Қазақ халқының тарихы тым тереңнен, сонау сақ дәуірінен, ғұн тайпалары мен Ұлы түркілердің оғыз, қарлұқ, қарахан сияқты ұлыстарынан бастау алатыныбелгілі.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана төл тарихымызды түгендеп, жоғымызды тауып, көңілімізге шам-шырақ ұялап, өскелең ұрпаққа бағыт-бағдар бере бастағанымыз жасырын емес. Әсіресе, Елбасының «Мәдени мұра» және «Рухани жаңғыру» бағдарламалары аясында қаншама тарихи тұлғаларымызбен табысып, ұлттық құндылығымызды ұлықтауға бет бұрдық.
Ал «Ұлы даланың Жеті қыры» мақаласынан кейін шаң басқан архивтердің құпиясы ашылып, ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін сұмдығы әшкереленіп, аты-жөні аталмай кеткен асыл ерлеріміздің есімдерімен қауышып жатырмыз. «Орнында бар оңалар» деген осы шығар. «Алмас кездік қап түбінде жатпайды» деген халық даналығы да дұрыс екен. Оған биыл туғанына 200 жыл толып отырған, Жетісуды 30 жылдан астам басқарған аға сұлтан Тезек төре Нұралыұлы Абылайхановтың (1821-1879) және оның ұлы, 2016 жылғы көтерілісте Ұлы жүздің бес болыс елінің игі жақсылары хан сайлаған, кейіннен Кеңестік қуғын-сүргіннің құрбаны болған Құдиярхан Тезековтің қатпары қалың өмір жолының қайта ұлықталып жатқаны дәлел болады.
Тезек төре – Ресей және Қытай империялары мойындаған, шебер дипломат-мәмілегер, ірі саяси тұлға! Қазақ-қырғыз баласы хан атаған, Ресей тарапынан «Аға Сұлтан, полковник», Қытай тарапынан «Тәйджи» атақ-шендері беріліп, халқы сыйлап, құрметке ие болғаны анық. Өзі де асқан өнер иесі, дарынды сөз шебері, ақын, күйші, батырлығымен де атағы шығып, ел есінде қалған. Кезінде Тезек төре туралы белгілі ғалымдар, жазушылар Ш. Уәлиханов, Семенов-Тяншанский, А. Гейнс, С. Асфендияров, Ә. Марғұлан, С. Мұқанов, Д. Қонаев, Шота-Аман Уәлихан… т.б. жүрекжарды жылы лебіздерін білдіріп, көптеген оңды естеліктер қалдырған.
Ел арасында Кеңес үкіметінің құлаққа әбден сіңірген «коммунистік идеология» әсерінен еліміздің ардақтылары, оның ішінде қазақ халқының хан, төре, сұлтандары туралы әлі күнге дейін қисық-қыңыр, жаңсақ пікірлерді естіп қаламыз. Бұны айтып отырған себебіміз, өзіміздің Жетісудағы атақты тұлға, ел мен жер иесі болған Тезек төре туралы да кейде теріс пиғылдағы пікірлердің кездесіп қалатындығы. Осы ардақты атамызға елдің сүйікті ақындарын қарсы «сөйлетіп, жамандатқызып, масқаралатып» қойғылары келетіндер әлі де бар екенін ашық айтуымыз керек.
…Біз, қазақ ежелден аруақ сыйлаған, оның ішінде аты шыққан аталардың аруағын ерекше пір тұтқан халықпыз! Сондықтан, ата-салтымызды сақтай білейік! Қазіргі күнде төрелердің жалпы қазақтың бір құрамдас бөлігі, сол қазақ халқын құрайтын, ажырамас бір руы екенін түсіне білген абзал. Осы жерде Елбасымыз Н. Назарбаевтың: «…Қазақ мемлекетінің негізін төрелер құрған еді. Қазақ қоғамының басында сұлтандар, яғни Шыңғысхан ұрпақтары тұрды. Олар Қазақ қоғамындағы ең ықпалды, беделді күшке ие болды…» – деген сөзін еске сала кеткен жөн болар (Ғасырлар тоғысында, 1999. Алматы. 209-б).
Бұған қосымша, Сейсен Мұхтарұлының мынандай дерегін келтіруімізге болады: «…Өткенге ой жүгіртсек, төрелер өнерлі ұрпақ болғандығын байқаймыз. Уәлидің Шыңғысының бауыры Ханқожаға: «Бақ менікі, өнер Ханқожанікі»,– дейтіні сол. Төрелерге бақ пен өнер қатар қонған. Ханқожа қобыздық күйді Қорқыттан бері қайырған күйші-қобызшы болса, Шәді төре Тезек төре тәрізді қалың елге танымал ақын болған.
Шоқан сурет салса, інісі Мақы ою-өрнектің айшықты жаңа үлгілерін өмірге әкелген. Кіші жүз ішіндегі Мұхит Мералыұлының да тегі төре».
Бұрынғы заманның Ұлы хан-сұлтандарын айтпағанның өзінде, қазіргі уақытта да төре тұқымынан шыққан талай ұлтжанды, елім, қазағым деген азаматтарды білемін. Кеше ғана дүниеден өткен қайран Шотаман Уәлихан ағамызды айтсаңызшы, нағыз «асылдың сынығы», төреден қалған тұяқ, ескіден қалған көненің көзіндей еді-ау!
…Біздер жастайымыздан ата-әжелеріміздің ұлттық құндылықтарға толы тағлымды әңгімелерін естіп өстік. Сол кісілер төрелер туралы еш жаман айтпайтын, керісінше, «Іленің бер жағында Әлтөре, ар жағында Тезек Төре өзіміздің әулие кісілеріміз ғой…» деп іштартып сөйлеуші еді, жарықтықтар! Бұндай мысалдарды ардақты Кенен Әзірбаев атамыздың әңгімелерінен, естеліктерінен көптеп кездестіреміз. Ондай естеліктерде де ол кісілер туралы нашар пиғылдағы, дөрекі сөздерді кездестірмеппіз. Бұндағы айтылып отырған Әлтөренің – Әли Әділұлы (Орысша: Али Адылов) екенін айта кетуімізге болады. Кенен атамыздың әңгімелерінде «…шіркін, бар елдің төресі біздің Әлтөредей пәтуалы, аузы дуалы болса ғой…» деген тұрғыда айтылады.
Биыл жазда «Тезек төре-200» атты ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырып, Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Алтынемел өңіріне барып қайттық. Ондағы мақсат, үстіміздегі жылы 200 жыл толып отырған атақты Тезек төренің және 170 жыл толып отырған «Қызыл репрессия құрбаны Құдиярхан Тезекұлының, оған қосымша еліміздің ұлы ғалымы, өшпес тұлға – Шоқан Уәлихановтың жатқан жерлері, өмірдеректері туралы тарихи деректер, қосымша мәліметтер жинақтау еді.
Экспедиция «Тезек төре қорымы» атты қорымда өлшеу, зерттеу жұмысын жүргізіп, ел аузындағы дақпырт пен аңыздың, нақты деректер мен тарихтық бағалаудың қаншалықты растығын зерделеп, сол тұлғалар жүрген жерлерді көзбен көріп, көптеген деректер мен тың мәліметтер жинақтады. Ұлы ғалым Шоқан жатқан «Көшен тоған» деген жердегі «Төре бейіт» деп аталатын қорымда болып, зерттеді.
Экспедиция жұмысы Шанханай ауылында орналасқан Шоқан Уәлиханов музейінде жалғасын тапты. Музейдегі экспонаттарды зерделеу барысында Шоқанның өмірбаяны мен ғылыми мұрасы жайлы баяндамалар тыңдалды. Сонымен қатар, Тезек төренің Шоқанды жанындай жақсы көргендігі, қарындасы Айсараға үйлендіріп, 5 күн той жасағаны туралы да айтылды.
Бұл ауылда экспедиция мүшелері жергілікті тұрғындармен кездесіп, пікір алмасты және олардың сұрақтарына жауаптар беріліп, ұсыныстары тыңдалды.
Бұны айтып отырған себебіміз, біздер тілдескен, әңгімелескен, оқымысты-ғалымдар, жергілікті рулардың өкілдері, қарапайым ауыл тұрғындары Тезек төре туралы бір де бір жаман пікір айтпады, қайта керісінше, «…үлкендерден естіп өстік, жарықтық әулие кісі еді ғой, әр елге жер бөліп қоныстандырғанда тек қана ел жағдайын ойлап, әділеттіктен аттап баспаған, ісімен де, сөзімен «қара қылды қақ жарғандай» керемет кісі болған екен…» деп таңдай қаға баяндап отырды. Осыған байланысты, Алтынемел өңірінде Тезек төре қайтыс болғаннан кейін қалыптасқан, ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан «Жердің иесі Тезек, елдің киесі Шоқан. Осы екеуінің аруақтарын риза қылмаған ешкімнің, ешқандай ісі алға баспайды» деген тәлім сөз бар екен.
Осындай шынайы пікірлерді халықтың берген бағасы ретінде қабылдауымызға әбден болады.
Ел билеу оңай емес, оның үстіне Тезек заманындағыдай аласапыран, оң бүйірден алып Қытай, сол бүйірден Ресей империясы, ол аз болса Қоқандықтар ентелеп тұрса, Қазақтың Кіші Жүзі мен Орта Жүзін Ресей басып алып, жалғыз қалған Жетісуға көз алартып, толықтай иемденгісі келіп тұрған уақытта ел мен жерге ие болу тіптен жеңіл болмағаны әбден түсінікті болар! Қарауында әкімдік, басқармалар немесе сот, полициясы жоқ ел билеуші, сол кезде өзінің жеке жауапкершілігімен қарамағындағы талай бұзақыны тұқыртып, талай ұры-қарыны жазалағаны да рас!
Ал, ақындардың «жамандағандарына» келсек, тура солай «айтты» деген дәл сол ақындардың басқа шығармаларында «айналайын хан ием, аруақты ердің баласы…т.с.с..» деген сияқты сыйласымдыққа толы, аса құрметтеген сөздерін кездестіреміз. Оның үстіне Тезек төре заманы ақындарының өлеңдері қағаз бетіне олар қайтыс болғаннан кейін 25-30 жылдан кейін ғана алғаш рет түсіріле бастағанын да ескеру қажет. Ал ең алғашқы нұсқасында жаман сөздер айтылуы мүмкін емес екендігін көзі қарақты әрбір оқырман білуі тиіс.
Олай болса, асыл мен масыл сөздердің жігін ажыратып, ойланып сөйлегеніміз дұрыс болар.
Сүйінбай ақын мен Тезек төренің бір-бірімен өте сыйлас, сырлас, дос-жегжат болғандығын біреу білер, біреу білмес. Тіпті 1868 жылы патша өкіметімен келіспеушілігі үшін Тезек төрені алты ай қамауға алғанда Сүйінбай ақын Жетісудің игі жақсыларына сөз салып, жинап, өзі бас болып, арызданып жүріп төрені абақтыдан босатып алады.
Сүйінбай атамыз, Тезек төреге соңғы бір келгенінде, қайта кездеспейтіндерін сезді ме екен, мынадай сәуегейлік сөз айтыпты:
«Төрем ау, жерде де үн, көкте де үн жоқ,
Сайраған өліп кетсек қызыл тіл жоқ.
Кісіңмен жақсы көрген үш қош айтып,
Дегендей келгенімше кім бар, кім жоқ?
Аман бол көргенімше хан Тезегім,
Тұрамыз қайда жүрсем көңілім тоқ.
Аузымнан шыққанымның бәрін бердің,
Хан төрем, біреуінде кемшілік жоқ…
Жаманның ұрты кебер мақтанарда,
Мақтанып шоқтығына дақ саларда.
Жігітке кердеңдеген кесір бітер,
Дәулетті басындағы ақтарарда.
Балыққа қара темір қарсы шығар,
Оның да уақыты жетіп қақталарда.
Жарастық бергеніңіз өлең тапсам,
Қай түрлі халайыққа мақтанарға.
Жазармын шамам келсе тарих қылып,
Әуелден ақырғыша хат қаларға.
Балаңның балалары ермек қылып,
Дүниенің ақырына ап барарға».
Тезек аталарының туғанына 200 жыл толуына орай, соншама мақала жазып, есімін дәріптеп, шамалары келгенше мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырып жүрген ұрпақтары, оның ішінде ағайынды Азамат пен Бағдат Ақылбековтер қазіргі уақытта Сүйінбай ақынның «балаңның балалары ермек қылып, дүниенің ақырына ап барарға» деген әулиелік сөзін іске асыруда.
Ал, Сүйінбай ақынның Тезек төре қайтыс болғанда шығарған екі жоқтауы тіпті ерекше, сөзі ащы өкінішке толы, көркемдігі жоғары өте күрделі, ғаламат шығармалар. Естімеген, білмеген ағайын біліп жүрсін деген ниетпен осы жоқтауларды облыстық «Жетісу» газетіне ұсынған едім, 2021 жылдың 3 шілде күнгі №72 (18924) санында екі нұсқасы да қатар, алғы-түсіндірме сөзбен бірге жарияланды. Оқып, танысам деушілерге оңай болсын деп, сілтемесін де келтіріп отырмын: https://7-su.kz/news/cat-12/11466/
Осы жоқтаулардағы адамның сай сүйегін сырқыратып, Тезек төренің бар өмірін жіпке тізгендей етіп жырлаған Сүйінбай ақынның сөздерінен екеуінің арасындағы қаншама қимастық қасиетті бірден байқайсыздар! Осы үрдіс кезінде жалғасын тауып, Тезектің өзі «Сүйінбай, маған сенің өзің керек, Шындықты бетке айтатын сөзің керек…», «Тұсында Абылайдың Бұқар жырау, Хан Әділдің тұсында Түбек тұр-ау. Әр заманның болады сұрқылтайы, Сұрқылтайым менің де екен мынау…» дегеніндей Сүйінбай да төрені өле-өлгенше аузынан тастамай «Отызда орда бұзған дүлдүл едім, Әли менен Тезектің бұлбұлы едім…» деп еске алып, қимас сезіммен жырлап өткені анық.
Кейбір билік басындағылар мүлде айта алмайтын, өзін сынағандарды көтере алмайтындарға Тезектің өзін мақтағанды «…мақтауымды келістірдің, енді датта…» деп бұйыратыны, сынды көтере алатыны, одан қорытынды шығара алатындығы үлгіге айналуға тиіс деп, ауыз толтыра айта аламыз! Қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан «Халық үніне құлақ асатын үкімет» бағдарламасының негізі Ұлы хандарымыздың заманында қаланған шығар.
Тезек төренің өзі де үлкен дарын иесі, талантты ақын, көп жағдайда өзіне өлең айтқан ақындардың шама-шарқын, сөз барысын сынап, байқау үшін, бастырмалатып, мысқылдап, түрлі-түрлі, көп жерлерде өр дәрежедегі өлеңдерімен бұрқырата құйындатып отырғандығын да сезіне білген жөн. Міне, сондай сынақтардан сүрінбей өткен шын жыр сүлейлердің бірегейі де Сүйінбай ақын! Олай болмаса, Тезек төре оны халықаралық деңгейдегі айтыстарға апарып, қырғыз ақындарымен айтыстырар ма еді?!
Сүйінбай мен Тезек төре арасындағы қарым-қатынас туралы қорыта айтсақ, оларды жаңа көзқараспен зерделеп қарау, өтірік пен шындықтың арасын таба біліп, өлең-айтыстары жайлы кешенді, көлемді зерттеу жүргізу – қазіргі өмір талабы.
Бұның бәрін алдағы уақытта Тезек төре туралы қолға алынатын зерттеулерге жаңа көзқарас қалыптастырып, жазушы-ғалымдарға үлгі, із болатындай дұрыс бағыт берілсе деген шынайы ниетпен айтып отырмын.
«Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», – деп ғұлама Абай бекер айтпаған шығар.
«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан тапсын кемеңгерді», – деген І. Жансүгіровтың жанайқайын қалай ұмытуға болады?
Енді, Тезек төренің жеке басындағы қасиеттерге де біраз тоқтала кетсек артық болмас.
Сыртқы, ішкі саясаттағы, экономикадағы орны. Тезек төремен алып Ресей мен Қытай империясы, Қоқан хандығының толықтай санасқандығы, тәуелсіздікке ұмтылып, күрес жүргізген Шығыс Түркістан елдерінің онымен жүргізген қарым-қатынасы және көршілес Қырғыз елінің, әсіресе Ыстықкөлді мекендеген ру-тайпаларының ішкі-сыртқы саясатына белсенді араласқаны бұл кісінің Орта Азияда белгілі, Жетісудың беделді ел билеушісі болғандығының дәлелі. Жүргізген саясатына тереңдей үңілсек, тұтас Жетісу өңірінде Қазақ тәуелсіздігін сақтап қалу үшін күресіп өткенін, тәуелсіз мемлекет құруды аңсағанын байқаймыз.
Сонау Алтай-Тарбағатай жақта, Бұратола маңында да көшіп жүрген «Қызай» елінің (үш мың түтін деп айтылады) рубасы Құдаймендемен ақылдаса келе, бар «Қызайды» Құлжа-Іле өңіріне көшіп келіп, жерге ие болуға көндіріп, ықпал еткен де Тезек Төре екен. Көксу өзені маңында көшіп жүрген «Суан» елдерін Іленің оң жағасына көшіріп, алдын ала «Албандарды» Іленің сол жағасына орналастырған.
Қазақтармен құда-жегжат болып кеткен қырғыз «Бұғылардың» Ыстықкөлде қалуына да көмектескен Тезек Төре, бұл үшін оларды қудалаған «Сарыбағыштарға» жеке өзі әскерімен барып, тойтарыс бергені тарихтан мәлім. Ал, өз ата жұрты Алтынемел тауы маңына орналасқан көптеген қазақтың «жағалбайлы», «қаңлы», «керей», «арғын», «түрікпен», «қарақалпақ», т.б. руларына да жағдай жасап, өзара ынтамағын жарастыра білгенін ақсақалдар әлі күнге дейін сөз етеді.
Мысалы, өзінің әйгілі бір өлеңінде:
«Көріңдер Абылайдың Тезек ханын,
Тезектің бір жағы ақын, бір жағы әкім.
Береке-бірлік пенен ынтымақта,
Бабалардың өсиетін ұстан халқым» – деген сөзінен артық ешкім айта алмас. Реті келгенде айта кетсек, бұл сөздері 2010 жылы «Сарыөзек–Жаркент» тас жолының бойында, Алтынемел асуына жақын жерге Тезек төре мен Бөлтірік шешенге арналып қойылған құлпытаста қашалып жазылған.
Төре Алтынемел өңірінде қазақты отырықшылдыққа үйретіп, егін егуді жақсы жолға қою үшін, ағайындас «қарақалпақ», «түрікпен» сияқты отырықшылдыққа бейім елдерді қолданып, тоғандар салдырып, арықтар қаздырып, егістіктің суғару жүйелерін қалыптастыруды бірыңғай жолға қоя білген өте прогресшіл тұлға! Орыс қалаларынан егістікке қажет саймандарды алдырып елге пайдалануға берген.
Тезек Төренің ақындығы, күйшілігімен қатар өзінің де қол өнер шебері болғаны, сол сияқты елге қажет ұста, зергер, етікші, тігінші сияқты мамандарды барынша қолдап, елге үлгі бола білгені де сол уақытқа өте қажет дүниелер еді. Семей, Бұқара сияқты үлкен қалалардан, көршілес Қытай елінен ағылған керуендерге Тезекке бағынышты жерлерден өткенде өте жақсы, тиімді сауда жасау барлық жақтарға пайдалы болды. Төренің өз үйіндегі зат-мүліктерді көздерімен көрген саяхатшы-ғалымдар Тулалық мылтық, самаурын, Бұқарлық шапандар, Хиуалық кілемдер, Қытайлық жібек заттар бар екенін нақты жазып кеткен. Тіпті, 1867 жылы Парижде өткен дүниежүзілік этнографиялық көрмеге барлық жабдықтарымен бірге өзінің жеке қазақ үйін жібергені туралы нақты деректер табылды.
Әрине, ата-жұрт Жетісуымызды жаттардан босатып, өз қазағымызды ата жұртына қайтарып, қоныстандыруды Тезек төре жалғыз өзі істеген жоқ. Бұндай істердің бәрін де төре ел ішіндегі игі – жақсылармен, би мен батырлармен, ақсақалдармен ақылдаса отырып іске асырды. Дегенмен де ол кісінің асқан мәмілегер-дипломат болғанын, заманынан көш бойы озық ойлы болғанын мойындауға міндеттіміз және осы айтылған қасиеттердің бірқатарын Ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың да қалыптастырғаны сөзсіз.
Жетісуды жат жұрттықтардан азат ету оңайға түскен жоқ, талай-талай қанды қырғын соғыстар да жүрді. Ондай шайқастарда Тезек өзінің батыл да батыр қолбасшы екенін де сан шайқастарда дәлелдей білді.
Қырғыздарды Қоқан, ал Тезекті Орыс қолдап екі ағайынды елді шабыстыру барынша орын алды, оның арты соғыстарға ұласты. Қазақ сарбаздары Орыс әскері жағында болып, қолды басқару Тезекке тапсырылды. Бұл оқиғалар Орыс дерек көздерінде барынша жақсы сипатталған: «Пішпек гарнизоны өздігінің аздығына, нашар қаруланғанына қарамастан Орыс әскерлеріне барынша батыл тойтарыс беріп тұрды өздеріне тілектес Жабайы Тау Қырғыздарынан (жазылғаны Дикокаменные киргизы) көмектер сұраған. 1-қыркүйек күні Тезек Төре бекіністі сумен қамтамасыз ететін арықты тауып алып, өзі бастап бар қырғыздарына жұмыс істетіп, суды бекіністен бұрып тастады. Содан кейін-ақ гарнизонның қарсыластығы әлсірей берді. 2-қыркүйек күні тау жақтан Қырғыздардың үлкен тобы көрінді де, оған Тезек өз қолын және казактардың екі жүздігін бастап тез шабуыл жасады. Шабуыл нәтижесінде Тезек олардың көптігіне қарамастан қорықпай атысып, бәрін быт-шыт қылып, таудан асырып қуалап жіберді.
Шөміш өткелінің маңында да шабуыл жасамақ болған Қара қырғыздардың үлкен тобын атысып, шабуылдап ыдыратып жіберді. Бірталай тұтқындарды, барымталанған малдарды қайтарып алды. Шу өзенінен өткенде өте тапқыр қолбасшы екендігін де дәлелдей білді. Барлық жаяу әскерлерді, өз адамдарын қойып, аттармен өткізуді ойлап тапты.»
Бұл соғыстар аяқталған соң, қазақ-қырғыз арасы тынышталып бітімге келді. Ресейдің бұл жаулау саясаты Қытайдың күшті қарсылығын туғызды. Екі жақтың да бұл кезде бір-бірімен тікелей соғысқа ниеті болмаған, сондықтан Қытайлықтар қазақтарды орысқа, ал Орыстар қазақтарды Қытайлықтарға айдап салып отырған. Бұның ақыры 1863 жылы соғысқа алып келді. Жаркент-Құсмұрын өңіріне қытай әскері басып кіргенде, Тезек төре қазақтардан үш үлкен қол жинақтап, оларға қатты тойтарыс беріп, қытай әскерін шекарадан асырып қуып шықты.
Өзіміздің қазіргі Панфилов, Ұйғыр, Райымбек, Кербұлақ аудандарында Қытайға қараған қалмақтар және бекет-бекіністері тұрған еді. Қытайдың әрекет-әсері төмендей салысымен-ақ, өзіне қараған қазақ рулардың жауынгер жігіттерін жинап, Тезек Төре сол қалмақтың, қытай бекіністерінің быт-шытын шығарған. Оған дәлел ретінде Семенов Тян-Шанскийдің куәлігінде көрсетілгендей Тезек Төреге 300 ауыл бағынып және өзінің тұрақты 1500 атты жауынгер ұстағанын келтіреміз. Ол кезде бұндай жақсы қаруланған ержүрек, талай шайқастарға қатысқан жігіттердің көп нәрсені шешетіні де анық емес пе?! Қытай өкіметі де өздеріне бағынған сол адамдарына (қалмақтар) араша түсе алмаған. Қалмақтың қырғанын қырып, олжалағанын олжалап, қалғанын Қытайдың жеріне асырып, бұл жақтан қашырып, Тезек Төре ата-жұрттағы түбі бөлек елдің тоз-тозын шығарған.
Тезек ауылына Шоқан келгенннен кейін де Қытайдағы жағдайды, ондағы мұсылмандардың күресі туралы оқиғаларды жіті бақылап отырғаны тарихтан белгілі. Төренің, күні біте бастаған Қоқанды қолдамай, саясаты жымысқы Қытайды қабылдамай, Ресейді олардан артығырақ санағанына әсер еткен, өзі жанындай жақсы көрген, өле-өлгенше пір тұтып сыйлаған, сырласып өткен Шоқан болатын. Соның әсерінен Тезек те балаларды оқыту мәселесін еш уақытта ұмытпаған, ауылына Түркістан-Бұқардан қожа-молдаларды алдырып, маңайдағы елдің балаларына қара танытқан. Өз балаларын, озат балаларды Верныйға, орыс қалаларындағы мектептерге, әскери-азаматтық оқу орындарына жіберуге жағдай жасап отырған.
…Жеке өмірінде Тезек ата-салтты берік ұстанған, аса әділетті ел басқарушы болған. Сонымен қатар, заман тыныш кезінде сауық-сайранды жақсы көрген. Маңайына ақын, жыршы, әнші, күйшілерді, басқа да өнерлі адамдарды жинап, түрлі той-думандар өткізіп, халықтың рухын асқақтатып отырған. Мысалы, 1856 жылы Шоқан жазады, «…Алтын Емелге келгенде Тезек ауылы Терісақан бекетінің қасында Күреңбелде отыр дегенді естіп, соған бардым…Сонда аялдап, 5 күндік тойды да, менің құрметіме шабылған 3 бәйгені де көрдім…».
Барлық қазақ бегзадалары сияқты Тезек те атқұмар, саятқұмар болған. Атқұмарлығы соншалықты, асыл айғырларды Бұқарадан алдырып, жергілікті биелерге қосып, асыл тұқымды жылқы өсірген. Естелік әңгімелерде Тезектің аттары қырғыз-қазақ бәйгелерінде, палуандары күресте ешкімге дес бермегені айтылады. Ал ақындар айтысына аса қатты көңіл бөлгені белгілі, оның ішінде Сүйінбай мен қырғыз Қатағанның айтысы барша жұртқа әйгілі болды.
Осы айтқандарымыздың бәрі де Тезек Төренің ата-салтты берік ұстап, еліне қорған бола білгенін айқындай түседі. Қазіргі күнде Тезек ұрпақтарынан ағайынды Жанат, Болат Бурахановтарды, Азамат, Бағдат Ақылбековтерді білемін, бос лепірген сөздері жоқ, аталары туралы бірдеме айтса, тарихи құжаттар негізінде сөйлей алатын азаматтар. Бұны айтып отырған себебіміз, Ақылбековтер көптеген құжаттармен қатар, Тезекұлы Құдиярхан туралы мұрағаттық құжаттардың мазмұнымен таныстырды. Өте қызығушылық тудырады, себебі, ел қалай болғанда да Тезек Төре туралы әйтеуір бірдеме естіген болса, биыл 170 жыл толып отырған ұлы Құдиярхан туралы мүлде білмейді де.
ҰҚК (КНБ) департаменті мұрағатына сұрау жолдап, алынған Құдиярхан сұлтан туралы мәліметтер (қылмыстық іс).
Тезеков-Аблайханов Кудаирхан
Дело № 4341
Родился в 1851 г., Алмаатинская обл., Талдыкурганский р-н, аул 9.; казах; образование начальное;
Проживал: Алма-Атинская обл., Талды-Курганский р-н, аул 9.
Арестован 27 сентября 1930 г. Талды-Курганское ПП ОГПУ
Приговорен: Тройка при ПП ОГПУ. 19 ноября 1930 г., обв.: 58-10 УК РСФСР.
Приговор: ВМН Реабилитирован 10 апреля 1989 г. Талды-Курганская облпрокуратура УКАЗ ПВС СССР ОТ 16.01.1989
Источник: Сведения ДКНБ РК по Алматинской обл.
Арестован 28 июля 1930 г. под стражей в Ядринском ИТД. 19.08.1930 г. мера пресечения изменена на подписку о невыезде. … Тезеков-Аблайханов Кудаирхан
Бұл құжаттарда Құдиярхан Тезек Төреұлын 1916 жылы Ұлт-азаттық күрес кезінде Жетісудың бес болыс еліні «асылдың сынығы…» ретінде Майтөбе деген жерде хан сайлағаны анық жазылған. Ұсталған соң, генерал Фольбаум елді ары қарай өшіктірмес үшін, жарықтықты бірден өлім жазасына кеспей, бірақ артынан тыңшыларын салып қойып, түрмеден босатқан екен.
Сөйткен Құдиярханды большевиктер, елді ашаршылықтан құтқарам деп «Қытайға көшіруді жоспарлады, банды құрды…» деген жалған айыптармен тұтқындап, алдымен Қоғалы, соңынан Алматы түрмесінде қамап, азаптаған. Іс соңындағы (1930. 19 ноябрь. Алматы.) атышулы «үштіктің» (ПП ОГПУ КССР) үкімімен (ст. 58-1 және 59-3) Тезеков Кудаирқан (79 ж.) бірнеше кісілермен бірге ату жазасына кесілген, ал тағы бірнеше кісіні әртүрлі мерзімдерге соттап, мал-мүліктері тәркіленсін деген жазаға кескен. Шейіт кеткен аталарымыздың рухтарына дұға етелік.
А. Ақылбековтың зерттеу мақаласынан кейін, Құдиярхан Тезекұлының да өмірдеректері зерттеле бастады. Осы тақырыпта тарихшы-ғалымдар Алматылық Р. Оразов, Ш. Тлеубаев, Талдықорғандық Г. Нурлановалар арнайы зерттеу-мақалаларын жазды, біршама ақындар жыр-толғауларын арнады. Бұндай ізгі істер жалғасын таба береді деген ойдамын.
…Жоғарыда айтып өткен, Тезек Төреге арналған конференция алдындағы экспедиция барысында құлақтанып қалған көптеген адамдар үн қосып, бірге барғылары келетінін де білдірді, өкінішке орай барлығын шақыра алмадық. Интернет заманы ғой, еліміздің алыс-жақын жерлерінен, тіпті, көршілес Қырғыз елінен де экспедиция жұмысына сәттіліктер тілеген көптеген құттықтау жеделхаттар келіп жатты. Соның бірімен таныстыра кеткім келіп отыр: «Саламатсыздар бы? Мен айтылуу Тезек Төрөнүн кыргыз айели Төрөтайдын төркүнү инилеринен болобуз. Биз Ыстык-Көлдук бугулардан болобуз. Тезек Төрөө биздин жездебиз. Маарекеге, конференцияға чакырсаңыздар мен барам. Алматынын архивинде көп болуп, Тезек Төрө боюнча көп документтерди тапкамын. Сиздерге чоң РАХМаТ! Силермен байланышта бололу! Экспедиция кут болсун!..» депті, қырғыздық санжырашы-тарихшы, Ыстықкөлдік, М. Жетимишбаев.
Қалай болғанда сол заманда осы Жетісудың бар игі-жақсысының есімі Тезек Төремен байланысты айтылатынын естен шығармаған абзал. Қырғыз – Тілекмет, Боранбай, Шығыс Түркістандық – Алахан, Іле-Құлжаның «Қызайының» – Құдаймендесі, «Найманның» – Түбек, Маман бастаған ақсақалдары, жалпақ «Жалайырдың» – Бақтыбай ақын, Құлжабай әулие, Жылкелді, Бопау батырлары, «Албан-Суанның» ортақ биі – Қожманбет, «Албанның» атақты батырлары – Тазабек, Жайнақ, Бұқа, «Ыстының» – Бөлтірік би, «Шапыраштының» игі жақсылары Сүйінбай ақын, Сарыбай би, Сұраншы, Саурық батырлар, «Дулаттың» – Кебекбай би, «Түрікпеннің» Сырғабай шешені, «Қарақалпақтың» Малдыбай биі, «Қаңлының» – Жамбай биі сияқты аттары аталмай қалған ел алдында жүрген бабаларымыздың барлығы Аға Сұлтанмен әрқашан ақылдасып, ел жағдайын бірлесіп шешіп отырғанын қазіргі күнде ұмытуға қақымыз жоқ. Қазақтың атақты батыры Сұраншының Тезекпен бар шаруаны ақылдасып тұрғаны туралы әңгімелер, тіпті батырдың төреге «өздерінің Сізбен бірлесіп ел болып бірге тұру үшін, Іленің бергі бетіне өтсеңіз, біз бар елімізбен көшкеніміз қиындау болар…» деген мағынадағы хаттары да мұрағаттарда сақтаулы. Бұның бәрі де сол заманғы аталарымыздың етене сыйлас болып, бір-біріне әрқашан қол ұшын созуға дайын болғандықтарының белгісі.
Біздер, барымызды бағалай біліп, келер ұрпаққа асылдарымызға шаң жуытпай, кірлетпей, есімдерін ардақтап жеткізуге міндеттіміз.
Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
ЮНЕСКО-ның Мәдениеттерді
жақындастыру орталығының
бас ғылыми қызметкері, жазушы