ХАНБИБІ ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ: ОРАНҒАНДАРДЫҢ КӨБІ – ЖАСЫРЫН ЖЕЗӨКШЕЛЕР

Руханият Қоғам
407 Views

Қазақ қоғамында «орамал дауы» көптен бері көтеріліп жүр. Тіпті, «Оларға хиджаб кигені үшін ақша төленеді» деген пікір де айтылды. NEGE тілшісі бұл мәселе туралы Алаш сыйлығының лауреаты, ақын Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫНЫҢ пікірін білген еді.

– Қоғамда талайдан бері қыз-келіншектердің хиджаб киюіне қатысты пікірталас өрбіп жатқанынан хабардар шығарсыз. Көпті көрген ел анасы ретінде сіздің ойыңызды білсек…

– Бұл мәселені кеудесінде жаны бар қазақтың бәрі айтып жатыр. Хиджаб біздің киіміміз емес, бұл – арабтың киімі. Олар не үшін оранып алатыны туралы себебін де айтып жүрміз. Қазақ ешқашан қызының бетін бүркемеген, қара жамылғыға орамаған. Жасөспірім кезінде басына тақия, күн салқын кезде бөрік киген. Ал ұзатылғанда сәукеле, одан кейін жаулық салған. Онда да беті ашық болған.

Соңғы кезде қыздарымыз көзінғана көрсетіп, бүркеп алатын болды. Тіпті, мектепке де солай киініп келетіндер бар. Біздің ауылдағы мектепте оранып жүретін жасөспірім туып қойған. Мұғалімінімнің «Бетін жапқанмен артын ашып қойған екен ғой» дегені бар еді. Солайтпақшы, хиджаб кигендердің арасында темекі тартатын, ішімдік ішіп,оңды-солды жүретіндер көп. Сондықтан мәселе – хиджабта емес. Бәрі отбасындаалған тәрбиесінде.

Кейбір қазақ отбасы мектепте оқитын құйттай қызына дейін басына орамал таққызып, 9 жастан бастап намазға жығады. Бұл жағдай әке-шешесінің надандығынан болып отыр. Олар – түбірінің кім екенін білмейтіндер. Бұл дұрыс емес. Біз – ислам мемлекеті емеспіз.

Кейде әлеуметтік желіге кірсем, әжептәуір оқыған адамдар «Біз ислам мемлекетіміз» деп жазғанына қарның ашады. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Ал біздің қоғамды алатайдай бүлдіріп жатқан – әсіредіншілдер. Өзім Шымкентте тұрамын ғой. Сол үшін орталықтағы талай адаммен араласпай кеттім.

– Жалпы, хиджаб кию жаппай үрдіске айналып бара жатқанына біраз жылдың жүзі болды ғой. Тіпті, бұл тақырып қозғалғанда таяқтың бір ұшы ел алдында жүрген бірқатар өнер адамдарына тиіп жатады.

– Мұхамеджан Тазабеков туралы түрлі пікір айтылады. Өзім бұл жігітпен кездестім де. Бірақ оның маңдайына «уахабист» деп жазылып тұрған жоқ. Өте мәдениетті, айтқан сөзінің бәрі қорғасындай салмақты. Кейде оны солай деп айтатындарға өзім де сеніңкіремей қаламын. Бірақ дереккөздер «Бекболат Тілеуханның шашбауын көтеруші, нағыз уахабист, сол дінді насихаттаушы» дейді. Олар да үгіт-насихатқа көнетін адамдарға айтатын шығар.

Мәселен, маған бір адам да сол дінді жақтап, айтып көрген емес. Әркімнің өз пікірі болуы керек. «Құдайды да әркім өз ақылымен таниды» деген ғой Абай. Сол айтпақшы, біздің қазақтың көп бөлшегінің ақыл-санасын кем қылып жаратқан. Сырттан келген хиджабты да қабылдап жатқаны сондықтан. Өз басым бұған түбегейлі қарсымын.

– Соңғы кезде ақын қыздар, эстрада әншілері де оранып алып жүр. Бірақ былайғы өмірі соған сай еместей көрінеді. Кейбірі бірнеше рет тұрмысқа шыққанын да жасырмайды. Сіз мұны қалай қабылдайсыз?

– Иә, оның рас. Олардың әлгі талақ дегені бар. Орамал таққан қыздардың біразының алды бес-алты рет байға тиген. Туған баласының қай күйеуден екенін білмей далбасалап жүргені де жоқ емес. Бұлар – жасырын жезөкшелер.

Дін ойыншық емес. Соның ішінде қоғамды жікке бөлген уахабизм – үлкен ордалы армия. Олар да тез сынатын, жеңілтектеу, арғы жағын ойлай алмайтын адамдарды айналдырады. Сондықтан көбіне жас қыздар қармағына түсіп қалып жатыр.

Ақын Айнұр Тұрсынбаеваны айтыс арқылы бар қазақ біледі. Оның жомарттығы, жақындап кеткен адамға бір үйді сыйлай салатыны бар. Алайда, тап-таза жүрген адамның жаңағыдай байлықты шаша салатын мүмкіндігі болмайды. Материалдық және рухани жағынан да мүмкін емес. Бәлкім, оларды ақшамен қамтамасыз ететін, ақшамен ұрып алатындар бар. Бірақ маған соның біреуі жақындап айтқан емес. Маған қармағын салатын адамның өзі тұзаққа түсіп қалады ғой. Олар да кімге қармаққа салатынын білетін шығар.

– Біздің қоғам осылай кете берсе, түбі қайда барамыз?

– Мені қоғам қайраткері, ақын ретінде жастармен жиі кездесуге шақырып тұрады. Қазақы ұлттық тәрбиенің артықшылығы жайында үнемі айтып, құлақтарына құйып жүремін. Бұл туралы Жазушылар одағының құрылтайында да айтқым келген. Бізде ұлттық идеология жоқ. Мәселенің бәрі соған келіп тіреледі. Дін де сан-саққа, секталарға бөлініп кетті. «Әй» дейтін ажа, «қой» дейтін қожа жоқ. Ұлттық идеологияны қалыптастыруымыз керек. Бұл ертең мемлекеттік идеология болады.

Біз неге «идеология» сөзінен қашамыз? Құранның өзі идеология емес пе? 700 жылдан астам уақыттан бері ислам дінін ұстанып келеміз. Түбірі мықты идеология жасауға не кедергі? Кеңес үкіметінде 70 жыл Лениннің идеологиясымен жүрдік. Оны да көрдік.

Бірақ тәуелсіздік алғалы бері идеологиясыз қалдық. Бай мен кедей боп бөлініп кеттік. Соның салдарынан көптеген бассыздық белең алды. Адамды адам сыйламайды, бір-бірін жек көреді. Баяғы мизонтропты қоғам орнады қазір.

Бауырмалдық, мейірімділік, сыйластық деген қасиеттен ада болдық. Қыз анасын, ұл әкесін тыңдамайтын, кіші үлкенге құрмет көрсетпейтін заманға тап болдық. Сондықтан осының бәрін тыятын қазақтың саналы, білімді азаматтары бар ғой. Бар күшті ұлттық идеология жасауға жұмсау қажет. Арыстарымыз Ахмет пен Әлихан армандап кеткен тіл, жер мәселесі әлі жүзеге асқан жоқ. Дәл қазір өз идеологиямызды жүргізсек, төбемізден төніп тұрған ешкім жоқ қой.

Тоқетері, бұл қасіреттен құтылу үшін осы мәселеге көңіл бөлсек деймін. Соның негізінде заң жасалады. Идеология болса, қазақта ислам арқылы келе жатқан шариғат, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін жолға қойып алар едік. Сонда ғана адамның бір-біріне қарым-қатынасы да, дінге бөлінушілік те өз орнын табады.

– Қазір байырғы ата-бабамыздан келе жатқан, қалыптасып кеткен әдет-ғұрыпты да жоққа шығаратындар көбейді. Жастар мұның да ақ-қарасын ажырата алмай әлек.

– «Дүмше молда ел бұзар» деген бар. Қазір молдалардың да ешқайсына сенбеймін. Өлім-жітімге, құран бағыштауға барғанда солардың сөзіне қарным ашады. Молдалық та тумысынан, атадан балаға мұра болып келе жатқан дүние. Молда болу – ағартушылықтың тармағы. Соны мұралық жолмен емес, мектепте нашар оқыған, миына түк кірмейтіндердің көбі дін оқуына барады. Сөйтеді де, елге ақыл айтатын молда болып шығады.

Кейбір жас жігіттердің тайыздығына таң қалып «молда болсаң, қайтейін, бұл олай емес, былай» деп айтып қаламын.

Бәрін айт та, бірін айт, қазіргі ең негізгі мәселе – ұлттық идеология құру. Міне, жасым 70-тен асты, біздің және кейінгі буын кейінгі жастарға соны жасап, беріп кетуіміз керек.

Динара МЫҢЖАСАР

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *