БІЛІКТІ БІЛІМ ЖИНАП, КӘСІП ЕТЕР

Қоғам
1 388 Views

Кез келген ата-ананың бала тәрбиелеуі тек тыйымнан ғана тұрмаса керек. Баласының есікіргеннен еңбекке баулып, кәсіпке бейімдеуден жапон, неміс, қытай халықтарыныңөмірлік тәжірибесі жиі айтылады. Бұл ретте қазақ халқы да бала тәрбиесіне,белінің дұрыс қатайып, еңбекке араласуына бей-жай қарайды дей алмаспыз. Ұлттық тәрбиеміздебаланың болашағына барынша жауапкершілікпен қарағанымыз дұрыс.

Бүгінде заман басқа, заң басқа дегендей, нарықтық қатынас кім-кімге болса да кәсіппен айналысуға міндеттемесе де мәжбүрлеп келеді. Егемендік алғалы елімізде экономиканың түрлі тетіктері тұрмыс-тіршілігімізге еніп, әркім қал-қадірінше кәсіптің көзін іздеп кетті. Ұлттық экономикамыз көпвекторлы бағытқа бет бұрып, шағын және орта бизнестің әлеуетін көтеру көп жылдан бері күн тәртібіндегі мәселеге айналды. Мұның төңірегінде бизнес ашудан бөлек халықты сол бизнеске баулу, кәсіпкерлік негіздерін меңгерту сынды өзекті дүниелерді де мемлекет міндетіне алып отыр. Бұл ретте, яғни кәсіпкерліктің тасын өрге домалатуда негізінен кәсіпкер құқығын қорғаумен айналысатын «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының сіңіріп отырған еңбегі орасан. Елдегі кәсіпкерліктің дамуына аса мүдделі бұл палата осы күнге дейін бірталай жобаны жүзеге асырды.

«Артық болмас білгенің», – деп жатамыз. Бұл – өмірдің өзі туындатқан қағида. Оған қоса-қабат бүгінгідей ілім-білім бірінші кезекте тұрған заманда іздену мен үйренудің маңызы арта түспек. Әрі мұндай қадамның барша салаға қатысты екені тағы рас. Әсіресе кәсібін өрге сүйреп, шаруасын дөңгелетіп отырған іскер қауымға біліктілік деңгейінің жоғары болғаны бек жарасымды.

Кәсіпкерлікті дамыту үшін іскерлікке қоса сауаттылық та ауадай қажет екені баршаға аян. Кәсіпкерлердің білімді де білікті болуы бизнес саласында аса маңызды. Әрі бұл мәселеге нақты кезеңде зор мән беріліп отыр. Үкімет қаулысымен «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» екінші бағыты аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен кәсіпкерлік негіздерін оқытуды іске асыру Ережесі бекітілуі сөзіміздің нақты дәлелі. Бағдарламаның операторлары – Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі де қаржылай емес қолдау операторы – «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы да, жергілікті жерде Өңірлік Кәсіпкерлер Палатасы және филиалдары деп саналады. Бағдарламаның екінші бағыты бойынша Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы тарапынан «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқыту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, қалалар мен ауылдарда микрокредиттерге кепілдік беруді үйлестіру міндеттерін іске асырады. Сондай-ақ Халықты жұмыспен қамту орталықтарына тіркелгеніне қарамастан жұмыссыздар және кәсіпкерлік әлеуеті бар өзін-өзі жұмыспен қамтушылар мен ауылдық елді мекендерде, аудан орталықтарында тұратындар «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқытудың қатысушылары болып табылады.

Әлемдегі экономикасы дамыған елдердің бәрінде дерлік шағын және орта бизнес ерекше даму үлгісіне ие. Мәселен, дүниедегі алдыңғы қатарлы ел саналатын Германияда экономиканың 90 пайыздан астамы шағын және орта бизнестің үлесіне тиеді. Соның ішінде он-он бес шақты адамды жұмыспен қамтитын отбасылық кәсіпкерлік те бұл елде ерекше дамыған. Осының өзі мемлекетте жаппай кәсіпкерлікті дамытудың тиімділігін аңғартады. Айта кетерлігі, соңғы жылдары мемлекеттік деңгейде жаппай кәсіпкерлікті дамыту туралы біраз мәселе көтерілді. ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты әлеуметтік жаңғырту бағдарламасында дәл осы мәселеге баса назар аударған болатын. Бұл ретте әлеуметтік жаңғыртудан туындайтын бірінші тапсырма – жаппай кәсіпкерлікті дамыту, соның ішінде экономиканың нақты секторларындағы кәсіпкерлікті дамыту ретінде белгіленген еді. Шындығында, мемлекеттегі еңбек ресурстарын тиімді пайдалану, соның ішінде азаматтарды өндірістік еңбекке жаппай тарту мәселесі Қазақстан үшін тым өзекті. Алайда, мұның өзі бір ғана мемлекеттің күшімен тұтастай халықты жұмыспен қамтамасыз ету керек дегенді білдірмейді. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет азаматтардың бәріне бірдей жұмыс тауып беруге ұмтылмай-ақ, жұртшылықтың әл-ауқатын өсіру үшін жағдай туғызуы аса маңызды болмақ.

Ұлжан ҮСЕНОВА,

Шымкент политехникалық колледжінің оқытушысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *