Статистика – бұл үлкен сандағы қаланың өмірі, өйткені өмірдің түрлі салаларының дамуын егжей-тегжейлі талдаусыз қаланы алға қарай сапалы жылжыту мүмкін емес. Бүгінгі таңдағы қала статистикасы қандай?
Мегаполис – миллиондар қаласы! Қазіргі уақытта Шымкентте ресми түрде 1022449 адам тіркелген. Бұл туралы Шымкент қаласының статистика департаментінің биылғықаңтар – маусым айларындағы қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерібойынша Шымкент қаласы әкімдігінің ақпараттық орталығында өткен баспасөз брифингінде сөз болды.
«Республикада халық саны бойынша Шымкент қаласы сегізінші орынды алады.
Өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда халық саны екі пайызға, яғни 20 158 адамға артты. Шымкент қаласы республикада халық саны тығыз орналасқан қалалардың бірі болып табылады. Қалада бір шаршы шақырым жерге 852 адамнан келеді. Республика бойынша – бұл көрсеткіш орта есеппен бір шаршы шақырым жерді 7 адам құрайды.
2019 жылғы қаңтар-мамыр айларында халықтың табиғи өсімі 8 900 адамды құрады және 2018 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 1,6 пайызға өсті.
Республика бойынша сәби туу мен табиғи өсімі көрсеткіштері бойынша қала төртінші орында.
Ағымдағы жылдың бес айында қала бойынша 10 919 бала дүниеге келді. Бұл 2,4 пайызға өскенін көрсетіп отыр.
Осы кезеңде қала бойынша қайтыс болғандар саны – 2 019 адамды құрады. Өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда, тиісінше өлім-жітім оқиғаларының саны 5,8 пайызға өсті», – деді Шымкент қаласының статистика департаментінің басшысы Ерназар Сейітханұлы Құлтаев.
«Халықтың бір айда жан басына шаққандағы орташа атаулы ақшалай табыстары бағалау бойынша 2019 жылдың алғашқы жартыжылдығында 62 612 теңгені құрады. Бұл дегеніңіз – өткен жылмен салыстырғанда жеті пайызға, ал нақты ақшалай табыстар 1,7 пайызға көбейгенін аңғартады.
Үй шаруашылықтары ақшалай табыстарының негізгі көзі еңбек қызметінен түсетін табыстар болып қалуда.
Халықтың жұмыспен қамтылу сауалнамасының нәтижелеріне сәйкес жұмыссыздық деңгейі 2018 жылғы алғашқы алты айымен салыстырғанда сол деңгейде қалып, 5,1 пайыз болып, ал жұмыссыздар саны 21,8 мың адамды құрағанын көрсеттІ.
Осы кезеңде бір қызметкердің орташа жалақысы 122 289 теңгені және нақты жалақы индексі 106,2 пайызды құрады, – деген Ерназар Құлтаев салалар кесіндісінде ең жоғары орташа айлық жалақы «Тұру және тамақтану бойынша қызметтер» саласында 264 890 теңге, ең төменгі шамасы «Өнер, ойын-сауық және демалыс» саласында 73 814 теңге болып белгіленгенін айтты.
Сонымен қатар статистикалык тіркелімнің мәліметтеріне сәйкес қала бойынша ағымдағы жылдың басынан қазіргі кезге дейін 22 351 заңды тұлғалар тіркелген. Республика бойынша тіркелген заңды тұлғалардың жалпы санындағы қаланың үлесі 5,1 пайызды құрады.
Баға – әсіресе соңғы уақытта мегаполис тұрғындарын толғандырып жүрген маңызды мәселе. Осы жылдың маусым айында бағалар..???
Егер өткен жылмен салыстырып қарайтын болсақ, өңірлік өндіріс көлемі екі пайызға артқанын аңғарамыз.
Қала бойынша инфляцияның деңгейін сипаттайтын тұтыну бағаларының индексі 103,3 пайызды құрады. Азық-түлік тауарларына бағалар 8,2 пайызға, азық-түліктік емес тауарларына – 2,6 пайызға көтерілді. Халыққа ақылы қызмет көрсету – 1,9 пайыз төмендеді. 2019 жылғы бірінші жартыжылдықтағы азық-түлік, азық-түліктік емес тауарлары мен ақылы қызметтер бағаларының өзгеруін көруге болады.
«Жалпы өңірлік өнім көлемі 470 901,1 млн. теңгені құрап, алдыңғы жылға қарағанда екі пайызға артты.
ЖӨӨ бойынша қала республика өңірлерін орналастыру тәртібінде және халықтың жан басына шаққандағы есебінде 11 орынды иемденді.
Жалпы өңірлік өнімнің (ЖӨӨ) құрылымында өнеркәсіп үлесі 32,6 пайызды, көлік және қоймалау – 15,6 пайызды, көтерме және бөлшек сауда, автомобильдерді және мотоциклдерді жөндеу – 13,9 пайызды алып отыр.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 85 735 млн. теңгені құрады.
Салалар кесіндісінде инвестиция салымдарының басым бөлігі өнеркәсіп саласына –32 168 млн. теңге, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар саласына – 31 453 млн. теңге, көлік және қоймалау саласына – 7 631 млн. теңге тиесілі.
2019 жылдың алты айында негізгі инвестициялық салымдардың 54,4 пайызын шағын кәсіпорындар жүзеге асырған. Олардың көлемі 46610,2 млн. теңгені құрады», – деді басқарма басшысы.
Шымкентте шағын және орта бизнес қарқынды дамып келеді. Мысалы, жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 65 687 бірлікті құрады, бұл – 2018 жылдың тиісті кезеңі деңгейінен 13,7 пайызға жоғары.
Қазақстан Республикасы бойынша жұмыс істейтін субьектілердің 5 пайызы Шымкент қаласында шоғырланған.
Ағымдағы жылы шағын және орта кәсіпкерліктегі жұмыспен қамтылғандардың саны 138 482 адамды және өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 102,6 пайызды құрады.
Шағын және орта кәсіпкерліктегі субъектілерінің өнім шығарылымы 165 880 млн. теңгені құрады.
2019 жылғы қаңтар-маусым айларында өнеркәсіп кәсіпорындарымен қолданыстағы бағамен 265 716,8 млн. теңгенің, соның ішінде кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу саласында – 186,2 млн теңге, өңдеу өнеркәсібінде – 225 140,3 млн. теңге, электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауаны баптауда – 34 688,6 млн. теңге, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтардың жиналуын және таратылуын бақылауда – 5 701,6 млн. теңгенің өнімі өндірілді.
Республикадағы өнеркәсіп өнімі көлемінің үлесі бойынша қала 14-орынды, ал өсу қарқыны бойынша бірінші орынды алып отыр.
Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 12 195,2 млн. теңгені құрады және 2018 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда бір пайызға артты, соның ішінде мал шаруашылығы – 11 048,2 млн.теңге болды.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 25 935,8 млн. теңгені құрады.
Осы кезеңде қала бойынша пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 220,8 мың шаршы метрді, тұрғын халықпен салынғаны 90,7 мың шаршы метрді құрады. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің нақты көлемінің индексі 2019 жылғы қаңтар-маусымға 100,3 пайызды құрағанын айтқан Ерназар Құлтаев көлік, байланыс, сауда салаларына да тоқталып өтті.
Мегаполис – дамыған өнеркәсіп қана емес, сонымен қатар автотасымалдаудың дамыған алаңы. Сонымен, 2019 жылғы қаңтар-маусым айларында 45 823,8 мың тонна жүк тасымалданды.
Осы кезеңде 794,6 млн. жолаушы тасымалданды, бұл 2018 жылғы қаңтар-маусым айларымен салыстырғанда 1,2 пайызға көп. Жолаушы айналымы 2,1 пайызға өсті.
Республикадағы жүк айналымы және жолаушы айналымының көлеміндегі үлесі бойынша қала 12-орынды иеленуде.
Қазіргі қаланың өмірін дүниежүзілік торсыз елестету мүмкін емес. Сонымен қатар, бүгінгі таңда Қазақстанда қаланың тіршілік әрекетінің көптеген салаларында – Денсаулық сақтау, білім беру тағы басқа цифрландыру салалары белсенді дамуда.
Байланыс қызметінің жалпы көлемінің едәуір үлесі – 42,7 пайызы интернет желісінің қызметіне тиесілі. Қала бойынша 2019 жылғы маусымда тіркелген телефон желілерінің саны 75,4 мың бірлікті құрады.
Республикадағы байланыс қызметінің көлеміндегі үлесі бойынша қала 13-орынды иеленіп отыр.
Республикада, сондай-ақ Шымкент қаласында да, заңды тұлғалардың жиі тіркелетін қызмет түрі «Сауда» болып табылады. Бұл сала бойынша қала кәсіпорындары жалпы санының 32,5 пайызы тіркелген.
«Бөлшек сауда көлемі 2019 жылғы қаңтар-маусымда 161 984,3 млн. теңгені құрап, өткен жылғы тиісті кезеңге – қарағанда 5,9 пайызға артқан. Бөлшек сауда айналымының жалпы көлемінде азық-түлік тауарларының үлесі 23,5 пайыз, азық-түліктік емес тауарлар – 76,5 пайыз болған», – деді Ерназар Сейітханұлы.
Естеріңізге сала кетейік, қазіргі егемен еліміздегі статистиканың дамуы статистика тарихының жаңа кезеңінің басы болып саналады. Статистикалық теория мен әдістемелердің түбегейлі мәселелері зерттеліп, оларды пайдаланудың жаңа әдістері жасалатын болады.
А.СӘКЕНҚЫЗЫ.