«ҚазАгроҚаржы» АҚ су тапшылығы сезілетін өңірлерді қолдау мақсатында су үнемдеу бойынша жаңа лизингтік бағдарламаны іске қоспақ.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне бөлінетін қаржыландыру сомасын ұлғайтты.
Бүгін Түркістанда өңірдегі ауыл шаруашылығы саласын дамыту, өндіріс көлемін ұлғайту және техникалық жарақтандыру мәселелері бойынша алқалы жиын өтті. Кездесуге Түркістан облысы ветеринария басқармасының басшысы Ербұлан Жәнібеков, «Бәйтерек» Ұлттық инвестициялық холдингі» акцонерлік қоғамының басқарушы директоры Нияз Көшкімбаев, «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаев арнайы қатысты. Іс-шара барысында көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру, ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу мүмкіндіктері, сондай-ақ өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін қолдау шаралары талқыланады.
Түркістан облысы – Қазақстанның аграрлық секторындағы жетекші өңірлердің бірі. Еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімінің 13%-ы осы облыстың еншісінде. Жыл сайын өңірде 1,2 трлн теңгеден астам өнім өндіріледі. Егіс алқаптарының көлемі ұлғайып, жылыжай шаруашылығы, мал шаруашылығы және өнімді қайта өңдеу бағыттары жүйелі дамып келеді.
«Ауыл шаруашылығы – облыс экономикасының негізі, мыңдаған отбасының табыс көзі. Біздің басты міндетіміз – мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттырып, заманауи технологиялар арқылы бәсекеге қабілетті аграрлық сектор қалыптастыру», – деп атап өтті спикерлер.
Кездесу барысында «ҚазАгроҚаржы» АҚ өкілдері Түркістан облысының фермерлерін қолдаудың қорытындылары мен 2026 жылға арналған жоспарларын таныстырды.
2000 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін «ҚазАгроҚаржы» тарапынан өңір экономикасына шамамен 103 млрд теңге инвестиция бағытталған. Осы кезең ішінде жалпы құны 74 млрд теңге болатын 6800-ден астам техника лизингке беріліп, шаруалар техникалық паркін жаңартуға мүмкіндік алды.
Компания 2026 жылы Түркістан облысына 19 млрд теңге қаржы бөлуді жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде 7,1 млрд теңгеге өтінімдер қабылданып үлгерген. Бөлінген қаражаттың басым бөлігі көктемгі егіс жұмыстарын сапалы жүргізуге бағытталады.
Фермерлерге қолжетімді болу үшін компания бірнеше бағытта жеңілдетілген бағдарламаларды ұсынды:
— «Жеңілдетілген лизинг»: Сыйақы мөлшерлемесі – 5-6%, мерзімі – 7 жылға дейін, авансы – 0%-дан басталады.
— «Қазақстанда жасалған»: Отандық техника үшін 6%-дық мөлшерлемемен 10 жылға дейін беріледі.
— «Өз жем-шөбіміз»: Жем-шөп дайындау техникасына 6%-бен 10 жылға дейінгі мерзім қарастырылған.
— «Агролизинг»: Компанияның өз қаражаты есебінен 12,6%-бен берілетін, субсидияланбайтын техникаларды да қамтитын кең ауқымды бағдарлама.
Түркістан өңірінің басты басымдығы – суару жүйелерін дамыту. Қазіргі уақытта «Агролизинг» арқылы мобильді суару жүйелерін 12,6%-бен алуға болады. Сонымен қатар жуырда жаңбырлатып суару машиналарын лизингке беру; инфрақұрылым құруға займдар бөлу, заманауи суару жүйелерін кешенді қаржыландыру бағыттарын іске қосу жоспарланып отыр.
«Біз Түркістан облысының фермерлеріне қолдау көрсетуді әрі қарай да жалғастыра береміз. Сіздердің еңбектеріңіз – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің негізі», – деді «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаев.
Шаруалар кездесу барысында ұсыныстары мен сұрақтарын ортаға салып, мамандармен пікір алмасты. Бүгінгі диалог алаңы өңірдің аграрлық саласына жаңа серпін берері сөзсіз. Өйткені, жиынға қатысушылардың ұсыныстары алдағы даму жоспарларына негіз болмақ.
