Ғани ТАШҚАРАЕВ, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы: «ҚАЛА БЮДЖЕТІ 219,3 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕГЕ ЖЕТТІ»

Билік
1 497 Views


Шымкенттің республикалық маңызы бар қала атанғанына бір жылдан астам уақыт болды. Осыған орай, мегаполистегі мәслихат жұмысының ауқымы да арта түскені белгілі. Депутаттық корпусқа жүктелетін міндет те жоғары. Біз қала мәслихатының хатшысы Ғани Әбдіғаниұлы Ташқараев мырзамен осы және өзге де өзекті мәселелер жөнінде сұхбат өрбіткен болатынбыз. Мемлекеттік қызметкер дейміз ғой, оның ішінде саяси сауалға тігісін жатқыза отырып, тұщымды жауап беру кез келгеннің қолынан келе бермейтіні рас. Білекті түріп жіберіп, сауалымызға жылы лебізде жауап қатқан мәслихат хатшысымен сұхбаттасу жанға жаққандай.

– Ғани Әбдіғаниұлы, республикалық қала мәртебесін иелену Шымкент қалалық мәслихатының жұмысына қалай әсер етті?

– ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен Шымқалаға республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру және облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру – өңірдің өркендеуіне тың серпін берді. Алтыншы шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс 29-сессиясында қаралған мегаполис – мәртебесін беру мәселесі біз үшін де үлкен жетістік болды. Бұл тек өңір үшін ғана емес, Шымкент – еліміздегі экономикалық, көлік-логистикалық, демографиялық әлеуеті зор аймақ болғандықтан, Қазақстан үшін де айрықша маңызға ие. Өйткені, мұндай өзгеріс жаңа мүмкіндіктерге жол ашты, қаланың дамуына оң әсерін тигізді. Тарихы тереңде жатқан сан ғасырлық ғұмыры бар қалалардың бірі болған Шымкент, енді бірегейіне айналып, бізге зор мақтанышпен қатар үлкен жауапкершілік жүктеді.

Өздеріңізге белгілі, депутаттар халық пен билік арасында алтын көпір бола отырып, өздерінің өкілеттік шеңберінде талай-талай өзекті мәселелерді, қиын түйткілдерді шешуге ықпал етеді. Қоғамды әрі қарай демократияландыруға, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға, халықтың әл-ауқатын, тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асыру барысында атқарылып жатқан жұмыстарда өз белсенділіктерін танытып келеді.

Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін иеленген сәттен бастап қалада әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық салаларында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Бұл әрине, жергілікті өкілеттер мен атқарушы органдардың үйлесімді және келісілген қызметінің нәтижесі. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдаулары мен тапсырмаларына сәйкес жергілікті атқарушы органдар жүргізетін жұмыс одан әрі тұрақты және дәйекті дамудың кепілі болып табылатынын ерекше атап өткен жөн. Қала миллионды орталыққа айналғаннан кейін мәслихаттың ұйымдастыру жұмыстары, депутаттардың сауалдары мен депутаттық өтініштер, сайлаушылардың өтініштері және олар бойынша қабылдау шаралары, мәслихаттың жергілікті өзін-өзі басқарудың өзге де органдарымен өзара іс-қимыл жасауы, мәслихат аппаратының қызметі арта түсті. Бұл әрине, атқарушы билік пен халық арасындағы байланысты, өзара сенімді одан әрі нығайта түсудің негізгі бағыттарын айқындап берді. Ал халықтың билікке деген сенімінің артуы – қоғамымыздағы ортақ проблемаларымыздың еңсерілгенін білдіреді.

– Депутаттарда қандай жаңа өкілеттіктер пайда болды?

– Бұрын облыс мәслихаты қарайтын бірнеше мәселе Шымкент өз алдына бөлініп шыққалы Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару заңына сәйкес, 6-баптағы республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссияларының бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есебін қарау; мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нысандарын тексеру комиссиялары жұмыстарының жоспарына енгізу үшін республикалық маңызы бар қалалардың, тексеру комиссияларына ұсыныстар енгізу; республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімдігі әзірлеген және ұсынған «Облыстың (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы» атағын беру қағидаларын бекіту, облыстың (қаланың, ауданның) Құрмет грамотасымен наградтау туралы ережені әзірлеу және бекіту құзыретімен толықты.

– Бүгінгі таңда қалалық мәслихаттағы депутаттар қандай партияның өкілдері?

– Бүгінгі таңда депутаттық корпуста білім, денсаулық сақтау мекемелерінің өкілдері, белгілі кәсіпкерлер мен ірі кәсіпорындардың басшылары, қысқасы, қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жақсы білетін азаматтар бар.

Міндетіміз – осы салалардағы барлық күрмеулі мәселелерді шешу. Қаладағы барлық маңызды мәселелер мәслихат жанындағы тұрақты комиссиялардың отырыстарында қаралады, келелі кеңестер де осында өтеді. Жалпы, қала мәслихаты депутаттарының басым көпшілігі «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Ал депутат Е.М.Хван Қазақстанның «Ақ Жол» Демократиялық партиясының мүшесі. Демек, олар халықтық партияның дамуына да үлкен үлес қосып жүр.

– Қалалық мәслихат қандай мәселелерге басты көңіл бөледі? Мәслихаттың қала әкімдігімен қарым-қатынасы қалай қалыптасқан? Сізге қандай да бір күрделі мәселелерді бірлесіп шешуге немесе керісінше, келіспеушіліктерге тап келген сәттер болды ма?

– Қазіргі уақытта қала мәслихатында 29 сайлау округі бойынша сайланған 28 депутат бар. Олар өз сайлаушыларымен үнемі кездесу өткізіп, коммуналдық қызмет көрсетулер, жол­дар­дың жағ­дайы, тұрғын үй мәселелері, еңбекке орналас­тыру, мектепке дейінгі тәрбие, медициналық көмек көрсету, дәрігерлік құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету секілді өмірлік маңызды мәселелердің жүзеге асырылуына үлес қосып, қала әкімдігімен бірлесе отырып қызмет етеді.

– Қала бюджеті қаншалықты өсті? Бірінші кезекте қаражат қайда жұмсалады?

– Ал қаржы мәселесіне келсек, халық саны көбейгеннен кейін міндетті түрде қала бюджеті де өсті. Егемендігіміздің алғашқы жылдары Шымкентте 400 мың халық болса, қазір миллионнан асты. Қала аумағы 100 мың гектарға дейін ұлғайды. Жаңа шағынаудандар қосылды. Сондықтан, қала бюджеті де осыған байланысты өсіп отырады. Мұның үстіне былтыр республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілгеннен кейін халықтың тұрмыстық ахуалын жақсарту, құрылыс жұмыстарының көлемін ұлғайту, жаңа мегаполиске лайықты болу үшін де бизнестің, туризмнің, IT-технологиялардың, өнеркәсіптің және рухани-мәдени салаларын дамыту жолында үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Автокөлік жолдары ұзарды, көпірлер, өткелдер салынып, қала меншігіне өткен қаншама мекеме жөндеуден өтті. Әрине, мұның бәрі үлкен қаржыны талап етеді. Соңғы бірнеше жылдың ішінде білім ұялары, балабақшалар, мәдениет, спорт нысандары салынып, пайдалануға берілді. Алдағы уақытта халықтың әлеуметтік жағдайын айтарлықтай көтеру үшін бірнеше жоспарлар түзіліп, ауқымды жұмыстар атқарылатын болады. Шымкент қаласы экономикалық жағынан ғана емес, инфрақұрылымдық жағынан да дамып келеді. Сондықтан алдыңғы жылмен салыстырғанда бюджетіміз 50 пайызға өсіп, 219,3 миллиард теңгені құрады. Ал қаржының басым бөлігі әлеуметтік және білім саласына жұмсалады.

– Қыркүйек айы жақындап келеді. Теріскей шағынауданының тұрғындары жаңа мектептердің жетіспеушілігіне шағымданады. Мектепте тамақтану мәселесі бұрынғысынша өзекті болып қалып отыр. Мәслихат оқу жылының соңында осы мәселені шешкен болатын. Осы орайда қандай ізденістер пайда болды?

– Қалада 130 жалпы орта білім беретін мектеп жұмыс істейді. Соның 19 мектебі үш ауысымды мектептер болып табылады. Биыл 7,5 миллиард теңгеге 15 мектептің құрылысы жүргізілуде. Соның 6 мектебін биыл пайдалануға беру жоспарланған, қалған 9 мектептің құрылысы келесі жылға өтпелі. Нәтижесінде, 19 үш ауысымды мектептің үшеуінің мәселесі осы жылы шешіледі. Қалған 16 мектептің мәселесі Кешенді жоспарға сәйкес 2023 жылға дейін шешілетін болады.

– Депутаттардың басым бөлігі бизнесмендер. Оларға бұл мәртебе қоғамдық мәселелерді шешуге көмек бере ме немесе керісінше кедергі бола ма? Арыс қаласында орын алған оқыс оқиғаға байланысты депутаттар қандай көмек көрсетті?

– Депутаттар қайырымдылық шараларына да әрдайым белсенді атсалысып тұрады. Атап айтқанда, мұқтаж отбасылардың балаларын мектеп формасы мен керекті оқу жабдықтарымен қамтамасыз етіп, соғыс ардагерлері мен спортшыларға сый-құрмет жасайды. Сондай-ақ, Арыс қаласында орын алған оқиғаға байланысты мәслихат депутаттары жарылыстан зардап шеккендер мен көмекке мұқтаж азаматтарды киім-кешек, үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіп, арнайы құрылған қорға 13 миллион теңге қаржы аударды.

– Қала тұрғындарын қандай мәселелер қызықтырады деп ойлайсыз?

– Шымкент үлкен қала болғандықтан, оның проблемасы да көп болады. Қазіргі таңда ең басты мәселе – тұрғын үй, жаңа қосылған аудандардың жолы мен қоғамдық көлік, қажетті инфрақұрылым жүйелерін жетілдіру болып тұр. Алайда шешімін таппаған түйін де жоқ емес. Жақында жаңа қосылған шағынаудандарға автобустар қатынай бастады. Жол мәселесі де оң шешімін тауып келеді. Ал тұрғындарды ең алдымен көбіне өздерінің жеке мәселесі алаңдатады. Олардың ойынша, депутат олардың несиесін төлеп беруі, үйінің шатырын жауып беру керек немесе көмір алып беру керек деген түсінік қалыптасып кеткен. Бірақ онсыз да мәслихат депутаттары оны ешбір жерге жарияламай-ақ, ешкімге айтпай-ақ көмек қолын созып жүр. Дегенмен, депутат халық пен биліктің ортасындағы алтын көпір болғандықтан, тұрғындардың мұң-мұқтажын ескеріп, билікке ұсыныс жасай отырып, мәселені шешуге бірлесе ат салысып жүр.

– Көркем әдебиетке қалай қарайсыз? Қандай кітап оқығанды ұнатасыз? Жалпы бос уақытыңызды қалай өткізесіз?

– Жалпы, бос уақытымда спортпен айналысамын, кітап оқимын. Көбіне психологиялық кітаптарды оқығанды тәуір көремін. Ал қай заманда да төл әдебиетіміз бен өнеріміздің асыл қазынасы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын қанша оқысам да жалыққан емеспін. Ол – өмірге деген сүйіспеншілік пен адамгершіліктің мәңгілік темірқазығы деп білемін. Әр оқығанда әр түрлі күйге бөленесің, әр түрлі ой түйесің. Сондықтан, «Абай жолын» тағы бір қайтара оқып жүрмін.

– Сарапқа толы сындарлы, ақжарма көңілді шынайы сұхбатыңыз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан Аягөз ДҮЙСЕНБАЕВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *