Қазақстан Республикасының «Татуласу: сотқа дейін және сотта» қанатқақты жобасы аясында, «Ел ішінде дау көбейсе, ел сыртында жау көбейедінің» кебін кимеудің алдын алу, татуласу рәсімі тараптардың дауласу деңгейінің төмендеуіне, дау тудыратын жағдайларды шешу арқылы тараптар арасында тұрақты қарым-қатынас қалыптастыру мақсатында Шымкент қаласының Еңбекші аудандық сотының төрағасы Айдос Едігеұлының төрағалық етуімен «Сотқа дейін және сотта татуластыру рәсімдерін қолдану тәжірибесі» тақырыбында «дөңгелек үстел» мәжілісі өтті.
Жиынға Еңбекші аудандық сотының судьялары, Абай, әл-Фараби, Қаратау аудандық соттарының татуластыру рәсімдерін жүргізетін судьялар, адвокаттар, кәсіби медиаторлар және БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шара Еңбекші аудандық сотының судьясы Қайрат Болатұлының «Сотқа дейін және сотта татуластыру рәсімдерін қолдану тәжірибесі» тақырыбындағы баяндамасымен ашылды. Ол өз баяндамасында ҚР «Медиация туралы» заңның халыққа пайдасы мен маңыздылығын, татуластыру рәсімдерін қолдану тәжірибесін толыққанды айтып өтті.
Сөз кезегін алған адвокаттар алқасының төрағасы Серік Баймуратов: «2017 жылы облыстық сотта дау тудырушы екі тараптың адвокат өкілдерінің міндетті қатысуымен татуластыру, бітімгершілікке келу жұмыстары жүргізілетін. Өмір болған соң даудың және дау тудырушы факторлардың болары анық. Біздің адвокаттар алқасы ұжымының соттағы азаматтық бабы бойынша өкілдік ету, қылмыстық бабы бойынша әрбір азаматтың бұзылған құқықтарын қорғайтын ұжым. Медиаторлар өзіне жүктелген міндеттерін жақсы атқарып жүр. Атап айтқанда, бітімгершілік пен татуластыруға, сот жүйесін жеңілдетуге, тәртіпке көмектесетін әрі екі тарапты нақты түсіндірме шараларын жүргізу арқылы сотқа жеткізбей дауды шешу мәселелерінде пайдасы мол. Ал, енді сот жүйесінің қолжетімді болуына назар аударайық. Даудың көпшілігі — жер дауы. Осы мәселенің әлі де бір белгілі жүйеге келе алмай отырған жайы бар. Мұның себебі халық екі жақты сөйлесу арқылы өзара келісіммен ғана жерді алады да, тиісті қажетті құқықтық, меншіктік құжаттарға мән бермей, өздеріне залал келтіріп жататын жағдайлары көптеп кездеседі. Сол себепті баршамыздың алға қойып отырған мақсат-мүдделеріміз дау тудырушы тараптардың құжаттарына қатысты заңды негізге ала отырып, әділ шешім қабылдау, екі тарапты үйлестіріп, бір жүйеге қойып не болмаса екінші тарапқа басқа әкімшілік жермен келісім жасап беру, оған уақыт беріп, оның құжатының дұрыс болмаған жағдайында екінші тараптан іздену төңірегінде осы медиаторлардың татуластыру, бітімгершілік, келісімге келтіру жұмыстары өте орынды. Екінші мәселе — банктен несие алу. Бүгінде халықтың 70-80 пайызы несиемен өмір сүруде. Несиені пайызымен үлкен мөлшерде ертеңімізді ойламастан аламыз да төлер сәтте еңбек табысымызға сай емес деп қиналып, төлей алмай дал боламыз. Көптеген отбасы осы себептермен күйзеліске түсіп, ажырасып кетіп жатады. Осы банктегі мәселені де ретке келтіруде медиаторлардың өзіндік көмегі болады. Елбасымыздың әрбір бастамасында халықтың жұмысын, тұрмысын жеңілдетуге арналған ұсыныстар, тапсырмалар өте көп. Өмірде бітімгершілікке келіп, келісіммен жасалған жұмыстың берекесі бар. Дауды ұзартып, көбейткен халыққа да тиімсіз. Осы мысалдарды айта келе осы татуластыруға атсалысып жүрген адвокат, медиатор өкілдерін арнайы Алғыс хатпен болса да марапаттап қойса, жұмыстарын ілтипатпен, зор ынтамен орындауға серпін болар еді», — деген ұсынысын жеткізді.
Бұған Қайрат Избасаров: “Сіздің пікіріңізді қолдаймыз, әрине. Жақында бізге бір тарап келіп адвокатқа төлеген қаражатымды қайтарып берсін деп сотқа да келген болатын. Ол кісіге адвокат Сізге тәжірибе бөліскені үшін емес, көрсеткен қызметі үшін ақы алады. Ол адвокаттың табыс көзі деп шығарып салған болатынбыз. Мұндай әрекеттер адвокат өкілдерінің өз ісіне деген құлшынысын төмендетуі мүмкін. Сондықтан, осындай олқылық, түсінбестік болмау үшін адвокатура жұмыстарын халыққа түсіндірме жұмыстары арқылы көбірек насихаттасаңыздар” деп жауап берді. Мұны адвокат өкілдері құптады.
Сөз алған Еңбекші аудандық сотының медиаторы Гүлсін Имашева: “Біздің тарапымыздағы ісімізде біршама кедергілер бар. Соның бірі — төлемақының белгіленбеуі. Мысалы, заңда адвокаттардың төлемақысы он пайыз деп көрсетілсе, медиаторларда олай нақтыланбаған. Бізде сыйақы деп аталады. Сыйақы болғандықтан, белгілі бір соманы атай алмауымыз қиындық туындатып жатады. Екіншіден, қанатқақты жоба аясында құрылған кабинеттер бізге тиімсіз. Себебі, дау тудырушы тараптар бізге, жан дүниесі ашу-ызаға толы болып келеді. Біздің мақсат — тараптарды басу, сабырға келтіру. Ал біз келісімге келтіру үшін олармен әңгіме жүзінде себебін анықтап, сырларын ашуымыз қажет. Сондай сәттерде кабинет жаңғырып кетеді және кабинет шыны әйнектен жасалғандықтан, сыртқа бәрі ап-анық көрініп тұрады. Бұл жағдайлар бізге де, келген дауласушы тараптарға да ыңғайсыздық туындатып, көбіне толық ашыла алмай қалады. Ашылмаған адамнан қандай бітімгершілік сұрауымыз мүмкін. Осыған көңіл бөлсеңіздер, — деп өтініш ниетін білдіріп, қанатқақты жобаны қаңтар айынан бастап қолға алдық. Осы уақыт ішінде 55 іс қолымыздан өтті. Жалпы, барлық татуластыру шаралары бізге өте бермейді. Мұның себебі соттардың да, судьялардың да бітімгершілік жұмыстарын жүргізе алуы. Біздің қолымызға түскен 55 істің 25-і татуласу, келісімге келу арқылы шешімін тапты” деп өз жұмыстарынан ақпарат беріп өтті.
Қайрат Болатұлы медиаторларға бітімгершілікті соттың «Татуластыру» залында өткізе беруіне болатынын айтты.
Адвокат өкілі Молдабай Қалыбеков: Сіздердің осындай шараларды жиі өткізгендеріңіздің арқасында халық медиатор, адвокат деген кім екенінен құлақтанып, хабардар болып қалды. Бұл, әрине, қуантарлық дүние. Енді Сіздерден өтінішім, соттың ғимаратындағы адвокат пен медиаторлардаң кабинетінің маңдайшасындағы атау көпшілікке көріне бермейді. Сондықтан, халыққа көрінетіндей етіп жазылса, құба-құп болар еді” деген ұсынысын білдірді.
Қайрат Избасаров бұл өтінішті қарастыратынын айтып, сөз кезегін судья Мейірман Амировке берді. Ол өз сөзінде, медиация бойынша біткен істерде тараптар өзіне алған міндеттерді ерікті түрде орындамаған жағдайда мемлекеттік баж салығын қоса төлеуі қажет деген сот ұйғарымымен ҚР Жоғарғы сотына ұсыныс білдіргенін айтты. Мұны іс-шара қатысушылары қолдап өтті.
Жиын соңында Қайрат Болатұлы басқосуға келіп, ұсыныс, пікірлерін бөліскендері үшін алғысын білдірді. Іс-шара қатысушылары «Татуласу: сотқа дейін, сотта» қанатқақты жобасы аясында атқарылып жатқан шаралардың халыққа пайдалы екендігін айтып, осындай жиынға жиі қатысуға ниеттілігін білдірді. Ақпараттық жұмыстарды көптеп жүргізу керектігі ұсынылып, татуластыру шараларына белсенді араласу басты міндетке алынды.
Аягөз ДҮЙСЕНБАЕВА,
арнаулы тілшіміз.