Түркістан қаласында 7 қабатты 32 тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Ауқымды іске жергілікті және өзге өңірлерден келген 13 мердігер мекеме жұмылдырылған. 11 гектардан астам жерде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің жалпы ауданы 20 мың шаршы метрден асады. Жалпы құны – 25,7 млрд. теңге. Құрылыс алаңдарында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды облыс орталығындағы құрылыс алаңдарын аралап, мердігерлермен кездесті. Жұмыс барысын қадағалап, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Құрылыстың сапасына басты назар аударып, көпқабатты тұрғын үйлердің сейсмоқауіпсіздігінің сақталуына қатаң бақылау жүргізуді тапсырды. Бастысы – құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес аяқталуы тиіс. Олай болмаған жағдайда жауапты компанияларға шара көріледі.
Облыс әкімі тұрғын үйлердің сапалы болуы басты назарда екенін айтты. Жаңадан бой көтерген көпқабатты үйлердің сәулеттік келбеті біркелкі болуы керектігін ескертті. Тұрғын үйлердің қарқынын бәсеңдетпей, сапалы салуды тапсырды.
– Облыс орталығында салынып жатқан барлық тұрғын үйлер көркем келбетімен ерекшеленген, ең бастысы өте сапалы болуы тиіс. Құрылысқа жауаптылар өз жұмыстарына жанашырлықпен қарау керек. Тапсыру мерзімі белгіленген кестеге сәйкес жүзеге асырылады. Талапты орындамағандарға шара қолданылады. Өңірдегі құрылыс қарқыны бәсеңдемейді, – деді Дархан Сатыбалды.