ЦИФРЛАНДЫРУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Қоғам
922 Views

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан ӘбішұлыНазарбаевтың «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы негізінде Шымкент қаласыныңцифрландыру басқармасының ұйымдастыруымен қала әкімдігінің ғимаратында аталмышбасқарма басшысы Айнұр Юсупованың қатысуымен арнайы баспасөз брифингі болып өтті.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында «Ақылды қала» бағытын іске асыру тұжырымдамасы бекітілген. Бұл тұжырымдама 5 негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Олар білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын-үй коммуналдық, көлік және қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Жеке-жеке тоқталып өтетін болсақ. Бұған дейін де ақпарат беріп жүргендей денсаулық сақтау саласында қаламызда 36 медицина мекемесі бар. Бүгінгі таңда бұл ұйымдарды компьютерлік техникамен жарақтандыру үлесі – 63 пайызды, интернет жүйесіне қосылған ұйымдардың үлесі – 100 пайызды, жергілікті ақпараттық жүйелермен қамту деңгейі – 100 пайызды, электрондық түрде есепке алу – есеп беру ақпаратын жүргізуге көшкен ұйымдарының үлесі – 3 пайызды, халықты электрондық паспорттарымен қамту деңгейі – 83 пайызды және электрондық рецептердің үлесі – 55 пайызды құрайды. Бұдан бөлек халық арасында көп сұранысқа ие 3 жүйені қолданысқа енгіздік. Олар дәрігерді үйге шақыру, тіркелу, дәрігердің қабылдауына жазылу. Мұның барлығы электронды түрде жүзеге асады. Сонымен қатар мобильді қосымша арқылы халықты скринингтік тексеруге шақырып отыру. Бұл қосымша 3 дәрежеде жүргізіледі: 20-60 жас аралығында, 5 жасқа дейінгі балалары бар ата-аналар арасында және жүкті әйелдерге арналған арнайы көмек көрсету туралы кеңес беретін мобильді қосымшалар қосылды. Нәтижесінде қолжеткізген көрсеткіштер біршама. Барлық ауруханалар қағазсыз жүйеге көшірілді. Ақылды технологияларды қолдану арқылы скринингтік тексеру жасар алдында онкологиялық аурулардың алдын алу көрсеткіші 50 пайызға жетіп отыр.

Келесі – білім саласы. Білім саласын цифрландыру бойынша Шымкент қаласы көш бастап келеді. Жүйе үш бағытта жүргізілді: мектепке дейінгі, орта білім беру саласын және орта кәсіптік білім беру саласы. Мектепке дейінгі цифрландыруда – балаларды балабақшаларға кезекке тұрғызу, ол жерге жолдама беру шаралары атқарылуда. Бұрынғы кезде баланың бақшада болғаны туралы ақпарат тек қағаз жүзінде жүріп отырса, қазір барлығы электронды түрде енгізіледі.

Ал мектептерді цифрландыруда электронды журнал жүйесі енгізілді. Мұғалім мен ата-ана арасын жақындастыру мақсатында мобильді технологиялар қолданылады. Бала сабаққа кешіккен, келмеген жағдайда ата-анаға хабарламалар келіп, сабақтан қалу фактілері жойылып отыр. Тағы осы бағыт бойынша бірінші сыныпқа қабылдау, басқа мектепке ауысу секілді жұмыстарды жеңілдетеді. Мектептердің нақты білім деңгейін, ондағы білім беретін ұстаздардың білім сапасы бойынша, ҰБТ қорытындылары, ондағы қылмыстық істер, тағы басқа да көрсеткіштері бойынша рейтингісін ұсынып отырады. Осыған байланысты бұрынғы кезде мына мектептің білімі жақсы деп сол мектепке балаларын тапсырып жатса. Ол мектепте бос орындар көбейіп, ал екінші мектепте қосымша ғимараттар салуға тура келетін болса, қазір ұсынылған рейтинг бойынша балалар біркелкі орналастырылады.

Ал үшінші бағыт бойынша өздеріңізге белгілі орта кәсіптік білім беру жүйесін енді ғана қабылдадық. Осы жылы осы саладағы жұмыстарды автоматтандыруды бастадық. Алдағы уақытта 9 қызмет: ортакәсіптік білім беру мекемелеріне мемлекеттік гранттарды бөлу, жатақханалармен қамтамасыз ету, академиялық демалыс алу секілді халық арасында үлкен сұранысқа ие қызметтер автоматтандырылатын болады.

Келесі бағыт — тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бағыты. Аталған бағыт бойынша 5 үйде пилоттық алыс қашықтықтан көрсеткіштерді алу жүйесін енгіздік. Бұл бізде сәтті жүзеге асырылды. Алдағы уақытта осы жобаны 70 үйге тарату көзделіп отыр. Әлеуметтік маңызы бар мекемелерде жылу беру маусымын қадағалау, су, электр қуатымен қамтамасыз етуді бақылау электронды жүргізілетін болады. Бұл бойынша қазіргі таңда арнайы «Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен біріге отырып арнайы стансалар орнатылатын болады. Бұл стансалар қашықтықтан ақпарат беріп, бақылау жасауға мүмкіндік беретін болады.

Көлік саласында 2 жоба іске асырылуда. Біріншісі – электронды билеттеу жүйесі. Қалалық қоғамдық көліктерге электронды құрылғыларын орнату жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде көліктердің сапасын арттыру, жылдамдықты асырмауын қадағалау, тағы да басқа келеңсіздіктерді азайтуға мүмкіндік береді. Екіншісі – ақылы тұрақ жобасы. Шымкент қаласы елімізде ең көп көлік қатынасы болатын қалалардың бірі болып есептеледі. Көлігіңізді қай жерге қоюға болады, қай жерге қоюға болмайды дегенді ескертеді. Бұл жүйе автотұрақтарды реттеуге, жол жүру схемасын оңтайландыруға көмектеседі.

Қауіпсіздік саласы бойынша «Сергек» интеллектуалды бейнебақылау жүйесі жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – бақылау учаскелерінде жол қозғалысына қатысушылардың жол қозғалысы ережелерін сақтауын бақылау, іздестіру шараларының тиімділігін арттыру апатты жағдайларды төмендету. Бүгінгі күні мемлекеттік және әріптестік жобасы аясында 29 объектіде «сергек» камерасы орнатылды. Биылғы жылы бұл жоба бойынша 40 бақылау, жол көлігін ғана бақылау емес жалпы қоғамдық бақылау бойынша да қосымша бейнекамералар орнату жүзеге асырылуда.

Осы салада алдағы жылда көптеген жаңа жобалар даярлануда. Атап айтатын болсақ «103 – жедел медициналық қызметін жаңғырту» жобасы бойынша машиналар қайта қалпына келтіріліп, заманауи жабдықтармен жасақталып, автоматтандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Бірыңғай Саll орталық құрылады. Жедел қызмет көрсету орталықтары қанша қоңырау шалушыға қызмет көрсетілді, қаншасына көрсетілмеді, машиналар қанша уақытта жетті, қай жерде кешіктірілуде деген секілді барлық жұмыстары бақылауда болады.

Бұдан бөлек ақылды көшені жарықтандыру жобасы жүзеге асырылуда. Қаламызда 214 көшеде жарықтандыру жолдары автоматтандырылуда. Бұл жарық күндізгі кезде сөніп тұратын, қараңғы кезде өздігінен қосылатын ақылды шамдар орнатылатын болады. Бұл бізге шамамен 60 пайыз электр жүйесін үнемдеуге көмектеседі.

Тағы бірі – «Мейірім» жобасы. Бұл жоба бойынша әсіресе науқастанған адамдарға көмек қолын созу шаралары жасалған. Мысалы, қазір еріктілер көшелерде қолма-қол көмек қаражатын жинақтап жүр. Біз оның қанша жиналып, ары қарай қайда кетіп жатқандығын білмейміз. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін Мейірім жобасы ойлап табылған. Бұл жобаға көмекке құштар науқастар тіркеледі. Сіз бұл жобаға кіріп кімге, қандай қаражат керек екендігі, қандай ауруға ұшырағанын біліп, қолыңыздан келгенше көмек көрсетіп, электронды түрде қаражат аударып, ары қарай ол қаражаттың қандай емдерге жұмсалып жатқандығын қадағалап отыра аласыз.

Келесі жүйе туристерге арналған «Туристік портал» сервисін енгізу. Портал жалпы туристік ақпаратты 3 тілде ұсынады. Бұл жүйе Шымкент қаласына келуші туристерге өте ыңғайлы болады. Бүл жүйеде онлайн тапсырыс беру, такси шақыру, қала картасы мен жол жүру схемасы енгізілген.

Сонымен қатар, жақында ғана Бизнес Супермаркеті ашылды. Бұл жерде барлық кәсіпкерлерге бір жерден қызмет көрсету, заңды тұлғаларға қажетті лицензия беру, тағы басқа да қызметтер көрсетіліп, оның сапасы қатаң бақылауда. Арнайы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылды. Алдында Достық елді мекенінде ғана қызмет көрсету орталығы болатын. Енді бұл ашылған орталықта 30-40 пайызға кезек күтуді жеңілдетуде» – деп Айнұр Юсупова атқарылған жұмыстар жөнінде ақпарат беріп өтті.

Ажар ҚАБЫЛОВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *