Биылғы 7 тамыздан бастап еліміз бойынша «Кинопарк» кинотеатрларында көрсетіледі. Фильм 2024 жылы Мемлекет қайраткері, дауылпаз ақын, жазушы-драматург Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдық мерейтойына орай түсірілген. Сценарий авторы әрі режиссері – әнші, актер, ақын, драматург, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қанат Жүнісов. Тұсаукесерін 2024 жылы 14 қазанда Мәдениет және ақпарат министрлігі Астана қаласында өткізген.




Фильм-концерт жанры елімізде тұңғыш рет түсіріліп отыр. Бұл жанрдың ерекшелігі – мұнда көркем фильмнің, деректі фильмнің және театрдың элементтері бар. Соның бәрі музыка арқылы өрбиді. Сәкеннің халыққа кең тараған әндерін негізге ала отырып, ақын жайлы біршама мәліметтер берілген. Өлеңдерінен үзінділер оқылады. Бұл көркем фильм емес, уақыты да көркем фильмдегідей ұзақ болмайды. Дегенмен, фильм-концерттің өз қиындығы бар. Мысалы, көркем фильмде бір оқиғаны не болмаса айтар ойды жеткізу үшін диалогтар, іс әрекет, ойын арқылы 10-15 минут соза беруге болады. Ал фильм-концертте олай жасай алмайды. Өйткені, бірінші әнге бағынады. Бір ән үш-төрт минут қана айтылатын болғандықтан сол уақыттың ішіне әннің мағынасына сай көріністер сыйып кету керек. Сондықтан әрі қысқа әрі ұтымды кадрлар жасалған. Әндер жеке дауыста және көпшілік дауыста орындалады. Композитор арнайы музыка жазған. Фильмде бір жылда өмірге келген ұлы тұлғалар Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин – «Үш бәйтерек» жайлы көріністер бар. Фильм Қазақстанның бірнеше өңірінде түсірілген.
Фильм алты жастан жоғары көрерменге арналған. Тарихи-танымдық, музыкалық туынды. Үздік актерлар мен үздік әншілер өнер көрсетеді.
Саяси қуғын-сүргін тақырыбында түсірілгенімен фильмнің мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына қайшы келетін, ұлтараздық дау туғызатын тұстары жоқ. Сәкен Сейфуллиннің шығармашылық қырына басымдық берілген.
Сәкеннің әлемі — сұлулық әлемі екенін көрсететін өте әсерлі эстетикалық фильм. Фильм-концерт түсіріліміне жоғары сапалы дыбыс жазу және түсіру құралдары пайдаланылған.
Лев Николаевич Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде өткен көрсетілімде айтқан филология ғылымының докторы, профессор Серік Негимовтың пікірі:
«Қанат Жүнісов мырзаның Сәкен Сейфуллин туралы фильм-концертін көргеннен кейін сөйлеу оңай емес. Жаңа фильм-концерт сөйледі. Білгірлікпен, тапқырлықпен, даналықпен, көсемдікпен, суретпен, сезіммен, біліммен, ұшқырлықпен сөйледі. Ғажап сөйледі. Өте шынайы, өте табиғи. Ең басында «Тау ішінде» өлеңін айтуының өзі анау керемет табиғат, анау керемет Сәкеннің өзі, Сәкенге ғашық бойжеткен, үріп ауызға салғандай, ай мен күндей, он төртінде туған айдай, жүзіктің көзінен өткендей ару. Ал ақбозаттың өзі қандай керемет. Тайбурылдың шабысы сияқты. Лев Николаевич Толстой айтқан сөз бар: «Бір заман болады. Сезімнің заманы туады», – деген. Біз қазір өзі сезімнен, тілден, газет-журнал оқымайтын, құрдымға кетіп бара жатқан жаһандану заманында тұрмыз. Содан құтқаратын не? Осындай фильм-концерт. Бұл рухани болмысыңды, адамшылдық, көркемдік сезіміңді байытатын керемет шығарма. Шынында да қаһармандық еңбек жасалған. Мұның әрбір секундтың өзін түсіру қиямет қайым. Мен өмірімде осы соңғы 54 жылдың ішінде екінші рет бір тебіреніп, әсерленіп тұрмын. Бірінші тебіренгенім – 1972 жылдың маусым айында мен Сәкен Сейфуллиннің, Гүлбаһрам апайдың шаңырағында болған едім.
Екіншісі, бүгін. Мына фильмнің әсері. Қанат қандай жігіт екенін көрдіңіздер. Ол сегіз қырлы, бір сырлы жігіт. Сәкен Сейфуллинмен екеуі ұқсайды. Екеуі де әнші, композитор, драматург, жазушы. Барлық қырлары жеткілікті. Оратор, шешен, тұлғасы да ұқсайды. Өйткені қазақтың қаны 4000 жылда бір өзгермеген. Біздің қанымыз – 4000 жылда өзгермеген бір қан. Мына Сәкенге Қанаттың ұқсайтыны да содан. Маңдайы да, шашы да, қасы да, көзі де, мұрты да, түсі де – бәрі де ұқсап тұр. Бойы да бәрі келіп тұр. Сәкеннің де бойы осындай, көрмесек те білеміз. Сәкен Сейфуллиннің реформаторлығы, Сәкеннің лидерлігі, патриоттығы, стратегтігі фильм-концертте керемет көрсетілген. Бұл бір жатқан өнердің туындысы. Музыка, қарекет, сөз, қимыл, бүкіл қазақтың табиғаты сабақтасып, салаласып кеткен біртұтас дүние».
2024 жылы 14 қазанда өткен тұсаукесерден кейін әлеуметтік желілерде жазылған пікірлер:
«Сәкен» фильм-концерт. Елімізде тұңғыш рет түсірілген жанр. Ән де, әсерлі ойын да, саф өнер де осында! Ерекше туынды!
Елім деп еңіреп өткен «Үш арыс» – Сәкен, Ілияс, Бейімбет! Ұлылар бейнесі керемет шыққан!
Сұлулықтың символы болған Сәкен Сейфуллиннің өз бейнесін көрдік.
Мұнда актерлық ойын да, әншілік өнер де, тарих та бар. Бұл бұрын-сонды болмаған фильм.
Бұл тарихи танымдық әрі музыкалық туынды. Талантты актерлар мен талантты әншілер өнер көрсеткен!
Фильмде «Сәкеннің әлемі – сұлулық әлемі» деген сөз бар екен. Расында «Сәкен» фильм-концерті бар сұлулықты паш еткен – эстетикалық фильм болыпты!
Сәкен Сейфуллин – сұлулық пен ұлылықтың, қайраткерлік пен санаткерліктің символы!
«Сәкен» фильм-концертін көрдіңіз бе?! Міндетті түрде көру керек. Өйткені ол өте әсерлі фильм екен!
Бұл жай кино емес! Фильм-концерт! Ес білген баладан еңбектеген қартқа дейін сүйіп көретін керемет туынды болады деп ойлаймын. Жанры да бөлек, әсері де өзгеше. Қазақ кино өнерінде керемет жаңалық!
Түсірілімге қолдау көрсеткендер: Сәкен Сейфуллин атындағы музей, Карлаг музейі, Мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімұлы, белгілі кәсіпкер Қадырбек Мейрамбекұлы, тарих ғылымының докторы Марат Әбсеметов, Алмас Алин, Еркебұлан Қайроллаұлы, Әлішер Өзібекұлы сынды азаматтар.
Продюсері: Қанат Жүнісов, Режиссері: Қанат Жүнісов, Операторы: Наршың Өрлеу, Қоюшы суретшісі: Шнар Елембаева, Грим суретшісі: Гүлдана Рахматулла
Демеушілер: «Шоң Телғозыұлы Қоғамдық қоры», Сәкен Орынбекұлы Сейфуллин, Қанат Жүнісов, Сәкен Сейфуллин рөлінде Қанат Жүнісов. Жас Сәкен рөлінде Біржан Жүнісов, Ілияс Жансүгіров рөлінде – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Құмарбек Қалқатаев. Бейімбет Майлин рөлінде – Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Айбол Шәкіржанов Сәкеннің (муза) ғашығы — Саида Сагинова
Қосалқы рөлдерде: НКВД қызметкерлері — Бақытжан Ерғалиев, Ақай Жұмамұратов, Хат тасушы – Азамат Серікұлы
Орындалған әндер: С.Сейфуллин «Тау ішінде», «Бабаларым». Орындаған: Қанат Жүнісов, С.Сейфуллин «Біздің жақта». Орындаған: Зәмзәгүл Смағұлова, С.Сейфуллин «Ақсақ киік». Орындаған: әншілер квартеті. Жеке дауыста: Әнуарбек Бектас, Ақжан Құрмашева, С.Сейфуллин «Көкшетау». Орындаған: әншілер хоры, Жеке дауыста: Ж.Ерболат, К.Салықов, М.Егінбаев «Үш арыс». Орындаған: Қанат Жүнісов, Халық әні «Бір бала». Орындаған: актерлар триосы, Ә.Хасенов «Қоңыр». Орындаған: Айбек Бекбосынов
Хор әншілері: Абзал Ақтемір, Еркежан Ерзатқызы, Біржан Жүнісов, Баян Біржанқызы, Айзере Құрмаш, Аружан Жүнісова, Динара Егеубаева, Гауһар Исмайлқызы, Ақжол Мамыр, Қайыржан Садықов, Бекарыс Шалқар, Әділет Дүйсеней. Кадр сыртындағы мәтіндерді оқығандар: Анварова Ситора, Олжас Дәлелхан, Біржан Жүнісов, Монтажын жасаған: Наршың Өрлеу, Графика шебері: Наржол Өрлеу, Хормейстер әрі дыбыс режиссері: Олжас Дәлелхан.
Фильмнің шарықтау шегінде Сәкен, Ілияс, Бейімбет жайлы өте әсерлі көріністер бар. Грим суретшісі портреттік гримді өте шебер жасаған. Актерлар «Үш арысқа» қатты ұқсайды. Арыстардың тұтқындалар сәтін күзгі маусыммен, сарғайған жапырақтармен, түнерген бұлтпен, жалындаған отпен берген. Сол атмосферада «Үш бәйтерекке» кадр сыртында төмендегідей анықтама беріледі:
Кадр сыртынан берілген дауыс:
Жайсыз хабар! 1937 жылы мамыр айында «Қазақ әдебиеті» газетіне Сәкен, Ілияс сынды бірнеше қаламгерді қаралаған көлемді мақала жарияланады. Міне, осыдан кейін-ақ арыстарды қудалау басталып кеткен еді.
ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВ
«Қазақ поэзиясының құлагері» атанған Ілияс Жансүгіров поэзияның, прозаның, драматургияның, аударма мен балалар әдебиетінің һәм журналистиканың дамуы мен қалыптасуына өмірін арнаған, барлық жанрда қалам тартқан ұлы суреткер. Ақынның атын әйгілеген әсіресе екпінді, сұлу, мейлінше көркем, аса бейнелі поэзиясы. Қазақ әдебиетінде эпикалық жанрдың биік белеске көтерілуіне Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер», «Күй», «Күйші», «Дала» поэмаларының қосқан үлесі зор. Әдебиет сыны саласында да өнімді еңбектенген ақын халықтың бай фольклорын жинасуға, оның озық үлгілерін халық игілігіне айналдыруға атсалысқан қоғам қайраткері.
БЕЙІМБЕТ МАЙЛИН
Көрнекті жазушы, ақын, драматург, журналист, ХХ ғасырдың басында қазақ әдебиетінің жаңа жанрларын қалыптастырған саңлақ суреткер Бейімбет Майлин жүздеген әңгіме, очерк, фельетон, поэмалар мен повестер, пьесалар, сценарийлер, либреттолар мен романдар жазған қабырғалы қаламгер. Ол уақыт шындығын суреттеп қана қоймай әңгімелері арқылы сұрапыл күндерді ащы әжуалап, сын садағына алған. Бейімбет аз ғана ғұмырында қазақ әдебиетінің жанрлық кемелденуіне, тақырыптық түрленуіне, көркемдік-эстетикалық дамуына аса зор үлес қосқан тұлға.
СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН
Дауылпаз ақын, дарынды прозаик, шебер драматург, композитор, көрнекті мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллин халқының бақыты үшін басын бәйгеге тігіп, ғұмыр бойы әділдік, теңдік үшін күресіп өткен. Мемлекеттік істер мен қоғамдық жұмыстардың басында жүрсе де шығармашылық пен ғылым саласында жемісті еңбек еткен. Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған биік парасат иесінің асыл мұрасы, мәңгілік!
Сәкен, Ілияс, Бейімбет. Бір жылда дүниеге келген үш алып, солақай саясаттың қырына ілігіп, 1938 жылы ақпан айында, бір тәулік ішінде ату жазасына кесілген.
(І. Жансүгіров, Б.Майлин жайлы пікір жазған филология ғылымының кандидаты Қайырбек Кемеңгер)
С.Сейфуллин шығармаларымен бірге фильмде пайдаланылған өлеңдер:
Қ.ЖҮНІСОВ «СӘКЕННІҢ МОНОЛОГЫ» (үзінді)
Ей, қанды қол!
Атам дедің, ат енді!
Халқыма жау болмасам да қатерлі.
Қорқытам деп ойладың ба, кеудесін,
Әлдеқашан оққа тіккен Сәкенді.
Құр бекерге жаппа жала, білмесең,
Жөргегімнен жұртымменен үндес ем.
Елім үшін тайғақ кештім тар жолда,
Жүрегімді жарып көр,
Адалдық пен ар-намысты іздесең.
Бөленсін деп жұртым мейірім, шуаққа,
Атқа қондым, жеткізсем деп мұратқа.
Қызыл тудың қып-қызыл қан екенін,
Кеш ұғыппын бірақ та.
Оқ жұмсауға ұрымтал сәт таптың да,
Ей, қанды қол,
Сен ақыры аттың ба..?
Мені өлтіре алмадыңдар бәрібір,
Қайта оралдым, жұлдыз болып ақтым да.
Құшақ жайған қазағымның көгіне,
Қайта шықтым, Күн боп бір сәт баттым да.
Жүректерден жұла алмадың жырымды,
Сыр сандықтан ұға алмадың сырымды.
Шаттығымды шертер мәңгі домбыра,
Шерлі қобыз боздатар зар мұңымды.
Ей, болашақ,
Ісімді сен жалғайсың,
Әлі көкте қыран болып самғайсың.
Мен қазақтың рухынан жаралғам,
Ей, қанды қол,
Мені өлтіре алмайсың!
«ҮШ АРЫС»
Сөзі: Кәкімбек Салықов, әні: Мұратхан Егінбаев
Қазағымның кемеңгер перзенттері,
Аңыз-дастан атқарған міндеттері.
Үш арысын, үш тұлпар, үш сұңқарын,
Ғаламат қой туған ел құрметтеуі.
Қайырмасы:
Тар кезеңде бірлесіп,
Бар қатерді бір кешіп,
Еңіреп туған елім деп,
Абайдың інілері,
Қазақтың ірілері,
Сәкен, Ілияс, Бейімбет.
Өлең-жырдың әлемін ашқаныңда,
Сол үшеуі тұрады бас жағында.
Үркерленіп барады үлкенденіп,
Үш жұлдызым туған ел аспанында.
Ақ сұңқарын дауылпаз, бұлан ерін,
Күйші дала қос қанат құлагерін,
Үш арысын қайтарып құшағына,
Ардақтайды салтанат құрады елім.

Қанат Құрмашұлы Жүнісов – әнші, актер, ақын, драматург.
1974 жылы 22 ақпанда Семей (қазіргі Абай) облысы, Аягөз ауданы, Тарбағатай ауылында дүниеге келген. 1980-1990 жылдары «Октябрь» орта мектебінде оқыған.
1991-1994 жылдары Ж.Елебеков атындағы эстрады-цирк училищесінде Қазақстанның Халық артисі Қ.Байбосыновтан тәлім алған. 1994-1998 жылдары Т.Жүргенов атындағы театр және кино институтының актерлық бөлімін тәмамдаған. Дәстүрлі ән байқауының жүлдегері. С.Сейфуллиннің рөлін Сәкеннің 110, 115, 120 жылдық мерейтойларында театр сахнасында, «Сәкен», «Мағжан», «Өмір жолы», «Тайны и судьбы великих казахов», «Н.Нұрмақов» секілді деректі фильмдерде және «Жамбыл», «Қызыл жебе» көркем фильмдерінде сомдаған. «Сәкен сұңқар» бейнебаянын мен «Сәкен» фильм-концертін түсірген. Әрі басты рөлде ойнаған.
«Біржан сал» фильмінде ойнаған әрі фильмдегі сал-серілердің сөз қағысуын, «Құнанбай» фильміндегі Жанақ ақынның жырын жазған.
Еліміздің әртүрлі деңгейдегі алпыстан аса театрында пьесалары сахналанған.
2014 жылы қазақ өнері тарихында тұңғыш рет бірнеше жанрды қамтыған шығармашылық апталық өткізген. Қ.Жүнісовтің «Жас қала, жас қаламгер» атты шығармашылық апталығының бағдарламасы: • 22 қыркүйек «Өнерге тағзым» (дәстүрлі ән және поэзия кеші), • 23 қыркүйек «Махаббат мелодрамасы» (спектакль), • 24 қыркүйек «Ғашықтар хикаясы» (спектакль), • 25 қыркүйек «Алғашқы махаббат» (спектакль), • 26 қыркүйек «Әншінің пірі – Әміре» (моноспектакль), • 27 қыркүйек «Сәкен сұңқар» (спектакль), • 28 қыркүйек «Сырлы саз» (Қ.Жүнісовтің сөзіне жазылған әндерден концерт);
Бұлардан өзге «Баһадүр», «Қаһарман қыз», «Махаббат хикаясы», «Жеңіс жалауы», «Пранк махаббат», «Алаш жолы», «Ұлт көсемі», «Әскердің әлегі», «Әміре (либретто) », «Күле аласыз ба?» пьесаларының және «Сәкен» атты киносценарийдің авторы. Сонымен бірге композитор Ә.Абдинуровпен бірлесіп «Сәкен» операсын жазған.
2011 жылы «Алғашқы махаббат» комедиясы Ресейде өткен студенттік театр фестивалінде «Ең үздік шығарма» аталымын жеңіп алған. 2014 жылы «Сөйле сырлы сахна» атты кітабы жарыққа шыққан. «Шалқар шабыт» радиоспектакльдер сайысында «Әншінің пірі – Әміре» атты моноспектаклі жүлдегер атанған. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған «Тәуелсіздік. Әдебиет. Қаламгер» атты республикалық байқауда «Үздік драматург» аталымын иеленген.
2017 жылы «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби байқауында Ж.Аймауытов атындағы арнайы жүлдемен марапатталған. 2020 жылы «Сезім хаттары» жыр жинағының аудионұсқасы жарыққа шыққан. 2021 жылы «Елорда — өнер өлкесі» театр фестивалінде «Жеңіс жалауы» қойылымы арнайы дипломмен марапатталған. 2022 жылы республикалық «Дала дауысы» байқауында «Сәкен» операсы Гран-при иегері атанды. Қазақ эстрадасындағы «Бәйтерек», «Аламан», «Формат» тағы сол сияқты топтардың, көптеген танымал әншілердің репертуарларындағы белгілі әндердің сөзін жазған.
Қ.Жүнісов сөз жазған 200-ден аса әннің қырықтан астамы Астана радиосының «Хит шеру» бағдарламасында жеңімпаз атанған. 2006 жылы «Ханшайым», 2014 жылы «Ән қанаты» атты ән жинақтары шыққан. «Жұлдызды Астана – 2016» тұңғыш радиосыйлығында «Үздік мәтін авторы» аталымының жеңімпазы атанды. «Disney» компаниясы шығарған «Моана» атты мультфильмнің әндеріне қазақша мәтін жазған. 50-ге жуық әдеби кештердің сценарийлерін жазып, кештерді жүргізген. 2024 жылы өнер тарихында тұңғыш рет «Қолтаңба» атты шығармашылық онкүндік (декада) өткізген.
Онкүндік бағдарламасы:
- «Сәкен» фильм-концертінің тұсаукесері. Сценарий авторы әрі режиссеры Қ.Жүнісов.
- Қ.Жүнісов / Ә. Абдинуров «Сәкен» (опера) концерттік нұсқа.
- Қ.Жүнісов «Әлия» (драма).
- Қ.Жүнісов «Алғашқы махаббат» (комедия).
- Қ.Жүнісов «Жеңіс жалауы» (драма).
- Қ.Жүнісов «Алаш жолы» (драма).
- Қ.Жүнісов «Күле аласыз ба?» (музыкалық комедия).
- Қ.Жүнісов «Әміре».
- Қ.Жүнісов «Пранк махаббат» (комедия). 10. Қ.Жүнісов «Сәкен сұңқар» (тарихи драма).
Сәкентанушы, республикалық газет-журналдарға шығармалары, сұхбат-мақалалары жиі жарияланып тұрады. 2024 жылы «Кейіпкер ғұмыр» драмалық жинағы мемлекеттік тапсырыспен жарыққа шыққан. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының мүшесі, Қазақстан Авторлар Қоғамының мүшесі, Абай облысындағы Аягөз ауданының Құрметті азаматы.
1998-2009 жылдары Лев Николаевич Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде қызмет еткен. 2009-2015 жылдары Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болған. 2007-2019 жылдары Қазақстан Авторлар Қоғамының Астана қаласы филиалының төрағасы қызметін атқарған. Қазіргі уақытта «Ұлттық Ұлан» ән-би ансамблінде қызмет атқарады.
М. БАЛҚЫБЕКҰЛЫ,
Қазақстан Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі