ТУБЕРКУЛЕЗДІ АНЫҚТАУ, ЕМДЕУ ЖОЛДАРЫ

Денсаулық
984 Views

және мейірбикелік күтім ерекшеліктері

Туберкулез әлемде кең тараған жұқпалы кеселдердің бірі. Оның шекaрасы мен әлеуметтік кедергілері мүлдем жоқ. Жер шары тұрғындарының үштен бірінен астамы туберкулез микробактерияларымен жұқпаланған.

Туберкулез оның микробактерияларын бөлетін науқастан аэрогендік (ауалық) жолмен беріледі. Мұндай ауаны кез келген адамның жұтуы мүмкін. Дегенмен жұқпаның негізгі көзі туберкулездің жұқпалы түрімен ауырған сырқаттың қақырығы болып табылады. Бұл жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде, күлгенде, есінегенде, түкіргенде ауаға түседі.

Дені сау адамның белсенді туберкулезбен ауыру ықтималдығы 5-10%-ті құрайды. Туберкулез жұққан адамда кеселдің дамуында 2 фактордың мәні зор:

1) ағзаға түскен туберкулез қоздырғыштарының саны;

2) ағза қорғаныс күшінің жағдайы.

Мына адамдар туберкулез жұқтырудың жоғары қауіпіне ие:

— өкпе туберкулезінің жұқпалы түрі бар науқастармен тұрақты қарым-қатынастағылар;

— иммунитеті әлсірегендер (созылмалы ауыр кеселдері барлар, гормондар мен ісіктерге қарсы препаратты қабылдайтындар);

— алкогольдік және темекілік тәуелділіктен жапа шегетіндер;

— есірткі тұтынатындар;

— АИТВ-жұқпасы бар адамдар;

— мигранттар, оның ішінде еңбек мигранттары (басқа мемлекетте жұмыс істейтіндер);

— түрмедегілер мен жуық арада одан бостандыққа шыққандар;

— тұрақты мекен-жайы жоқ адамдар.

Туберкулезге шалдыққан науқастардың ерте және дер кезінде анықталуы оның тез және толыққанды сауығуына қажет маңызды шарт болып табылады. Сондай-ақ туберкулезді ерте, бастапқы даму сатыларында анықтау оның таралуының жолын кесуге ерік береді. Бұл туберкулездік жұқпаның профилактикасы үшін шешуші мән иеленеді.

Кеш анықталған, өтіскен өкпе туберкулезі бар науқастарды емдеу зор қиындық келтіреді. Одан басқа бұл сырқаттар індеттік (эпидемиялық) тұрғыда айналасына қауіпті.

Ерте, дер кезінде анықталған туберкулездің түрлеріне мыналар жатады:

— бірінші реттік туберкулездік жұқпаның ерте кезеңі (туберкулез микобактериясының – ТМБ – бірінші реттік жұқпалануы – туберкулиндік реакцияның вираж кезеңі);

— туберкулездік уыттану (интоксикация);

— тыныс алу ағзаларының асқынбаған бірінші реттік туберкулезі;

— диссеминирленген, ошақтық, инфильтрация фазасындағы инфильтративті туберкулез, экссудативті және құрғақ плеврит.

Кеш анықталған өтіскен туберкулезге мыналар жатады:

— кавернозды және фиброзды-кавернозды туберкулез;

— ыдырау сатысындағы және бактерия бөлумен бірге диссеминирленген, ошақтық және инфильтративтік туберкулез;

— жедел милиарлы туберкулез, ыдырау фазасындағы туберкулез, казеозды пневмония, цирротикалық туберкулез, асқынған бірінші реттік туберкулез, силикотуберкулез.

Туберкулезі бар науқастарды емдеу организмнің жеке ерекшеліктерін (жас шамасын, дене массасын, функционалдық жүйенің жай-күйлерін, қосымша кеселдердің болуын) ескере отырып кешені түрде жүргізіледі. Сондай-ақ туберкулездің клиникалық формалары, кеселдің өту ауырлығы, асқынулар ескеріледі.

Емдік шаралардың кешеніне мыналар кіреді:

— гигиеналық және диеталық режим;

— химиотерапия;

— патогенетикалық ем;

— коллапстық терапия;

— хирургиялық ем.

Көрсетілген режим науқастың қорғаныс механизмдерін нығайтатын, оның ағзасына жалпы және жергілікті әсер етудің ықпалды тәсілдерінің бірі болып табылады.

Туберкулезге шалдыққан науқасты стационарда емдеу көңілге қонымды (рационалды) және емдік-гигиеналық пен диеталық режимде жүзеге асуы тиіс. Соңғысының маңызды элементі қозғалыс белсенділігі мен емдік тағамдану болып табылады.

Қазіргі жағдайда стационарда емделуде жатқан тыныс алу ағзаларының туберкулезі бар сырқаттарға үш негізгі қозғалыс режимі ұсынылады:

— абсолюттік тыныштық немесе төсек режимі;

— салыстырмалы тыныштық немесе аяулы режим;

— жаттығу режимі.

Әлеуметтік профилактика – бұл әмбебап сипаттағы шаралар кешені, оның туберкулездің алдын алудағы маңызы орасан зор.

Профилактикалық шаралар экологиялық жағдайды жақсартуға, кедейшілікпен күресуге, азаматтардың материалдық бақуаттылығын, жалпы мәдениетін және әлеуметтік сауаттылығын арттыруға бағытталған.

Туберкулез жұқпасының тез таралуына миграциялық, демографиялық және әлеуметтік (социалдық) факторлар күшті әсер етеді.

Бұған мыналар куә:

— туберкулездің таралуының індеттік (эпидемиялық) сипат иеленуі урбанизация процесінде анық көрінеді (елдің қалаға қоныстануы);

— тығыз орналасқан және антисанитария жағдайында өмір сүретін кедей қала тұрғындарының арасында туберкулез көп тараған;

— туберкулездің кең қанат жаюы соғыс кезінде, әлеуметтік-экономикалық және демографиялық дүмпу кезінде байқалады.

Бұл жағдайларда туберкулездің тез тарауының жалпы механизмі дені сау адамдардың туберкулезге шалдыққан науқастармен (яғни, туберкулез жұқпасының көздерімен) тығыз қарым-қатынаста болу санының күрт артуымен сабақтас.

Сондай-ақ маңызды фактор қатарында ұзақ стресс, жетімсіз тағамдану мен жағымсыз тұрмыстық жағдайларда болған адамдардың көбісінің организміндегі жалпы резистенттіліктің төмендеуі бар.

Туберкулезге шалдығудың жоғары қауіпін анықтайтын факторлардың үш негізгі тобын бөліп көрсетуге болады. Олар:

— туберкулезге шалдыққан сырқатпен тығыз контакт (тұрмыстық және өндірістік);

— организмнің резистенттілігін төмендететін және туберкулездің дамуы үшін жағдай жасайтын түрлі кеселдер мен жай-күйлер;

— әлеуметтік-экономикалық, тұрмыстық, экологиялық, өндірістік және басқа факторлар.

Туберкулезге қарсы стационарда жұмыс істейтін мейірбикенің міндетіне дәрігер нұсқауын мұқият орындау кіреді. Сырқат барлық дәрілерді белгілі бір уақытта (тамаққа дейін, тамақтан кейін) және тек мейірбикенің қатысуымен қабылдауы тиіс.

Химиотерапияны жүргізу кезінде препаратқа да, сондай-ақ науқастың жағдайына да байланысты түрлі қосымша әсерлер туындайды. Қосымша әсерлердің тұрақты және жеңіл жойылатын болуы мүмкін. Мұндай кездегі мейірбикенің міндеті – науқастың терісінде бөртпенің пайда болуына, оның қышуға, жүрек айнуына, бас айналуына және с. с. шағымдары туралы дәрігерге жедел хабарлау болып табылады.

Қосымша құбылыстар пайда болғанда препараттың мөлшерін азайту немесе қабылдауды мүлдем доғару, бір препаратты басқасымен ауыстыру, емді дәрумендермен және басқа бұйымдармен (пантотендік қышқыл, гормондар және с. с.) бірге қабылдау қажет.

Дезинфекциялық шараларда қақырық пен түкіргішті зарарсыздандыруға ерекше мән беріледі. Туберкулездегі зарарсыздандырудың жақсы тәсілі физикалық болып табылады. Қайнату мүмкін болмағанда химиялық дезбұйымдар қолданылады.

Науқастың денесі мен қолының тазалығына, тырнақтарының алынуына, үстіңгі киімі мен төсек орнын дер кезінде ауыстыруға жете көңіл бөлінеді.

Туберкулезбен ауыратын пациенттермен жұмыс жасайтын мейірбике өте аңғарымды және өте төзімді болуы қажет. Науқастарға жүргізілетін ем шараның маңыздылығын түсіндіруі қажет. Пациенттің жеке бас гигиенасын сақтауы кезінде мейірбикенің рөлі ерекше болып табылады. Мейірбикенің атқаратын қызметіне дәрігердің тағайындауын дұрыс орындау кіреді. Барлық дәрілерді пациент уақытылы қабылдауы қажет (тамаққа дейін, тамақтан кейін). Пациент дәрілерді мейірбикенің қатысуымен көзінше қабылдауы қажет. Мейірбике пациенттің дәрілерді уақытылы дұрыс қабылдауына жауапты.

Жанат Қуатқызы БЕСБАЕВА,

Ләззат Жолдасқызы СЫЗДЫҚБАЕВА,

Түркістан облысы ДСБ «Облыстық фтизиопульмонология орталығы» ШЖҚ МКК мейірбикелері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *