қасиетті Құранда «Бақара» сүресінің 148-аятында: «…Жақсылықта жарысыңдар», – деп әмір еткен.
Карантин кезінде ауыз бекіткен жандарға азық-түлік жеткізіп беруді ұйымдастырсаңыз, тіпті көмекке мұқтаж отбасыларға ауызашарға кететін шығынды ұсынып, оларға қаржылай қолдау көрсетсеңіз, Алланың қалауымен ауызашар бергеннің сауабын аласыз. Жоғарыда айтқанымыздай, мұсылманның ниеті – амалынан қайырлы.
Осы ретте барша отандастарымызды қасиетті айдың құрметі үшін ақысыз демалысқа шыққан азаматтардың пәтерақысына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға, күнделікті тұтынатын тұрмыстық заттар мен азық-түлік бағасын барынша төмендетуге, күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шараптың сатылуына шектеу қоюға, көмекке мұқтаж отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетуге шақырамын.
Садақа – пенденің мал-дәулетін азайтпайды, керісінше берекесін арттырады. Біз берген садақа бір отбасын қуанышқа бөлейді. Ендеше, көмекке зәру шаңырақты шаттыққа бөлеп, үлкеннің батасын алып, алғысына бөленейік.
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім бауырының қажетін өтесе, Алла оның қажетінде болады. Кімде-кім мұсылманның бір қайғысын сейілтсе, Алла оның қайғы-қасіреттерінің бірін сейілтеді», – деген. Халық даналығында айтылатын: «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің», – деген нақыл сөздің мәні осы болса керек.
Құрметті жамағат!
Рамазан – тәубе мен тәрбие, тақуалық пен қанағат, шүкір мен сабыр, мейірім мен қайырымдылық, береке мен бірлік айы. Ораза – сауап жинап, рухани кемелдену айы. Түйіндеп айтқанда, Рамазан – Раббымыздың мейрім-махаббатына бөленетін ай.
Алла Тағала Құдси-хадисте: «Аузы берік адам ішіп-жеуін Мен үшін доғарды. Ораза – Мен және құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдеу себебінен шыққан ауыз иісі Мен үшін миск әтірінен де қайырлы», – деген.
Ендеше, берекелі айдың берекетінен құр қалмайық, халайық. Жәннат есіктері ашылатын айда жақсылықта жарысайық.
Алла Тағала ниетіміз бен амалымызды қабыл етіп, баршамызды Рамазаннан Рамазанға дейін айдан аман, жылдан есен жеткізе бергей!
Жер бетінде жұқпалы індет жойылып, Ораза айтты мешітте қарсы алып, қуанышты сәтте қауышуды жазғай! Жаратушы Иеміз жұртымызға жар болғай, елімізді аман, жерімізді тыныш еткей! Әумин!
Рамазан айы құтты болсын!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары
діни басқармасының
төрағасы, Бас мүфти.