Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының дәйек-деректеріне қарағанда төрткүл әлемде жыл сайын 800 000 адам өзіне-өзі қол салатын көрінеді. Өкінішке орай Қазақстан бұл жөнінен әлемдегі үштіктен орын алса, ал Орталық Азияда алдына ел салмай келеді.
Суицидтер статистикасы көңіл көншітпейді. Ресми мәліметтерге көз жүгіртетін болсақ, елімізде суицид оқиғалы тыйылар емес. Атап айтқанда, өткен 2019 жылы 3805 жасөспірім өмірмен қоштасуға әрекет жасаған. Бұл – 2018 жылмен салыстырғанда 7,4 пайызға көп деген сөз. Олардың үш мыңнан астамы ер-азамат болса, 772-сі қыз-келіншектер. Нәтижесінде, 45 жасқа дейінгі 121 ер-азамат пен 20-29 жас аралығындағы 59 бойжеткен мына жарық дүниемен еріксіз қош айтысқан. Бір таңқаларлығы – әлгілердің басым бөлігі, яғни 73,6-80 пайызы мұндай қадамға сап-сау күйінде барған. Мамандардың мәлімдеуінше, суицидке барудың биологиялық, әлеуметтік және соматикалық 800 түрлі себеп-салдары (жалғыздық, күйзеліс, қарыз, жазылмайтын дерттер, тағы басқалар) бар көрінеді. Мұндай қайғылы оқиғалар жөнінен Алматы облысы (425 адам) алда тұр. алғашқы бестікке Шығыс Қазақстан (411), Түркістан (342), Қарағанды облыстары мен Алматы қаласы (285) еніп отыр. Балалар арасында соңы қайғылы аяқталған көрсеткіш бойынша Түркістан (38), Алматы (27), Жамбыл (16), Шығыс Қазақстан (14) облыстары көш бастап тұр. Өзіне қол жұмсауға әрекет етуде ең жоғары көрсеткіш Шығыс Қазақстан (54), Түркістан (43) облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында (42) байқалған. Ал Алматыда жасалған 26 суицидтік әрекеттің жетеуі қайғылы аяқталған.
Шымкент қаласындағы Жастар ресурстық орталығының Психологиялық көмек және күйзелістің алдын алу бөлімі жастар арасында суицидтің алдын алу бойынша біршама жұмыстар атқарып келеді. Шымкент қаласында 2019 жылы 14-29 жас аралығында cуицид бойынша 104 дәйек-дерек тіркелген. Соның ішінде: оқталғандар – 70, аяқталғандар – 34. Осы орайда жастар мен жасөспірімдер арасында аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу мақсатында мекеме психологтары тарапынан 26 семинар-тренинг, кездесу, ата-аналар жиналысы ұйымдастырылған. Психолог мамандарының жеке қабылдауына 46 жас қатысты. Қабылдауда болған жастардың 22-сі отбасылық, қалғаны жеке мәселелері бойынша келген.
Жоғарыда атқарылған шаралардың мақсаты – жасөспірім кезеңіндегі кездесетін суицидалды мінез-құлықтың түрлері, қиыншылықтары және суицидтің алдын алу жұмыстарын жүргізу туралы ақпараттарын кеңейту. Жастарды адамгершілікке, мейірімділікке, ізгілікке, кеңпейілділікке, парасаттылыққа тәрбиелей отырып, студенттердің бойына жақсы қасиеттерді сіңіру және ой-өрісін, эмоционалдық көңіл-күйін көтеру, танымдық қабілеттерін арттыру және жағымды психологиялық ахуал қалыптастыру болып табылады.
Шымкент қаласында 2020 жылдың алғашқы ай қорытындысы бойынша 14-29 жас аралығында cуицид бойынша алты дәйек-дерек тіркелген. Соның ішінде: оқталғандар – алтау, аяқталғаны – үшеу.
Осы орайда, мемлекеттік мекемелермен қоса-қабат қоғамдық ұйымдарға артылатын міндет жүгінің ауыр екені айтпаса да түсінікті. Ең бастысы – жастарды ілім-білімге тәрбиелейтін оқу орындары бұл бағыттағы жұмысты барынша жандандыра түсулері тиіс. Әрине, әрбір ата-ана өз перзенттерінің қайда жүріп-тұратынын қатаң қадағалауы қажет. Тек сонда ғана суицид секілді қатерлі дерттен айығатын боламыз.
Ә. ҚАҢТАРБЕК.