ТҮРЛІ ӨНІМДЕРДІ ШЫҒАРАТЫН КӘСІПОРЫНДАР ЖҰМЫСЫН БАСТАУДА

Экономика Қоғам
91 Views

Түркістан облысында инвестициялық жобаларды арттыру мақсатында Өндірістік парктің құрылысы жүргізілуде. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ондағы өндіріс орындарын аралады. Жауапты басшыларға бірқатар тапсырмалар берді. Өндірістік парк 30 гектар жерде орналасқан және парк аумағында 42 ғимарат салу жоспарланған.
Өндіріс аймағына тартылатын жеке инвестиция көлемі 98 млрд. теңге құрайтын болады. Өндірістік парк толығымен іске қосылған соң 2000-нан аса жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Бірінші кезеңде 10 ғимараттың құрылысы аяқталып, 23 мың шаршы метр қолданысқа берілді. Бір ғимараттың жалпы ауданы 1 584 шаршы метрді құрайды. Тартылған инвестиция көлемі 30,7 млрд. теңгені құрайтын 6 жоба іске асырылып, 500 жаңа жұмыс орындары құрылуда.
«BNK Group» ЖШС су үнемдеу технологияларын енгізіп жаңбырлатып суару және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын кәсіпорын құрылды. Ал, «Aqniet Holding» ЖШС мектепке арналған жиһаздар мен медициналық жиһаздарын шығарып жатыр. Мұнда, украиналық «UBC Group» компаниясы өнеркәсіптік тоңазытқыштарды өндіреді. Бұдан бөлек, медициналық өнімдер, бөлме аралық есіктер және тағы басқа өнімдерді шығаратын кәсіпорындар жұмысын бастауда.
Екінші кезеңде 25 мың шаршы метр қолданысқа беріліп, инвестиция құны 32,3 млрд. теңге құрайтын 12 жоба іске қосылады. Қосымша 400-ден аса жаңа жұмыс орындары ашылады.
Үшінші кезеңде инвестиция құны 35,1 млрд. теңгені құрайтын 14 жоба жұмыс жасауға ниет білдіріп отыр. Кәсіпкерлер инфрақұрылымы жүргізілген, құрылысы дайын өндіріс орындарға қызығушылық танытып келеді. Айта кетейік, өндірістік парктің толық іске қосылуы бағытында қажетті барлық жұмыстар тоқтаусыз жүргізілуде.

СУДЫ ЕКІ ЕСЕ ҮНЕМДЕП, ӨНІМДІ 3 ЕСЕ АРТТЫРУҒА МҮМКІНДІК БЕРДІ
Түркістан облысында су шығынын азайту технологиясы 32 298 гектарға енгізіліп, ол суды 2 есе үнемдеп, өнімді 3 есе арттыруға мүмкіндік берді. Еліміздегі ең алғаш су үнемдеу технологиясын шығаратын зауыт Түркістан облысында ашылды.
Жылына 9 мың гектарды тамшылатып суғару жүйесін өндіретін екінші кәсіпорын «Тұран су» ШЖҚ МКК болмақ. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте мекеме тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар және алдағы жоспарлар баяндалды. Су үнемдеу өндірісі желісін ашу бойынша қондырғылардың алғашқы легі келіп орнатылды. Облыс әкімі мекеменің жұмысын одан әрі дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді.
Кәсіпорын облыстық бюджет есебінен Ордабасы, Сауран, Қазығұрт, Шардара, Сайрам аудандарындағы ұзындығы 100 шақырымға жететін 9 су нысанына күрделі жөндеу жүргізеді. «Тұран су» ШЖҚ МКК-ның басшысы Д. Лесовтың баяндауынша, қазіргі таңда жұмыстардың жартысына жуығы орындалған. Нәтижесінде 15 мың гектардан астам суармалы жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарады.
Шардара ауданының 6 ауылдық округінде ұзындығы 958 шақырымды құрайтын қашыртқыларға механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде 26 996 га суармалы жерлердің жер асты суының деңгейі төмендеп, жерлердің мелиоративтік жағдайы жақсарып, өнімділік 25 — 30% артады.
Кәсіпорынды техникалық жарақтандыру бойынша кешенді шаралар атқарылды. Жалпы 2,8 млрд. теңгеге «JCB» және жапондық «HITACHI» маркалы 41 экскаваторлар және 3 бульдозер, 2 жылжымалы вагон сатып алынды. Бұдан бөлек, арнайы техникаларды тасымалдайтын ауыр көліктер сатып алынды.
Сондай-ақ кәсіпорын тарапынан аудан, қала әкімдіктеріне кейіннен сатып алу тәртібімен арнайы техникалар жалға берілді. Бүгінде өңірде табиғи арналар, каналдар мен қашыртқыларға 1 100 шқ. тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кәсіпорынның меншігіндегі су нысандарына эксплуатациялық жөндеу бойынша каналдарға 15,5 шқ. механикалық тазалау жұмыстары және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Алдағы уақытта инвестициялық 3 жобаны жүзеге асыру көзделген. Атап айтқанда, суару жүйелеріне арналған параболалық лотоктар шығаратын өндірісін ашу жоспарланған. Жоба Ордабасы ауданы «Қарақұм» елді мекенінде орналасқан кәсіпорынның өндірістік-техникалық базасында іске қосылады.
Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының «Тұран су» ШЖҚ МКК бүгінде өңірде ағын су мәселесін шешуде маңызды рөл атқарып келеді. Арнайы техникалар алынып, жаңа ғимараты бой көтерді. «Тұран су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның балансында 18 су қоймасы, 3 су торабы, 3 магистральдық канал және 103 ішкі шаруашылық аралық канал бар.

ИРАН МЕН ӨЗБЕКСТАНҒА ЕТ ЭКСПОРТТАЛАДЫ
Түркістан облысында өндіріс орны жетерлік. Соның ішінде Сайрам ауданының кәсіпкерлері бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отырғаны белгілі. Мәселен ет өндірісімен айналысатын «Nurym Group» ЖШС тағы бір ерекше жобаны қолға алған. Енді мұнда түйіршіктелген жем жасау өндірісі іске қосылады. Өңірдің бір топ БАҚ өкілдері осы және өзге де кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры ұйымдастырған баспасөз туры барысында бірнеше өндіріс орын таныстырылды.
Ауылшаруашылық кәсіпорнының негізгі қызметі де негізінен мал шаруашылығы болып саналады. Жоба негізінен ет өндірісін кеңейтуге бағытталған. Атап айтқанда мал шаруашылығы, ет өңдеу, ет саудасы, жем өндірісі. Ал құрылымы бордақылау алаңы мен мал базасынан, қоймалардан тұрады. 2018 жылы жұмысын бастаған кәсіпорында ірі қара өсіріледі. Бүгінде 6 мыңға жуық ірі қара мал бордақылануда. 2021 жылы компания 5 мың бас бұқа сатып алған. Өңдеу қуаттылығы жылына 5 мың тонна ет. Негізінен Иран мен Өзбекстанға ет экспортталады.
Жақында мұнда инновациялық технологияларды қолдана отырып, түйіршіктелген жем жасау өндірісі іске асырылады. Жобаның құрылысына жауапты мердігер компания зауыттың құрылыс жұмыстарына кірісіп кетті. Аталған зауытта сағатына 20 тонна түйіршіктелген жем шығарылмақ. Өндіріс орны жанынан арнайы зертхана мен 20 мың тоннаға дейін мал азығын сақтайтын қойма салу да жоспарланған. Алдағы уақытта зауытта бірнеше азамат тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда.
Оған қоса аудандағы қасапханалардан шыққан қалдықтарды терең өңдеу мәселесі де қолға алынбақ. Тағы бір маңызды жоба – ет өңдейтін зауыт. Оның құрылысы биыл басталады. Кәсіпорында күніне 1000 ірі қара мал сойылады деп жоспарлануда. Зауыттың өзгелерден ерекшелігі, онда қасапханалардағы шикізат қалдықтарын терең өңдейтін орын қарастырылған. Малдың қаны мен сүйегін, ішек-қарнын, терісін де пайдаға асыратын жаңа кәсіпорын 2025 жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр. Бұл жоба аясында қосымша тұрақты жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.
«Қайып-Ата» ЖШС-на ат басын тіреп, ірі қара мен ұсақ малды өсіретін кәсіпорын жұмысымен танысты. Мұнда шамамен 40 адам жұмыс істейді. 2011 жылы тіркелген «Қайып-Ата» кәсіпорны «Қазақстанның Ет одағының» мүшесі, «Nurym Group» ЖШС құрамына кіреді. Етті өңдеу және консервілеу, ірі қара мен буйвол өсіру, көкөністер мен жемістерден басқа азық-түлік тауарларын сақтау, ветеринарлық қызмет секілді бағыттары бар.
Компания құрылымына Қазығұрт ауданында 6 мың басқа арналған ІҚМ бордақылау алаңы, Сайрам ауданындағы бордақылау кешенінде 10 мың басқа арналған бордақылау алаңы, шоғырланған жем өндіруге арналған жем цехы, тоңазытқыш және сою цехы, Қазығұрт ауданындағы 20 мың басқа арналған ұсақ мал бордақылау алаңы және «ОҚО-ЭКО-FOOD» ет комбинаты кіреді. Сиыр еті, жылқы еті, қой еті халал және HASP стандарттарына сәйкес өндіріледі. «Бизнестің жол картасы 2020» субсидиялау бағдарламасымен ашылған.

БАЛЫҚ ТҮРІН КӨБЕЙТІП ТЕ МОЛ ТАБЫСҚА ЖЕТУГЕ БОЛАДЫ
Түлкібас ауданында балық шаруашылығымен айналысуға ниетті кәсіпкерлер саны артып келеді. Ақбиік ауылында орналасқан «Али студия» жеке кәсіпкерлігі дәл осы кәсіп түріне қызығушылық танытқан. Шаруа жасанды екі тоған жасап, қазіргі таңда тоғанға 5 мың дана форель балығының шабағын жіберген.
Алдағы уақытта екінші тоғанға сазан балығының шабақтарын жіберуді көздеуде. Шаруа жалпы аумағы 1 гектар тоған аумағын абаттандырып, келушілерге ыңғайлы жағдай жасамақ. Алғашқы өнімін биыл күз айларында саудаға шығаруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, шаруа иесі мұнымен тоқтап қалмай балық ұрығын өсіретін технологияны меңгеруді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, ауданның басқа өңірлерден ерекшелігі – бұлақ көздерінен шыққан суларға балық өсіруге мүмкіндік бар. Сол себептен тамақтандыру орындарында үлкен сұранысқа ие балықтың түрін көбейтіп мол табысқа жетуге болады.

ҚҰЛПЫНАЙҒА ДЕГЕН СҰРАНЫС ТӨМЕНДЕГЕН ЕМЕС
Төлеби ауданына қарасты Тасарық ауылдық округі Оңтүстік елді мекенінің тұрғыны Шонов Қалмахан өзінің үй іргелік 0,80 га жеріне тамшылатып суару жүйесін енгізе отырып, құлпынай өсіруде.
Дәмімен ғана емес, денсаулыққа тигізер пайдасымен үлкеннің де кішінің де сүйікті жидегіне айналған құлпынайға деген сұраныс төмендеген емес. Құлпынай көшеттерінің «Виктория», «Черный принц», «Клер» сортын арнайы жабынды астында егіп, құрғақшылықтан сақтау үшін тұрақты түрде суарылып отырады. Су шығынын үнемдеу үшін тамшылатып суару жүйесі қолданылған. Бұл әдістің тиімділігі сол, өсімдік уақытылы суарылады әрі тіршілік нәрі әрбір көшеттің тамырына дейін барады. Ешқандай химиялық тыңайтқышсыз, табиғи жолмен өсіріліп, піскен құлпынайды теру жұмысы жүргізілуде. Шаруа күніне 350-500 кг дейін құлпынай жинап, тәтті жидек теру ісіне ауыл тұрғындары көмек беріп, 6 адам жұмыспен қамтылып, өнімді сауда орындарына жеткізуде.

АЛЫС-ЖАҚЫН ШЕТЕЛГЕ АЛМАЛАРЫН ЭКСПОРТТАЙДЫ
Төлеби ауданында алма шырыны шығарылады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Төлеби ауданына арнайы іссапармен барды. Облыс басшысы ауылшаруашылығы саласындағы шаруалардың жай-күйімен танысып, жүзеге асып жатқан жобалармен танысты. Кемеқалған ауылдық округі «Қазығұрт бақтары» өндірістік кооперативінің қарқынды алма бауында болды.
Тамшылатып суару жүйесі арқылы қарқынды алма бауын өсіру ісін қолға алған кәсіпкер иелігіндегі 138 гектар аумақтың 110 гектарына 300 мыңға жуық көшет егілген. «Гренни Смит», «Айдаред», «Голден делишес», «Гала» сортты алмаларын еліміздің барлық өңірлерімен қатар, алыс-жақын шетелге экспорттайды. Сондай-ақ жеміс өнімдерін сақтайтын 500 тонналық қойма құрылысын өз қаржысы есебінен аяқтап, жеміс тосаптарын дайындайтын цех салған. Кәсіпкер алма өнімдерінен табиғи шырын дайындайтын цехты іске қосуды жоспарлап отыр.
Облыстың климаттық тиімділігін пайдалана отырып, озық жаңа тәсілдер енгізілуде. Атап айтқанда, қарқынды бау шаруашылығы дамып келеді. Қазіргі уақытта, облыстағы қарқынды баулардың көлемі 5,8 мың гектарға жетті. Бұрын, дәстүрлі баулардан гектарына 60-70 центнерден өнім алынатын болатын. Қарқынды баулардан өнімділік 5 есеге артып, 300-350 центнерге дейін өнім жиналуда.

ТҮРКІСТАННЫҢ ТӘТТІЛЕРІ ӘЗЕРБАЙЖАНҒА ДА ЖӨНЕЛТІЛУДЕ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар нысанды аралады. Сапар барысында сарыағаштық кәсіпкерлермен кездесіп, кәсіпкерлік саласындағы мәселелер мен ұсыныстар талқыланды.
Ең алдымен өңір басшысы Сарыағаш қаласында орналасқан «Бәйтерек-Шымкент» ЖШС-нің кондитерлік өнімдер өндіретін кәсіпорынның жұмысымен танысты. Кәсіпорын иесі Нұржан Қожамбеков өңір басшысына кәсіпорынның атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндап, алдағы уақыттағы жұмыс жоспарларымен бөлісті. Кәсіпорынды дамытудың бірқатар жолдары ұсынылып, мемлекеттік қолдау көрсетудің бағыттары қаралмақ.
Бүгінде 50-ден аса адамды тұрақты жұмыспен қамтыған цех, айына 70-80 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Жоба құны 200 млн теңгені құрайтын цехта 40-қа жуық өнім шығарылуда. Қазіргі таңда өндірілген тәттілер еліміздің түкпір-түкпіріне ғана емес, сонымен қатар Әзербайжан мемлекетіне де жөнелтілуде.
«Южконд» брендімен кондитерлік өнімдер өндіретін цех 2014 жылы алғаш рет нарықтағы жұмысын бастап, 2020 жылдың қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше үлесі үшін «Жылдың үздік кәсіпорыны» номинациясымен марапатталған.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аудан әкімі мен жауапты басқарма басшыларына инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

ЖЕТІСАЙ ҚАУЫНДАРЫ РЕСЕЙГЕ ЖӨНЕЛТІЛУДЕ
Жетісайлық шаруалар биылғы жылы 79,3 мың гектар суармалы жердің 40,8 мың гектарына мақта шитін сепсе, 20,1 мың гектар жерге бақша, 7,2 мың жерге дәндік жүгері, 3,3 мың га жерге көкөніс пен 6,3 мың гектар алқапқа жоңышқа дақылын ексе, қазіргі таңда күріш пен маш дақылдарын егу жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінде ауданда егілген қауын дақылдарының алғашқы өнімі пісіп те үлгерген.
Жетісай ауданының тұрғыны Әл-Фараби Күзенбаев бірнеше жылдан бері диханшылықпен айналысып келеді.
Абай ауылдық округіндегі 45 гектар жеріне диханшылық жасап, «Әл-Фараби» шаруа қожалығын ашқан. Жылдағы әдеті бойынша биыл да өнімін өзгелерден ерте нарыққа шығарып отыр.
Қожалық төрағасы иелігіндегі егістігіне қауынның бакинка сортын егіп, өнім жинауды бастады. Ақпанда отырғызылған көшеттер жоспардағы 65 күнде емес, ауа-райының жауын-шашынды болуы салдарынан 90 күнде дайын болып отыр. Енді сұранысқа сәйкес Ресей Федерациясының Мәскеу қаласына экспорттап жатыр. Баға да жаман емес, келісі 600 теңге.
– Биыл қауынымыз жылдағыдан сәл кештеу пісті. Сұраныс та жақсы. Ағын судан қиыншылықтар болғанымен, тапшылық сезілмеді. Алғашқы өнімдерімізді Ресейге экспорттап жатырмыз. Ол жерде баға қауынның келісіне 600 теңге. Ешқандай делдалсыз өнімді егістік басынан өзіміз көліктерге тиеп, жіберіп жатырмыз, – дейді «Әл-Фараби» шаруа қожалығының төрағасы Әл-Фараби Күзенбаев.
Айта кетейік, биылғы жылы аудандағы суармалы жердің 20 мың гектарына егілген бақша дақылдарының 16 мың гектары қауын болса, 4 мың гектары қарбыз дақылы. Өткен жылы 18 780 гектар алқапқа егілген бақшаның 14 мың гектары қауын, 4,6 мың гектары қарбыз болған. Ал, жалпы алынған өнім көлемі 514,3 мың тоннаны құраған.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *