ТҮРКІ ӘЛЕМІНЕН ШЫҚҚАН АСА КӨРНЕКТІ ТҰЛҒА

Тұлға
880 Views

Түркі әлеміненшыққан аса көрнекті тұлға Захиредден Мұхаммед Бабыр – аса ірі мемлекет қайраткері, данқты қолбасшы, ойшыл ғалым, атақты тарихшы, лирик ақын, дарындыжазушы. Ол 1483 жылы 14 ақпан Әндіжан қаласында (бір деректерде Ақси) Ферғанаәмірі Омар Шайқының отбасында дүниеге келген. Әкесі Омар Шайқы – Ақсақ Темірдіңшөбересі, ал шешесі – Құтлық Нигар ханым Моғолстан ханы, Шыңғыс хан әулетіненшыққан Жүністің қызы болатын. Бабыр мен танымал тарихшы Мұхамед ХайдарДулатидың шешелері туысқан, бөле болған.

Бабырдың тәрбиесі жастайынан жетік болып, ел билеу істеріне, әкесі бастаған жорықтарға қатысып, бойындағы қолбасшылық қасиетін дамытады. 1494 жылы әкесі Омар Шайқы қайтыс болып, 11 жасар Бабыр әкесінің орнына Ферғана әмірінің тағына отырады. Бабыр билік басына келгенде билікке таласушылардың өзара жауласуының күшейе түсуі салдарынан кезінде Ақсақ Темір құрған империяның әбден әлсіреген кезі еді. Осындай қиын кезде билікке келген Бабыр бір жағынан тағын өз туыстарынан қорғап қалуына тура келсе, екінші жағынан бір-бірімен әбден қырықпышақ болып жауласып, шашырап кеткен Ақсақ Темір әулетінің басын біріктіріп, бір орталыққа бағынған ірі мемлекет құрмақ болды.

Бабырдың бүкіл ғұмыры ат үстіндегі жаугершілікте өткендей. Қазіргі Орталық Азия мен Үндістанның ХVI ғасырдағы тарихында Бабыр жорықтарының іздері сайрап жатыр. Жорықтар кезінде кездескен көптеген қиындыққа, сәтсіздікке, тіпті жеңіліске қарамастан, қайтпас қайсар Бабыр алған бетінен қайтпай, біртіндеп өз жоспарларын жүзеге асыра бастайды. Исфара мен Ходжентті, Бұхара мен Самарханды, Әмудария мен Сырдарияның аралығын, Кабул, Махор, Пенджан, Агра, Ханфур, Бенгалстан, Дели, тағы басқа қалаларды басып алып, Маураннахрды, Ауғанстанды, Үндістанды өзіне бағындырады.

Ауғанстанды бағындырып, Кабулда ұзақ жылдар тұрған Бабыр Үндістанды жаулап алуға 14 жыл дайындалып, 1518-1525 жылдар аралығында бес рет шабуыл жасайды. Нәтижесінде 1526 жылы 21 сәуірде Панипат маңында Бабырдың 12 мың кісілік жасағы Дели патшасы, сұлтан Ибрагим Лодидың 40 мың кісілік әскерімен шайқасып, қан майданда жеңіп шығады. Сөйтіп, қазіргі Ауғанстан мен Үндістан жерінде астанасын Агра қаласы етіп, «Ұлы моғолдар империясын» құрады. Бұл империя туралы 1526 жылдан 1858 жылға дейін яғни сол кездердегі Орта Азия, Ауғанстан, Үндістан тарихына қатысты құнды дәйек-деректер баршылық.

Бабырдың артында қалған еңбектердің ішінде «Бабырнаманың» орны ерекше. 1526-1530 жылдары көне түркі тілінде жазылған «Бабырнама» бір жағынан тарихи дерекке толы ғылыми туынды болса, екінші жағынан көркем тілмен жазылған әдеби шығарма да. Мұнда ең алдымен, Бабырдың өз тұлғасы жарқырап көрінеді. Шығарма оның өзі, ол құрған империя өмірбаянын ғана емес, сонымен бірге Темір әулетінің билік құрған ұрпақтары, XV-XVI ғасырлардағы Орта Азия, Ауғанстан, Пәкістан, Үндістан жайлы да егжей-тегжейлі баяндалады. Әсіресе өзі туып-өскен Ферғана, билік құрған өлкесіндегі Кабул, Солт, Шаш, Бұхара, Самарқанд, Ақсикент, оның көркем табиғаты, жергілікті халықтардың тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, шаруашылығы жайлы кеңінен сөз еткен. Орта ғасырлардағы Алмалық (Жаркент), Алматы, Тараз қалаларының бір кездерде гүлденген өлке болғаны, бұлардың моңғолдар мен шайбанидтердің шабуылынан қирағандығы айтылады.

Шығармада Алаша, Жәнібек, Әдік, Қасым сияқты қазақ хандары, Омар Шайқы, Сұлтан Ахмад, Сұлтан Махмұд, Хұсайын Байқара секілді ел билеушілері, тәжік әдебиетінің классигі Әбдірахман Жәми, түркі әдебиетінің ұлы ақыны Әлішер Науаиы, атақты тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати, суретшілер Кәмәладдин Бекзат, Шах Мұзаффар және т. б. жайлы да пікір білдірген. Мысалы, Ә. Науаиы туралы: «Әлішер бек теңдесі жоқ адам еді. Түркі тілінде өлең жазғандардың ішінде одан көп және одан жақсы жазғаны жоқ. Әлішер бек сияқты ғалым мен өнерге қамқорлық жасаған адам бұрын-соңды болды ма? Ұста Бекзат пен Шах Мұзаффар да Әлішердің камқорлығы мен көмегінің арқасында өз өнерін өрістетіп, үлкен атаққа ие болды. Ол салдырған пайдалы құрылыстар сияқты жүргізген адам кемде кем», – деп жазды.

«Бабырнама» ортағасырлық Шығыстың тарихына қатысты құнды деректердің көзі ретінде ХІХ ғасырдан бастап әлемнің көптеген тіліне аударылған. Бабыр қайтыс болғаннан кейін парсы тіліне тәржімаланған. Шығарманы Н. И. Ильминский орыс тіліне аударып, 1857 жылы Қазан қаласында бастырып шығарды. 1959 жылы өзбек, 1990, 1993 жылдары қазақ тілінде шықты. Француз (1871), түрік (1987), орыс (1943, 1958), ағылшын (1826,1921), жапон (1995) тілдерінде басылған.

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» атты еңбегіндегі Алаша хан жайлы деректерде «Бабырнамаға» сілтеме жасаған.

Бабыр араб әліппесі негізінде өзінің «Хатти Бабри» әліпбиін жасаған. Әліпби кең тарай қоймағанымен де «Бабыр жазуы» деген атпен тарихта қалған. Сонымен бірге поэзия, музыка, соғыс туралы трактаттар жазған. Өкінішке орай, олар біздің заманымызға дейін жетпей қалған.

Зулпухар УМИРЗАКОВ,

Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысы, Шыназ аудандық қазақ мәдени орталығының төрағасы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *