ҚАЛИЛА ҚОЖАНЫҢ ХИКАЯЛАРЫ

Әдебиет
57 Views

«БАЙЫҢДЫ ПРОКАТҚА БЕРЕ ТҰРШЫ»

Қазақ тележурналистикасында өзіндік орны бар Ұлдай Ибадуллаеваны Қалила ерекше сыйлайтын еді. Екеуі Сыр бойының түлектері болғандықтан, бір-бірінеәрдайым бір табан жақын жүретін. Бірі – аға, енді бірі – қарындас болып кеткенқоңыр қаз он бес жыл бойы баяғыда Шерхан Мұртаза ағалары алып берген көпқабаттыүйде құдайы көрші болды. Оларды табыстырған басты нәрсе – екеуінің мінезі.Қалила да, Ұлдай да түбі түскен шелек сияқты даңғырлап қалған ақкөңіл жандар, сенгіш, кішкентай балаға да алданып қалады. Өздері аш жүрсе де, соңғы үзімнанын көршісіне беретін әпенділер. Ал ұлт намысы десе, бұл екеуі оттан да,оқтан да қайтпайды, найзағай болып, жарқылдап шыға келеді.

Бір күні есік шалқасынан ашылып, Ұлдай: «Рыскүл, Рыскүл!» деп жау шапқандай айқайлап кірді. Көрші болған соң, олардың ыдыс-аяқтары үнемі араласып жататын.

– Ұлдай, бүкіл үйді басыңа көтергенше, керек затыңды ала бер, менің қолым босамай жатыр, – деді Қалиланың келіншегі – етке нан илеп жатырмын, ентігіңді бас, мақтап жүреді екенсің, отырып ет жейік.

– Рыскүл, маған ет емес, ана диванда жатқан байың керек болып тұр, екі сағатқа прокатқа бере тұрасың ба?

– Оны не қыласың? – деді Рыскүл қамыр илеген қолын орамалмен сүртіп жатып.

Өзінің атын естіген соң, Қалила орнынан тұрып, басын қылтитты.

– Бүгін Бішкектен келген қырғыз ақындарын эфирге шығардым, керемет хабар болды. Айыр қалпақты ағайындар қояр да қоймай мейрамханаға шақырып жатыр. Барайын десем, байым жоқ, бере тұр екі сағатқа.

Рыскүл ернін сылп еткізді.

– Жатыр ғой, ала бер!

– Ойбай-ау, Рыскүл, күйеуіңді прокатқа тегін бере саласың ба? – деп Қалила ыржиып күліп, тез-тез киіне бастады.

…Ұлдайдың шашы селдіреп, басы жалтырап қалған «күйеуін» көргенде, қырғыз ағайындардың көңілдері толмады. Қараторының әдемісі Ұлдайды қазан бас біреуге қимаса керек. Обалы не керек, сол кеште Қалекең сұлу келіншектің «байы» ролін мүлтіксіз орындап шықты.

Айналасын шат-думанға, әзіл мен қалжыңға бөлеп жүретін Ұлдай да бұл өмірден озып, айналасын күрсіндіріп кетті. Осыны ойласа, Қалиланың жаны жүдеп сала береді. Әй, жалған бес күндік дүние-ай!

ҚЫРАН ҚҰС НЕГЕ ҰШПАЙДЫ?

2004 жылы мұнайшылар туралы деректі фильм түсірмек болып, Қалила жанына інісі Әбдрахманды және кинооператор Андрейді ертіп, Атырау, қайдасың деп тартып кетті. Аузынан бір ауыз сөз шықпайтын, тастай қатып қалған бір жігіт ағасының қиралаңдап қалған ескі көлігін жалдап, шығармашылық топ Құлсары қаласынан Доссорға сапарға шықты. Көптен жөндеуден өтпеген жол шұрық-шұрқ тесік, «Мазданың» да оңып тұрғаны шамалы, есек арбадай ілби, тасбақаша жылжып, небәрі екі жүз шақырым қашықтықтағы Доссор кентіне алты сағат дегенде әрең жетті. Елді мекенге жақындап қалғанда режиссердің шегір көздері шаһардың кіре берісіндегі үлкен қақпаға қонақтап отырған қыран құсты байқап қалды.

– Андрей, – деді Қалила кинооператордың жеңінен тартып – анау құсты көрдің бе, машинаның терезесін сәл түсіріп, бірнеше кадр жасашы.

Режиссердің не айтқанын түсінген жүргізуші көлігін жайлап айдап, кинооператор қажетті көріністерді түсіріп алды.

– Қалила Умарович, – деді Андрей – енді көлікті тоқтатып, қыран құстың ұшып кеткенін түсіріп алсақ қатып кетер еді.

Жүргізуші машинасын тоқтатып, Андрей мен Әбдрахман асығыс шыға берді. Қалиланың інісі қонақтап отырған құсты үркітіп ұшырмақ болып, тас лақтырып «Тәйт, тәйт!» деп бар дауысымен айқайлай бастады. Бірақ, қыран құс орнынан қозғалар емес. Бұл қиқуға көліктен шыққан Қалила да қосыла кетті.

Алғашқыда ештеңеге түсінбей үнсіз отырған шопыр мырс етіп күліп жіберді.

– Мен талай артистерді көрдім, бірақ, сендер сияқты артистерді бірінші көріп тұрмын, – деді режиссерға жақындап – көздеріңді ашып, жөндеп қарамайсыңдар ма, өңшең шуылдақ! Ол бетоннан құйып, орнатып қойған қыран құс емес пе?! Ұш-ұш дейсіңдер, оған жан бітіретін құдай емессіңдер ғой сендер!

Үшеуі де өз көздеріне сенбеді. Алты сағат бойы аузына су құйып алғандай үндемей келіп, кенеттен сайрап қоя берген шопырдың қалжыңдап тұрмағанына көздері анық жеткен үш батыр қарқылдап күліп, тұрған орындарында құлап қала жаздасты. Жол үстін басына көтерген үш әпендеге қарап, қалтасынан темекісін шығарған шопыр басын шайқап, еріксіз жымиды…

ЖҮРЕК ХРОНИКАСЫ

немесе

ҚАЛИЛА ҒАШЫҚ БОЛҒАН ҮШ АРУ

(«Илегеніміз бір пұшпақ» демекші, реті келіп тұрған соң жаңақорғандық әріптес қарындасым Баян Үсейінова жазған үздік сырды кітапқа енгізгенді жөн санадым).

Редакциямызға белгілі кинематографист, режиссер, бүгінде туған халқын әлемге танытуға атсалысып жүрген жерлесіміз Қалила Омаров ағамыз келді. Алашордашылар, репрессия, нәубет жылдарының шындығын ашуда деректі фильмдер түсірген, жалпы қайбір кинотуындысы болсын қазақ халқының жандүниесімен астасып жататын терең ойлы, ұшқыр қиялды Қалила ағамыз бізбен әңгімесінде шығармашылығынан гөрі жеке тағдырын тереңірек жайып салды. «Шынымды айтсам, – деді ол, – жастық шақта ешнәрсені парықтай бермейді екенсің. Елуден асқанда өз-өзіңе есеп беріп, көңілің құлазитын жағдайың жиілейді екен. Жүрекке салмақ салар қилы тағдыр басқаларға да тән шығар. Сондықтан көппен бөліссем жеңілдеп қалармын. «Қалиланың өміріндегі үш ару». Осы тақырыпта сырлассақ қалай болады? Өйткені ол үшеуі де менің өмірімнің үш бөлшегі ғой. Осындай тұлға болып қалыптасуыма да әрқайсысының өзіндік орны бар. Мен тіпті сол үшеуіне де өзімді қарыздар сезінемін. Сонымен…

Бірінші сыр.

Түбіт мұрт жігіт атанып, тұңғыш рет ұнату дегеннің не екенін ұқтырған қатар сыныпта оқитын Сәуле есіме түссе, әлі күнге дейін жүрегім бір аунап түседі. Мен сол қызға керемет ғашық болдым… Бидай өңдінің ішіндегі сұлуы. Әсіресе көзі керемет еді. Мен ғана емес, көз салушылар көп сияқты. Бірі спортсмен, бірі жақсы төбелеседі, бірі гитарада жақсы ойнайды. Менде тек қиял. Қайткенде соның бәрінен озып, Сәуленің көзіне түскім келеді. Ал ол болса, менің осынша азап шегіп жүргенімді сезбейтін де сияқты. Көркем әдебиетті көп оқитынмын. Бір күні Максим Горькийдің кітабынан мынадай жолдарға көзім түсті: «Азап шеге білмеген, өмір сүре де білмейді». Мен нағыз өмірді жаңа бастағанымды түсіндім. Бұған дейінгінің мәні де, мағынасы да жоқтай көрінді. Олай болса, азаптың көкесі алда. Мен тек төзе білуім керек. Жаса, азапқа толы тәтті өмір!

Азабымның басы Ленинградқа қашу жөнінде тоқтамға әкелді. Мақсатым – Қалиланың тегін еместігін дәлелдеп, Сәулені таңғалдыру. Қалтамда жинап жүрген алты сом ақшам бар. Бір күні пойызға міндім де қашып кеттім. Мені екі күннен соң, Ақтөбе вокзалында пойыздан түсіріп алып, балаларды оқшаулау колониясына алып келді. Шашымды тақырлатып алып тастады. Соңымнан арып-ашып әкем де жетті. Аямай соғады-ау деп ойлағанмын, аман көргеніне тәуба етті ме, тақыр басымнан сипап, бір иіскеді де қойды. Тұңғышы емеспін бе, мейірі түскен шығар. Сонымен кері ауылға қайттық. Бірақ мен де алған бетімнен қайтпадым. Орта мектептен соң Ленинградқа барып, кинематографистер дайындайтын оқуға түстім. Мықты ұстаздардың алдын көріп, әбден толысып, жан-жақты біліммен қаруланып қайттым ауылға. Осыншама қиындықтарды жеңіп, тұлға болып қалыптасып, бүгінгі биікке жетуіме Сәулеге деген өлермен сүйіспеншілігім себеп болғанын мойындауға тиіспін. Жамбыл жаққа тұрмысқа шыққан Сәуленің кейін бірнеше жылдардан соң киностудияға, маған телефон соққаны бар. «Қалила» деген даусы жүрегімді дір еткізді. Сол баяғы қалпы, сыңғырлап тұр. Көзім жеткені, неше жыл өтсе де, кісінің даусы өзгермейді екен. Кейін өзін де көрудің сәті түсті. «30 жылдыққа кел» деп хабар берді ауылдағылар. «Сәуле келе ме?» деймін мен. «Келеді». Қалжыңдап әйеліме айтып ем, «Е-е, барып кел, алғашқы махаббатыңды көріп қайт» деп күлді. Бұл жерде қызым Сәуле (есімін неге бұлай қойғанымды сезіп отырған шығарсыздар) қызғаншақтық танытты. Мен де барамын, – деді. Содан не керек, қызыма «алғашқы махаббатымды» көрсеттім. Толып алған келіншек болған. Қызым: «Мына апаға сонша ғашық болдыңыз ба?» дегенде өзім қысылдым. Қайтесің, уақыт ешкімді аямайды.

Екінші сыр.

Ленинградтағы оқуымды бітіріп келген соң, аудандық Мәдениет үйіне қызметке орналастым. Манап Көкенов, Есіркеп Қоңқабаев, Әмір Мәжитов, Сауран Елеуовтердің ортасындамын. Осы жылдары ғой, Ә.Мәжітовтың ашаршылықты бейнелейтін «Бір үзім нан» пьесасымен Астанаға дейін барып қайтқанымыз.

Осы кездері ауылға жолдамамен келген суретші, Оңтүстіктің қызы Ләззатқа көңілім ауды. Өзі қайсар қыз. Балалар театрын ашты. Маған ұнайтыны оның осы іскерлігі, бірбеткейлігі, жұмыс десе жанын береді. Сезімімді өзіне білдіріп қоямын. Ол да кетәрі емес. Бірақ үйдегілер келіспейтін сияқты. «Бөтен жақтың қызы, түбі сені еліне алып кетеді. Сен мына іні-қарындастарыңа қарайлауға тиіссің, соларға қамқор болатындай елдің дұрыс қызын ал» деп құлағымды жейді. Сонымен мен Ләззатты ұната тұра қолыма қондыруға жүрексіндім.

Үшінші сыр.

Осындай күндердің бірінде Мәдениет үйіндегілер күрішке көмекке баратын болдық. Қызылорда педучилищесінің қыздары осында. Содан күндіз жұмыс, кешке қызған би. Биде жүріп Рыскүлмен таныстым. Нұрлы көзді, еліктің лағындай мөлдіреп тұрады. Қарапайым, жүрегімді нәзіктілігімен баурап алғандай. Сенгіш. Бір күні мынадай оқиға болды. Би кешінен соң, аздап шарап ішкенді көтере алмай, қызып, құлап қалсам керек. Жастар жөн-жөнімен тараған. Жатқан жерімнен тұрғызып, төсегіме дейін Рыскүл өзі жетектеп келіпті. Сырт көзден, сыпсың сөзден де қысылмапты. Мен есімді білмеймін. Тек қыздың мойнындағы орамалға тас қып жабысып алып, жібермеппін. Таңертең уысымдағы орамалға қарап, аң-таңмын. Бір кезде Рыскүлдің өзі «Ағай, орамалымды беріңізші» деп келіп тұр. Мен оған орамалын ұсындым. Сонда сол орамалға жүрегімді орап беріп тұрғандай күйде болдым. Оның менімен мәңгі бірге екеніне, қай кезде де жанымды да, арымды да қызғыштай қоритын адалдығына сенгім келді. Мен де оған қорған болуға жарасам, бақытқа жеткізсем деп шын мақсатқа бел будым. Ойымды жолдастарыма айттым. Нұрберген де, Қалтай да ойымды құптап: «Олай болса, тезірек әрекетке көш» деп ақыл берді. Куратор апайымен келісіп, қызбен сөзіміз бар екенін айтып, Рыскүлді алып қаштым. Міне, содан бері Рыскүл екеуміз бір шаңырақтың астындамыз. Төрт ұл-қыз өсірдік. Менің Рыскүлге риза болып, басымды иетін тұстарым көп. Ол өзінің бүкіл қызығын, арман қалауын менің азапты шығармашылық жолымның бағының жануына арнаған жан. Өмір бойы менің жағдайымды жасауды ғана білді. Өз қарақан басы үшін бір нәрсені талап етпеді, бір нәрсені тап деп қыстамады. Барына қанағат етті. Отбасының берекесін кіргізіп, балаларына асыл ана бола білді. Ердің түзде жолы болуы үйдегі жарының ақ тілеуінің де арқасы.

Төртінші сыр.

Рыскүлмен енді бас қосқан кезім. Байқаймын, ауылда талантымның тұралайтын түрі бар. Фильм түсіру жөнінде қиялдаудың өзі артық. Құрал-жабдық жоқ. Сонымен бір күні Алматыға тартып кеттім. «Қазақтелефильмге» қызметке тұрдым. Жатақханадан бір бөлме алдым. Әйелім Рыскүл қашандағыдай менің жайымды ойлап әлек. Жаз болса «Сенің жұмысыңа кедергі болмайық. Еркін жұмыс істе» деп екі баланы алып, ауылға кетеді. Жалғыз біраз жұмысты өндіріп тастаймын. Осындай күндердің бірінде баяғы Ләззатпен кездестім. Басы бос. Алматыға іссапармен келген екен. Бұрынғы көзтаныс, қысылмай үйге де шақырдым. Қасымда екі-үш күн аялдап, қайтып кетті. Кейін бір жылдары Алматыда тағы бір кездескенімде әзілдеп: «Сол күндердің бір белгісі бар ма?» деп қойған ақымақтау сұрағыма ол жауап та бермей, қайырылмай кеткен еді. Ел өтпелі кезеңдерді бастан өткерген сонау жылдар өнер адамдарын да есеңгіретіп жіберген жоқ па? «Қазақтелефильмде» де кино жоқ, тоқырау кезеңі. Осындай күндердің бірінде Ләззат келді маған «Ұлың бар. Көмек бер» деп. Өзім төрт баламды қалай асыраймын деп шарадай басым шақшадай болып жүрген кез. «Мен төрт баланы асырап жатырмын. Бір балаға шамаң келмей ме?» деппін. Ләззатым бұрылып алып, кетіп қалды. Заман түзелді. Ес жинап, әжептәуір өзіме-өзім келдім. Үлкендерімді оқуға түсірдім. Бір күні тұңғышым Қуанышымды әңгімеге тартып, соңғы кезде жиі ойға оралып жанымды қинап жүрген сырымды бөлісейін. Балам мені түсінді. Содан екеуміз бірлесіп интернеттен Ләззатпен фамилиялас 90-жылғыларды іздедік. Ләззатпен шығармашылық байланыс жасап жүрген суретші кісіні танитын едім, қазір Парижде тұрады. Соған шығып, Ләззаттың жай-жағдайынан сыр суыртпақтадым. «Ләззаттың ұлы бар. Есімі – Азат. Новосибирскіде. Өнер академиясында оқиды». Интернеттен ақтарып, нақты тұрағын таптық. Енді мұны Рыскүлге қалай айтамын? Ар алдындағы жауапкершілік тағы маза берер емес. Содан тәуекел деп жан жарыма жағдайды жеткіздім. Ол үндемей отырып қалды. Осының алдында ғана жылдап ізденіп, Алаш ардақтысы – Мағжан Жұмабаевтың денесін Мәскеуден туған жерге әкеліп жерлеуге атсалысып, барлық құжаттарды зерттеп, деректі фильм түсіріп, мақсатымыздың оңтайлы шешілуіне нақты көмегім тигеніне төбем көкке жетіп, арқамнан бір аманат жүгі түскендей жеңілдеп жүрген кезім. Рыскүлдің көңілін жаралауым өзіме де ауыр тиді. Қажып жүрмін, бір күні Рыскүл өзі жаныма келіп: «Қалила, қазақтың ұлының қамын жеп, түн ұйқың төрт бөлініп жүрген сенің өз қаныңнан жаралған жанды іздеуіңді жазғырмаймын. Қайта ертерек тауып, табысқаның өзіңе жеңілдеу болар. Мен қарсы емеспін. Баланы Алматыға шақыр. Осындағы ағайындардың басын қосайық, таныстыр. Бірақ, бір шартым бар. Егер ұлыңның жасы менің балаларымнан үлкен болса, оны өз баламдай бауырыма басам. Ал егер кіші болса, онда…». Ар жағын айта алмады. Белгілі ғой. Онда өзіне деген мөп-мөлдір сезімге, Қалиласын өз басынан да жоғары қойып, қызғыштай қоритын қымбат сыйластыққа сап-салқын сызат түсейін деп тұр.

Шақырылған күні Азатым үйге келді. Ағайындар да жиналды. Азат менің ініме өзінің кішкентай кезінде фотоаппаратпен суретке түсіруді әдетке айналдырғанын айтыпты. Қызық, бұл кәсіп менің де бала кезімнен ермегім еді.

Сонымен Рыскүл де білді. Азат менің екі ұлымнан кіші. Ас үйде ошарылып отырып қалған Рыскүл төрт бөлмедегі үлкен кісілер шақырып қолқаласа да тапжылмады. Әшейінде жуас, көнбіс көрінер келіншегімнің дәті мықты, тұнық махаббатына деген адалдығының тым-тым тереңдігіне бұрынғыдан да қатты көзім жетті. Жарына деген сенім құсының қанатын от шарпып, соны сөндіріп алмауға ұмтылған тілектің ұшқынын көрдім жүзінен. Барынша кешіруге тырысса да, ырыққа көнбеген пәк көңілі түскір бала кезден бірге өскен жансерігін қиянатқа қимай жаншылып отыр. Оның мына күйін көріп, менің жүрегім одан сайын ауырды. Менің бала-шағамның жолына бүкіл өмірін, қуанышын, арман-тілегін арнап келе жатқан асыл серігімнің жанын абайсыз жаралап алғаныма өкіндім. Тағдыр осындай жар бұйыртқан өзімнің аса бақытты екеніме көзім жетті.

Қалиланың әңгімесі осы жерден үзілді. Пойыздың келуіне де санаулы минуттар қалған екен. Жиналып, бізбен қоштасып, сыртқа беттеген аға екі иіні түсіп, кәдімгідей тұнжырап барады. Пойыз қозғалып, орнына әбден жайғасып болды-ау деген уақытта мен ол кісінің ұялы телефонына қоңырау шалдым.

– Аға, осындай тағдырды арқалап жүрген тек сіз ғана емес қой. Солардың ішінде істеген ісін сезініп, қиналып жүрген ешқайсысын көрмейсің. Сүйікті жарымның қабағына кірбің түсіріп алдым-ау демек түгілі, қыларын қылып, ал қолыңнан не келеді, дегендей қыр көрсетіп, кесапат қылығымен нәзік жаныңды аяздай қаритындар қаншама? Сондықтан да жан-дүниесін дәл өзіңдей түсініп, ерлі-зайыпты ғұмырдың аяғына дейін аялап өтуге дайын өзіңіздей ер азаматы бар сіздің жарыңыз бақытты, – дедім.

– Солай ма? – деп күлген өнер иесінің дауысы сергек шықты.

Менің бұл айтқандарым жай жұбату үшін айтылған сөз емес, нағыз ақиқаттың өзі еді.

«Қалила қожаның хикаялары» кітабының авторынан: Қалекең нағыз ер-жігіт қой. Мұндай шындықты айту көбіміздің қолымыздан келмейді. Ар тазалығы, жан тазалығы деген осы болар.

(Жалғасы бар).

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

жазушы, журналист

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *