Сотталған мерзімі аяқталуға жақындап, елге қайтудың қамын ойлап жүрген Салқаудың назары күндердің күнінде түр-түсі қазаққа ұқсайтын кексе жанды байқап қалды. Қасына барып жөн сұраса, Қарағандыдан келген ноғай екен. Қазақшаны мүлтіксіз сөйлейтін бұл кісі қазақтардың арасында өсіп, мектепте де қазақша оқыпты.
– Қандай күнәң үшін сотталдың? – деген бұның сұрағына қолын бір сілтеген әлгі Минур есімді жігіт:
– Ақымақтығым үшін, дәлірек айтсам, сараңдығым үшін сотталдым, – деді ызалана сөйлеген жан күйінішін жасыра алмай. Оның жан жарасын жаралап алмас үшін Салқау да әңгімені ары қарай қозғамады. Арада біраз күн өткенде бұның қасына келген ол басын шайқай отырып:
– Бұл әлемде мендей ақымақ адам жоқ шығар, – деді іштегі запыран өкінішін шығарып. Салқаудың өзіне аңтарыла қарағанын көріп:
– Иә, ең ақымақ адаммын. Мен туралы өмірбақи түрмеде отырып келген адамның өзі осылай деген соң ақымақ болмағанда нем қалды? – деді басын шайқап.
– Сіз басыңызды қайта-қайта шайқай бермей, болған жайды асықпай түсіндіріп айтыңызшы, – деді Салқау.
– Айтсам, былай ғой, – деді өкінішін жасыра алмаған ноғай кісі күйініп. Соғыстан соң сауда саласының маманы ретінде үлкен дүкенде сатушы болып істедім. Майданда алған орден-медальдарымның буына мастана жүріп ақшаны да оңды-солды шашыппын ғой. Күндердің күнінде әйелімнің тынымсыз қыңқылдай беруінен кейін онымен бірге дүкенде есеп-қисап жүргіздік. Сөйтсек, сұмдық. Құдайдың тас төбемнен ұрғанын сонда бір-ақ білдім. Өзімді мақтап отырып дүкенде арақ ішкендерден ақша да алмайды екенмін ғой, осы күндері ойлап отырсам. «Енді не істеуім керек?» деп салым суға кетіп жүрген сондай күндердің бірінде дүкенге келген бір кексе орыс кісі оңаша қалғанымда бетіме қарап тұрып:
– Дүкеніңде көп жетіспеушілік бар екен-ау ә? – дегені. Өзіне таңдана қарағанымды байқап, жан-жағына сақтана бір қарап алды да:
– Иә, ұнжырғаңның түсіп кеткенінен-ақ біраз жайды аңғарып тұрмын. Қаласаң, сені бұл тығырықтан оп-оңай шығара аламын, – десе болар ма. Табан астында әлгіге не айтарымды да білмей қалыппын. Екі-үш күннен бері дүкеннен бір шиша араққа қоса тіскебасарын молынан алып жүрген оның үйсіз-күйсіз жүрген қаңғыбас екенін шамалайтынмын. Осы кезде алдыма келген екі-үш адамның шаруасын бітірдім де әлгіге қарасам, ол мені әлі күтіп тұр екен.
– Иә, айта бер, мені қайтіп құтқармақшысың? – дедім ғой мәселені әлі де жөнді түсінбей, жан-жағыма сақтана қарап.
– Мәселе былай, – деді ол сыбырлай сөйлеп. Мен жолы болмаған түремшікпін. Өмірімнің көп жылы абақтыда өтті. Түрмеден шыққаныма үш күн болды. Мені іздейтін ағайын-туыстардан ешкімім жоқ. Енді қайда барып, не істейтінімді білмеймін. Ең жақсысы, өз үйімдей болып қалған түрмеге қайта барғаным дұрыс шығар. Ол жерде жатар орның мен үш мезгіл тамағың тегін. Өзіңді бәле-жаладан қорғап, сыртыңнан күзетшілер қарауылдап тұрады. Одан артық маған не керек? – деген түремшіктің сөзін бөліп:
– Неге олай дейсің? Адал еңбекке аралассаң, бәлкім өз теңіңді тауып, үй болып кетерсің. Құдай берсе, бала-шағалы да боларсың. Неменеге ұнжырғаң соншама түсіп кеткен, еркек деген атың бар емес пе? – дедім оны алдағы күндеріне үміттендіріп әрі намысын қайрап.
– Жә, сөзді қой! Біз сияқтылар атымыз еркек болғанмен, затымыз еркек болмай қалған. Одан да істің тоқетеріне көшсек, жағдай былай. Өзім алматылық болған соң, түрмеден шыққанымда жол қаражатына деп берген ақшасын үш күннен бері армансыз ішіп-жеп тауыстым. Енді былай істейік, мен түн ортасында дүкеніңе ұрлыққа түсейін. Маған деген екі жүз сомды (сол кездегі өлшеммен екі айлық жалақыға тең) анау қобдишаның астына тығып қой. Мен ол ақшаны және төрт-бес шиша арақты тіскебасарымен қоса-қабат алып, біраз күн армансыз «гөлайттайын». Бұл екі арада ұрыны іздеген милициялар тауып алар. Мен ұрлыққа түскенімді жалтармай бірден мойындаймын. «Ол жерден қанша ақша алдың?» – дегендеріне «Санағамым жоқ, бірақ қойын-қонышымды толтырып көп ақша алғаным рас. Бірақ, мас болып жүріп қайда жоғалтқанымды да білмеймін», – деп жауап беремін. Ал сен өзіңдегі кем-кетік ақшаның бәрін маған жаба бер, одан келіп-кетер ештеңе жоқ, – деді мені сендіріп. Сөзіміздің соңында осыған бәтуаласып, қол алыстық.
Сонымен не керек, сол жерде мені сайтан түртіп, дүкендегі бар ақшаны өзім алдым да әлгі түремшікке деп келіскен екі жүздің орнына «Оған осы да болады» деп елу-ақ сом қойыппын ғой. Сөздің қысқасы, қалғанының бәрі де біз жоспарлағандай зың болып, соттың алдынан бір-ақ шықтық емес пе. Осы жердегі әлгі түремшіктің айтқан сөзін естісең, сұмдық. Мен ақымақ басым бұндай болады деп мүлде ойламаппын ғой. Нәлетінің айтқан сөзі сүйектен өтеді.
– Мен ұры болсам да адал ұры болдым. Бірақ, тап мынандай оңбаған екіжүзді подлецті көргенім жоқ. Еркек деген айтқан сөзінде тұруы керек емес пе?! Ал бұл болса мені «лақтырып» кеткісі келді. Мә, лақтырасың! – деп кіжініп, түйілген шұдырығын көрсетті. –Сен еркек емес, қатынсың! Егер сен ол жерге екі жүз сомды қойған болсаң, барлық шығыныңды мойныма алар едім. Ал енді мен алған бес бөтелке арақ пен елу сомды да өзің төлейсің, подлец! – деді нықтап. Сол жерде оның мені табалап айтқан сөзіне күлмеген адам қалмады-ау, сірә. Өзіме де сол керек, дедім-ау жер болып. Өзім «адам санатына қоспайтын» тұрақты түремшіктің өзі мені осылай қорлағасын не деуге болады? Осы өкініш мені жегі құрттай жеп, жатсам да, тұрсам да ойымнан бір шығар емес. Сот үкімімен ол төрт жылға кесілсе, мен ұрлыққа қатысқаным үшін және мемлекеттің қаржысын аса көп мөлшерде талан-таражға салғаным үшін он жылға сотталып, осында жіберілдім, – деді өкінішпен.
Сөзінің соңында:
– Ал, қарағым Салқау, орыстарда «Умные люди учится и на чужих ошибках» деген сөз бар. Өзің жас екенсің, менің мына өмірбақи күйіп өтер күйінішім саған да сабақ болсын, – деді ауыр күрсініп. Тап сол жерде бұл оны жұбатар сөз таппай қалған еді.
* * *
1946 жылдың көктемі басталғаннан Салқау елге қайту қамына кірісті. Бұл туралы ойын Аннаға айтқанда аса бір қимастықпен:
─ Иә, өзіңді күтіп отырған ата-анаңды тастап, осында қал, ─ деп айта алмаймын. Ол жаққа баруға жалғыз перзенті болғандықтан мен де кәрі әке-шешемді қимаймын және «Оңтүстіктің ми қайнатар ыстығына, Сібірдің суығында өскен сен шыдай алмайсың», ─ дегенді әкем де айтып отыр. Сірә, бізді тағдыр қоспайын деген шығар, ─ деген еді көзіне келіп қалған жасты жасыра алмай…
Жаз шыға комендатурадан абақтыдан босатылғаны туралы анықтама қағазды алып, екі айда үйіне жетті. Айтуғаннан өрбіген төрт азаматтан он жыл өткенде зарықтырып барып, Салқау ойда-жоқта осылайша бір-ақ келген еді.
«Көп екен көргенімнен көрмегенім,
Жақсы екен бәрінен де өлмегенім», ─
дегендей, он жылдан бері шын қуанудың қандай екенін білмейтін Шая ананың шаңырағына бір-ақ күнде бақ қонды.
«Өлгенім тіріліп, өшкенім жанды,
Жер жарылды, көк шықты», ─
деді қуанышына ортақтасып келгендерге біресе күліп, біресе жылап отырған Шая.
Апасының кейбір сөзін қызы Мәкеш білдірмей қағазға түсіріп алатын. Салқаудың алдынан жүгіре шығып, мойнына асылған бойжеткенді алғашқыда «Бұл кім?» дегендей тосылып қалған. Сонда:
─ Аға, есіңізде ме, мына өлеңді айтушы едіңіз ғой? ─ деп Мәкеш әндетіп қоя берді:
Мәкеш, Мәкеш деседі,
Мәкеш қашан өседі?
Жаратушым жар болса,
Жайыменен өседі.
Аққу едің көлдегі,
Сұңқар едім шөлдегі.
Амалым бар ма Құдайға,
Әттең, Тәңір, шөлдедім, Мәкеш-ау!
─ Ой, қалқам-ай! ─ деп Салқау қарындасын қайта құшты. Ел саябырлаған соң түрмеде бақилық болған аталары мен әкесіне Құран бағыштады. Жазықсыз жапа шеккендердің наласы жіберсін бе, баяғы белсенді ағайындарының бірі соғыста жоқ болса, енді бірі елде ауырып дегендей, ешқайсысы тірі қалмапты. «Алланың көзі тура болсын» дегеннен басқа бұл не айта қойсын.
Салқау көп ұзамай Бадам МТС-іне учаскелік агроном болып орналасты. Бұрыннан елгезек жан қолынан іс келетінін көрсетті. Колымадағы «Дитрихтің мектебінен» өткен ол ұйымдастырушылық қабілетімен де ерекшеленіп тұратын.
Бөріхан БАЙМҰСАҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі.