(Жалғасы. Басы өткен сандарда).
Вера қаланы аралатып, таныстырды. Түрлі жота, сайға орналасқан Владивосток созылып жатыр. Көшеде моряктар қаптап жүр, біздегідей емес сыраханалар әркөшеде бар. Тек ыстық, ылғалды ауасы қиын.
Кешке бір кафеден қуырылған балық жеген соң, мені корпусыма дейін шығарып салды.
Әр жексенбіні асыға күтемін, ол күні демалыс беріледі. Құстай ұшып Верамды тауып аламын.
Жиырма шақты күннен кейін тағы да үйіне шақырды. Балықшы дегенге арық біреу ме десем, қыздың әкесі етжеңді, орта бойлы тығыршықтай ылдым-жылдым кісі бірден сұрақты төпелеп қоя бастады. Мен жөнінде, қазақтар туралы бәрін білгісі келеді екен.
– Бізде күйеуінен әйелдері жасы үлкен болып келеді. Артур әжемнен бес жас, менен әйелім үш жас үлкенмін, – деп бір қойды. – Жерді алып кит көтеріп тұр, – деп әкесі бой бермейді.
– Жоқ, көк өгіз көтеріп тұр, – деп мен көнбеймін.
Бұл жолы әзірлеген тамағы жапон мәзірлері болып шықты. Тұзсыз күріш, түрлі-түсті ащы, тұзы удай көк-мөк. Әкесі мен шешесі сакэ деген арақтан жүз грамм тартып алды.
– Ішпегенің жақсы. Негізінде кім арақтан аулақ жүрсе соның жолы ашылады, бағы жанады. Бүкіл ел маскүнем болып кете ме деп қорқамын, – деп ащы дәмдеуіштермен сүйсіне ішті.
Көңілдері үшін өтірік мақтап мен де жеген болдым.
* * *
Бір күні Вера аквалангистер үйірмесіне ертіп апарды. Маған да үйретіп, киіндіріп, мұхит астына сүңгідік. Тереңіне қарай қолымнан ұстай қайықтай сырғыған Вераға ілесе алмай удай ащы суға қақалып қала берем.
– Сені нағыз аквалангист етіп дайындап, мынау аласұрған ұлы мұхиттың астындағы ғажайып әлемді таныстырып, көрсетемін, – деп мәз бола күледі.
Кенет екі құлағымнан қан ақты. Мақта тығып, әбігерге түстік. Вераның шешесі бір таныс дәрігерге көрсетіп еді:
– Құлағының барабандары жарылған. Енді ешуақ теңізге сүңгуге, су тигізуге болмайды, – деп быжылдатып дәрі тамызып, мақтамен бітеп тастады.
* * *
Үш ай дегенің үш күндей болмай қас қаққанша өте шықты. Күз түсе қалың созылмалы жауын сіркіреп тұрып алды, көбіне ұйысқан қалың тұман басады да тұрады.
Біз курсты бітіріп, офицер болып, кіші лейтенант шенін алған күні Вера мені ресторанға шақырды.
Екеуара бір бөтелке шампан іштік, рахаттана мәз болып бусана биледік. Үрмелі аспаптар ансамблі мен әншілер бірінен соң бірі хит әндерді төкті. Ча-ча, твистке секіріп, вальске тербелдік. Ресторандағылар бәрі Вераға сұқтанады. Әсем гүлге әркім-ақ қарағысы келеді-ау.
– Маған бір тәулік демалыс берген. Ертең кешкі поезбен қайтамын, – деймін танго билегенде қыздың ыстық денесін өзіме тартып.
– Бүгін біздің үйге қонасың онда. Папам түнде мұхитқа шығады, балықшы ғой. Сенімен қоштасып қалғысы келеді.
Үйінде әкесі киініп, жұмысына дайындалып отыр екен.
– Бектас Нартаевич, офицер болғаның құтты болсын! Кел, бір-бір рөмке сакэ ішейік, – деп бәрімізге құйып берді де, тілегін айтты.
– Верам жалғыз тал қызым. Бағала, бір-біріңді сыйлаңдар. Бірақ үйленгенше бірге жатуға бізде рұқсат жоқ. Сен әскери қызметке бармай-ақ қой, оған мінезің келмейді. Шынын айтсам бұл мамандық маған ұнамайды, – деп ойын бүкпесіз ашық айтты.
Бізде жеті атаға дейін бір-бірімізден қыз алуға қатаң тыйым салынғандығын айтқанда тіпті таң қалды.
Әкесі қапсыра құшақтап, арқамнан қағып қоштасты.
Үшеуміз қалғанда «Ат таңдасаң аяғына қара, қыз таңдасаң анасына қара» деген қазақта мақал бар. Сіз маған керемет ұнадыңыз», – деп шешесіне бөлек тілек айттым. Байқадым, әке-шешесінің ықыласы ауды, жандарына жақын тарта сөйледі.
Маған залдағы диванға төсек салып берді, өздері түпкі бөлмеге жайғасты.
Жарықты өшіргеннен кейін де балбұл жанған Вера мені өліп-өшіп аймалап, сыбырлай сөйлеп, көпке дейін жанымнан кетпей отырып алды.
Анасы қайта-қайта жөтелгенсіп ескерту беріп жатқан соң ғана қызды мейірлене сүйіп, емін-еркін сипалап, құшақтап әзер жібердім.
Ертеңіне поезға шығарып салды. Ылжырап қар аралас жауын жауып тұр. Қара суық денеңді тітіркендіреді.
– Бек, хат жаз, – деп қыз құлағыма үздіге сыбырлайды.
– Мен сені шексіз сүйемін. Күт мені, – деймін құшақтап.
– Бек, менің саған деген махаббатым анау Тынық мұхитынан да үлкен. Күтемін, жаным, – деген оның «жаным» деген сөзді жаттап алғанына ризамын. Тіпті қазақшалап – сүйемін сені Бек! – дегені қандай! Өзім үйретіп едім.
Үстінде қызыл балон плащы бар періште бойжеткенім мойнындағы бөкебайын алып, қол бұлғап қала берді.
Вагон терезесінен оның жүгіре басып қоштасып жатып бірдеңе дегенін ести алмадым. Бірақ жүрегім біледі, ол «Бек, сені сүйемін!» деп жар салғаны ғой.
Қызыл балон плащының алды ашылып, қар аралас жауын астында су-су болып, қолындағы бөкебайын бұлғап, пойыздан қалмай жүгіріп қоштасқан сәті ғұмыры көз алдымнан кетер емес.
Дембель! Он екі тәулік бойы жол жүріп бір эшалон жауынгерлер елімізге асығып келеміз. Ресей жері не деген байтақ… Хабаровск, Чита, Новосибирск, Барнауыл… Жүрегіміз алып-ұшып, қазақ даласына жеттік. Семейде түсе-түсе қалып көрінген жанға «Ассалаумағалейкум!» десек, «Әликассалам» деп жауап бергенін естіп, төбеміз көкке жетті-ау!..
Әр қаладан Верама хат жазып жіберемін. Кеудемді буған сағыныш… Асыл бойжеткенім қызыл плащы желбіреп, бет-аузы су-су болып, қала берді-ау. Мүмкін жылаған көз жасың шығар?..
* * *
Туған еліме аман-есен келгенімде әке-шешем нән қошқар сойып, құдайы таратты. Үй іші мәре-сәре. Бір аптадай ауылда болып, Алматыға тарттым. Университет құшақ жая қарсы алды.
КазГУ-дің жатақханасына хат жиі келеді. Әрқайсысында аңсау, іңкәрлік, бал махаббат, шексіз сүйіспеншілік әлемі шүпірлеп тұнып тұр-ау…
Екінші курсты жалғастырып оқып жатыр едім, енді жаңа жылға он күндік демалыс берді.
Шымкенттің іргесіндегі ауылдағы үйіме келіп, есік алдындағы малды қарап, әке-шешемнің анау-мынау шаруаларына қолқабыс қылдым.
Мені күтіп жүр екен әбден байланған семіз байталды соғымға сойып алды.
Соғымбасына шақырған қонақтарымыз сорпа ішіп, тістерін шұқып отырып:
– Енді Бектас осы үйге келін әкелсін!
– Келін түсіріп, қолдарыңды жылы суға малып отыратын қуанышты күнге жеткізсін!
– Бәріміз сол тойға дейін аман-есен болайық! – десіп ақжарма тілектерін үйіп-төгіп айтқан сайын шешем бал-бұл жанады. Жанына майдай жағып барады.
Ертесіне әкем жұмысына кетті, қарындастарым мектепте, анам екеуміз ғана түсте шәй ішіп отырмыз.
Шешем кешегі жылытпаны ысытып әкеп, табақпен алдыма қойды.
– Бекжаным-ау, кеше ағайын-көршілер айтқандай енді қашан келін түсіресің? – деп келіп шашымнан сипап, аймалап, құшақтап қойды.
– Біздің құрдастардың бәрі дерлік немере сүйіп отыр.
Үндемей құтыламын ба деп едім, жақындап кеп тілегін айта бастады.
– Ана әкеңнің сыныптасы Дәуреннің де қызы үкідей боп бойжетіп отыр. Құда түссек, бере салайын деп тұр. Қызы да бір айналайын көргенді, тәрбиелі. Бұғалтір болып істеп жүр, техникум бітіріп алған, – деп әңгіме ауанын маған арнап, тереңдеп барады.
– Жоқ әлде көздеп жүрген біреуің бар ма? – деп тоқетерін сұрады.
– Бар…
– Кім ол?..
– Биыл университет бітіреді, содан кейін алып келемін.
– Иә, Құдай, соған жеткізе гөр! Қай жақтан, қай елден екен?
– Мм… ім… Алыс… өте алыстан.
– Мейлі, алыс болса да әйтеуір ошағымыздың отын өшірмей түтінімізді түзу ұшыратын ибалы жан болса болды ғой. Сонда қай жерден? Біз қам жасап дайындала берейік. Құлдығым-ау, қалай айтпай шыдап жүрсің? Әкең де оңашада сұрап қояды. Орал ма, Өскемен бе? Бәрінен қыз алып, қыз беріп, құда-құдағи болған елміз ғой… Елі қайсы, жері қайсы, айтсаңшы, балам, жұмбақтамай? – деп қоймаған соң амал жоқ сырымды айтуға тура келді.
– Қиыр Шығыстан…
– Оның қай жерінен? Нақты айтсаңшы? – деп қоймады.
– Өзім әскерде болған жақтан.
– Ә-ә, неге күмілжи береді десем, орыс болғаны ғой онда, – деп шешем шошына дауысы қатты шығып кетті.
– Жоқ, орыс емес.
– Ә, онда кім?..
– Ол келініңіз жапон… жапон қызы.
Жаңа ғана жадыраған жаздай жайраңдап отырған анам түнерген бұлттай түйіліп, сазарып міз бақпай үн-түнсіз қалшиып отырып қалды.
Бір кезде барып дауысты салып ботадай боздап жылап ала жөнелгені. Зарланып айтқандары сай-сүйегіңді шымырлатады.
– Не жаздым саған Құдай!.. Тоғыз бала таптым ғой, ең үлкенім ғана ұл, қалғандарың бәрі қыз болды ғой. Тұңғышым, жалғыз тал ұлым енді міне кетемін деп жатыр. Ол келін Жапониясына алып кетер… Келін түсіріп ел ғұсап мәре-сәре боламын ба деп жүруші едім. Тұқым-тұяғымызбен құрыдық десеңші, ошағымыз өшті десеңші… О, Құдай, көрсетпегің осы ма еді?..
Шешем бұлқан-талқан ашуланып, бетіндегі секпілдері теңбіл-теңбіл білеуленіп, екі көзінен тарам-тарам жас саулап, ойбайды салды дерсің!.. Бір кезде селкілдеп барып отырған орындығынан теңселіп барып, еденге гүрс құлап түсті.
– Апа, апатай! Не болды?.. – деп ұшып тұрып, басын көтердім. Қолы-басы тап-тастай, көгеріп-сазарып көзі аларып кетіп барады.
– Апа, апатай – деп өгіздей өкіріп басын құшақтай бердім. Осы кезде тонын қаудырлатып әкем кіріп келді.
– Не болды, ойбай-ау, не болды? – деп тізерлей отырып, шешемнің тамырын ұстап, асығыс-үсігіс телефонмен дәрігер шақырды.
Көзім жіпсіп, үрейленіп не істерімді білмедім. Жедел жәрдем машинасы келіп, зембілге салып алып кеткенше шешем байғұс былқ-сылқ етіп есін жия алмады.
Жаным шошып, есім екеу, түсім төртеу ауруханаға күнде дедектеп барамын. Анам инфаркт алған, жансақтау бөлмесіне кіргізбейді. Бір аптадан кейін ғана палатаға ауыстырды.
Үстіне жапқан көрпесін ашып тастап, демігіп әзер демалып жатыр. Көзіме бірден түскені қобыраған шашы ақбуырланып, ақ самай тұсы қырауланып кетіпті.
Жанына отырып едім, кемсеңдеп ол жылады, іші-бауырым өртеніп өксігімді тия алмай, шешеме тура қарай алмай, көзімнен аққан шұбырған жасты тия алмай, солқылдағаным-ай…
– Апа, апатай! Кешірші, мені кешірші! Ол қызды алмаймын… алмаймын…
– Құлыным-ай!.. Бекенім-ай… Сенің жүрегіңді қан жылатып қайтемін. Өзің біл балам! – деп әлсіз бозарған саусақтарымен шашымды сипалағанда бүкіл қолқа-жүрегім үзіліп кете сақтады.
Шешенің жүрегі қандай кең еді?..
– Жоқ, ана, Сіз аман болыңызшы! Мен оны мүлде ұмытамын, оған жоламаймын! Қазақтан қалаған келініңізді әкеп беремін, – дедім қапсыра құшақтап.
Палатадағы бірге жатқан үш әйел үрпие қарап қалыпты. Арасындағы таяқ ұстаған кемпір келіп арқамнан қақты.
– Қарағым, балам! Сен егіле берме, еңсеңді түсірме. Шешеңнің жүрегіне салмақ түсірме. Тілектеріңе жетіңдер! Анаң деген жарқыраған күнің емес пе? Күнің бар да күліп, жайнап жүріңдер! – деп кемпір байсалды тоқтау айтты.
– Жалғыз тал ұлым ғой! Сенің жолыңа кесе көлденең тұрып алдым ба? Құлыным-ай!.. Аман болшы… Өзің шеш…
– Жоқ, ана, айтқаным айтқан! Ол қызды ұмытамын! – деп дауысым қатты шығып кетті.
– Алла разы болсын. Айтқаның келсін! – деп таяқ ұстаған кемпір аналы-балалы екеумізге тілегін білдірді.
– Сабағыңа бара бер, Бекентай!.. Маған алаңдама, жазылып кетемін. Өзің ойлан!..
– Болды, апа. Уәдем уәде! Уайымдамай-ақ қойыңыз!
Үш күннен кейін шешем ілдалдалап жүре бастағанда Алматыға оқуыма қайтып кеттім. Аз уақытта көзі шүңірейіп, жүдеп кеткен әкем қапсыра құшақтап, көзі жапақтап қоштасып қалды.
* * *
Наурыз өтсе де қар үсті-үстіне қапалақтап жауып, күн жылымай қыс аяғы ұзап кетті. Алматы көшелері жылтырақ мұз, көктайғақ. Жол жиегі іртік-іртік сарғайған ірімшіктей үйілген саржағал қар жабындысы. Ағаш бұтақтарын мұз-қырау құрсаулап, жерге сәлем салып тұр.
Көктем келе ме деген жұрт жаналғыш әзірейілдей қысқан сақылдаған үскірік аяздан естері шығып, берекесі қашты. Үш тәулік бойы жапалақтаған ақ қар бүкіл қаланы қалың ақ көбікке орап тастады.
Көңіл-хошым болмай, суып кеткен жатақханадағы бөлмемде жатсам – «Сізге телеграмма!» – деп бәкене бойлы пошташы ағай қол қойдырып алып, сиырдың тіліндей көк қағазды ұстатып кетті. Шешем байғұсқа бірдеңе болып қалған жоқ па деп үрейленсем, жоо-жоқ Верадан келіпті.
«Москваға ұшып барамын. Сонда жарты ай боламын» – депті Вера жеделхатында.
Сұлқ түсіп отырып қалдым. Вера… Вера-жаным!… Қайран алтын қыз… Қайтемін-ай… Не істеймін?..
Шешеме уәде бергелі хат жазуды күрт біржола тоқтатқанмын. Кейде түнге қарай ұйықтай алмай есік алдындағы қақаған суық бақта ары-бері теңселіп жүріп алатын әдет таптым. Бүкіл ішкі әлемім күйіп жанады, өртеніп кете сақтап, жандүнием түгел құлазып, әрі-сәрі күйге түстім.
Шахта дейтін арақ-шарапты стакандап сататын жерге барып удай мас та болдым. Дуылдаған кешкі биге де бардым. Түк әсер бермеді, селт етіп, серги алмадым.
Көкейімде тек Вера тұрады. Бұл жауқазындай жаны жазиралы қыздың жазығы не? Өзім сұмырай, екіжүзді, оңбаған болып тұрмын ғой. Қанша мәрте хат жазып түсіндірейін деймін де түк қолым жүрмейді…
Күн кенет жылып, мейірлене шуағын төгіп тұрып алды. Қыс бойы сірескен сүрленген қар бой-бой терлеп, қарындары тесіліп, үш күн болмай-ақ ақсүлдесі түгел еріп жүріп берді. Арықтар көбік суға толып, жұрт әбігерге түсті.
Көктем ерке қыздай қылықты, күлмең көз бұлақтар көше-көшеде қунақ қақты. Жер мұртынан күліп, күн қызуына терлеп-тепшіп түрленіп, көкмайсасы құлпырып шыға келді. Бүрленген ағаштарда құстар ән салып, атқан әрбір арайлы таңға қошемет көрсетіп жатты. Қырларда жапырлай бәйшешектер қаптады, шаһар жасанып, жайнап көк жасылға малынды.
Тағы да жеделхат келді. «Москвадан Алматыға, саған ертең ұшып шығамын!» – депті.
Міне, аэропортта Вераны күтіп тұрмын. Ауылға барып келгелі хат жазуды пышақ кесті тоқтатқанмын. Бірақ сонау Қиыр Шығыстағы таңы бүкіл елден бұрын ататын қаладағы бойжеткен сұлуымның хаты апта аралатпай келіп жатты. Оны ашып оқыған сайын өкпе-бауырым жидіп, санам сансырап, не істерімді білмей, құр сүлдем салбырап жүрдім де қойдым ғой.
Таң сібірлеп ақ селеу сәулесін таратып жаңа атып келеді.
Енді міне, өзі әдейілеп ұшып келе жатыр. Не деймін, қара жерге шегедей қағылып кете сақтап, ар-ұяттан өртеніп өліп кете сақтап тұрмын.
– Бека, Бек! Жаным, – деп қолында кішкене ғана сөмкесі бар бұраң бел көк көйлек, жасыл плащ киген қыз тұра ұмтылды. Жүрегім атқақтап мен де қарсы жүгіріп, құшақтай алдым. Баяғы Күн иісі, мұхиттың дәмі, өзіне тән жұпары аңқыған Верам мәз-мейрам, бетімнен шөпілдете сүйеді. Бүкіл қалың жолаушылардан қысылмай оның алқызыл ернінен, құлақ түбінен сүйдім.
Құрысып, тырысқан денем жадырап шыға келді.
– Алматыда күн ыстық қой, Москвада әлі қыс кетпей суық болып тұр, – деп плащын шешті.
Такси ұстап, екеуміз артқы орындықта мәре-сәре болып отырмыз.
– Не деген алып таулар, шыңдары қандай биік! Бізде Фудзияма деген тау бар, соны көрсек қой деп бүкіл жапон армандап жүреді.
– Бұл Алатау деген менің тауым. Осы тау іркес-тіркес созылып сонау Шымкентке дейін жалғасады. Осы Алатауда әкем қой бақты, мен сол биік-биік асқар-құздарында ойнап, сонда өстім.
– Маған көрсетесің ғой оны?
– Әрине, бүгін Медеу, Шымбұлаққа апарамын! – деп уәде беріп қойдым.
– Тамаша! Қандай жақсы болды! – деп ол балаша мәз болды.
Күн қызуы қатты, шақырайып шықты. Жеңіл-желпі кафеден тамақтанып алған соң, Медеуге тарттық. Одан Шымбұлаққа көтерілдік.
Аппақ қарға оранған тау алқабына таң-тамаша болды. Төменде үйлері қалың ағаштан әзер көрінетін Алматым жайлы қызыға әңгімелеймін.
Түнге қарай Виноградов көшесіндегі жатақханама әкелдім. Қасымдағы жігіттер әдейілеп босатып берген.
– Мынау менің орным, – деп терезе жақтағы төсегімді көрсеттім.
Мен жуынып қайтып келсем ол жатып қалыпты. Жолсоқты боп шаршап қалыппын, шамды өшіріп мен де жанына қисайдым.
– Бека, маған тиіспейсің ғой, уәдең бар емес пе? Өзің айттың ғой, үйіңе келін ғып апарған түні жан-тәнім бәрі сенікі болады. Келістік қой! – деді қыз құлағыма сыбырлай.
Талшыбықтай балшырын қыз құшағымда, ес-түссіз сүйе беремін.
Жұпарым-ай! Қандай ғажап ақ адал періште едің? Не деген ғаламат сағыныш, аңсау! Ақылдым менің! Ештеңе айта алмаймын. Ал ол сөйлеп жатыр.
(Жалғасы бар).
Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
ЮНЕСКО-ның мәдениеттерді жақындастыру
орталығының бас ғылыми қызметкері, жазушы