ЭКСТРЕМИЗМГЕ ЖОЛ БЕРЕТІН ОСАЛ ТҰС – ДІНИ САУАТСЫЗДЫҚ

Дін Қоғам
356 Views

Экстремизм – латын тілінен енген термин, сөздік мәні «соңғы, шеткі» деген мағынаны білдіреді, саяси мағынасы экстремизм бойынша – бұл шектен шыққан көзқараспен және іс-әрекетімен ерекшеленетін күрделі әлеуметтік құбылыс. Сонымен қатар, ашық немесе жанама түрде зайырлы қоғамдағы демократияны жоққа шығаратын саяси қызмет түрі.

Діни экстремизм ұғымы – шынайы діннің негізгі қағидаларынан, қазіргі қолданыстағы ұлттық заңнамалардың және халықаралық құқықтың қағидаттарынан тыс шектен шығу дегенді білдіреді. Арнайы сөздік бойынша «діни экстремизм – басқа діндерді ұстанушы адамдарға төзімсіздік танытып, соған сәйкес қоғамға қарсы, көбінесе құқыққа қайшы, соның ішінде азаматтарға қарсы күш қолдану әрекеттеріне шақыру».

Діни экстремизм ұғымына Қазақстан Республикасының 2005 жылдың 2 ақпанында қабылданған «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заңында мынадай сипат берген:

«Экстремизм – жеке және заңды тұлғаның, жеке және заңды тұлғалар бiрлестiгiнiң белгiленген тәртiппен экстремистiк деп танылған ұйымдардың атынан iс-әрекеттер ұйымдастыруы және (немесе) жасауы; жеке және (немесе) заңды тұлғаның, жеке және (немесе) заңды тұлғалар бiрлестігінің мынадай экстремистік мақсаттарды: дiни өшпендiлiктi немесе алауыздықты, соның iшiнде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен байланысты алауыздықты қоздыруды, сондай-ақ азаматтардың қауiпсiздiгiне, өмiрiне, денсаулығына, имандылығына немесе құқықтары мен бостандықтарына қатер төндiретiн кез келген дiни практиканы қолдануды (дiни экстремизмдi) көздейтiн iс-әрекет ұйымдастыруы және (немесе) жасауы».

Жалпы экстремизм деген терминге қазіргі сарапшылар түрлі мағыналар берген. Бірақ, ортақ бір шешімге келмеген. Бір анығы ол қоғамға, мемлекетке және жалпы әлемге қауіп төндіретін құбылыс. Ал, соның ішіндегі діни экстремизм дегеніміз – дәстүрлі дінді бұрмалап, жалған «идеяны» белсенді насихаттау, зайырлы жүйеге қарсы әрекет ету.

Экстремизмнің негізгі белгілері:

-Мемлекетте диктатура орнатуды ашық жариялайды, яғни, бұл дегеніңіз елдегі азаматтардың саяси және азаматтық құқықтарын кемсіту;

-Елдегі конституциялық құрылымды үзілді-кесілді мойындамайды, оны зорлық-зомбылық күшімен жоюға және билікті заңсыз басып алуға ашық түрде насихаттайды;

-Заңсыз қарулы жасақтар құрады;

-Елде әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, тіл және діни алауыздықты қоздырады, сонымен қатар, осы ерекшеліктер бойынша азаматтардың құқығын шектеуді мақсат етеді;

-Елде белгілі бір ұлттың немесе діни конфессияның тоталитарлық режимін орнатуға тырысады.

Зерттеушілер діни экстремизмнің шығуының басты үш негізін атап көрсетеді. Біріншісі – діни сауатсыздық. Дінге толыққанды діни таным-түсінікпен келмеу, оның негізгі қағидаттарын дұрыс ұғынбау діни сауатсыздықтың басты көрінісі болып табылады.

Екіншісі – теріс пиғылды ағымдардың өкілдерінің сөзіне еру арқылы қалыптасқан жаңсақ сенім.

Ал, үшіншісі – әлеуметтік мәселелер. Көп жағдайда жұмыссыз жастардың болашаққа сенімсіз жағдайын пайдаланып экстремистік идеология жетекшілері олардың санасына шетін көзқарасты сіңіреді.

Діни экстремизмнің көріністері қазіргі заманда жастардың жат ағымның идеологиясына еліктеп, соқыр сенімнің жетегімен зайырлы қоғамға қарсы әрекет етуінен танылады. Ғаламтор кеңістігіндегі мұсылмандардың қысымға ұшырауы жайлы материалдарды ашық көрсету арқылы күллі әлемді мұсылмандарға жау ретінде көрсетуге ұмтылу әрекеттерін діни экстремистік идеяларды барынша кеңірек таратудың талпынысы деуге болады. Сонымен қатар ғаламтор сайттарында діни экстремизм идеяларын насихаттаушылардың әртүрлі діни уағыздары дыбыстық-бейне жазбалар түрінде таратылуда. Уағыздарда «зайырлы билік дінге жат, мұндай мемлекет басқарушылары мен дін қызметкерлері діннен шыққандар болып саналады», «оларға бағыну да – діннен шыққандық» деген пікірлер мейлінше агрессивті түрде насихатталып, оларға бағынбауға шақырылады.

Шетін көзқарастағы уағыз-насихаттардың бір бөлігі дін мен ұлттық дәстүрлерді қарсы қойып, ұлттық дүниетаным мен төл мәдениетке қарсы мазмұндағы ақпараттарды таратуға бағытталуда.

Қорыта келе, «өз дініңе берік бол өзге дінді құрмет тұт» демекші, әр азамат өз дәстүрлі дінінің тағылымын үйреніп, діни сергек болу үшін бойына иммунитет қалыптастырса өзге жат ағымның жетегіне кетпейді.

Гүлбану ҚУАНДЫҚ,

Шымкент қаласы

Дін мәселелерін зерттеу орталығының

ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *